Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Ана жүрегінің көз жасы
232
оқылды

Бүркеншік аты: Jasaganbergen

 

АНА ЖҮРЕГІНІҢ КӨЗ ЖАСЫ 

І

Бақытжан биыл он сегізге толған бозбала. Бозбала деуге келмейтін шығар, өйткені болаттан құйылғандай денесі оны алпамсадай жігіт етіп көрсететін. Жастайынан үйдегі барлық жұмысты, түздегі ауыр жұмыстарды істегендіктен бе, әлде тумысынан солай ма денесі өзімен құрдас достарынан әлдеқайда ірі. Жаңадан тебіндеп келе жатқан мұрты ғана оны жас етіп көрсететін. Анасы Айман нан заводында нан пісіруші болып жұмыс істейді. Бір жақсысы Бақытжанның отбасы наннан таршылық көрмейтін. Туған ағасы Беріктің жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды. Сол себепті де бар жұмысты Бақытжан өзі тындыратын. Бақытжанның сүп-сүйкімді екі қарындастары бар. Ділшат пен Айша. Кіші қарындасы Айшаны Бақытжан «ерке қыз» деп атайды. Еркеқыз десе ерке қыз. Ділшат пен Айшаның ортасындағы інісі Есбол Бақытжанның жанынан шықпайды. Ағасын сондай жақсы көреді. Бақытжанның отбасы өте бақытты отбасылардың бірі болатын. Өзге жұрт қызыға да қызғана қарайтын.

Өмір деген бір арнада тұрмайды екен. Бір күні Бақытжанға әскер қатарына шақырту қағазы келді. Әскерге баратындығына өкінген жоқ, қайта қатарластарынан қалмай баратындығына іштей қуанышты еді.  Бір  қынжылатын жері  аяулы анасының уайымға салынатындығы еді. Жақсы көретін, жүріп жүрген қызы – Нұргүлдің жалғыз қалатындығын ойлағанда да көкірегін мұң басатын. Кеште бауырларының бәрі ұйықтап қалғанда Бақытжан еш ұйықтай алмады. Әр нәрсені бір ойлап, әрі-сәрі күй кешті. Түнімен дөңбекшіп шықты. Бұрын соңды бұндай күйге түсіп көрмеп еді. Сол күнгі таңды ұйқысыз қарсы алды.

– Есбол жүрші, қораға барып келейік.

– Жарайды, аға.

Інісі екеуі қораға барып, бір қойды ұстап, басын құбылаға қаратып сойды. Кешкіге достарын шақырмақ ниетте. Кеште болды. Достары да келді. Барлығы аман-есен келуін тілеп, жақсы тілектерін айтты. Бұл көктемнің соңғы айы болатын...

Бақытжанды шығарып салуға анасы мен інісі Есбол қалаға бірге келді. Жолаушылар пойызы жанынан: -Жармұханбетов, Сәлімханов деген сержанттың зор даусы шығып жатты. Анасы қоштасар сәтте баласын қимай, көз жасына ерік беріп, Бақытжанды құшақтап ұзақ тұрды.

– Ұлым, сенерім де, сүйінішім де өзіңсің. Барғасын анаңа, бауырларыңа хат жаз. Ал енді жолыңнан қалма - деп көзінің жасын орамалымен сүртіп, баласын құшағынан босатты. Бақытжанның да бойын қимастық сезімі биледі.

– Апа мен соғысқа аттанып бара жатқам жоқ қой. Әскерге бару Отан алдындағы борышым емес пе?! Анасын осы бір сөздермен жұбатқандай болды. Анасының жанында тұрған бауырына қарап: – Ал мен қайтіп оралғанша аман бол, анашыңа көмектес, қолғабысыңды тигіз, жарай ма? - деп екі бетінен алма кезек сүйді. Сол сәтте: - Тұрдиев, Камалов, Есжанов, Жарылқасов деген дауыс шығып жатты. Аттары аталғандар: «Мен, мен» деп сап түзеп тұрып жатыр. Жарылқасов деп екінші мәрте айтылғанда Бақытжан: «Мен» деп өз орнына барып тұрды. Бұйрық беруші командирдің: «оңға, солға, кері бұрыл, айнал» деген сынды сөздерін жас солдаттар бұлжытпай орындап, пойызға мініп бара жатты...Анасы мен бауыры Бақытжанды көз ұшына дейін пойызымен бірге шығарып салды. Анасы Айманның санасында сан түрлі сауалдар тұрды...

– Құлыным, аман келуіңді Алла нәсіп еткей, - деп іштей күбірлеп ойға шомып кетті. Сөйтіп Бақытжан Ресейдің астанасы Мәскеуге әскерге һәм Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп бара жатты...                                                     

 

ІІ

Құданың құдіреті күшті емес пе, 2 жыл 2 күндей зу етіп өте шықты. Жастайынан бірге өскен достары Есдәулет пен Жарқын қарсылап алды.

– О, бауырым, аман-есен оралуыңмен!

– Рахмет достым. Мені ешкім қарсылап алмайды екен деп ойлап едім бірақ сол күдікті ойымды сендер сейілттіңдер.

– Қолыңдағы заттарыңды маған әкел, ұстайын ,- деп Есдәулет Бақытжанның сөмкесін қолына алды.

    Шіркін! Туған жердің ауасына не жетсін бұл өмірде деп ойлады Бақытжан. Сөйтті де алтындай саф ауаны қайта-қайта сіміріп, тыныс алды. Бақытжан үйге келгенде анасы аулада отырған болатын. Баласын көргенде қайран ана көпке дейін есін жия алмай қалды.

– Құлыным, аман-сау келдің бе?! Ақпатшам, келші, маңдайыңнан иіскейін - деп Бақытжанды маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп, өзінің от құшағына қысып жатты. Бақытжанның кішкентай ауылы да бір серпіліп қалды. Әскерден келген Бақытжанның үйіне ауыл адамдары ағылып келіп жатты. Бақытжан «Бесқарағай» деген ауылда тұратын. Бақытжанның үстінде су-жаңа әскери форма. Ол форманы үйге келгесін інісі Есбол киіп алып, айнаға қайта-қайта қарағыштап, ағасы емес, құдды әскерге өзі барып келгендей әсерде жүрді. Әскерде жүргенде Бақытжан Мәскеудің керемет жерлерінде естелікке суретке кө-ө-п түсіпті. Бақытжан әскер қатарында десант болды. Бойы жағынан да, денсаулық жағдайы жағынан да десант болуға сай болғасын арнайы мамандар десанттыққа жіберген болатын. Анасы Айман Бақытжанның сағынышпен жазған әр хатын көзінің қарашығындай сақтап қойыпты. Ең бірінші жазған хатында жарытып ештеңе жаза алмап еді.

– Апа қалайсыз? Бауырларым аман-есен бе? Ділшат пен Еркеқыз қалай? Менде бәрі де жақсы. Әскери өмірге үйреніп келемін... деген жолдардан кейін ойына ештеңе келмей, астыңғы жағына хат жазған күнді жазып, қолын қойып конвертке салып жіберген болатын. Сол күндерді сағынышпен еске алып біраз күрсінгендей болды. Анасы Бақыжанның аман келгендігіне орай бір қой сойып ауыл адамдарына садақа берді. Күн артынан күн жылжып өтіп жатты. Жұмыс істемей жата беруді ар санап, аудан орталығындағы жүргізушілер дайындайтын техникумға құжат тапсырды. Ол жерден жүргізуші куәлігін алып шықты. Ауылына келгесін жұмысқа орналасып К-700 деп аталатын алпауыт техниканың тізгініне отырды. Уақыт өте келе жұмыста көзге түсіп, алатын жалақысы да бұрынғыдан арта түсті. Бақытжан өзге достары сияқты бүлініп киінбейтін. Алған ақшасын анасының қолына апарып беретін. Сүйіктісі Нұргүлге сыйлық жасауды да ұмыт қалдырмайтын. Нұргүлмен соңғы рет әскерден келгеннен кейін 2 айдан соң жүздескен болатын. Соңғы кездескенде Нұргүлдің көңіл-күйі болмады. Оның көңіліне қаяу салардай мен не істедім деп, Бақытжан түпсіз терең беймаза ойға беріліп, ұзақ отырып қалды. Осы айдың соңына қарай Нұргүліне барып қайтуды жоспарлады. Бұл кез қаһары қатты, аязы қытымыр қаңтар айының орта шені болатын. Айдың соңына таман үздіксіз қар жауды. Екі күн қатарынан жауған қар жол қатынасын бұзды. Бақытжанның жоспары орындалу орындалмауы күмәнді болды. Бақытжан алған бетінен қайтпай Нұргүліме қалай да баруым керек деп шешті. Сөйтті де өзі айдап жүрген К700-пен жолға шықты. Нұргүл тұратын ауыл Бесқарағайдан 26 шақырым еді. Бақытжан мұзбен яғни көлдің үстімен өтуді жөн көрді. Мұзбен өтсе жол 15 шақырымға дейін қысқаратын. Мұз үстінде ешбір техниканың ізі жоқ. Тәуекел деп Бақытжан мұздың үстіне қарай жүрді. Көлдің ортасына барғанда мұз шытынап, К-700 көлге түсті де кетті. Кабинадан Бақытжанның өзі әзер дегенде шықты.

–Қарғыс атқыр, қарғыс атсын, - деп айқайлады. Даусы біразға дейін жаңғырып тұрды. Жағаға жаяу шыққанда К-700 мұзға түгел дерлік түсіп кетті. Тек кабинасының төбесі ғана көрініп тұрды. Бақытжанның еңсесі түсіп, Нұргүлдің үйіне қарай келе жатты. Бір кішкентай баланы жұмсап, Нұргүлді шақыртып алды. Бақытжанды көрген Нұргүлдің жанары қуаныштан жарқ ете түсті.

– Жаным, келдің ғой, әйтеуір. Сағыныштан сарғайып кетуге шақ қалдым - деп Бақытжанды құшақтап ұзақ тұрды.

– Ия, келдім, келемін ғой - деп Бақытжан да Нұргүлді құшағына қысты.

– Бақытжан саған бірдеңе болды ма?! Көңіл-күйің жоқ қой.  Бақытжан айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып тұрып қалды. Айтса оның да көңілі түседі, айтпаса кейін бәрін естиді. Өзгеден естігенше өзімнен естісін деп айтуды жөн көрді.

– Нұргүлжан, мәселе былай ғой. Жаңа келе жатып, өзім тізгіндейтін К-700-ты көлге түсіріп алдым - деді.

Өзінің жанындай жақсы көретін адамын көріп қуанып тұрған Нұргүлдің лезде жанарын мұң басты. Тіпті аузына сөз түспей, абдырап қалды.

– Тіпті не дерімді де білмей тұрмын, маған босқа келдің. Менің кесірім саған тиетін болды-ау -  деп қыз төмен қарады.

– Жарығым, олай демеші, мен сені көру үшін бәріне де дайын екенімді өзің де білесің ғой. Көп болса жұмыстан босатар, бірақ мен сенен айрылмаймын, - деді. Екеуі сол түні ұза-а-ақ сырласты. Өткен күндерді еске алды. Көп кешікпей отбасын құратын болып уағдаласты. Бақытжан кетерінде қойын дәптеріне түртіп жүрген

Бір шумақ өлеңін оқып берді.

Өзі төрт-ақ жол өлең, бірақ мағынасы 40 жолдық өлеңнен кем емес.  Мені сүйетін жан бар, мен бақыттымын деп Нұргүл айға қарап, басын Бақытжанның иығына сүйеді. Бақытжан кетерінде Нұргүлмен қимай қоштасты. Аулына келгесін Есдәулет тағы басқа  достарымен түсіп кеткен техникасын үш бірдей үлкен К-700-пен тартып шығарды. Бірақ техника пайдасыз болатын. Енді жұмысқа барудың қажеті жоқ деп ойлап,  Бақытжан үйінде жатып алды. Бір жұма үйде жатты. Біртүрлі санасын қайдағы сұм ойлар билеп алды. Елдің бетіне қалай қараймын, бәріне күлкі болдым-ау деп ойлады. Бақытжанның күндері тоқтаусыз өтіп жатты.

Бір күні үйіне досы Есдәулет келді. Есікті қағып: - Бақытжан, жолығып кетші - деп айғайлады. Досының даусын естіген Бақытжан есікті ашты.

– О, Бақытжан, қалайсың? Не жатыс? - деді.

– Әй халдің несін сұрайсың, менде бәрі біркүйше. Не шаруамен келдің - деді Бақытжан біртүрлі суық үнмен.

– Сені бастық шақыртып жатыр. Келіп жолықсын дейді.

– Жарайды соғып шығармын.

Есдәулет жөнімен кетіп қалды, Бақытжанның басына сан түрлі ойлар жапа-тармағай мінгесе бастады. Бір ойы – жұмыстан шығаратын болар десе, екінші ойы – бір жолға кешірер деп болжам жасап жатты. Ертеңіне Бақытжан жұмыс орнына барды. Бір қадым басқан аяғы екі қадым артқа кетіп, он минуттық жерге жарты сағат жүрді. Бастығы Бақытжанды кабинетінде қарсы алды.

– Бақытжан, қалың қалай? Көрінбей кеттің ғой, отыр,  - деп жылы шырай танытты. Бұл сөздерге Бақытжанның іші жылып қалды. Бастығынан бұндайды күтпеп еді.

– Халім жаман-емес. Сіз шақыртқасын келдім - деді Бақытжан отырып жатып.

– Бопты ендеше. Болған жайттың бәрін естідім. Енді былай етейік. Мекеме пайдасыз болған техниканың жарты ақшасын төлейді, сен өз жалақыңнан қалған бөлігін төлейсің. Жұмысыңда қаласың.

– Жарайды, жұмысымда қалдырғаныңызға рақмет, басеке.

– Бақытжан ұмытып барады екем. Жаңа техникаға тапсырыс бердік, ертең айдап келуге барасың, дайындал. Жарайды онда сау бол - деп Бақытжанды шығарып салды. Бақытжан болса көңілі орнына түсіп үйіне қайтты. Таңертең қалаға жол жүріп кетті. Араға екі күн салып, су жаңа техника айдап келді. Отбасы әсіресе сүйіктісі Нұргүл қатты қуанды. Кейбір әзілқой достары: - Бақытжан Нұргүлге барам деп,  жаңа техникаға қол жеткіздің, - деп әзілдеп жүрді. Қыста бітіп, көктем мезгілі де болды. Адамдардың да, жан-жануарлардың да табиғаттың осы мезгілін аңсап күтетіні белгілі. Бақытжанның биылғы көктемді күтуі тіпті де ерекше. Себебі Нұргүлдей ақылына көркі сай ару қызбен отбасын құрып, шаңырақ көтермекші. Қыстағы оқиға Нұргүл екеуінің тойын біраз кешеуілдетті. Күн артынан күн, апта артынан апта өтіп Бақытжан мен Нұргүлдің көптен күткен тойлары да жақындай түсті. Олар тойды 18 мамыр күніне белгіледі. Тойға дейінгі қарбалас басталып та кетті. Тойға тура 1 апта қалғанда шақыру билетіне суретке түсу ойларына түсті. Басқа шаруаларды тындырып жүргенде шақыру билетіне суретке түсу ұмыт қалыпты. Ертең түсетін болып шешті.

– Бақытжан, суретке түсуге шығамыз ба? - деді Нұргүл жүзіне қуаныш белгісі ұялап.

–Нұргүлжан, түскі астан кейін барып шығармыз, жарай ма, менің бір шаруаларым болып тұрғаны.

– Жарайды - деп Нұргүл ренжіген сыңай танытып жауап берді.

–Ренжімеші енді, жаным. Мен сенің бұндай түріңді көрмейінші. Қане жымишы-деп Бақытжан құдды кінәлі адамдай тіл қатты.

– Жарайды онда, қане, жинал, суретке түсуге барайық

– Жақсы, қазір.

     Екеуі киініп, ауылдағы жалғыз фотограф Шәмілдің жұмыс орнына келді. Бақытжан Нұргүлдің белінен қапсыра құшақтап шақыру билетіне суретке түсті. Содан кейін Нұргүл дара суретке түсті. Нұргүл Бақытжанды да естелік болып қалады деп суретке түсіртті.

– Шақыру билеті 2 күннен кейін дайын болады. Егер өлең берсеңдер сол өлеңмен шығарамын, ал өлең жоқ болса бұрыңғы өлеңдердің бірімен шығарамын, - деді Шәміл.

–Оны кейін көрерміз, - деп Бақытжан қысқа қайырды.

     Бақытжанның бауыры Есбол тиіп-қашып өлең жазатын. Мұнысын білетін Бақытжан інісін шақырып алды.

– Тәте, мені шақырдыңыз ба?!

– Иә, Есбол, сенің көмегің керек. Біздердің яғни болашақ жеңгең Нұргүл екеуміздің тойымыз келесі аптада болады. Шақыру билетіне суретке түсіп келдік.  Енді соған шағын өлең керек.

– Ағатай-ай, мен ақын емеспін ғой.  Есбол сәл ұялып қалды.

– Мен саған сенемін, бірдеңе етіп көмектес ағаңа.

– Жарайды барынша тырысып көрейін. Менің бір өтінішім бар.

– Айта ғой.

–Жазда тас соғып жинаған ақшама мотоцикл келмейді, соған біраз ақша керек болып тұрғаны. Бақытжан жан қалтасынан екі көк қағазды шығарып, бауырына ұстатты. Есбол кешкілік өлең жазуға кірісті. Бұрын мұндай маңызы бар іске өлең жазып көрмеп еді. Оныкі жай сыныптағы достарына арналған әзіл өлеңдер болатын. Есболдың басына қапелімде не ой, не ұйқас келмей біраз отырды. Өлең ертең дайын болуы керек деген ағасы ескерткен-ді. Ақырында былай деп төрт жол өлең жазды:

     Мейірбандық, шын пейіл бойымызда,

     Ел сенімін ақтау да ойымызда.

     Мамырдың он сегізі жайылатын,

     Ағайын қош келесіз тойымызға.

Таңертең жазғанын ағасына көрсетті. Бақытжан інісіне риза болды. Шәмілге інісі жазған өлеңді беріп, шақыру билетке басуын өтінді. Той күні де келіп жетті. Тойда үсті-үстіне ән айтылып, би биленді. Бақытжан мен Нұргүлдің қуаныштан жүздері бал-бұл жайнады. Анасы Айман көзінің жасын әлсін-әлсін сығып алып жүрді. Бұл қуаныштың көз жасы болатын. Той өте керемет өтті. Бұл кез Бақытжан мен Нұргүлдің ең қызықты шақтары болатын. Алда болатын тағдыр ісінен барлығы да бейхабар еді...

 

ІІІ

Екі айдан кейін «Бесқарағай» ауылының құрылғанына 50 жыл тойланды. Ат бәйгесі, дала қызықтары да болды. Ауыл әкімі қорытынды сөзінде жас қызметкерлерге пәтер кілтін табыстады.  Әр мекемеден 2 жұмыскерге пәтер кілттері берілді. Бақытжанды бастығы пәтер кілтін алушылардың тізіміне берді. Бірақ бұны Бақытжанға айтпаған болатын. Біржола естіп, сонда барып бір қуансын деген оймен айтпаған болатын.

– Қызметінде көзге түсіп жүрген жас жұмыскер Жағыпаров Бақытжанды екі бөлмелі пәтер алуымен құттықтаймын және ортаға шақырамын, - деп ауыл әкімі сөзін аяқтағанда не сенерін, не сенбесін білмей тұрып қалды. Нұргүл Бақытжанды құшақтап бетінен сүйіп алды. Бақытжан мінбеге шығып, әкімнің қолынан пәтердің кілтін алды.

– Нұргүл, сенесің бе, біз енді баспаналымыз, - деп Нұргүлді құшағына алды.

– Бақыттың бастауы осы шығар, - деді Нұргүл күлімсіреп.

     Сол күні Нұргүл мен Бақытжан қол ұстасып, үйлеріне үлкен қуанышпен оралды.  Бұл жаңалыққа Бақытжанның отбасы да шексіз қуанды. Бұл кез Бақытжан мен Нұргүл үшін ұмытылмас кездер еді...

         Өмір бірқалыпты өтіп жатты. Араға бір жыл салып ағасы Берік те  отбасын құрды. Анасы Айман қатты қуанды. Бақытжан мен Нұргүл құдайдан балалы болуларын тіледі. Бірақ Нұргүл бала көтере алмады. Көп уақыт өтпей Нұргүл жерік болды. Бәрі бірдей қуанып еді, амал нешік, тағдыр өз ісін істемей тынбайды екен. Нұргүлдің бойынан бала өлі түсті. Ана жүрегі өкініштен қарс айрылды. Бақытжан көзіне жас алып, өмірді көріп үлгермеген жас сәбиін жер қойнауына тапсырды. Уақыт емші деген сөз дұрыс айтылса керек. Бақытжан мен Нұргүл пәтерлерінде бұрыңғыдай ғұмыр кешіп жатты. «Бір айналдырса шыр айналдырады» дегендей бұларды тағы бір қырсық шалды. Ауылға дәрігерлік тексеріс келгенде Нұргүлдің ауруға шалдыққандығы анықталды. Өкпе ауруына шадығыпты. Ауруды өткізіп алса керек. Ауру күн өткен сайын меңдеп, Нұргүлдің құр сүлдері қалды. Сұлу да әсем жүзі солғын тартып, мөлдіреген көздері шүңірейіп кетті. Жарының көз алдында жанып, бітуге айналған майшамдай күйін көргенде Бақытжанның жүрегінің парша-паршасы шықты.

– Жаным, Бақытжан. Менің жағдайымды көріп тұрсың. Күн санап әлсіреп барам. Сенің бағыңа емес, сорыңа жолыққандаймын. Басымыздан қара бұлт кетпей қойды-ау, - деп Нұргүл әлсіз тіл қатты.

– Олай деме, Нұргүлжан. Сен менің шуақ шашар нұрымсың. Алаңдама, әлі-ақ жазылып кетесің, -   деп Бақытжан жарының көңілін аз да болса көтергісі келді.

Нұргүл ауруханаға жатып емделді. Бірақ бәрі де кеш болатын. Ауруханадан шығып, өз үйінде, сүйіктісінің тізесінде жатып ана дүниеге аттанды. Жолдасы Бақытжанға, анасы Айманға өте ауыр тиді. Өкініштен өзектері өртеніп, жылай-жылай көздерінің жасы да таусылды. Нұргүлдің қайтыс болуы орны толмас қайғы болды. Бақытжанның шаңырағын шайқалтып, жүрегіне мәңгілік жара, көңіліне мұң табын қалдырып кетті. Бақытжан көпке дейін есін жия алмай жүрді. Ғашық болып, сүйіп қосылған Нұргүлден мәңгіге айрылды. Бақытжанға ауыр да көңілсіз күндер Нұргүлінсіз басталды.

Таң қылаң беріп, шығыстан шыққан алып күн жер бетіне шуағы мен жарығын шаша бастады. Бесқарағайдың сыртында киіз үйлер тігілді. Көрші ауылдан аламан бәйгеге қатысатын аттар келе бастады. Бұның бәрі Наурыз мерекесіне байланысты болатын. Бұл мерекеге Бақытжан досы Есдәулетпен бірге келді. Бақытжан шарапты суша сімірді. Әрине, күйіктен, қайғыдан ішті. Нұргүлді ойлады. Бір кішкене уақыттан кейін досы екеуі палуандар күресетін жерге келді.

– Кім күреседі, түйе палуанға кім күреседі, қане, жігіттер шығыңдар-деп жарысты өткізгелі тұрған егде тартқан адам айқай салып біраз жүрді. Көрші ауылдан жауырыны қақпақтай Нұрлан есімді жігіт білегін түріп ортаға шықты.

– Кім бар? Кім шығады-деп әлгі кісі тағы біраз жүрді.

 Есдәулет досының иығынан қағып: – Бақытжан шықсаңшы. Бұрындары күресетінсің. Анау жігіт сенен мықты емес, күштесең ұтасың, – деді.

– Шығайын, шығайын-деп Бақытжан ортаға кіріп кетті. Екі мықты ортаға шықты. Төреші белгі бергенде екі алып айқасты да кетті. Сол сәтте фотограф  Шәміл Бақытжанды суретке түсіріп алды. Бірін-бірі ала алмай екеуі біраз жүрді. Екеуі де қалжырап бойларынан әл кетті. Бақытжанның әдісі оң жамбас болатын. Оң жамбасына келгенін алып ұратын. Бірақ бұл жігіт оңай шағылар жаңғақ емес. Екеуі алысып шетке қарай шыққанда төреші:  - Тоқтат!-деп дауыс-тады. Сол мезетте Бақытжан Нұрланды алып ұрып, аяғын аспаннан келтірді. Әдіс есептелмеді. Қайтадан күресті. Шаршағандықтары сонша маңдайларынан тер үсті-үстіне ақты. Бір кезде Бақытжан шегіншектеп барып, қолын босатып жіберді де құлап түсті. Тұруға әл дәрмені келмеді. Отырып аузынан қан аралас құсықты лықытып жіберді. Содан кейін шалқасынан құлап, қайтыс болды. Күрес алаңында, татами үстінде о дүниелік болды. Жиналған халық қоршап алды. Дәрігерлерді шақыртты. Дәрігерлер келіп Бақытжанды алып кетті. Бақытжанның жүрегінің тамыры мен еті жыртылып кеткен екен. Ұзақ уақыт күрескеннен, алқынып алысқаннан болса керек. Нұргүлдің қазасына 2 жыл толғанда Бақытжан да бақилық болды. Анасы Айманның ет жүрегі езіліп, қатты қайғырды. Қоштасар сәтте: – Құлын-е-ем, жалғыз анаңды қайда тас-тап барасың, жалған дүние сені де алғаны ма, – деп жан даусы шығып, өлі баласын құшақтап жылағанда, көзінің жасы Бақытжанның солғын тартқан жүзіне тырс-тырс етіп тамып жатты...

Сүйкімді келіні Нұргүлдің артынан ұзамай ана дүниеге кеткен Бақытжанның қазасы анасы    Айманды қатты күйзелтті... Уақыт дейтін құдірет тоқтаусыз өтіп жатты... Қасиетті жұма күндері Бақытжанның артында қалған отбасы келіп Нұргүл екеуіне дұға оқып, бастарына гүл шоғын қоятын. Бауырларының көздеріне жас ұялап, ағаларын сағынып жылап тұратын... Ал анасы Айманның жанары ғана емес, жүрегі де зар еңіреп жылайтын. Келіні Нұргүл мен баласы Бақытжанды бір сәт еске алып, түбі де, шегі де жоқ қалың ойға беріліп кететін.

Бақытжанның зираттағы суреті: «Менің рухым тірі, мен сендермен біргемін» дегендей әсер қалдыратын...