Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Әкемнің саптама етігі
214
оқылды

Бүркеншік аты: Serhanger

 Әкемнің саптама етігі

(хикая)

Балалық шағымның таңы жазушылар жазғандай арайлап, рауандап атпады. Менің таңым сырттан дырп-дырп дыбыс естілгенде атты. Ол дыбыс – саптама етіктің дыбысы. Менің тереземнің алдынан бір жүріп өткенде бір жағыма аунап түсем. Екі жүріп өткенде төсектен тұруға тура келеді. Өйтпегенде, әкем маубасымды, дәу басымды жұлып алмай ма?

Мен жататын бөлменің терезесі Тянь-Шаньға қарайды. Маған Тянь-Шань  тау емес театр секілді. Төсекте жатып алып театр тамашалағанға не жетсін? Бұл театрдан тағдыр десең тағдырды, тарих десең тарихты көресің. Мәселен Қайшы сайы. Үлкендердің айтуына қарағанда көп қазаққа пана, өткел болған екен. Тіліме түскенін тізейін. Қайшы сайы бір ауыздан кіріп нешеме сайларға ұласады.Тақалмасы – «Нарынколкаға» дейін Ұшпа, Салдатсай, Сайтансай, ары Қуанышбай өріне жалғаса береді. Осы аталған жердің бәрін адам аяқ басып, мал жайлап тұрақ қылады. Бұл бертінгі жағдай. Ал он алтыншы жылдардағы қазақтың қазанын аударып, отын сөндірген Қарқара көтерілісі, онымен қол ұстасқан отыз екідегі репрессия, қанша ауылды қытай асырды екен?   

Анау Қайшының оң қапталын көрдіңіз ба? Жерліктер – Қарамұрын деп атайды. Таздың басы құсап өр жағы тақырланып, кеуде тұсы қарағайға ұласады. Сол Қарамұрынның қырғызға қараған қарақұс жағында өлген кісіге қоятын мәрмарлар бар. Оны адам баласы да, мал баласы да алып түсе алмайды. Сәл мойныңызды құбылаға бұрсаңыз, Ақбұлақ ағараңдайды. Жамбасқа жұмсақ, арқаға жылы ықтасын жер. Басындағы төбеңе төнген ақсөңке тастар әжім басқан апамның ақ жүзіндей ғана жып-жылы. Ал аспанның астындағы діңгегі – Хантәңірі жайлы не дейін? Мұқағали, Баққожа, Еркін, Ораздардан асып не айтайын? Тсс... оданда  төменге түсейік. Төменде иығыңыздан келетін Сарықолатқа, Бозымбайға, Тұйықаша мен Асутөрге тап боласыз. Міне, міне «Тянь-Шанның ковбойы» атанған Мергенбай, Жәмеңке мен Ұзақ батырлардың іздері жатыр. Ілбіген іздерді басып қанша қазақ ауды екен? Қаншама салт-дәстүр өшті екен? Ешкім білмейді. Қызылдардың қыспағына түскен қайран менің қазағым-ай, сорлаған соқпақтарың сайрап жатыр-ау осында. Осының бәрі көзіме сүркіл замандай сүртілсе, жаным жаурап сала береді. Тянь-Шаньның театр болып елестейтіні осыда, ағайын.

Осы сахналанған сәтті саптама етіктің тас табаны тас-талқан ететін. Дырп-дырп дауысқа өр жақтан Әбікен шалдың төске ұрған балға шыңылы, Күләнда апаның «шек-шек» ешкі айдағаны қосылып, есіней-құснай түрекелетінмін.

Бұл мезетте етік қораны қидан тазалап болып, сиырды тоғайға айдап апарып, атты Байынқолға суғарып әкеп, ауланы шаңдатып сыпырып жүретін. Мен әкемнен ұйықтап қалғаныма ұялатынмын, ал етіктен есім шыққанша қорқатынмын. Әсіресе, әкемнің жаныма жаралаған сөзі мен етіктің етіме тиген жері ол кешірмейінше кетпейтін-ді.

Мен есіктен шығуға жүрексіндім. Сөйтіп, Тянь-Шаньға қараған терезенің бір көзін алдым. Қағылған кішкентай шегелерін шығарып, жақтаудағы шыныны босаттым. Сол жердеп зып беріп, баққа топ еттім. Бақабақ пен тартаржапырақ басқан жер салқын әрі жұмсақ еді. Сол жұмсаққа солқ түскен жамбасым сәл ғана дыз етті. Ол дыз еткен ештеңе емес, етік тигеннен тәуір ғой деп, шүкір еттім. Ауырған жамбасымды сырғытып әкеп кәрі алма ағашқа жасырдым. Бұтағы балақтап шыққан мама ағаш түбіне мендейдің үш-төртін  сыйғызады. Сондықтан, көсіліп жатуыма керемет болды.

Жатып сыпыртқының тыншуын күттім. Бір құшақ бозқараған ауланың шаңын көкке көтеріп жатыр. Кейде оның менің де шаңымды қағатын кездері болған. Бәрі асықтың кесірі ғой. Үйге таң атып, кеш келгенде қолында сыпыртқысы бар шешем, май құйрыққа екі ұратын. Сондағы құлындағыдай дауысымды көрші Күләнданың немересі Ерлан еститін. Ол естісе жарты ауыл құлақтанатын. Осыны ойласам бақта жата бергенге бармын. Бірақ, мені ұлы жұмыс күтіп тұр. Кешегі кеткен есені қайтаруым керек. Арманға ұтқызған алты асық жанымды жегідей жеп барады.

Дырп-дырп еткен етік те, сырп-сырп сыпырғы да тоқтай қалды. Әкем баққа қарап тұрған жоқ па деп қалың жапырақтан мойын создым. Жоқ екен. Дүкілдеген жүрегім құлағыма естілді. Әкем сыпыртқыны лапасқа қойып, үйге беттепті. Мен әкемнің таңғы асқа кіретініне қуанып кеттім. Үйдің есігі қиқ етіп ашылып, жабылмады. Ә, бұл менің шешем. Үй ауасын алмастыру үшін таңғы шәйда ашып қоятын. Сол шешемнің ғадеті әкемнің үйге кірер сәтімен сабақтасқанда есептен жаңылдым. Дырп-дырп-дырп... бір, екі, үш, төрт деп  аяқ дыбысы аялдап қалды. Тура онға санағанда үйге кіру керек еді, алты қадам кем. Яғни, әкем далада деген сөз. Жапырақты сыбдырлатпай қайта тығылдым. Көрінбейтіндей басымды басып алдым. Бұлай жалғаса берсе жынданатын шығармын. Шыдамадым. Жер бауырлап барып, аула мен бақты бөлген қашаға тірелдім. Қашаның сиятындай кетік жерінен басымды шығарып қарасам, етік те, әкем де жоқ. Аулада түтіндеген темекі тұқылы ғана қалыпты. Уһ... дедім.

Үйге енбей тұрып, қолымды топырақпен әбден былғадым. Қалғанын бетіме сүйкей салдым. Бұдан бетер үстімді шаң-тозаң етсем өтірігім көрініп қалар еді. Сәл ентіккен адамның кейіпін жасап, кіріп бардым. Кіріп бардым да бірден дастарханға жайғастым. Әкем мені байқамаған болып газет оқып отыр. Үйде әкем ас алмай дастарханға қол созбаймыз. Оны талайғы ұрыстан ұғып алғам. Сол тәрбиемен шешем құйған шәйді күс-күс қолмен әкеме ұсындым. Әкем кесені алмай жатып қолыма сосын бетіме қарап тұрды да: – Немене, күлге аунағанбысын? Жәндік неме! Бар, жуынып кел!– деп айқайға басты. Аяғымның ұшымен далаға шығып кетіп, жуынып келдім. Әкемнің шатынап кеткен көзі шарасынан шығып кете жаздап отыр.

«Әке, сәбіздің арам шөбін жұлып едім...» дегенімді күткендей, шешем: – Әкесі, бір ашуыңызды беріңіз... бала ойнап жүрген жоқ. Суғарды, түбін қопсытты. Ол да жұмыс қой...»– деп қорғап алды. Шешемнің мипаздаған әңгімесі өтірігімді шынға айландырды. Әкемнің маған қадалған көзі, шешеме түйреліп тұрды да қайта газетке жүгіріп кетті. Үһ... дедім. Шешем қарап, күлімсіреп қойды.

Ендігі қадам – әкемнің жұмысқа кетуін күту. Оған дейін бір шәугім шәй таусылып, жарты көмбе нан желініп, төрт-бес газеттің беті оқылу керек. Ол шамамен жарты сағат уақытты құрайды. Осы аралықта саптама етікпен сырласатын кез келеді. Әкем оны сыйлы кісідей пеш желкесіне шығаратын. Қазір де сол тағында тұр. Байынқолға ат суаттауға барғанда дымдап алыпты. Мыжырайған сиқы әжім басқан қарт жүзіндей қағажу көрінетін. Әрі ескі әрі есті. Ескілігі түсінікті. Естілігі – етіктің жасы отбасымызда бәрімізден кексе. Әкемнің айтуына қарағанда оны атам киген. Атам жылқының майына жылтыратып киіпті. Саптама етік ол кезде қора тұрмақ, дәретханаға басып бармапты. Ол ол ма, атта күміс үзеңгіге жарасып, сән болып қана жүріпті. Ал той бола қалса, төр көрпенің үстінде талтиып отырады екен.

Сол атамнан қалған жалғыз көздің  «саптама» мәртебесінен айырылып жәй ғана «етік» болғаны қашан? Оны қазір ешкім де тойға киіп бармайды. Ол жылқы майы былай тұрсын, аяқкрем көрген жоқ. Сорлағанда сорлап нәлі тайып, өкшесі желініп, кепкеннен қайқиып қалған. Отын шапқаннан ақбалта тиген маңдайы кертіліп кеткен. Сыртқы ұлтаны мен ішкі ұлтаны арасындағы көні көне тартқан. Түйреген шегелерінен бірі жоқ, табаны тебенмен тігілген жіпке ұстап тұр. Оны әкем лақтырып тастауға көзі де, өзі де қимайды. Сондықтан жамап-жасқап кие береміз.

Жарты сағат жарты күндей әрең өтті. Шешем шәугімнен соңғы шәйін құйып беріп, нан илеуге айланды. Әкем аспай-саспай шәйдің дәмін татып тамсанып болғанша сорым қайнады. Менің баукеспелерім келетін уақыт таяған. Егер көшеден атымды атап шақырған айқай естілсе асық автоматты түрде келесі күнге қалады. Жаратқан бұлай жазаламас деп іштей дұға етіп қойдым. Дұғамды құдайдан бұрын әкем естіпті. Тез-тез үйден шығып, сарт-сұрт сулығын киіп, атына мініп кетіп қалды. Үһ... дедім. 

Асық ойынына әркім әр түрлі дайындықпен келеді. Есенаман көшесіндегі Ерік өте мерген. Оның лақап аты – қоян. Қояндығы –  қашпадопқа кәде, мергендігі – асыққа кәде. Қытай шекарасы жағында тұратын Кәміннің  ұлы Ерліктің –  қолы майлы. Қашан қарасаң уысында асық жүреді. Ал желкедегі көрші Күли апаның баласы Нұрбақыт – асыққа бай. Төрт ағасынан төрт дорба мұра қалған. Сасықсу жақтағы Дархан сүріп атудың сұрмергені. Оның сақасы кез-келген асықты мұрттай ұшырады. Ал менде ше? Менде осылардағы қасиеттің бірі де жоқ. Мен тек атамнан әкеме, әкемнен өзіме қалған етікке сенем. Менің көзірім де көлігім де –  осы етік. Оны киген күні ұтпасам да ұтылмаймын.

Етікте қандай сиқыр бар дейсіз бе, ешқандайда сиқыр жоқ. Ол – асық ойынында тапандағанға жақсы. Тапандау демекші асықтың ережесімен таныстырайын. Біздің ойында түп болады. Түп деген – ойыншылардың қосқан асықтары тұратын жер. Сол түптен қатысушылардың сақасы салынады. Бір адам бар сақаны уысына сап сапырып, түпке тастайды. Тасталған сақалардан кімдікі алшы түссе түпте қалмайды. Түптегі адам тізілген асық түбінде қалып, қалғандардың аңысын аңдиды. Ойыншылар түптен алты, жеті адым, егер түпте мерген адам отырса он, он бір адым алшаққа сақа иіреді. Иірілген сақа алшы түссе атады, бүк-шік болса түптегі адам төрт жарым тапан сап, жатқан сақаны ұшырып ойыннан шығарады. Я болмаса түпте сақасын иіріп тәйкі қылса барлық асыққа ие болады. Ондайда ойын жаңа басталады. Міне, қарапайым ғана ереже. Ереже қарапайым болғанмен ойыншылар қарапайым емес. Бәрі сен тұр, мен атайындар. Сондықтан олжа оңайға соқпайды.  

Пеш желкесіндегі етікті кеуіп үлгермей киіп алдым. Әдеттегідей ішінен жүн нәски қабаттадым. Өйтпесе, аяғыма мол келіп өкшем қажайды. Үстіме пенжек ілдім. Пенжегімнің қалтасын бір үзім нан мен көк құртқа арнасам, екіншісін ырымдап бос қоямын. Азық алып алғанымды шешем көрмесін, көрсе ұзаққа кететінімді біліп жібермейді. Шешем менімен шаруасы жоқ, тоңқаңдап нан илеп, пештің желкесіне әкеп тегешін қойды.

– Сен енді, қыдырып кетпей қи қала. Көмбелерді әзірле. Отын бұта. Әкеңе өтірік айтқан сәбіздің арам шөбін жұл, суғар, түбін қопсыт,– деп басыма шөмеле үйді. «Иә» дан артық жауап болмайтын менде шешемді қатырып кеттім. Шөп жұлатын адам боп баққа кіріп, үй айналып көшеге секірдім.

Бостандық шіркіннің дәмі қандай тәтті? Ата-бабам армандаған бостандық та дәл осындай тәтті болған болар. Көшенің ауасы бақтың ауасына қарағанда керім көрінді. Терең сіміріп, терең тыныстадым. Әке-шеше боданынан босап шыққан босаң көңілімді Арманға деген ата-жаулық тыйды. Арманға кеткен алты асық жоқ дегенде жиырма болып қайту керек. Оған мына етік көмектеседі.

Қонышыма Байынқолдың құмы құйылғандай аяғымды әзер сүйреп Өмірзақ көшесіне түстім. Іздегенім Арман. Атының әдемісін қарасаңшы. Аты әдемі болғанмен өзі Ойқарағайдың көміріндей. Беті, мұрны, аузы барын, ыржиып күлгенде ғана аңғарасың. Ол жиі күлмейтін. Әсіресе асық ойнағанда. Бір тоға қабағын түйіп, бар көңілін ойынға бұрады. Оның жыны – менің етігімді көргенде қысушы еді. Алғашқы жеңісіме осы сәтте қол жеткізем. Ол күлген сайын ойы ойыннан бөлінеді. Қолы ойнақшып, тырқылдағаннан іші ауырып, жас шыққаннан көзі бұлдырайды. Менің қасиетті етігім оған сайқымазақ бәтенкесіндей біртүрлі көрінетін. 

Іздеген достарым Есенаман көшесінде жүре екен. Көшенің аяғы Байынқолға тіреледі. Осы жерде ойынымыз осылғанша жүреміз. Арманның көшесінде басталған ойын осы жерде аяқталады. Бүгінгі атқан таң да осы жерден батады. Не намыс, не жаға жыртылады.

Мен үшін Армансыз ойын дым қызық емес. Сондықтан ол қай мемлекет, қай материкте ойнамасын баруға бармын. Біріншіден оның менен бес жас үлкендігі бар. Екіншіден, жауапсыз жеңілісім көп. Сол сойыл жұмсар сәтімді күтіп жүргенде Тянь-Шанға екі қар түсіп, екі көк шықты. Құрсағына тоғыз ай көтереген апамның келіні де ала сиыры да еркек тапты. Несін айтайын, біраз уақыт өтіп кетті. «Уақыт – емші» дейдіндерге ауызға бір қояр едім. Уақыт емдесе Арманға деген алауыздықты ұмытар едім ғой. Жоқ! Бір секундта ұмытпадым. Арам шөп жұлсам да, көң ойсам да, доп тепсем де Арман алдымнан шыға берді. Көзіме Арман елестесе шөп орнына шашын жұлып, көң орнына көзін ойып, доп орнына басын теуіп жатқандай өшпенділік туды. Ол өшпенділік Арманды тірідей көргенде жоғалып, үйге келгенде маздайтыны ыңыршақ етті. Бүгін міне, соған нүкте қоятын күн. Аянып қаларым жоқ. 

Асық ойнап жатқандарға жете бергеннен күлкіге қалдым. Басы қайқиып кеткен етігім, сиырдың қатқан жапасына ілініп, ұзыннан түстім. Әсіресе, Арман тоқтамай күлді. Ішек-сілесі қатты-ау. Мен жерге құлап жатып құдайға рахмет айттым. Арманның асық атуы енді қиындайды.

Таңдап аларым қайсы, бір мұрты мұжық, оң қолға жағатын ірі асықтан сақа сайладым. Әбден кепкен ақсөңке еді. Қорғасын құюға мүлде жарамайды. Морт сынғыш. Сондықтан белінен сым темірмен орай салдым. Сол сақасымағыма үш асық қосып, ойынға кірдім. Ерік күректей алақанымен түпте барлық сақаны салды. Ішінде менікі де жүр. Алақандағы сақаларды сапырып-сапырып тұрып, түпке тастады. Әп, бәрекелді! Сақам ә дегеннен алшысынан түсті. Ата жауым Арман түпте қалатын болып, қалған тоғыз бала кезек-кезек сақа иірдік. Төрт жарым тапан жетпейтіндей алысқа апарым бірінші иірдім. Мұнда да ренжіткен жоқ, алшысынан тұрды. Түптегі тізілген он асықты көздей бердім. Күшпен атсам тисе асықты жұлып әкетем, тимесе, сақам қаңғығаны қаңғыған. Бойымды жинақтап, сәл еңкейіп сақаны екі көзімнің ортасына әкеп, көздеп жіберіп қалдым. Он асықтың  ортаншысын пәмдегем, үстінен зулап өтіп кетті. Менен кейін Дархан сүріп атып, шеткі қозының асығын мұрттай ұшырды. Екінші мәрте қарсы жақтан атқаны, дөңкиген тасқа тиіп, тура Арманның алдына түсті. Нұрбақыттың иірген сақасы иірген жерінде шік болды. Жерге бір түкіріп, әкеңнен боқтады. Еріктікі омпы тұрды. Қалған ойыншылар не иіріп, не атып тигізіп жарытпады. Кезек Арманға келгенде алдында жатқан Дарханның елігін шертіп ұшырды да, Еріктің омпы қалған құлжасына қараған да жоқ. Әшейін түпке иіре салды. Недеген жолы болғыш десеңші, сақасы алшы тұрып, түптегі сегіз асықты жинап алды. Қолымдағы  үш асықтан екеуі қалғанда салым суға кеткендей болдым. Ыза болғаннан айбат шеккен қошқардай жерді теуіп-теуіп жібердім. Арман жалт бұрылып етігіме қарады да қарқылдады-ай. Мен ішімнен «...я құдай, сәтіңді сал!» деп бір асығымды түпке қойдым. Қайтадан ойын басталып, он баланың он асығы түп төріне шықты.

Көз құртымызды жеп баратқан асықтардан Нұрбақыттікі әдемі-ақ. Бірі қызыл, бірі жасыл қына, лакқа боялған ұқыпты-тын. Ағалары бар балалардың асықтары сондай сүйкімді, түрлі-түсті болушы еді. Ал мендей үйдің тұңғыштары қолға тигеніне қожа болып жүре беретін.

Екі асық, бір сақам қалған мен бейбаққа екінші раунд басталды. Алғашқы соққыдан әзер ес жинап, ойынға қосылдым. Бұл жолы түпке түсіп қалыппын. Былтырғы оның алдыңғы жылғы ашуыма, жаңа қыжыл қосылып, қалшылдап кеттім. Астыңғы суық сорып жарған ернімді қан жоса тістелей бердім. «Ей, етік, атсаңшы, не қарап тұрсың?» деген Арманның күлкісі қайғы қайығымнан аударып жіберді. «Ойын күтпейді ғой, тездет!» деген Нұрбақыт пен Ерлік те бол-болға басты. Арман менің касой екінімді ескеріп, «мә, атып ал» дегендей  сақасын жақынға иіріпті. Бүк түсіп көлденеңнен жатыр. Быт-шыт қып ұшырып жіберуге рухым жеткенмен тәжірбием жетпеді. Арманды ойыннан шығарып, сау саламат айтсам  касойлығым снайперге ауысар еді. Ептеп еркек кіндіктілердің алдында еңсем тіктелер еді. Қайдан оған қайран? Өзімнен қайран болмаған соң сақама сенгенен сылтау таппадым. Бір қадаммен жеңіске жетіп, бір қадаммен ұтылудың аз алдындамын. «Мейлің» деген іштегі бір құйын түпке сақа иіруге итермеледі. Сөйтіп, сымтемір оралған оңқай сақамды сол қолмен айландыра иіріп кеп қалдым. Мәссаған! Алшысынан түсті-ей. Қуанғаннан қуарған жүзім шырайланып кетті. Еңкейіп картошка тергендей асықты жинай бергенде: «Харам ойнады, сақаны жерге жақын иірді. Өйтсе, менікі де тәйкі тұрмай ма?»  деп шатақ шығарды Арман. Иә, жерге жақын иірсе сақа көп жағдайда алшы түседі. Бірақ мен олай істемедім. Армандікі барып тұрған жала. Несін айтайын, көп ауған жаққа қызыр ауып, екінші мәрте сақа иірдім. Тағы да алшы болды, тағы да Арман шап етті. «Белін бүгіп иірді, сақаны жұмсақ жерге тастады. Тән емес!» деп саңқ етті.

Асық ойнаған жерде, әсіресе асық тізілген  шеңберде топырақ торқаланып кетеді. Соны алға тартқан ол бетін теуіп тастап, астынан шеменін шығарды. «Міне, жігіт болсаң мына жерге иір! Қап-қатты.» деп бұйыра сөйлеп, бұрылып кетті. «Жігіт болсаң...» дегені жігерімді жаныды-ақ. Арманға адуынымды ала көзбен атып аңғарттым. Сосын ырымшылдыққа сап сақаны аузыма тақап, бірдеңе айттым да үшінші рет иірдім. Тағы да алшы түсті. Бәріміз ақылдасқандай Арманға қараптық. Ол болса ұялып кетті білем. Бетін басып, теріс айналды.

Осыдан кейін-ақ ойыным жүрді деңіз. Өз кенімнен бөлек сегіз асықты қалтаға бастым. Екі-үш айналымда еселеп он беске жеткіздім. Бұл кезде бес бала тыр жалаңаш ұтылып, бас сипап қалды. Қалған қан майдандағымыз –  Нұрбақыт, Арман, Дархан және мен. Ойын қайта басталды. Сақа салынды. Түпке Нұрбақыт отырды. Бар-жоғы төрт асық. Тағдыр шешті төрт асыққа төрт жақтан көз саламыз-ай кеп. Өзімді жәйбарақат сезініп, Арманды көзге ілуден қаппын. Нұрбақыттың қызыл-жасыл асығы менімен Арманның ғана қалтасын қампитты. Иірем алшы түседі, атам асық ұшады. Ойын оң жамбасыма келіп, басқаларға жол болмады. Сүріп ататын Дарханның да, қолы майлы Ерліктің де алақаны бос қалды.

Күн екінтіге еңкейген. Сымтемірмен ораған сөңке сақам іске жарап тұрғанмен, өзегім талып өлімсірей бердім. Қалтамдағы нан есіме түскенде есім шыға қуанғаным-ай. Қатыңқырап қалса да кеуектей жұтып жіберіп, ұртыма құрт қыстырдым. Қарным құрылдап қоя берді.

Тағдырдың сыйы шығар, ойынның соңына Арман екеуіміз қалдық. Оның  аңдығаны – мен, менің аңдығаным – ол. Өзінен төрт жас кіші балаға есе жібіреп, ұятты болғанына кінәлі сияқты. Аяғымдағы етігіме күлген кекесіні кескінінен жоғалып, кемел адамның келбеті орнай қапты.

– Кеш батып барады. Қой түгендеуім керек. Келіссең сақамды тігем. Сақам сенің түгел асығыңа татиды, – деп маған күректей қолын көлденең тартты. Бірден келісуге ойланып қалдым. Қасымдағы Дархан болса иығымнан тартқылап көзін қысты. Арманның сақасын алу – оның жанын алумен бірдей-ақ. Сақа біткеннің саңлағына айналған құлжасын әкесі сыйлаған. Аңшысымақ әкесі Тянь-Шанның Қарамұрынынан қарағай тартып жүріп қабанға қақпан құрады. Құрған қақпаны арқардың суаттауға түсетін сағасына қойылады. Бір күні елең-алаңда ауыл астаң-кестең болды. Ұйқы байлаған көзімді, қорадан шыққан айқай-шу ашты. Көрші Дидаш аға мен әкем екен. Бірдеңе ұстай алмай бәйек боп жүр. Шешем: «қораға қасқыр шапқан болар, ұйықтай бер, ертең айтам» дегенше гүрілдей үйге әкемдер кірді. Біреуді сыбап боқтаған болды да пеш алдына қан-қан қақпанды тастады. Сөз арасында Арманның әумесер әкесінің аты аталып жатты.

Ертесі Арманның әкесі күжілдей келіп кешірім сұрады. Әкемнің дүңкілдегені, Қабен қарияның күңкілдегені басылмады. «Бірауыздан келіспедік пе? Арқарға тимейік, төлін өргізсін деген уағдалас қайда? Мә, мына тіс қақпаныңды» деген қария анадайға лақтырып жіберді. Арманның әкесі лақтырылған қақпанды қайта алған жоқ. Ал аяғы жарадар арқар ақыры бауыздалып тасталды. «Киесі өзіңе көрінгір!» деп кейіген кісілер Арманның әкесін аттан да, абыройдан да түсірді. Аң киесі ме, жұрт наласы ма кім білсін, кейіннен әкесі бет-аузы қисайып, қор боп қалды.

Арманның қолындағы қаһар сол арқардың асығы болатын. Мақтауға тұрарлық қаһардың марапаты да көп. Наурыз тойында үлкендер ұйымдастырған «Үш тапанда» дорба асық, алдыңғы жылы айттықта «Бүк, шікте» анасына ыдыс-аяқ, «Тидірмекте» қабырға сағат, «Шеңберде» елік тұяғынан жасалған қамшы ұтты. Ұтып қана қоймай Арманның қап-қара түрі газетке шықты. Атын ауылдағы, аудандағы балалардың бәрі білді. Міне, сол қаһарды бар-жоғы мендегі он бес асыққа тігіп отыр.

– Мейлің,– дедім, күректей қолына қалақтай қолымды қыстырып. Сосын: – Мен де асығыс едім, етікті әкеме беруім керек, кешке малға киеді,– деп менменси қалдым. Арманды қайтадан күлкі қысты. Екі көзін аяғыма қадап, басын шайқап алды да: – Саған да, маған да емес, бір гон ғана ойнайық,– деді. Мен басымды изедім.

Арман түпке соңғы асығын тігіп, екеуіміздің сақамызды салды. Қаһарымен  сақама қарасам жер мен көктей. Тау мен тастай. Қаһардың сүйегі – үлкен, ауыр, майлы, мығым еді. Менікі қозының асығындай қомпиған бірдеңе көрінді. Арман сақаларды алып сапырып-сапырып тұрды да түпке тастай салды. Қаһар жерге бір түсіп қайта көтерілді да тәйкі тұрды. Менікі шік болды. Арман жиіркенгендей мұрын тыржитты. Сезем, түпке қалғаныма өкінетін сияқты. Үміті өлген адамның көзінде от та болмайды екен. Түрі түтеп, аузы бұртиып, иығын жұлқи сермеп, сақасын иірді. Бірден бүк болды. «Шешеңнің...» деп тілін шорт кескендей жұтып қойды. Кімнің шешесінен боқтағанын кім білсін? Мойыны сөлбірейіп қапты.

Кезегім келгенде кідіріп қалдым. Ойынды бірден бітіруге асықпадым. Арманның әкесін танытқым келді. Түпке иірсем алшы түссе ойын бітеді, түспесе саудам бітеді. Сондықтан екінші мүмкіндікке мойынсұндым. Етікке бір, қаһарға екі қарап ара қашықтықты есептедім. Керзі етіктің табаны елу сәнті. Төрт жарым тапандап барсам атуға болады. Бірақ Арман қулыққа сап, сиырдың ескі жапасының артына иіріпті.

  – Өзі жатқан қаратау. Мен тышқам жоқ,– деп өзін де, сақасын да болмайтын боққа жасырды. Ойында «өзі жатқан қаратауды» алынса алып тастауға болады. Қатқан жапаны етіктің тас тұмсығымен теуіп жібердім. Жұмсақ беті бұрқ ете быт-шыт болды да, асты жабысқан күйде қалды. Арманның қаһарының бір мұрты жапаның артынан қылтиып қана көрінді. Көлденең бүк түскен жатысы атуға ыңғайлы-ақ екен. Шеберлік танытсаң шыркөбелек ұшырып жіберуге болады.

Түптен Арманның қаһарына қарай тапандадым. Тағы бір пәле шығармасын деп «бір, екі, үш, төрт, жарым» деп бетіне қарадым. – Тура төрт жарым болды. Ойын басталғаннан «төрт жарым тапан ойнап жатырмыз»– деп есіне салып қойдым. Үндемеді. Аң-таң болғандай түппен қаһары жатқан қашықтыққа көзін бақырайтты. Сосын, дүңк-дүңк басып келіп аппақ красовкасын етігіме тақай қойды. Екі аяғын қосқанда етіктің өлшеміне әрең жетті.

– Тән емес, бір тапан кейін тұрып атады. Мынауы қолапаштай! – деп аяғымды бір тепті. Арманның бұндай бұлталағына басқа балалар да ыза болды. Ішіміздегі үлкені Ерікке жан бітіп: – Арман, өйтетін болсаң біз де ойынды қайта бастаймыз. Жеңілгенді жер көтерер, үндемей-ақ тұрмыз ғой,– деп қабағын шытты. Нұрбақыт пен Дархан да Еріктің сөзін сөйлеп, қоштай кетті. Арман  не дерін білмей тілден де, түрден де айырылды.

Үндемеген соң Арманға қарадым. Ол болса қаһарының үстіне төніп «сүп-сүп... соқыр николай, сүп, сүп..» деп қарғыстады. Мен де бірдеңе айтқым келген, аузыма сөз түспеді. Қысылғанда «Райымбек, Жәмеңке,Ұзақ, Мергенбай батырлардың аттарын қайталай бердім. Қайталай бердім да, еңкейіп сым темір оралған оңқай сақамды шиіріп-шиіріп жіберіп қалдым. Сақам құйындай айланып жапаның артында қылтиып жатқан қаһардың мұртына тиді. Мылтықпен орыстың шіркеуінен кресін атып түсірген Мергенбай батырдай мергендік танытқаныма сенер емеспін. Арман қаһарын өз қолымен қолыма ұстатқанда ғана жеңгеніме көзім жетті.

Қаһар, жатқан жерінен жеті тапанға бірақ ұшыпты. Менің ақсөңке сақам, қайдағы бір қой асығы арқардың алып қаһарын қалай ұшырып қаңғалатқанына әлі күнге таң қаламын.