Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Шеттегі қазақ үй
199
оқылды

Бүркеншік аты: Zhuldyz

 ШЕТТЕГІ ҚАЗАҚ ҮЙ

(мөлтек хикая)

Бұғылы. Жан-жағы көгілдір, қызыл, қара, күрең әралуан таулармен қоршалған ну орман. Орманды ортасынан қақ айырып Қобда атты асау өзен арқырап ағып барады. «Қазақтың осы жер дегені көш жер» демекші «алақандай алқап» дейтін Бұғылының өзі ірі бір қала сыйып кетерліктей атшаптырым кең жер. Табиғаты көз тұндырып, көңіл тойдыратын әсем, асты, үсті қазыналы жерұйықтың өзі. Ерте дәуірде бұл өңірде бұғылар мекендегендіктен Бұғылы атаныпты. Бұрындары Жоңғариядан ауып келген ойраттар, одан бері Дешті қыпшақ даласынан Шығыс Түркістанды баса-көктей жеткен қазақтар ну жыныстың ішіне еніп қоныстана бастаған кездерден бері қарай бұғылар өзге жаққа ауып кетіпті.

   Қазір де емге бір де бір бұғы жоқ, 1920 жылдарда қора-қора қоңыр қойлардай қаптап жүретін жабайы доңыздар да сиреп, жалғыз кішкентай аралда ғана қалған. Қанаттылардың кербезі қырғауыл мен шыл, кекілік, ұлардан тартып құстардың неше түрі, тауларында арқар, тауешкі, әлемде сирек кезігетін қар қабыланы сынды хайуанаттар өріп жүр. Тал, қайың, терек,  шырғанақ, қараған, жыңғыл, бірен-саран қарағайы аралас ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орманның дәл ортасында, төбесіне шыққанда Бұғылы өңірі түгелімен көрінетін жалғыз қара төбе, солтүстік шығыс жақ шетінде түтіні ширатыла көкке ұшқан  жалғыз үй тұр.

   Түйе қом алып, жүні боздақтап, жылқы сауырына жыра сала тойынып, қой шелдене майы шыныланып семірген сарша тамыз. Басына қысы, жазы бұлт үйіріліп, жауын шайса да қасаттанған қатқақ қары былқ етпей жата беретін биік жондар салқын тартып, шөптің бүрі, ағаштың жапырақтары сарғыш тарта бастаған шақ. Мезгіл күзге айналып, қыстан хабар келгенімен малшы қауым әлі де түгін тартса май шығатын шөбі жапырылып жатқан, самал ескен қыр жайлауды қимай, биебауды ағытқысы келмей тартынақтайды. Ит-құстан қорықпайтын, қайта өзі қорқытатын тау тағысы сияқты сарлық сиырлар самал ескен иендегі қарлы, сарылы төстерге шапшып қайқая бастайды. Алайда жазғытұрым шыбын шыға бастағанда қырды көксеп үстірттерге қарай шұбыра жөнелетін жылқы түлігі мен байырғы қол қызыл сиыр тәрізді ұзын аяқты мал енді өзенде шыбын азайғанын сезіп жоннан қашқақтап әдеттегісінше ойды аңсап қайыру бермей, өзен бойына қарай сырғақтай бастаған. Күндіз алдын тосып қайырмақтап кері бұрса да түнде сусылдап лыпып беріп, жоқ қаратып мал иелерінің, шаппаны талқандап пішен алатындардың да мазаны кетіреді.

   Ойдағы өзен сағасы, орман-тоғайдың ара-арасындағы жалпақ жазықтар осы мекендегі көшпелі малшылардың шабындық алаңдары. Ел етекке еңкеймес бұрын ол шаппалықтарға мал түссе сыпырып-сиырып жеп тойғанды былай қойғанда тойған соң ойнақ салып қасақана жайпап, таптап ойранын шығарады. Ата-бабасынан бері қарай малмен кәсіптеніп, малмен жан сақтап келе жатқан  халықтың қысқы басты дайындығы пішен алу науқаны. Соғым-адамдардың қыстық қорегі болса,  пішен-малдың қыстық азығы. Бақташылардың шабындығы жер емшегін емген диқандардың егіндігінен кем емес. Қызғыштай қориды. Пішен әзірленбесе өрісті қар басып қақаған қыстың сақылдаған сары аязы мен жайылымнан шөп кеткен жазғытұрымның қараөзек уақытында малды сыпырмайым жұтқа беріп құржайлақ қалатындықтан ол алаңдарды жанын сала қорғамасына лаж жоқ.

   Таласып-тармасып, айтысып-тартысып жүріп иемденіп алып, тасын теріп тазалап шамасы келгендері жіңішке арық тартып су жіберіп, тыңайтқыш көң төгіп баптап алған алаңдарын иен тастап, шыбын шығысымен үдере көшіп жайлауға кетіп, алыстағы жайылымдарға малды отарлатып, енді бірер ай өткенде ел етекке түспес бұрын тартпа-шалғыларын алып салт атпен өзен бойына жетіп жапатармағай шаппаға кіріседі. Пішендерін қашан бір шауып, тырмалап жиып, шөмелелеп кептіріп, күпаналап үйіп, тасымалдап қыстау қораларына маялап сақтап алғанша мұрындарына су жетпей ай бойы  әбігерледі.

   Малшы ауылдар шабындыққа мал түседі-ау деген уақытта қауымдасып орталарынан қаржы шығарып, жалақы, ат-көлік беріп, текедей таңдалған бір отбасын осы шаппалықтарды қоруға жіберетін болған. Орман шетіндегі жалғыз үй осы «қарауыл» Әділханның отбасы. Зайыбы Кәмила екеуі де шаруақор пысық адамдар. Балалы-шағалы үй болғанымен бір ғана Қожаны ғана ертіп, өзгелерін мал отарлатып тауда отыратын отауында қалдырған. Отардағы отау бір қоныста ұзақ отырып қалмайды. Үй-жайы ықшам, азғана жүктерін бірер түйеге арта салып қайда шөптің шүйгіні, судың тазасы бар, соны қуалай түнемелеп алысқа беті ауған жаққа тарта береді де қарашаның соңы, желдінің басында қапалақтап қар жауып, қақаған аяз қысқанда қыстауға бір-ақ оралады.

   Енді міне күзеуге келіп қонысымен бұл үйге бала қонақ Шолпан келген. Шолпан Кәмиланың жалғыз інісі Тілеудің қызы. Үйі, ата-анасы тоқсаныншы жылдардың басында осы жақтан көшіп барған, Алматыда тұрады. «Сендерді сағындық, келіп қайтыңдар. Өздерің келудің орайы келмесе Шолпанды жіберіңдер, сендер туып-өскен ел, жерді көрсін. Қожаға серіктесіп оқу басталғанша біраз уақыт бізге қолғанат бола жүріп, таза ауа, тұмса табиғат аясында аунап-қунап демалып қайтсын» деп ту сонау Алматыдан шақыртып алған. Кәмила апайы бауырмал, балажан, мейірбан, он саусағынан өнер тамған шебер адам. Інісінің арпа ішінде бір бидай жалғыз қызын өз балаларынан кем емес әспенсітіп, жанындай жақсы көреді.

   Әділхан өзенге суси сұғынып ентелей жеткен малды ішіне қоңыраудың тілін таққан қаңылтыр дүңгіршегін даңғырлата тасыр-тұсыр үркітіп, алымды-шалымды жарау атпен бастырмалатып дүркірете қуып қырға шығарады. Күндіз-түні тыным жоқ ат үстінде. Одан қолы сәл босай қалса тартпасын шыңайды, білік жонып таңып, саптап алып, «Жатыр едім күзеуде пішен шауып-ай...»-деп әнге салып, өсмдіктерді жусата сырылдаған өткір шалғысымен үндесе ыңылдай жүріп пішен шабады. Отыз жыл ортақ дәулет бірлестіктің жылқысын баққан қажымас қайсар қаратабан жұмыскердің өзі, қол қусырып қарап отырмайды, жоқ дегенде қайыңның бұтағын аршып аттың аяғына салатын шідердің тиегін, түйенің мұрындығын жонудан жалықпайтын көнбіс, маңдайы жазық, қабағы ашық әңгімешіл адам.

    Бір отбасындағылардың біреуі еңбеккер, жайдары кеңмінез, өзара тату болса өзгелері де сондай, жаны жайлы, құлшынып тұрады, соған сай берекесі артып, ырысы ілгерілей береді. Жалқау жатыпішер, онымен қоймай біреуі шайпау ұрысқақ, кінәмшыл болса бәрі де соның ыңғайына бейімделген бір мінездес, бір-біріне ұқсас келеді. «Отбасы ала болса, кереге басы толған пәле болады» дегеннің кебін киіп ондай отбасы азып-тоза береді.

   Кәмила үй-жайын қағып-сілкіп, жиыстырып реттеп, мал сауып, ас-тағам әзірлеген соң іске кіріседі. Жыртық-тесік киім-кешекті жамап-жасқайды, шүйке түтіп, жиек есіп, жіп иіріп, киіз басып, оны кесіп-пішіп сырмақ сыриды, өрмек тоқиды, одан қалса Шолпанға кесте тігуді үйретеді.  Ал Қожа Шолпаннан жас жарым кіші, ақыл азуы шыққанына биыл төрт жыл, озық ойлы оқуқұмар бала. Қайда жүрсе қолында кітап жүреді. Кітап бетіне тесірейіп көп қарайды. Одан қалса ересектердің әңгімесіне құлақ түргіш. Әсіресе қонақ келгенін, көпті көрген, әрі сөзшең кәрі қонақ болса тіптен жақсы көреді. Сондығынан болар өзі де зерек, ерте есейіп келе жатқан көп білетін сегіз қырлы, ақылды бала 

  Шолпан мен Қожа шайға сүт, көжеге қатық болады деп  бес-алты саулы ешкімен қосып азыққа деп ала келген бірнеше семіз серкешті бағып-қағады. Ешкі малы өңмеңдеп өзен бойындағы қалың нуға еніп кете қоймайды, шөбі быртиып сирек өскенімен дәмді, шырынды келетін қырға, үстіртке қашады. Неғұрлым биікте өсетін дәрілік өсімдіктерді теріп жейді. Қазақтың «Ешкінің еті жел, сүті ем. Ешкі етін жесең күзде же, күзде ғана дәмді келеді» дейтіні содан. Таңертең арттарына қарайлай-қарайлай маңырап өріске беттеп өріп, ауа жайылып қырға иен кеткен ешкілер кешке жатар орнына өздері оралады. Қарайлайтын себебі, олардың отар басы қой бастайтын сегіз аяқты бөрте серке үйдің маңындағы көкмайсада арқандаулы қалады. Өзге ешкілер нысаналы бөрте серкесіз жерге түней алмайды да, кешке сау етіп жетіп келгенде сегіз аяғының тұяқтарын саусылдата, салдырлата маңырап қарсы алдарынан шыққан бөртені қаумалай ықтап жусай кетеді.

   Екеулеп селбесе жүріп бөрте серкені суарады, қазығын жылжытып қағып, тың жайылымға, бастарына қонған күзгі шық мөлтілдеп, жылтылдап күн сәулесімен балаусасы мен бал құрағы жайқалған алаңқайға арқандайды. Шолпан орман ішін аралап гүл-бәйшешектерді тамашалайды, теріп қатырып алады. Бірде ол биік басы көк тірей, қалың қабығы қатпарланып өскен зәулім кәрі бәйтеректің қалың бұтағының арасынан ағаш кесіп жатқан темір араның дыбысынша дырылдаған дыбыс естіді. Қалт тоқтай қалып, анықтап қарап еді, терекке жабысып алған ала қанат сауысқанға ұқсас қоңыр ала құсты көрді. Бірақ сауысқаннан кішкене, ересек адамның жұдырығындай ғана. Ұзынша келген мүйіз тұмсығы біз секілді сүйір, онымен тұспа-тұс басының артқы жағында сол тұмсығына ұқсаған айдары бар. Басқа дүниеге назар аударар емес, ағаштың діңін дырылдатып дамылсыз шоқыған сайын басы қалтылдап, қанаттары дірілдеп ағашты үңгіп барады. Құстың қимылына қарап аңырып тұрып қалған оның қасына Қожаның жетіп келгенін аңғармай қалды.

   -Тамашалап тұрсың ба?-деген дауысы саңқ еткенде ыршып түсіп:

   -Алла-ай, шошып қалғанымды қарашы, ақырын сөйлесеңші, анау құс ұшып кетеді. Әдемі мүйізі бар қызық нәрсе екен!-деді.

   -Бұл ма, бұл тоқылдауық деген құс.

   -Ғажап. Ағаш шеберінің бұрғысы секілді өткір тұмсығы бар, мына теректі тұмсығымен тоқылдата шоқи-шоқи тесіп, іп-ілезде үңгіп жітерді. Теректің ішіндегі нәрін кеміріп жеп жатқандағысы ма сонда? Мәуелеп өсіп тұрған әп-әдемі нар ағашқа обал болды ғой.

   -Терекке зияны емес, пайдасы тиеді бұл құстың. «Тоқылдауық-орманның шипагері» деп атам айтқан. Теректі емес, теректің өзегіне кіріп алып жайлап, жеп, кеулеп, жарақаттап, шірітіп бара жатқан жегіқұртты жейді деген.

   -Ау солай ма? Ондай болғанда жақсы екен ғой. Ал сонда мына жуан теректің қай жерінде құрт барын тоқылдауық қайдан біледі?

   -Ол жұмбақтың шешуін әзірше өзім де таппадым. Қасқыр қалың қойдың ішіне еніп кетіп, қай індетке шалдыққанын тап басып жейді екен. Тауық шөптің жауы шегірткені, инелік жұқпалы ауру таратқыш қара шыбынды теріп жояды. Маса екеш масаның өзі адамды шаққанда денедегі арам қанды ғана сорады, басқа залалы жоқ, табиғаттың екпешісі деседі. Сол сөз рас болуы керек. Мен масадан қорықпаймын, жалаңаштанып алып қанымды сорғызып, арам қанға әбден бөгіп өзі домалап түскенше шыдаймын. Қышығанда да қасымаймын. Қасыса жауыр болып, жараға айналады.

   -Масадан мен қорқамын. Шаққанда удай ашытады, оған қалай төзіп тұра беру керек?

   -Таза табиғатта жүрген жәндік емес пе. Ол шаққанда бүркетін болымсыз ғана уының өзі уақ-түйек сырқаттан айықтыратын, күнібұрын сақтайтын денсаулыққа пайдалы дәрі болуы керек деп ойлаймын.

   -Олай болғанда араның шаққаны да денсаулыққа пайдалы болғаны ма? Өзің естіген шығарсың осының алдында сен нағашылап кеткенде мен араға талатып, беті-басым күп болып ісіп кетіп ауырғанымда Кәмен апайым спирт, иод жағып әрең басылды емес пе.

   -Араның уы масаныкінен күштірек болатыны рас. Бірақ өзі тиіспеген кісіге араның, тіпті жыланның да зәбірі жоқ. Қайыңның бұтақтарының арасына салған араның ұясына өзің неге соқтығасың.

   -Қайдан білейін, балалар ойнап жүргенде қайың бұтағының арасында қыстырылып қалып қойған үлкен доп екен, домалатып жерге түсіріп алып ойнайын деп ойладым да ағашпен түртіп қалып едім тарс та тұрс, ине тұмсықтар ызылдай жетіп қаптады да кетті. Олардан қашып құтыламын деп жүргенде аңдамай жарқабақтан құлап суға кетіп қала жаздағаным жоқ па. Кәмен апайым жаныма сап етіп жетіп келіп шап беріп ұстамағанда...

   -Иә апам жаймашуақ жайдары бола тұра бір ашуланса қиын кісі. Атам айтып еді, апамның жер-жебіріңе жете ұрысқанын, содан бастап сені «Көзсіз көбелек» деп атайтын болғанын,  содан болған екен ғой. Сен суға кетіп өлген болсаң мына дарияның қырық айырығынан қалай іздейді, сүйегің де табылмайды. Қайғыдан қабырғасы қарс айырылғанда балаға қарамадың деп әке-шешең өкпелеп, іщәй деспеген тату-тәтті ағайынның арасына жік түсіп араздасып, ат құйрығын кесіп алыстап бір-ақ кетер еді ғой. Қапелімде құдай сақтаған екен.

   -Әне содан былай маған сенбейтін болды. Қия бассам «Әй көзсіз көбелек! Байқап бас аяғыңды. Суға жақындама, суға! Ебелектеген ұсқының мынау, сен осы қалалы жерде қайшалысып жатқан қалың машинаның астына түсіп қалмай қалай тірі жүрсің а? Көзіңе қара!..»-деп кейиді. Қаланың жолдарында бағдар шамдар тұратынын, ол болмағанда жүргізушілер өкіртіп-бақыртып дабылға басатынын қайдан білсін. Айтпақшы, жыланның уы да дәрі ме?

   -Әлбетте, дәрінің  көкесі сол жыланның уы болса керек. Тағы да атам там айтады: «Ерте, ерте заманда Лұхман хакім деген ерекше емкөс әулие адам болыпты. Сол заманда асқазанның айықпас дертіне шалдығып ішіне ас батпаған бір адам басқа балгарлерден дауа таппаған соң «Сені сырқатыңнан бір айықтырса қазірде мың жасқа келіп отырған Лұхман хакім жазады. Соған бар» деп бір бақсының айтуы бойынша ат арытып, тон тоздыра іздеп жүріп сол әулиеге жетеді. Алайда ауруын ол да емдей алмаған соң амалы таусылып, дымы құрып, ажалға бел байлап ауылына қайтады. Дерт жанына батып, шаршап, кенезесі кеуіп келе жатса алдыңғы жақтағы жаңа жұртқа бір ауыл көшіп келіп ірге тіреп қонып жатқанын көреді.

   Сырқат жолаушы атын отқа қоя салып, тәлтіректеп әрең-зорға ілбіп басып, ауыл адамдарына сәлем беруге де шамасы келмей әлсіреп, керегесін керіп, шаңырағын көтеріп, уығын шаншып, үзік, туырлығын жапқан бір үйдің босағасынан аттап аунай кеткен екен. Көзі ілініп кетеді. Әлденуақытта басын көтеріп қараса әлгі үйдің иелері шаршап келіп жығылған жолаушыға жаны ашып есіркесе керек, кесеге жаңа сауылған сиырдың сүтін құйып іргедегі ашық тұрған керегенің көзінен өткізіп жанына қойып кеткенін көріп кесеге қолын созып ұмтыла береді. Сол сәтте одан бұрын бір қарашұбар жылан ирелеңдеп шыға келіп сүтке басын тыға айыр тілімен жалап-жалап жіберіп өз жайына кетеді. Сырқат жолаушы кесені қолына алып, жерден бір тал көк шөпті сабағымен жұлып алып, сүттің  бетіне түскен тозаңды алып тастап, қылқ-сылқ жұта салады. Шөлі қанғаны, я ұйқысы келгені, улағаны белгісіз мең-зең күйде шалқадан түсіп есеңгіреп барып ұйқыға кетеді.

   Енді бір уақта ояна келсе денесі тып-тың, сергек. Бұрын тамаққа көңілі соқпайтын болса, енді қарны ашып, араны ашылып бағасы кетеді. Жолаушының сол жағдайын білген мың болғыр үй адамдары алдына табақ-табақ ет, құрт, ірімшік әкеліп тартады. Жанын қинаған ауру, асқа тәбеті соқпау, ішіп-жесе асқазанға бату дегеннің бәрі жайында қалған, әлгі тамақты түгелімен сыпырып-сиырып ішіп-жеп дыңғыр қағады. Аяқ астынан айығып ажал аузынан аман қалғанына таңдана қуанған жолаушы ол үйдің жаны жайсаң жақсы адамдарына алғысын жаудырта отырып нендей сүт бергенін сұраса, биыл бұзаулаған көк сиырдың сүті екен. Ол кісілерге разылығын айта-айта атына қонып кетіп бара жатқан жолында қайда бара жатқаны белгісіз анау Лұхман хакім кезіге кетеді. Құлан-таза сауыққанына ол да таң қалып, қалай емделгенін, нені ішіп-жегенін сұрайды.

   «Көк сиырдың шикі сүтін қасыма әкеліп қойған екен, менен бұрын үлгіріп оны алдымен жылан жалап ауыз тиіп кетті. Сүттің бетіне түскен шөп-шалаңды бір тал өсімдіктің сабағымен іліп алып тастадым. Жаңа сауылған сүт, жыланның сілекейі, өсіп тұрған шөптің нілі, міне осы үшеунің бірі ме, біріккені ме, қайсысы екенін айыра алмадым, әйтеуір құдай қалап кеселден айықтым»-деп жауап береді науқас адам. Осы сөз Лұхман хакімнің өзіне ой салады. Шипагерліктің атасы Лұхман әулие оймен сараптай келе: «Жыланның уы, көк сиырдың сүті, көктеп тұрған өсімдік-осы үшеуі қандай дертке де дауа болады» дегенді хатқа түсіріпті»-деп. Жыланның кескіні әнеки содан бастап күллі дәрігерлердің рәмзіне айналған. Түсі суық хайуан бола тұра сол кезден бастап біздің қазақ та жыланды сыйлы қонағындай құрметтеп, үйге кіріп келсе өлтіре салмай ақ құйып шығарып салатын болған екен-деді.

   Бұғылының бір байлығы шырғанақ. Шолпан ағынды болғанымен асты малта тас, олай-былай өткенде қызыласықтан ғана келетін тап-таяз, мөп-мөлдір су айырығының жиегінде жарқабақты жағалай өздігінен қоралана самсып өсіп, қызара бөрте пісіп, дәмі тіл үйірген шырғанақ жемістерін тереді.

   -Дәмді екен. Бұларды кімдер егіп, баптап өсірді екен?-дейді тамсана.

   -Ешкім  қолдан еккен емес. Жаратылыс деген шебер біздерді қалай жаратқан болса бұларды да өз құдіретімен солай баптап өсірген-деп жауап береді Қожа,-Бұл әзірше кім де кімнің жекелік меншігі емес, жомарт табиғаттың сыйға тегін таратып жатқан байлығы. Шырғанақтың дәні жейтін жеміс қана емес, ең таза да пайдалы сусын. Сыртқы жарақат пен ішкі ағзаның алуан түрлі ауру-сырқауына таптырмас шипа болады. Арнайы аспаппен майын тартып, жоғары бағамен саудаға шығарады. Бал татыған тәтті бола тұра тілді қуырған ащы, жесең тамақ, қарның ашпайды, шырыны сусын, шөліңді қандырады.

   Шолпан шырғанақты әлсін-әлсін құмарлана жегенімен таңдайы ойылып, тісі қақсағанда ғана қояды. Тісінің ауырғаны алуан түсті көбелектерді қуғанда ғана басылады да ертеңінде асыға жетіп, ащылаған түйеше қайталап тере бастайды. Күндер өте келе тісі сыздап сырқырай бастағанда биік таудың етегіндегі шоқ талдың түбінде шұрқ-шұрқ қайнап шығып жатқан арасан бұлаққа барып жуып-шайса, қылқ-сылқ жұтса ауырғаны сап табатын болған. Айнала төңірегі жайқалып жұпар иісі мұрын жарған жалбызбен көмкерілген арасан бұлақтың суы қырық түрлі дерт-дербезге бірден бір дауа деп біледі жергілікті қазақ, урианхай, дөрбеттер.

   Қожаның айтуына қарағанда бұл шипалы су. «Таудың қырық қабат астымен келіп, өзенге құйып жатқан бұлақ қыстың сақылдаған сары аязында да қатпай буы бұрқырап жатады. Ернеуіндегі шымда өскен жасыл құрақ та қатпайды. Қысқы ұйқыға жатуға тиіс, осы арасанның киелі иесі атанған екі сары бас жылан да қысы-жазы иреңдеп тірі жүреді. Зәрушілік іздеп шұбырып келіп жататын адамдар оларға тиіспейді, қайта ол жыландар денесіне оралса сырқат жандар шарапаты тиді, сауыққаным деп ырымдап қуанады, алтын, күміс құнды заттарын садақаға тастайды. Басындағы шоқ талға ақтық байлайды. Шоқ талға байланған анау алуан түсті әлем-жәлем шүберектер солардың таққан ақтығы. Осы бұлаққа мініп тұрған мына биік шоқылы күрең таулардың басын үйір-үйір тауешкілер мекендейді. Олар күндіз көзге түсе бермейді. Күн аралатып, таң сыз бере бастағанда ғана шұбырып етекке түсіп келіп осы бұлақтан су ішіп тұрады» дейді Қожа. Шолпан оны зейін сала тыңдай отырып Лұхман хакімнен кем емес терең ойға шомады. Ойлай-ойлай ойын түнде түсінде жанды бейнеге айналдырып жалғастырады. Сүтті, шөпті, жыланды көреді түсінде. Нағыз дертке дауа болатыны дәл қайсысы екенін анықтап таба алмай ойы онға, санасы санға кетеді.

   Ойыннан жалыққанда Қожа көкмайсадан құрт қазып алып, қолына құрық ұстап, жұтпа тағып өзеннен балық аулайды. Қармағына үйірімен үш тоғыз қара балық, ақ балық, сары бауыр, кейде шортан ілінеді. Әділхан отағасы күзгі семіз балықтың етін тұздықтап асай отырып:

   -Біздің мұсылман баласы өзге хайуанды азыққа керектенгенде «аллаһуакбар» деп бата жасайды. Ал балық болса, жаратқан иемізден айқұлағы ашылып бауыздаулы келетін ризық болатындықтан ықылас бата айтылмайды. Балықтың етіне әбден тойып алған соң: «Құдай тағала, өткен өмірдегі күналарымды кешіп, осы балық етіндей таза ете көр» деп жалбарынса тілегі қабыл болмақ. Бірақ қазақ баласы кім де кімді өзге асқа шақырады, ал балық етін же деп шақырмайды. Өйткені балық етінің қылтанына қақалса обалына қалады-деп уағыз айтады.

   Шолпан кесте тігіп үйренеді. Қожамен селбесіп төрт ағаштың басын қосып шағын кергіш жасап алған. Жезде ағасы Әділхан тебенге қармақ шығарып егеп, ағаш жонып саптап кестенің бізін  дайындап берді. Кәмила апайы кергішке қара түсті жарты шаршы жалаңқабат матаны керіп, оның бетіне ағаш істікшені сүтке малып қошқармүйіз оюмен өрнектеп сызу сызып беріп еді, Шолпан қуанып кетті. Кергішті бас салып ұстай алып, апайынша сырылдатып кестелей жөнелмекші болып еді апайы:

   -Тоқта, асықпа, бола берген жоқ әлі. Сепелектеп ұшып-қонып желпілдемей сабыр сақтап тұра тұр. Бұл дегенің сендердің ойындарың секілді ойыншықпен ойнау емес. Үйренейін, әттең үйренсем деген талабың жақсы-ақ, бірақ өнерді игерудің жөні бөлек. Біресепте салмақты, жауапты түрдегі еңбекке қадам басу деген сөз. Өзге нәрсеге көңіл бөліп алаңдамайсың, назарың тек қана осы іске бағытталады, ұқтың ба?

   -Ұқтым апай, сонда...

   -Алдымен жақсылап тыңдап, көріп ал. Мына кергіштегіні «қолтырмаш» дейміз. Кестенің «Әліпбиі-Әліппесі» деген сөз. Адам аспаннан бәрін біліп салбырап түсе қалмайды. «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады». Мына біздер де бұл істі бірден емес бірте-бірте үйренгенбіз. Зейін қойып талаптанса адам баласының үйрене алмайтын өнері деген болмайды. Тігіп жатылып, машықтана келе үлкен кергішке өң бетін астарымен қабаттап анау тұрған тұскиіздер тәрізді үй жиһаздарын, киім-кешекті де кестелеп әдемілеп тігетін боласың-деді апайы, -Міне, мынаған зер сала қарап отыр. Сызықтың бойымен бізді былай шаншып, жіпті кергіштің келесі жағынан біздің қармағына іліп былай тартасың да жіптің ілмегін қармақтан шығармай қайтадан шаншисың. Міне осы ізбен қайталап жүргізе бересің. Арасы алыс емес жиі, ершімді болуы керек. Біз кесте қазақтың атамзаманнан бергі көркем өнерінің бірегей бір түрі. Адамды шеберлік пен қоса ептілікке, жіптердің түрі-түсін таңдап сәйкестіретін талғампаздыққа, әрбір істі асықпай-саспай атқаратын сабырлы байсалдылыққа баулып дағдыландырады. Ал енді өзің баста!-деді кергішті бізбен, жібімен Шолпанның қолына ұстатып.

   Шолпан шын пейілімен-ақ  білсем, игерсем, өзгені сүйіндіретіндей жақсы нәрсені жасап шығарсам деген ынтамен, қалай да сол мақсатқа жетемін деген сеніммен жанын сала іске кіріскен. Ойын ойнауды азайтып, тіптен апайының «ас суып қалады, күттірмей тамақтанып ал» дегеніне, «Ымырт жабылып, көз байланып келеді, бейуақта іспен шұғылданбайды» дегеніне қарамастан, кейде кестенің бізін саусағының басына шаншып алып зақымдап ауырсынғанына да қарамай тілімен жалай салып, есіл-дерті кестеге ауған. Аялдай тұруын айта-айта жалыққанда апайы «Қойшының қызы кешкі қой келгенде кесте тігеді» деп мақалдап күле отырып, оның өнерге деген құлшынысына дән разылықпен қарайтын болды.

   Бұл кезде шыңалып қылпылдата жүзделген өткір болат тартпаларын сабымен тік ұстап көкке көтере, қос-қолаң, көрпе-жастық, азықтарын бөктеріне ылғи салтатты пішеншілер де Бұғылыға құйылып түсіп шалғыларын сырылдатып ат бойы көктеп өскен шабындыққа салған еді. Тартпаның сырылдаған, дыртылдаған үні, пысқырып, оқыранып, кісінеген аттардың дыбысы, шөпшілердің дабырлаған дауысы осы мекеннің байырғы тұрғыны бұғылардың ата қонысына қайта оралғандай Бұғылыны ұлы дүбірге бөледі. Тоғай арасындағы әр түкпірден будақтап көкшіл түтіндер көтеріліп ширатыла көкке шапшыды. Кешкі думан тіптен көңілді. Түн қараңғылығын тесе әр жерде жалын жарқылдап, от жылтылдап, мосыларда бұрқ-сарқ шай қайнап, тас ошақтардағы қазанда ет былқылдап, көже-көлмек қотарыла бастағанда «Іркужан, жан-жан-ай, үкілі бағылан-ай!..» деген секілді бірі бастап, бірі қостаған ән де биіктей самғап, озандап барып үркер төбеден ауғанда әрең басылады.

   Түнгі жым-жырт тыныштытықты бұзып ай астындағы қалың орманды басына көтере баяу әупілдей уілдетіп үкі шақырады. Қорсылдап, сойдақ тістерімен шымдарды қопара қазып жабайы қабандар жосып өтеді. Олардан үркіп арқандаулы аттар оқыранып, пысқырынады.

   Күндерде бір күні таңертең Кәмила апай айран-шалабын қамдап, Шолпан мен Қожасын қасына ерте, ол екеуін түйеге мінгізіп жетелей Бұғылының Қарасуынан ши тартуға барды. Шиден үйдің керегесіне ұстайтын ішкілік, іргелік, ірімшік сүзетін шыпта, өренің үстіне құрт салып кептіретін жайма, жүн сабап, киіз басқанда астына салатын төсеніш тәрізді бұйымдарды тоқиды. Биыл ши түйе бойына таяп жылдағыдан биік, мол көктепті. Үрпек бас шашақтары самал желмен желкілдей тербеліп бұлғақтай толқып тұр. Кәмила екі алақанына орамал орап алды да ұзын шилерді көз ілеспес шапшаңлдықпен сытырлатып тарта бастады. Ши қағырлау құмдақ жерде өседі. Қарайып шығатын «қарағұс» делінетін түбірі ерекше қатты да тамыры жіңішке, нәзік, бостау келетіндіктен тікесінен жалғыз рет жұлқи тартқанда суырылып қолға келеді. Уысына толғандарды жіктеп жерге қоя бастады. Шолпан мен Қожа қолдарына мақталы қолғап киіп оған еліктеп ұзын, жуантықтау шилерді жұлқылап тартқанымен шамасы жетпей мыжғылап, жарытпағанына қарап:

   -  Жіңішкерек, аласа өскендері тартқанға оңайлау болады, әлдерің жетпесе содан тартыңдар, олар да керекке жарайды-деп ескертті. Түс ауа сусындарын ішіп, құрт, ірімшіктерін жеп ауқаттанып алды да аялдамай қайтадан іске қауырт кірісті. Қанша қысқарып бара жатқанымен күздің күні әлі де ұзақ. Екі бала шаршаңқырай келе жалығып, шиді иіп садақ жасап алып нысана атып біраз ойнады да қайтадын ши тартты, Кәмиланың тартқан шилерін ол жер, бұл жерден жиып-теріп, бір қанатқа жетті-ау дегендерін бастарын біркелкі бір жағына қаратып будалап, жіппен буып, алып жүруге дайындады.

   Бұлардың ши тарту жұмысы күн ұясына төніп бара жатқан мезетте аяқтады. Бұрыннан ши тартып дағдыланған, қаруы әлі де қайта бермеген Кәмила бір емес, бірнеше қанаттық ши тартқан екен. Шолпан мен Қожаның тартқаны да бір-бір қолтықтан аса жығылыпты.

   - Жарайды, үйреніпсіңдер, сендердің тартқандарың да бір үйдің іргелігіне жетіп артылады-деді. Буылған шилерді түйеге теңдеп үйлеріне қайтты да ертеңінде жаймалап кептірді. Оның ертеңінде үшеулеп шилердің артық шықкан көкшіл, қоңырқай түсті қабықтарын аршыды. Онан соң жаңғырыққа салып балтамен шауып шашақтарын кекілдеп қиды. Ши тоқылатын шуда жіп күнібұрын есіліп, ширатылып дайындалған екен, енді жерді шұңқырайтып қазып, арасы шидің ұзындығындай қашықтықта екі діңгек орнатып, ол екеуінің арасын қосып, белуардан келетін биіктікте оқтай түзу бөренені таңып бекітіп «керме ағаш» орнатқан соң:

   - Ал қызықтың үлкені енді басталады. Шолпан, көріп ал - деді Кәмила. Манадан оның қимыл-әрекетіне таңдана қарап тұрған Шолпан таяй түсіп, ләм деместен көз айырмай қарап тұрды. Кәмила әлгі бел ағашқа шиді асып мінгізіп, ақ және қара түсті тоқыма жіптердің ұшына ноқталап көлемі мен салмағы қолға лайықты тастарды ноқталап байлап, қарағұсы кілең бір жағына қаратылған екі шиден салып, жіп байланған тастарды бел ағаштың екі жағына алмакезек ауыстырып салып сытырлатып тастай берді. Яғни тоқу басталды. Бойынан төрт-бес сызық-су жүріліп тоқылған бөлігі келесі жағына салбырап түсіп, тоқыма ши ілезімде әзрлене бастады.

   - Бұл жай ғана тоқыма ши. Үйдің бір қабат қамсау қамыты. Ал үйді сәндеу керек болса шиді ою-өрнек салып, түрлі түсті жіппен орап «шым ши» етіп тоқиды. Ол үшін алдымен қағаз бетіне суреті сызылады, соған қарап отырып,  түрлі түсті бояумен боялған жүндермен шиді орайды. Бәрі оралып болысымен осы мына әдіс бойынша тоқиды. Енді ұқтың ба?

   - Иә, иә ұқтым. Япырау бәсе шым шиді қалай тоқиды екен деп жүрсем бұл да оңай екен-ау-деді Шолпан. Ертеңінде Қожамен селбесіп ол да өз бойына, өзі тоқитын қысқа шидің көлеміне шақ шағын керме ағаш орнатып екі-үш сызық-су түсіріп ши тоқи бастады. «Мұнымен не істемек екен? Баламысың деген осы. Бос әурешілік қой» дескен үйдегілер. Іш пікірі ішінде жүрген Шолпанның бөлек бір ойы бар екені тоқымасы аяқталған кезде ашыққа шықты. Ол сырын Қожаға айтты:

   - Бауырым, мен бір қызық нәрсе ойлап таптым!

   - Ол нендей қызық нәрсе?

   - Сен сенесің бе, біз тастан жиып, балшықтан соғып, ағаштан қалап ойыншық үйлер жасаймыз да олар ұзаса жалғыз-ақ күн шыдайды да керекке жарамай қала береді. Еңбегің зая кетеді. Бос әурешілік. Онанша берешегі бар, көзге көрінерлік өміршеңдеу бірдеңе жасау керек емес пе.

   - Сонда не істейміз, көзге көрнекті?

   - Менің ойымша ойыншыққа жақын, қуыршақсүрей болса да сенің мынау үйің секілді кішкентай киіз үй жасауымыз керек екен. Сен қалай қарайсың?-деп еді, Қожа ойлана тұнжырап отырды, отырды да әлденуақытта:

   - Жақсы-ақ. Онымен не істейміз сонда?-деді.

   - Отау үй тігіп ойнаймыз. Одан асса мен қалаға ала кетіп мектептің қызылбұрышына (клуб) көрмеге қоямын. Ол жақта киіз үйдің не екенін де білмейтін балалар көп, қызықтап тамашалайды.

   - Ойың тамаша-ақ. Бірақ та киіз үй дегеннің уық, кереге, шаңырағы, үзік, туырлық, түндік, есік, бау-шуы деген қалың нәрселері бар емес пе. Олар сен екеуіміздің қолымыздан қалай келеді?

   - Міне шиі ілезде дайын болды. Кішкентай тұскиізді де кестелеп әзірлеп қойдым. Өзгелерін тым құрығанда мына үйге ұқсатып жасай саламыз. Сен екеуіміз ден қойып әрекеттене бастасақ үлкендер де қарап отырып қалмайды, көмектесетін шығар.

   Қожа екі ойлы, дейтұрғанмен үмітсіз емес екен, ойлана, тартыншақтай келе ақыры нар тәуекелге бел байлап, білек сыбанып екеуі де іске белсене кірісті. Екеулеп қағаз, қарындаш алып үйдің көлемін мөлшерлеп есептеп долбарын шығарды. Қуыршақ яғни модель заңдас үй болатындықтан уық, керегесі аз, керегенің көздері соншалықты тар болмауы керек.

   Сонымен біреуі талдың жас бұтақтарын кесіп әкеліп қабығын аршыса, енді бірі оларды кесіп, пішіп уық, кереге жонды, шаңырақ иіп, айқыш-ұйқыш күлдіреуіш орнатты оған. Басқа көшпенділердікіндей емес қазақ үйінің уығының қарны иіліп келеді, осы жағы біраз қинады. Дегенмен «ата көрген оқ жонар», шебер үйші әкеден көргені бар Қожа есіктің алдындағы топты қайыңның арасына малдың құрғақ көңін үйіп мор салып, кеуіп келе жатқан «уықтардың» қарын жағын соған салып қыздырып барып иіп еді жымпиып шыға келді. Олардың ұшын үскімен тесіп, уықбау тақты. Ал керегелерді қалай көктеу, уықтың ұштарын шаңыраққа қалай шаншып бекіту жағына келгенде милары жетпей бастары әңкі-тәңкі қатып, меселі қайтыңқырайын деді. Онымен қоймай үстеріне Кәмила жетіп келіп:

   - Әкем-ау мыналарың не? Бітпейтін шаруа. Қойыңдар түге.  Түкке тұрмайтын мұндай іспен әуреге түсіп текке арамтер болғанша анау шөп шауып шаршап жүрген әкеңе барып пішен жинап көмектес. Мал түсіп келсе шашып кетеді-деді Қожаға, «Ұлым саған айтам, қызым, сен тыңда» дегендей әуенмен. Шолпан көңілсізденіп қабақты қарс түйіп теріс бұрылып беталды кетті де Қожа шөп жинасуға  барды. Ол әкесіне көмектесе, ыңғайын келтіре оның көңілін тауып шүйіркелесіп әңгімелесе жүріп суыртпақтап: «осындай да осындай жаңа бір нәрсе істеп жатыр едік уық, керегені орнына келтіру жағы болыңқырамай тұр» дегенді қыңқылдап жеткізіп еді, «жақсыға басын айтсаң соңын өзі біледі» емес пе:

   -Ол жағына алаң болма, өзім ертең-ақ қиюын келтіріп жөндеп бере саламын. Алдымен мынаны күпаналап алайық, аспан бұлттап келеді, жаңбыр жауса нілі шайылып сапасы кетіп, текке ысырап болады-деді ұлының жанталаса шөп жинауға кіріскен қолғабысына пейілденген әкесі. Қожаның қимылы ширай түсті.

   Ал Шолпанға келсек, ол бірнеше күннен бері осында келіп-кетіп, алдына қалған-құтқан тамақтың қалдықтарын тастаған сайын оған жақындап келіп құйрығын бұлғақтатып, иіскелеп үйір-шүйір бола бастаған бұралқы аламойнақ күшікті ермек қып еркелетіп сылап-сипап әуре. Аламойнақ пішеншілермен ере келген біреуінікі ме дегендей емес тұрқы биік, тұмсығы сорайыңқы болғанымен іші қабысқан қырдай арық, жүні жарым-жартылай түлеген үсті-басы ұйпа-тұйпа жүдеу. Әсілі жазғытұрым ел жайлауға көшкенде адасып қалып, алажаздай қыстау жұртта қалған сүйек-саяқ, арықтап өлген малдың өлексесін кеміріп талғажау етіп, тышқан аулаумен бүгінге жеткенге ұқсайды. Өзіне қайырым жасағанға ит екеш ит те бауырмал. Орман ішін аралап қай қуыста жүрсе де Шолпанның «Аламойнақ!» деген дауысын естісімен ырғып-шоршып далақтап жетіп келеді. Жаңа дос табылғанына Шолпан да мәз. Ренжіп жүрсе оны көргенде қабағы ашылып жадырап қалады. Адамның тіліне көнгіш, қимылына еліктегіш ұғымтал ит екен. Шолпан жүгіре жөнелсе ере жүгіріп,  билесе біраз қарап тұрып, бұл да билейді. Сөйлей білсе талай қазақ дұрыс үйрене алмай жүрген қазақтың қайран тілін қиналмастан бірер күнде игеріп-ақ кеткендей, керегі не!,.

   Күн бұлтпен араласа байып барып ұясына батқанда Шолпан үйге барып кеше сойылған серкештің шала мүжілген бас сүйегін Аламойнақтың алдына тастап: «Жарайды осыны талғажау ет те жатып демал. Ертең көріскенше!» деді де үйге беттеді. «Мақұл, өзің де аман бол» дегендей Аламойнақ та басын изектетіп, құйрығын бұлғақтата жата кетіп, сүйекті алдыңғы екі аяғының арасына қапсыра мықтап қысып алып, өткір тістерімен қатыр-құтыр опыра шайнап қала берді. Шолпан болса апайының «Қайда жүрсің қызым, тамақ даяр болды, асқа кел» дегеніне қарамастан дым деп тіл қатпастан өзіне арналған төсекке барып шешінді де үн-түнсіз құлай кетіп, тас бүркеніп тырп етпестен жатты да алды. Оның неге ашуланғанын апайы білді, бірақ оны емес оның шамына тиген кеше аңдамай айтқан сөзі үшін өзін іштей кіналады да, ертеңінде таңертең:

   - Оян қарғам, тұр, тұра ғой, күн арқан бойы көтерілді. Біздің кісі (ол жұбайын құрметтеп осылай атайды) ерте таңнан тұрып қуыршақ үйлеріңнің уық, кереге, шаңырақ, есігінің таяныш, маңдайша, табалдырығына шейін бәрін түгел орнына келтіріп жымдастырып тігіп қойған. Қандай екен, өз көзіңмен көре қойшы! Енді киіз жауып, бау-шу қадап, белдеу тартып, бастыру арқан салғаны ғана қалды. Ол жағы сен екеуіміздің қолымыздан келеді, бүгін үлгереміз!-дегенде Шолпан «А-а-а?!» деп орнынан лып етіп күлміңдей атып тұрып ылдым-жылдым киініп, етігіне аяғын қоңылтаяқ сұғып, жұқа шапанын жамыла салып, сыртқа жүгіре шықты.

Апайы рас айтыпты, әкесі мен ұлы ептесіп уық, кереге, шаңырақ, есігімен қиюластырып «үйдің» қаңқасын қаздитып тіге қойыпты, базардан келгендей мін жоқ, жұтынып тұр, көздің жауын алады. Шолпан жалаңаш тұрған оның сыртынан өзі тоқыған шиді айналдыра ұстап еді, өлшеп тамағандай ол да дәп дәл қона қалып жараса кетті. «Алақай!» деп секіріп-секіріп жіберді. Оған қарап Аламойнақ арсалаңдап келіп, алдыңғы екі аяғын тік көтеріп ол да секірді. Шолпан беті-қолын жуып, қайтадан үйге беттеді. Апайы жымия қарап:

   - Айттым ба, қалай екен?-деп бетінен иіскеп:-Кеше бұлданып тамақ та ішпей аш жатып алдың ғой, қарның ашып қалады, жеп ал-деп алдына сарымсақтап дәмделген ұн қуырдақ, сүттелген шай әкеліп қойып:-Ибәй-ай, шамкөсін қарай көр өзінің, кімге тартты екен, әке, шешесі мұндай емес қой-деп еді, Шолпан оның бетіне тіке қарап:

   - Дәп сізге тартқанмын!-дегенде апайы жымыңдап қана үнсіз қалды.  Шайланған соң ол екеуі «үйдің» жапқыштарын жабдықтауды қолға алды.

   - Ұғып ал, қарап отыр-деді Шолпанға. Кәмила апай шүу дегенде қолына жіңішке жіп алып «үйдің» керегесін айналдыра өлшеді де жіптің ол арасын түйіп қойып, керегенің басы мен іргесінің, онан соң керегенің басы мен уақтың басының өлшемін алды. Төсек сырмаққа арналып қойдың қардай әппақ ұяң жүнінен жұп-жұқа үлбіретіп басылған киіз алып шығып әлгі өлшемін салып, қайшымен асықпай қырқып, пішті. Алдымен туырлықты, онан соң үзікті, соңында түндікті пішті де рет-ретімен бірінен соң бірін үйдің қаңқасына жауып үлгірді. Кішігірім ақ ордадан аумаған-танбаған ақ отау шыға келді.

   - Айтпақшы ұмытып барады екенмін-ау, бұған жоғары қарай түріп ашылатын киіз есік салынады. Біткен соң ою-өрнекпен оны безендіреміз, киіздердің шет-шетін жиектейміз. Бәрінің бұрыш-бұрышына ұзынды-қысқалы бау, шаңыраққа желбау тағылады. Ал киіз есіктің ішіне ергенек орнатылады, бұрынғылардың салты солай. Бола берген жоқ әлі, үзікті айналдыра дөдегелеп сәндейміз, керегеге басқұр байланады, үйдің сыртын айналдыра басқы, аяққы белдеу арқан тартылып, бастыру арқан салынады. Ішкі жиһаздарын кейін асықпай істеуге болады. Үлгіреміз бәрін де. Ал сен...-дей бергені сол еді, аяқ астынан салт атты екеу салып-ұрып жетіп келіп сөзін үзіп кетті. Кәлима мен Шолпанда зәре жоқ, қатты абыржи аң-таң бола үдірейіп орындарынан көтерілді. «Алла жасаған-ай, бұл не сұмдық?!».

   Бірінің мойынында мылтық, екіншісінің қолында ұзын сойыл ағаш. Қазақ құсап мұнда адам бар-ау, ауыл отыр-ау деп елеп-ескеретін ақыл, аман-сәлем де жоқ, әй-шайға қарайтын емес:

   - Қайда жүр әлгі тексіз неме?!

   - Қайда сұғанақ ұры?!-дейді айқайлап.

   - Әне, әне жүр екен!-деді біреуі,-Әне, үйді айнала қашып барады.

   - Кәне, кәне, қап бәлем, бәсе!-десіп бірінің соңынан бірі аттарынан сүріне-қабына түсе-түсе қалып үйдің артына қарай айнала жүгіріп кетті. Іле ызалы екеудің ашу шақырған ызалы дауыстары, қатты сойылдың сарт та сұрт тиген дыбысы мен иттің қаңқылдаған ащы үні естіліп барып тым-тырыс тына қалды. Үрейі ұшқан Шолпан мәселенің мәнін енді ғана түсіне қойып екі өкпесін қолына ала солай таман ұшты.

   - Жуыма оларға, қолдарында мылтығы бар екен кәпірлердің. Оқыс боласың!-деп безілдеп соңынан ілесе жүгірген Кәлиманың сөзіне бет бұрған да жоқ, жетіп барып еді, тепкінің астында жатқан Аламойнақты көрді. Қимылсыз, жансыз, аузы-мұрнынан қан кетіп, қыбырсыз, үнсіз бір-ақ қалыпты.

   - Ағатайлар-ай, тиіспеңіздерші, не жазығы бар еді, ешкімге зәбірі жоқ бұл бейшараның-деп барып итті бассалғанда ғана содырлар соққыны доғарғанымен:

   - Не жазығы бар деуін мына қыздың! Сенің не шатағың бар бұл хайуанда?. Бұралқы ит, ұры неме!

   - Кет былай, шипасы бітті. Өлген иттің  жемтігіне жабыспа, сүйреп тастаймыз әнеу жыраға-деді қоқаңдап. Осы сәтте өзенге түскен мал-сұлды қайырып қырға шығарып тастап оралған Әділхан даудың ортасынан шықты:

   - Иә ненің у-шуы бола қалды бұл жерде, жау тигендей?!-деді екі содырға кезек қарап.

   - Әнеу бұралқы ит сұғанақ екен, түнде қосымыздың алдына қойылған азығымызды ұрлап жеп кетіпті. Бір тоқтының етін бір-ақ жепті - деді біріншісі.

   - Бір біздікі ғана емес, неше күннен бері шөпшілерінің бірталайының азығын ұрлап зар қақсатты, қорқау тексіз екен. Не дегенмен тартты сазайын. Соққыға аяусыз жығылып жаны жәһаннамға кетті-деді жау қайтарғандай батырсыған екіншісі.

   - Бәлі, азықтарыңды ұрлаған осы ит екенін қалай білдіңдер? Бұл ит неше күннен бері біздің үйдің маңынан қия басқан жоқ, өзге бір ит болмаса.

   - Иә, менің Аламойнағым осы маңайдан ұзап кеткен жоқ, мен ас беріп жүрмін-деді Шолпан жыламсырап.

   - Өзге ит дейтіндей ит атаулы жоқ қазір осы Бұғылы бойында. Осы ит!-деді көзі шелейген жалтырбас сары өзеленіп. Мылтық асынған безеу бет қара оны қостап:

   - Рас айтады. Ал таулы жерде болғанда отардағы қостың азығын түлкі ұрлап жеп мазаны алушы еді, бұл тоғайдың ішінде түлкі атаулы  болған емес. Осы ит-деді. Әділхан:

   - Жаңсақ айтасыңдар шырақтарым. Бұл иттің ешқандай жазығы жоқ. Күнаға батқан деген осы, жеті қазынаның бірі атанған хайуанның обалына бекер қалған екенсіңдер. Бұл кішкентай күшік ит бір тоқтының етін бір түнде бірақ жеген болса қарны қампайып жатпас па еді, әнеки қараңдаршы, ашқарын, жарау бұралып тұрған ұсқынына қараңдар. Мына сөзге құлақ салыңдар, сендерге шындықты мен айтайын. Азықтарыңды жабайы шошқа жеп кеткен екен. Әне, қорс-қопа болған жерге қараңдар. Осы тоғайдың тобыман жүретін жабайы шошқалары талай жылдан бері жердің тамырын қопарып жеп талқандаумен қоймай жаңа туып тұрған малдың төлін қоймай жеумен малшыларды зәтте қылды. Сенбесеңдер анау кәркесте пішеншілерден сұраңдаршы-дегенде екі содыр бір-біріне қарап, мойындарына су кеткендей болды да дым деместен аттанып кете барды. Кешірім сұрауды да білмейтін топастар екен.

   Жазаға жазықсыз тап болып қимылсыз сұлық қалған иттің қасында жаны ашып, сілейіп, қара көзі мөлтектеп тұрып қалған Шолпан олардың қарасы батысымен Аламойнақтың денесін түрткілеп көріп еді, жан жоқ, үміт болмады. Анадайда тұрған Кәмила:

   - Қызым, таста оны, өлер ит өлді, өлексесімен әуреленіп қайтесің, жүр үйге, жу қолыңды-деді. Шолпан десе де күдер үзбей саусақтарымен иттің көзін түрткілеп еді, бір көзі қабынып тарс жұмылған, екіншісі жасқанып қимылдағандай болды. Аузын ашып көрсе бірнеше тістері сынған, болымсыз демі білініп, өкпе тұсы бүлкілдегендей болды. «Аламойнақ!» деп дауыстап еді құлағы елең етті.

   - Апай, мынау өле қоймаған екен. Тірі! Міне, қозғалып жатыр.

   - Кәне, ой Алла-ау шынымен тірі ғой. «Итжандысың ба» деп осындайды айтады екен-ау. Ауыр соққыдан талықсып қалған шығар. Қозғама, жата тұрсын, дәмі таусылмаған болса тұрып та кетер.

   Бұлар жуынып-шайынып шайланып біраз тыныққан соң шала қалған істерін жалғастырды. Ара-арасында Шолпан Аламойнаққа әлсін-әлсін барып денесіне салқын су сеуіп, аузына сусын тамызып, жапырақтап турап өкпе-бауыр салып еді шай қайнатым уақыт өткенде ит қинала қыңсылап басын көтеріп, қиралаңдап орнынан зорға көтерілді. Күтімі келіссе сақайып кететініне сенген Шолпанның алай-түлей көңілі енді ғана орнына түсті.

   Бір үйлі жанның білек сыбана жұмылуымен «киіз үй» толық жасалып, бүтінделіп, өзіне шақ панар ағаштың үстіне қондырылумен аяқтады. Сыртынан қарағанда түндігі түріліп, мұржасы сорайып, ою-өрнегі жарасқан дөдегелері көз тартып, киіз есігі жоғары қайырылып жайлауда отырған жалғыз үйден аумайды. Шолпан есік көзіне таяу жерге жеті-сегіз ағашты құрастырып «өре» жасап, үстіне құрт жайды. Қожа оң жақ босағасына таяу орынға «атағаш» орнатып, ойыншық атын алып келіп байлап еді жан кіргендей тіптен құлпырып сала берді. Енді Шолпан екеуі «үйдің» айналасын табиғи ортада тіршілік етіп отырған қазақ ауылының бейнесіне әлі де жақындата түсудің әрекетіне көшті. Шолпанның есіл-дерті итінің мүсінін бейнелеу. Оны іргеге жатқызу лайықты ма, тұрғызып билеткен дұрыс па, әлде сойқан содырлар келетін жаққа қаратып шебелендіре абалатып үргізіп қою керек пе?..

   Осы сұрақтар Қожаның да көкейін тескен. Ол ойланып, толғана отырып: «Баяғының бай заманында, біздің қазақ баласы «Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, біз құдайдың пендесі» деп қана құлшылық ететін кезде құдайды іздеп бес кісі сапарға шығады. Оларға қой жайып өрісте жүрген қойшы ілеседі қойын иен тастап. Қойшыға иті иілеседі...» деп иттің қалайша жеті қазынаның  санатына қосылғаны туралы кітаптан оқыған ұзақ-сонар бір әпсананы бастайды.

   Ал өліп, тіріліп, Шолпанның аялағанының арқасында ажал аузынан әрең қалған Аламойнақ сырқатынан айығып ақсаңдай басып желіп-жортып жүр. Тек ауыр жарақат алып жыртиып қалған бір көзінің жарасы толық жазыла берген жоқ, Шолпан дәрі-дәрмек жағып сылап-сипап, қарнын тойдырған сайын тәуірленіп тыңайып келеді. Мінезінде өзгеріс бр пайда болған. Бұрын жарамсақ жандарша кім көрінгенге еркелеп, құйрығын бұлғаңдатып, басын изектетіп, тілін салаңдатып, жанасалап бара қалатын болса, өмірдің ащы, тәттісі нені үйретпейді, енді екі аяқтының бәрі дос бола бермейтінін білген. Шолпаннан басқа кісіге жуықтап жанасалап, жақын тартқысы келмейді, бөтен адамды көре қалса «жау келді!»  дегендей жанталаса үріп дыбыс бере айбар көрсетіп, айбат шеге долданып дүрсе қояберетінді тапқан.

   Алдыңғы даңғыр-дұңғыр, айқай-шу жол қалсын, Бұғылының іші азан-қазан, у да шу болды да кетті. Жиылып күпаналанған шөптерді артып-тартып, тасымалдайтын жүк авто көліктері мен үлкенді-кішілі тракторлар тұс-тұстан саулап жетіп, шөпті таутөбе ғып басып алып өзеннен өтіп кетіп, кейбіреуі құйға түсіп, малтығып өзеннің ортасына барғанда моторы сөніп тұрып қалып, оны тартып шығара алмай дәу трактормен тартып, айқасып-ұшқасып лаңғада.

   Келесі жағынан ел еңкейіп ектекке, күзеуге абыр-сабыр түсе бастаған. Көшпенділердің күзеуге түскендегі көші-қонын тамашалағалы жүргені ме екен, солармен қосарлана шетелдік төрт-бес саяхатшы аяқ астынан топ етіп түсе қалды Әділхандыкіне. Жапондықтармыз деп таныстырды өздерін. Көшпелі қазақтың салт-дәстүрін тамашалап, зерттеп жүрміз дейді. Жолсерік тілмашы арқылы сөйлесе, әңгімелесе жүріп жасау-жиһазы келісімді мынау үйдің іші-сыртын тамсана тамашалап қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ал өзін Токо Фудзимато деп таныстырған бойжеткен қыз Шолпанның «үйін» қызықтап, айналып-үйіріліп соны ғана төңіректей берді.

   - Сенікі ме мынау? Сатасың ба?-деп еді Шолпан басын шайқады. Жапондықтармыз дегенде бастабында Кәмила жапон самурайлары есіне түсіп тіксініп қалып еді. Олай болатыны ұлы әкесі 1945 жылы жапондықтармен соғыста мерт болып Кәмиланың өз әкесі қаршадайынан жетімдіктің бейнетін бек шегіпті. Алайда іштесе, жақындаса келе бұлар ілтипатты, жылышырайлы адамдар екен, «Тұрымтай тұсында, балапан басында, бұлардың жазығы не» деген ойға келіп, алдарына дастарқан жайып, шай, тамақ, айран-шалап беріп еді, кейбіреуі бас тартты да ішіп-жеп тойғандары тамақтың бағасы деп уыс-уыс ақша ұсынып еді:

   - Жоқ а, бұл не деген сөз, біздің қазақ құдайы қонақтан ақы алмайды-деп Кәмила қайтарып берді. Ал Фудзимато Токо «Маған сата салшы!» деп үздігіп «үйге» шайырдай жабысып Шолпанға сүліктей қадалып, қолына бес жүз мың төгрөг ақшаны санап ұстатпақ болып еді, ол «Бермеймін де алмаймын!» деп тік шапшыды. Және бес жүз мың қосып беріп еді, Кәмила апайы:

   - Берсең бере салшы жарығым. Жан-жағаңнан алды ғой. Мұнда тұрған не бар, қимайтындай. Қолдан келіп тұрған жоқ па. Бірер күнде бұдан да әдемісін екеуіміз жасап аламыз-деп әрбілегенде барып Шолпан әрең көнді.

   - Жарты миллионы да жетеді, өзгесін өзіне қайтарып бере сал. Арзымайтын нәрсені аспандатып сатып алыпсатарлық жасады деген сөз ел құлағына жетсе масқара боламыз-деп ақылын айтты.

   Фудзимато Токо қуыршақ «үйді» алғанына төбесі көк тірегендей қуанып, Шолпанды құшағына алып қайта-қайта беттен сүйіп, басқаларына да неше мәрте иіліп-бүгіле ақ алғысын жаудыра отырып, ашада ілулі тұрған ұлттық киімдерін киіп сыртқа шығуларын қиыла өтініп, Әділхан, Кәмила, Қожа, Шолпандарды үйдің қарсы алдына тұрғызып қойып, Аламойнақпен, сегіз аяқты Бөртемен және тоятта отырған Қобданың қарагер бүркітін тұғырымен қоса бейне суреттерін аспабына түсіріп алды да  Шолпанға:

   - Баға жетпес олжа таптым. Керемет шебер, ақылды қыз екенсің. Мен киіз үйдің бұл толық үлгісіне қарап үлкен үй жасатып, мұражайға қойып, оны Орталық Азияда ашылатын көрмеге алып барып тамашалатып қазақтың салтын таныстырамын және ғылыми дисертацияма құнды дерек ретінде пайдаланамын. Мүмкін, табиғаты қылтқымалы біздің отандастарымыз осыған қарап киіз үйлі болатын шығар. Қажетті нәрсең болса айтып, менімен хабарласып тұр. Қаласаң Токиоға кел, көркемөнер мектебінде оқытамын - деп оның мекен-жайын жазып алып, өзінің жазулы мекен-жайын қолына ұстатты. Шолпан сонда да көңілі құлазып қалды.

   Іскер апайымен одан артық болмаса кем емес «үй» тұрғызып алатынына күманданбайды. Өкініштісі, бұл тамыз айының ақырғы аптасы еді. Бірінші қыркүйек жақындап қалған. Шолпан сабақ басталмас бұрын Алматысына жетіп үлгірмесе кешігеді. Мұңайып, бұртиса да  апайының кешікпей жаңа «үй» жасап, жүрген-тұрғаннан жіберейін деген уәдесіне сеніп сабасына түсті. Иә ол алдамайды, сөзінде тұратын бірауыз кісі.

   Жол қиыр. Баян-Өлгий аймағының орталығына ертең жетіп үлгеруі керек. Ол жақтан ары қарай автобусқа немесе таксиге отырады. Дегенмен жол алыс. Қазақ жерінің ана шеткі бір өңірін Ресей 1953 жылы иемденіп ала қоймаған болса ертең-ақ Өскеменге  топ етіп түсе қалар еді, керегі не, Таулы Алтай арқылы бұрылып бірнеше күн жол жүреді. Ал бұдан да ауыр тигені итті шекарадан оп-оңай өткізбейді екен, соны қимады. Ақшасының жартысын Қожаға беріп, бас-көз бола жүр деп Аламойнақты соған тапсырды. Ол қол бұлғай аттанып кетіп бара жатқанда Аламойнақ ере кетем деп қыңсылап, аласата жұлқынғанымен босай алмай байлауда ұлып қала берді. Диірменнің тасынша шыр айналған шым-шытырық, қым-қиғаш дүние-ай деген, апайының айта беретін:

«Басына кертөбелдің салдым ноқта,.

Дүние, кеттің қайда, тоқта, тоқта.

Құдай-ау осы күнде қаза берме,

Жүрерміз аман болсақ аш та, тоқ та» - деген жалғыз ауыз өлеңі, әсем қоңыр дауысы есіне түсіп, ауылдан аттап басып шықпай жатып-ақ балажан, бауырмал апайын сағынып көңілі құлази бастады.

* * *

Содан бірнеше ай өткенде Фудзимато Токодан хат келді. Әділханның отбасымен бірге түскен фотосурет пен Шолпанның «Үй» үлгіге қарап жасалған киіз үйінің суретін қосып жіберіпті.