Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Жалмауыз (12+)
158
оқылды

Бүркеншік аты: Айбөрі

 Жалмауыз

1-ТОМ

(12+)

Жадын жоғалтқандарды емдеумен айналысатын Алма өзінің де кім екенін ұмытқан. Бес жыл бойы дерек іздеп, ештеңе таба алмастан күдер үзген. Қарғасымен ғана тұратын пәтеріне шақыртусыз келген қонақтың аузынан өзінің кім екенін естігенде сенер сенбесін білмейді. Алма оқиға соңына дейін өмірі мен қабілетін есіне түсірумен қатар, адамзатқа төнген қатердің алдын алуға тырысады.

Кітапта жалмауыз бен мыстандардың біздің өміріміздегі алар орыны һәм атқарар міндеті туралы баяндалады. 

 БІРІНШІ ТАРАУ

Алма қыз

–  Алма ханым, бастық шақырып жатыр.

–  Қазір барамын.

Бастығының өзі біліп шақырғаны жақсы болды. Барып бүгінгі жетістігімен бөліспек болып, қуаныштан бал-бұл жайнап кабинетінен шықты. Есігінің сыртына жапсырған алтын түстес тақтайшадағы «Невролог» деген жазуды көзімен бір сипап өтіп жеңіл күрсінді. Жарты жыл бұрын ғана жоқ өмірін жетелеп осы жұмысқа келіп еді. Бастығы бұның жақсы жұмыс істей алатынына күмәнданып әрең алған. Осылай күн санап жүріп өз дегеніне де жетер деген үмітпен ақырын бастығының есігін қақты.

-    Кіріңіз!

-    Шақырттыңыз ба?

-    Әрине, отырыңыз! – қара шашының кекілі ғана ағарған қырық жастардағы ер адам көзілдірігін шешіп, бар денесімен бұрылды... ашық әңгімеге көшейін деген сияқты, – Алма ханым, сіздің жұмысқа берік адам екеніңізді жақсы білеміз. Жеке мәселеңізді де ескере отырып, қандай да бір қиындықтардың туындау қаупіне көзді жұмып жұмысқа алып едім. Әдетте, өзіңіз білесіз, адамдар бұл мамандыққа жайдан-жай келмейді. Өз басынан әлденені өткізіп барып, бәрінің мән-жайын ұғынғаннан кейін, өмірді танығаннан кейін ғана келеді. Жаңағы емделушінің шешесі қуанып, маған кіріп алғыс айтып кетті.

-    Иә, мен де соны...

-    Көңілім қалды сізден!

-    Кешіріңіз?!. – Алма түсінбей кідіріп қалды, – Неге?

-    Гипноз жасауға кім рұқсат берді?

-    Мен... қолдан келер деп...

-   Қолдан келсін-келмесін, емделушінің рұқсаты болсын-болмасын, одан ештеңе өзгермейді. Ереженің аты – ереже! Заң жүзінде де рұқсат жоқ! – бастығының дауысы көтеріліп барады, сұқ саусағын да шошайтып алыпты, –  Бұл мамандығыңызды асыра пайдалану, басшылық пен ортақ тәртіпті елемеу, тіпті, кісі құқығына қол сұғу боп табылады! – деп жұдырығымен үстелді қойып қалды. Алма селк ете түсті, –  Не бәріміздің үстімізден сот ісі қозғалады, не өз еркіңізбен жұмыстан кетесіз. Басқа айтарым жоқ, бара беріңіз! – деп орындығының арқасына қарай шегініп шалқалады да, сыздана Алманың кетуін күтті.

Алма шарасыздықтан жерге кіріп кете жаздады. Қуанышы да су сепкендей басылды. Тап осы гипнозбен біраз мәселенің шешімін табуға болатынын білді. Бірақ біреуге көмектесем деп бекер жанталасқан секілді. Амал жоқ жұмыстан кетті. Жұмыстағы дүниесін бөлек бір қорапқа жинап, сыртқа шықты. Қала баяғыдай у-шу, бұнымен ешкімнің шаруасы жоқ. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады деген. Пәтеріне жаяу қайтып бара жатып қолындағы қораптың түбі тесіліп, заттары жан-жаққа шашылды. Оны қайта жамап енді қозғала бергенде аспан тесіліп, төбесінен саулап жаңбыр жауды. Маңайындағы адамдар жан-жаққа бытырап, бет-бетімен кетті. Жалғыз өзі көшенің ортасында аспанға қараған қалпы қатып қалды. Күн бұлттанып, найзағай ойнайды. Алманың іші от боп жанып тұрса да қарқылдап күле берді. Күн күркіреп, найзағай жарқылдаған сайын жаны кіріп, айғайлай күледі. Бірақ көзінен жас ағып тұрғанын да сезеді. Есімнен адасқан шығармын деп ойлады.

Үйіне келіп есігін ашқанда қарқ еткен қарғаның үнін ғана естіді. Сүйір ғой алдынан шыққан. Жалғыз бөлмелі пәтеріне үсті-басынан су сорғалап жетті-ау, әйтеуір. Еңсесі түсіп, жалаңаяқ, жалаңбас сүйретілген күйі айнаның алдына келді. Қап-қара шашы суға малшынып, шынтағына жабысып төмен түскен. Сұңғақ бойынан білінетін бір қаталдық, бір суықтық бар. Біз мұрыны міз бақпайды, жіңішке қара қасы қайғырдым демейді, екі көзі оттай жарқырайды, маржандай аппақ тістері ақсиып әдеттегідей күле қарайды, көзінен сорғалап аққан қап-қара бояуы ғана бар қайғысын көрсетіп, «міне, мен жыладым» деп тұрғандай. Айнадан өзіне қарап тұрған басқа адам секілді. Жасы жиырмада сияқты. Жоқ, жасы отызда сияқты. Өз жасыңды білмеген қандай азап. Бірақ ол қиналмайды. Айнадан күліп қарайды. Бұл басын оңға бұрса – ол да басын оңға бұрады. Бұл қолын көтеріп сәлемдессе – ол да қолын көтеріп сәлемдеседі. Не қылса да айнытпай қайталайды. Кейде осы айнадағы бейненің өзі екеніне сенбейді. «Бес жыл! Бақандай бес жыл сандалып ештеңе таба алмадым. Мен кіммін? Неге есімде шетеңе жоқ? Неге мені ешкім іздеп келген жоқ?..»
«Алма! Қайтшы!»
«Қайтатын кезің келді. Алма!»
«Орныңа қайт!»
«Біз енді ие бола алмаймыз...»
«Қашан қайтарасың?»
«Алма!»
«Алма!»
«Кері әкет!»

Алма шошып оянды. Денесін қара терге түсірген осы түстер бір тоқтамайды. Үнемі түсінде белгісіз дауыстар белгісіз орындарға шақырады. Мәнсіз нәрселер айтады. Кім шақырады, қайда шақырады, білмейді. Бәрінің өткен өмірімен байланысты екенін ғана іштей сезеді.

Жалғыз бөлмелі студия пәтердің жартысында бір адамдық төсек, жазу үстелі бар, қалған жартысы ас үй. Жарытып тамақ та жемейді. Тек көшеден тауып алған сынық қанат қарғаны жемдеу үшін ғана анау-мынау әкеледі. Бір қанатын сындырып алған байғұс қарғаны үйіне әкеп, бауырына басқан. Қанаты жазылған соң Алманың қасында қалған. Атын Сүйір деп қойды. Иесі жаман түс көріп, есі шыққанда Сүйірдің де тыныштығы бұзылады. Қанатымен көрпені сабалап жанына келеді. Сөйлеп тұрғандай бетіне қарап қарқылдайды. Осы жолы шыдамай кетіп, қолымен қарғаны шетке қағып жіберді де орнынан атып тұрды. Салқын суға түсіп, есін жинай бастады. Себезгіден су ағызып қойып, астында тізесін құшақтаған қалпы ұзақ отырды. «Мейлі... өткен өмір жоғалған екен, несі бар, содан әрі кетсін. Осы шақ пен болашақ өз қолымда. Есесіне әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Жалғанды жалпағынан басам ба, жоқ па, оны да өзім білем. Бәрін басынан бастаймын. Ертең барып шашымды бояттырам, жаңа көйлек сатып алам, жаңа өмір бастаймын.. Бас аман болса бәрі болар!» деп ойлады да төбесінен құйып тұрған себезгі суды тоқтатты. Су ағыны тоқтағанда ғана барып жатын бөлмесінде Сүйірмен сөйлесіп отырған әлдекімнің дауысын естіді.

 

ЕКІНШІ ТАРАУ

Далапыраз

Алма ақырын басып жуынатын бөлмеден шықты. Шынымен бұның төсегінде біреу отыр. Жәй отырған жоқ, білегіне қондырған Сүйірмен сөйлесіп отыр:

  •   Қойшы сен де, қайдағыны айтып...
  • -   Қарқ!

-   Өзің неге айтпадың?

-   Қарқ! Қарқ!

-   Қаншама хатым зая кетті.

-   Қа-арқ!

Екеуінің әңгімеге кірісіп кеткені сонша, сырттарынан үрке қарап тұрған Алманы енді байқады. Алма бүрісіп, халатының екі жиегін қолтығына қарай қысып, түсінбей біресе қарғаға, біресе оны білегін қондырып отырған сұлу қызға қарайды. Жасы жиырма бес-отыздардағы бұйра қоңыр шашты қыз ернін қып-қызыл қып бояп алыпты. Көзі көк, өзі аппақ, орта бойлы. Үстіне қою көк түсті көйлек киген. Алманы көре сала Сүйірді ұшырып жіберіп орнынан тұрды. Жақындап келе жатыр.

-   Алма, сен есімнен адастыратын шығарсың!

-   Сізге не керек?

-   Маған не керек қой десің?! Қанша рет хабарластым. Неге тіл қатпайсың?

-   Қайда хабарластың?

-   Саған хабарластым деймін.

-   Қандай нөмірмен? Ештеңе келген жоқ маған.

Қыз қарғаға қарады:

-   Есі дұрыс па?

-   Қарқ!

-   Сен қалжыңдаған шығар десем.

-   Қарқ!

Алманың есі шықты:

-   Тоқта, тоқтай тұр. Сен Сүйірмен сөйлесіп тұрсың ба? Қарғамен?

-   Сүйір емес ол!

-   Қарқ!

-   Атын Сүйір қойғам.

-   Жоқ-а, Адас қой оның аты, – деді қыз.

-   Қарқ!

-   Көрдің ба? Сен қате қойғансың, қай жері Сүйір мынаның?!

-   Қарқ!

-   Ой, қойшы. Қалжың ғой!

-   Қарқ!

-   Сүйір деген ұнаса Сүйір боп жүре бер, маған не дейсің?

-   Қарқ! Қа-арқ!

-   Жарайды енді, онсызда үйреніпсің.

-   Қарқ!

Екеуінің әңгімесіне түсінбеген Алма ұялы телефонына жүгірді:

-   Болды, мен полиция шақырам.

-   Иә, иә, жетіп кеп жетістірер. Ойбай, енді қайтсем екен?! – деп қыз мысқылдап күлді.

-   Қарқ?!

-   Иә, ойбайласақ не бопты?!

-   Қарқ!

-   Өзің сондай!

-   Қарқ!

-   Ей, бері кел! – деп қыз қарғаны қуалай жөнелді. Қарға оған жеткізбей бөлмені айнала ұшты. Алма не істерін білмей үстелдің үстіндегі пышаққа қарай жүгірді. Оны қыз да байқады:

-   Қарай көр! Қуатың кеміп, қара пышаққа күнің қарап қалған ба?

-   Қарқ!

-   Кет үйімнен! Әйтпесе...– деп Алма сес көрсетті.

-   Әйтпесе қайтесің? Пышақтап тастайсың ба? – қыз бен қарға бір біріне қарап қарқылдап күлді. Осы сәтте қарғаның қарқылы Алмаға шынымен күліп тұрған секілді көрінді. Алма қолындағы пышағын біресе қызға, біресе қарғаға кезеп, не істерін білмей тұр. Кенет қыз күлкісін тыйды:

-   Қой, қалжың қалжыңымен, қызмет уақытымен. Сен неге посттан кетіп қалғансың?

-   Қайдағы пост? – деп сұрады Алма.

-   Кәдімгі пост! Орныңды айтам!

-   Қандай орын?

-   О-о-ой, сен де! – қыз алақанымен бетін басып аз ойланды.

-   Қарқ?!

-   Мен қайдан білем?! Жыныма тимеші!

-   Қарқ! Қарқ! Қарқ!

-   Маған одан не пайда? – деп қыз қарғамен дауласып кетті. Алманың шыдамы таусылды:

-   Маған не боп жатқанын кім айтады? Неге қарғамен сөйлесіп тұрсың сен?

-   Сен немене, кім екеніңді ұмытқансың ба?

-   Алма менің атым!

-   Әлмә менің әтім! – деп қыз кекетті, – Басқа не бар?

-   Неврологпын.

-   Небрөлөгпін! – қыз бұның сөзін қайталап кекеткен сайын Алманың ашуы келді:

-   Жыныма тиме! Әйтпесе қазір... – деп қолындағы пышағын көтерді.

-   О-о-о! Кәне, тоқтама. Жүрегіме тықшы! – деп қыздың көзін жанып Алмаға қарай жақындады, – Көп болды қышып жүргеніне. Ең болмағанда сенен естелік деп тыртығын қалдырам. Шын айтам, өшірмеймін, – деп Алманың қолына жабысты. Алма шошып кетті:

-   Есің дұрыс па сенің? – деп пышақты жерге лақтырып жіберді.

-   Менің есім дұрыс! Сенікі ше?

-   Қарқ!

Алма көзі тостағандай боп амалы таусылды. Өзін сонша ақымақ сезініп тұр. Мына шақырылмаған қонақ пен қарға бұдан бірдеңе жасырып тұрғандай көрінді. Үміті өшіп, енді күдерін үзгенде мына қыз сайтандай сап ете қалды. Өзінің білетіні де көп секілді.

-   Мақұл! Демек сен мені танисың!

-   Иә!

-   Бұрыннан танисың?

-   И-и-ә!

-   Жақсы танисың?

-   И-и-и-ә!

Алма терең күрсінді. Бірер сәт бұрын ғана бәрінен қол үзіп еді. Бәрінен енді бас тартқанда өзін танитын біреу шыға келгеніне өкпеледі. Егер мені жақсы білетін адам мына сияқты есерсоқ қыз болса, білгенімнен білмегенім жақсы деп ойлады:

-   Мейлі, кете бер, сау бол!

-   Сауы болы несі, Алма? Бикештерге не деймін енді?

-   Онда шаруам жоқ. Кімге не десең о де. Мен сені танымаймын да, білмеймін де.

Қыз Алманың ештеңе білмей тұрғанына тағы да көзі жетті. Алмаға осы жолы шын қайғылана қарады. Тіпті не істерін білмей абдырап қалды. Ал Алмаға мына көзқарас ұнап тұрған жоқ:

-   Не?

-   Жарайды, Алма. Келші, отырайық. Саған бәрін тәптіштеп тұрып айтып берем. Асықпай бәрін еске аламыз.

-   Өткен өмірімді ма?

-   Қайдағы өткен өмір, өліп қайта туған жоқсың ғой.

-   Маған бәрібір. Ештеңе білгім келмейді. Болды, кет!

-   Қарқ!

-   Ал сен аузыңды жап! – деп Алма қарғаға саусағын шошайтты, –  ертеңнен бастап далаға қонасың!

-   Қарқ! – деп қарға басын салбыратты.

-   Қойшы болды, Алма. Мен ғой Далапыраз. Есіңнен осының бәрі шығып кету үшін қандай тоқпақпен ұру керек? Ұнамайтын бір-екі бикеш бар еді. Соларды...

-   Бикештерің кім?

-   Қаным мен Ханзиятты айтам. Жә, оларды қойшы, сен орныңа қашан барасың?

-   Мен бармаймын ешқайда! Жаңа өмірді енді бастадым, тиіспе маған.

-   Жетіскен екенсің! – қыз аздап кідіріп қалды да терең күрсінді, –  Сенің орныңнан келме кіріп кетіп елді шулатып жүр. Қанша рет хабарластық, сенен бір хабар болмаған соң көріп кел деп мені бикештер жіберді, іздемеген жерім жоқ, – деп Далапыраз төсекке теріс қарап отырды, дауысы баяулып әңгімелей бастады, – Әйтпесе сені іздеп нем бар?! Зым-зия жоқ боп кеткенсің. Таңертең өзің белгі тастамағанда таба да алмайтын едім.

-   Қандай белгі?

-   Сенен белгі келді. Білмеймін, біреуді емдеген сияқтысың. Содан таптым.

-   Гипноздан белгі шыққан ба сонда?

-   Ол гипноздан емес, өз күшіңді қолданғанда ғана шығады. Қанша жыл қолың қышымай қалай жүрдің? Ана келмең де бір, әйел заты болған көрінеді, бикештер сен қайтарар деп араласқан жоқ болатын. Бара-бара жолы ауырлап, тұнық жаны қарайып кетіпті. Енді шамамыз жетпей жатыр. Шамасы келетіндердің уақыты жоқ. Жүреміз бе әркімге бір жалынып? Соны жіберіп қойып сен қайда қарап жүрдің? Қадағалайтын жөнің ғой.

-   Түсінсем бұйырмасын!

-   Сол ғой! Жын жетелеген сияқты. Әйтпесе о заман да бұ заман, мұнша қарайған жанды көрген қай мыстан бар?

-   Мыстан?

-   Иә, не болыпты?! Ой, жасаған, ақырзаман жақындайын десе жалмауыз жалмауыздығынан таяды деген. Жалмауыз болсаңдар өздеріңе жалмауызсыңдар, бізді менсінбейсіңдер, білем. Мыстан деп шетке қағасыңдар. Қолынан боқ келмейді дейсіңдер ғой баяғы...

-   Тоқташы. Сонда жалмауыз кемпір, мыстан дегендердің бәрі шынымен бар ма?

-   Бар емегенде! Сен өзі хабаршы түс алмайсың ба?

-   Түс көрем. Небір шақырған дауыстар естимін. Кейде сыпайы, кейде дөрекі. Кейде, тіпті, адам түсініп болмайтын нәрселерді естимін.

-   Адам болсаң түсінбейсің, әрине.

-   Маған жалмауызсың деп тұрсың ба сонда?

-   Жәй ғана жалмауыз емес, нағыз Жалмауызсың!

-   А-а-а, рақмет!

-   Оқасы жоқ!

-   Енді кетші, өтінем!

-   Жарайды, Алма, мен бүгін кетем. Бірақ ертең қайтып келем. Ал сен жақсылап ойлан. Келмені қайтарудың жолын тап. Сау бол! – деді де қыз есіктен шығып кетті.

 

ҮШІНШІ ТАРАУ

Жалмауыз шапан

Сол түні Алма тыныш ұйықтады. Ешқандай түс көрген жоқ. Әдеттегіден көбірек ұйықтапты. Талтүсте бір оянып, меңзіген басын уқалап біраз отырды.

«Кеше не болды өзі? Өңімде болды ма, жоқ түсімде көрдім бе?» деп көзімен қарғасын іздеді. Сүйір әдеттегідей тұмсығымен қауырсынын тарап өз орнында тыныш отыр. Ештеңе болмаған сияқты. Кешегі көрген түсін қайта-қайта ойлап, тағы ештеңе түсінбеді. «Қайдағы мыстан, қайдағы жалмауыз? Жалмауыз болсам кәрі кемпір болушы едім ғой» деп ойлады.

-   Шынымен жалмауыз боп шықсам, иә?!

-   Қарқ!

-   Сен бұрын бұлай жауап қатпайтын едің ғой?!

-   Қарқ!

-   Бірақ сен не білуші едің?! Саған тамағың тоқ, табағың таза болса болды. Осы жұрт қарғаларды емдеп-бақсаң ақша, неше түрлі жылтырақтарды үйге тасиды дейді. Сен соған да жарамадың-ау!

-   Қарқ!

-   Жұрт сияқты мысық не күшік асырамай, қарғаға қарап қалғанымды қарашы. Қанатың бүтін, қанша рет шығарып жібердім, неге кетпей қойдың?

-   Қарқ!

-   Қалай құтылсам екен сенен?

-   Қарқ!

-   Сенен басқа сөйлесетін де ешкім қалмаған ба сонда?!.

Кешке қарай мыстан да келді. Есікті аша салысымен қонақ қыздың қолына қонып, қарқылдап Сүйір қарсы алды.

-   Ой, ж-ж-жаным!

-   Қарқ!

-   Аппағым ғой өзі!

-   Қарқ!

-   Қане-қане?!

-   Қарқ! Қарқ!

-   Бере салған ғой өзін!

-   Қарқ!

-   Сен адаспағансың, өз орныңдасың!

-   Қарқ!

-   Қойыңдаршы болды! – деп шыдамы таусылған Алма зірк ете қалды. Далапыраз езуін жинады. Қарғаны бір сермеп ұшырып жіберді де жалмауызға жақындады:

-   Алма, бірдеңе айтайын, тек ренжімеші...

-   Айт!

-   Шәй қойшы, қарным аш.

Алма тәтті атаулысын ұнатпайтын. Тоңазытқышта тұрған нан, сары май, қаймақ пен қатқан самсаны алып, шәй қайнатты. Елең-алаң кіргенде екеуі жарығы жартылай жанған алакөлеңке бөлмеде отырып шәй ішті.

-   Есімде ештеңе жоқ, – деп бастады Алма, –  бес жылдың жүзі болды. Не болғанын білмеймін. Ауруханада оянғанда үстімде қара шапаным, мойнымда бойтұмар ғана болды. Жер-көкті шарлап ештеңе таба алмадым. Бір таныс, бір туыс жоқ боп шықты. Ешкім іздеп те келмеді. Үмітімді үзіп, енді бәрін ұмытып, жаңа өмір бастай қояйын дегенде сен шыға келдің.

-   Сен жоғағалы сегіз жылдан асты, – деп Далапыраз жалғады, –  Басында бикештер сенен сескеніп, іздеу салған жоқ. Қайда барасың, не қыласың өз еркіңде емес пе?! Өзің де ешкіммен араласпайтын, жанына кісі жолатпайтын саяқ едің. Кейіннен мынабіреу келме пайда болды, онда да сені күтпей кірісіп кетуге батпадық. Әрине, жауапсыздық деп ойладық, бірақ сені бұлай жоқ боп кетеді деген ойдың құсы да басымызға қонбапты. Біртіндеп түсіңе шықтық, жауап бермедің, келменің де жолы ауырлай бастады... Біздер, жалмауыз-мыстандар, жер үсті мен жер асты, о дүние мен бұ дүние арасындағы шекара күзетшілеріміз. Қысқасы... Адам кеудесінен шыққан жанды адастырмай арғы дүниеге шығарып саламыз. Көбі дұрыс жолды тауып өзі кетеді, кейбіреуі екі арада жол таба алмай, бұ дүниеге қайта қайтып келеді. Соларды «келме» деп атаймыз. Сен күзететін орыннан адасқан ғой. Басында тез қайтаруға болатын еді. Бірақ мына біреуін жын жетелеп кеткен екен. Бұл олардың әлемі емес қой. Сондықтан бара-бара жолы ауырлап, мөлдір бейнесі лайланып, қарайған жанға айналып кетті. Егер оған адамның қолы не бір жері тисе жұғыны жұғады да, біртіндеп жұтып қояды. Келмені көп адам көріп қойды. Қаншамасының көргенін көзінен суырып алдым, телефоннан қаншама бейнежазба өшірдім...

-   Не қылдым десің?

-   Жұрттың телефонын ақтардым деймін. Келмені түсіріп алған екен.

-   Жоқ, немене суырып алдым дейсің?

-   Көргенін көзінен суырып алдым. Әдеттегі нәрсе. Адам деген үркек келеді. Көрген естелігін көзінен білдіртпей суырып алсаң есінде ештеңе қалмайды. Арманды да сөйттім.

-   Мені де біреу сөйтті ме екен?

-   Жоқ, саған кімнің шамасы жетсін? Өзің суырмасаң... Ал енді келмені тауып алып, кері қайтаруымыз керек. Оны сен ғана қайтара аласың.

-   Менің есімде ештеңе жоқ деймін.

-   Ой, талай рет қайтарғансың. Қиын ештеңесі жоқ.

-   Оны қоя тұршы, менің сұрағым көп.

-   Бірақ уақытың аз, – деп Далапыраз шыдамсыздана үстелдің үстінде саусағын жорғалатты, – дегенмен сұра.

-   Бикештерің кім?

-   А-а, өзіміз ғой.

-   Өзіміз?

-   Иә, бізді халық мыстан кемпір дейді, жалмауыз кемпір дейді. Өзімізге түк ұнамайды сол. Тап біз секілді бір еркек пайда болса әулие деп, әмбие деп табынып кететін еді. Адамдар киелі әйелдерден қорқады. Содан бір-бірімізді бикештер деп атаймыз. Әдемі ғой!

-   Олар кәрі кемпір емес пе сонда?

-   Сен өзің кәрі кемпірсің бе?

-   Жасым нешеде менің?

-   Оны бір құдай біледі, – деп мыстан мырс етті.

-   Неге?

-   Өйткені сен бәрімізден кәрісің, Алма! Сенің қашан туып, қайда пайда болғаныңды өзің ғана білесің.

-   Жасым сонша кәрі болса неге жап-жаспын? Жоқ, неге жап-жас болсам да кәрімін? Не боп кетті өзі?!

-   Себебі жалмауыздар жан көшіре алады. Бір тәнде қартайғанда тағы бір жас тәнге сау санасымен тірідей көше алады. Біз мыстандар өйте алмаймыз. Өліп барып қайта туамыз.

-   Сонда өлген адам қайта туа ма?

-   Әрине! Тұрмыс-салтымыз ғана емес, жан салтымыз да көшпенді. Қарапайым адамдар қайта туғанда есінде ештеңе қалмайды. Өмірді басқа адам боп жаңадан бастайды. Ал мыстандар қайта туғанда бәрі есінде қалады. Ондай жаңа туған нәресте мыстандарды ересек кәрі мыстандар амалын тауып, адамдар арасынан алып кетеді.

-   Қалай тауып алады? Қайдан біледі?

-   Енді нәресте мыстан шақырады ғой.

-   Қалай шақырады?

-   Ой, Алма, қойшы болды. Арамызда байланыс бар екенін ұққан жоқсың ба әлі?! Қазір, мынаны қара! – деді де Далапыраз ернін жымқырып аузын жапты да, Алманың көзіне тік қарады, –  «Осылай да сөйлесе аламыз», – деді, Алма таң қалды. Далапыраздың ауызы ашылмаса да бұған сөйлеп тұр. Дауысы жап-жақсы естіледі.

-   Қалай істедің оны?

-   «Сен де істей аласың».

-   Қалай?

-   «Оңай. Төбекөзіңді ашасың. Сосын бәрін ойша айтасың. Өзімізден басқа ешкім естімейді. Айтып көрші», – Далапыраздың ауызы әлі ашылмаған еді. Бірақ Алма оның айтқанын түгелдей түсініп тұрған жоқ.

-   Мақұл, сосын көрерміз.

-   Мейлің! – деп Далапыраз аузымен сөйлей бастады, – Енді тездетпесек үлгермейміз. Жаңа келме сені көрген соң шошып қашып кетті. Барып тауып алып, орнына қайтару керек. Бірақ андағы киімің жарамайды. Өз формаңды ки.

-   Қайдағы форма?

-   Өз киіміңді айтам.

-   А-а, жалмауыз шапан ба? – деп Алма шкафқа қарай барды.

-   Қарай гөр, өзің жалмауыз дегенде сенбеп едің, сенен бұрын шапаның жалмауыз боп кетіпті ғой! – деп Далапыраз кекетудің есесін жібермеді. Алма болса қара шапанын алдына ұстап айнаға қарап тұр:

-   Кимей-ақ қояйыншы осыны.

-   Болмайды, Алма!

-   Неге?

-   Себебі бұл жәй киім кемес. Жалмауыздың арнайы киімі адамдікінен бөлек болады. Бұнымен сен отқа түссең күймейсің, суға кетсең батпайсың.

-   Оқ өтпейді десеңші тағы!

-   Оқ өтеді енді. Бірақ саған оқ жете алмайды ғой.

-   Жарайды, қойшы, – деп Алма жалмауыз шапанын үстіне киді.

Кенет өкпесі керіліп ауаға толды. Тынысы кеңейіп, мұрнына пәтердегі жүздеген заттың иісі келді. Құлағына өзі тұратын тоғыз қабатты үйдегі барлық адамның дауысы естілді. Дауыстарынан-ақ кімнің қай қабатта екенін ажыра алатын сияқты. Көзі әдеттегіден үлкенірек ашылып, үлкен жылдамдықпен қозғалады. Үйдің бұрыш-бұрышында жиналған тырнақтай шаңға шейін көрді. Кеудесіндегі жүрегінің дүрсілін де анық естіді. Жүрегінен бүкіл денесіне таралған мың сан тамыры бүлкілдеп бұлаң қақты. Екі қолына ерен күш бітті. Аяғының астынан жел тұрып, сәл қозғалса құстай зымырайтын сияқты. Өзін бұрын-соңды мұнша қауқарлы сезініп көрмеген екен. Оның осы алған әсерін Далапыраз да көріп сезіп тұр. «Көрдің бе?!» дегендей масаттана қарайды. Алма өзінің кім екенін білмесе де, қандай екенін біле бастағандай. Тіпті, ұшып та кете алатын сияқты.Ұша жөнелгісі келді. Тізеден жоғары секірді де, ұшатындай болып екі қолын екі жаққа сермеді. Сөйтті де еденге топ етіп бетімен құлады. Жаңа ғана бұған мақтана қарап тұрған Далапыраз амалсыздан алақанымен бетін жапты.

-   Қа-қа-қарқ!

 

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

КЕЛМЕ

Әлқисса, жалмауыз бен мыстан киініп көшеге шыққанда түн ортасы ауған еді. Екеуінің де киімі күңгірт, жүрген дыбысы білінбейді. Олардың басқан қадамынан гөрі айнала ұшқан Сүйірдің қанат қағысы анық естіледі.

-   Қарқ!

-   Түш-ш-ш, Сүйір, артық назар аудартпайық, – деді мыстан.

-   Қайда барамыз? –деп сұрады Алма.

-   Білмеймін, бірақ алыс кете қойған жоқ.

-   Тауып аламыз дегенше келмелер туралы айтып бер.

-   Жүр, жоғарыға шығып қарайық, – деді Далапыраз, – биіктен табу оңайырақ, – деп екеуі жақын маңдағы жетпіс екі қабатты ғимаратқа жақындады. Екеуі жетпіс екі қабаттың ең төбесіне көтерілді.

-   Қарқ!

-   Сүйір, сен де бір шарлап қайт, – деп бұйырды мыстан.

-   Қарқ! – деп қарға да іздеуге кетті.

Екеуі түн ортасы болғанда миллиондаған шамшырағы жұлдыздай жымыңдаған қаланың үстінен тамашалап тұр еді. Беттерінен жаздың түнгі салқын самалы еседі. Қалада еш өзгеріс жоқ, адамдар тым-тырыс өз өмірін сүріп жатыр. Бір апта бұрын Алма да осы адамдар арасында, адам өмірін таба алмай жүрген еді. Енді, міне, мүлде басқа кейіпте, басқа мақсатта адамзатты қиындықтан құтқармақшы. Өзі де үрейленіп тұр.

-   Қорықпа, қолыңнан келеді!

-   Сен қайдан...

-   Алма, біз адам емеспіз ғой. Бір-біріміздің не сезіп, не күйде отырғанымызды жақсы түсінеміз.

-   Қойшы, – деді Алма, – кеше іздеп келгенде түк сезген жоқсың ғой.

-   Енді... – деп Далапыраз ойланып қалды, – жалмауыз есін жоғалтады деп кім ойлаған?! Шыны керек, жалмауыз деген бірде көл, бірде шөл, біртүрлі халықсыңдар. Мыстандар қайта адами болмысқа жақын. Содан да бізді менсінбейсіңдер.

-   Онда неге сен іздеп келдің? Жалмауыз келуі керек еді ғой.

-   Қайдан келеді. Бастарың бірікпейді, өздеріңді өздерің мойындамайсыңдар. Жоқ, бір-бірлеріңді жек көрмейсіңдер, керісінше, сұмдық жақсы көресіңдер. Ал жоғалған жалмауыз дегенді ешкім көріп-білген емес. Сен-ақ жаңалық шығарасың да жүресің.

-   Жамандаудан шаршамайды екенсің!

-   Енді шындық қой. Біресе қорқытасыңдар, біресе қинайсыңдар. Біз байғұста амал жоқ. Міндетіміз бір болғанмен дәрежелерің бөлек.

-   Сонда мені іздеп келерде қорықпадың ба?

-   Әр мыстанның қасиеті әртүрлі. Біреуі емші, біреуі көрікпел. Менде қорқыныш деген атымен жоқ. Һәм мен сенен де қорықпаймын.

-   Бар қасиетің қорықпау ма сонда?

-   Ол ғана емес, айтуға ұзақ. Көресің ғой өзің...

-   Талай рет келме қайтарғанымды қайдан білесің?

-   Келме қайтару оңай шаруа емес. Жалмауыздың ғана қолынан келеді. Келменің бәрі осы өмірде не қимас бірдеңесі қалып қойған, не шаруасы толық аяқталмай қалғандар. Жан денеден шыққаннан кейін өз бетімен арғы дүниеге аттанады. Адамдар әлемін тастап, келесі қайта туғанша Байсынға көшеді.

-   Жиделі Байсынға ма?

-   Жоқ, кәдімгі Байсын. Оның аты көп, ұжымақ дейді, жәннәт дейді, Эдем, Асгард... бірақ бәрі түптеп келгенде бір. Біз Байсын дейміз. Ол енді аруақтар әлемі. Рухы күшті аруақтар сол жақта жүріп-ақ жердегі үрім-бұтағын жебеп жүреді.

-   Аспанда ма?

-   Осы адамдар әлемімен қатар. Арасын тек екі перде бөліп тұр. Пердесін кез-келген жерден ашуға болады. Бірақ біз онда бара алмаймыз. Тек екі перде арасында ғана жүре аламыз. Жол көрсетеміз. Жаңағы сияқты келмелерде сана жоқ. Жан тәнді тастап шыққан соң өз бетімен Байсынға барады дедім ғой. Бірақ онымен шаруа бітпейді. Бейсана деген де бар. Адамның тірі кезіндегі өмір салтына қарай бейсанасы да өзгереді. Жан өз жолымен кетіп бара жатқанда бейсанасы кері қайтарады. Бірақ ол теріс жол.

-   Неге теріс жол?

-   Бүкіл әлемнің қалыптасқан жүйесі бар ғой. Әр жаратылыс өз орнында болуы керек. Ол бұлжымас табиғат заңы. Шыққан жанның санасы жоқ, орыны да адамдар арасында емес. Біреу астындағы тағын қимай, біреу басындағы бағын қимай қалып қояды. Біреу сүйгенін, біреу баласын... малын қораға қамап үлгермей қалған қойшының қайтып келгенін де көрдік. Олардың ниеті қатты болады. Сол үшін бізге бері қайтып келгенін қайтару қиын. Ондайда мыстандардың шамасы жетпейді, жалмауыздарды шақырамыз. Сонда құр келмей, қарғап-сілеп, кетер-кеткенше қанымызды ішіп, «қолдарыңнан боқ келмейді» деп боқтап,  әре-сәре қыласыңдар.

-   Жарайды, қойшы, келмені қалай қайтару керек?

-   Жанына жақындап барасың. Бірақ бүгінгідей қорқытып жетіп барма, жаймен барасың. Қолынан ұстайсың...

-   Қарқ!

-   Қане? – деп мыстан жалт қарады.

-   Қарқ! Қарқ!

Екеуі артқа қарады. Келме әлдеқайда үлкейіп кетіпті. Бұлт секілді күркіреп, көпқабатты тұрғын үйлердің біреуіне қарай жақындап барады екен.

-   Қап, алыстап кетіпті. Жетіп үлгерсек енді, – деп Далапыраз анықтап қарады. Сосын Алмаға бұрылды, – Сен желден жүйріксің. Жас кезіңде сенің жылдамдығыңа Желаяқ та жете алмаған. Жүгіргім келеді деп іштей ойла, табаның қышығанын сезесің. Мен де жүйрікпін, бірақ саған жету қайда. Сол үшін менің қолымнан ұстап ал, қалып қоймайын, – деп қолын созды, – абайла, жұлып алмашы.

-   Қайдағы жүгірген?! Жетпіс екі қабаттың үстінде тұрмыз.

-   Енді секіріп барып түсесің ғой.

-   Кет әрі, секірсең өзің секір.

-   Алма, үлкен жылдамдықтан байқамай қаласың!

Алма ғимараттың шетіне келді де төмен қарады. Зәулім үйдің биіктігі бас айналдырады. Терең тыныс алып, көзін жұмды. Сәлден соң көзін ашты да Далапыраздың қолынан ұстаған беті жүгіре жөнелді. Жүгірген сайын жылдамдығы артып, ғимараттың дәл шетіне жеткенде адымын үлкен ашып секірді. Жалмауыз кенет құстай ұшты. Тез жүгірудің де ұшудан айырмашылығы жоқ сияқты. Асқан жылдамдықпен келме тұрған жерге көзі ашып-жұмғанша жақындап келіп тоқтады.

-   Енді не істейміз?

-   Қолынан ұстайсың... сосын... айтасың... – Далапыраз ентігіп кетіпті, – тоқтай тұршы!

-   Мен қолынан ұстап «жүре ғой» дегенге жүре ме ол? Бірдеңесі жұғып кетсе қайтем?

-   Сен... ой, тұра тұршы...

-   Болсаңшы енді!

-   Сен жалмауызсың ғой. Саған... ештеңе жұқпайды саған. Айтқанымды қайталашы тек.

-   Не айту керек?

-   «Сүрген өмір есіл-дүр,

Алда бөлек көшің-дүр.

Өзіңді өзің кешір-дүр.

Өзіңді өзің кешір-дүр».

-    «Дүр-дүр» дегенді қоспай-ақ қоюға болмай ма?

-    Болмайды. Ескіден келе жатқан жаттанды сөз ғой. Бара бер, ентігімді басып мен де артыңнан барамын. Бірақ маған тиіп кетсе жұғып кетеді. Сол үшін қатты жақындай алмаймын.

Бұлттанып бұрқырап тұрған келме өсіп кеткен екен. Күркіреп тұрып он екі қабатты тұрғын үйдің дәл алдына келді. Қайта түн ортасы, адамдар ұйқыда. Көрер көз саны да аз. Алма оны шошытып алмайын деп ақырындап келді. Бірақ келме байқайтын емес. Үйдің жоғарғы қабатына қарап, біртіндеп көтеріле бастады. Жалмауыз қалып қоймайын деп етегінен ұстап қалды. Анық етегі ме, жоқ па, әйтеуір, қолы ілінген жерден ұстады да бірге көтерілді. Келме биіктеп барып алтыншы қабаттан тоқтады. Терезенің сыртынан телміре қарады да әйнегін шытынатып ішке қарай енді. Іште жылаған нәресте мен шыңғырған әйел адамның дауысы естілді. Алма да пәтердің ішіне кіріп, жүгіріп келменің алдына түсті. Келме оны мүлде байқамай тұрған сияқты. Соны пайдаланып қолынан шап беріп ұстады да Далапыраздың айтқанын дауыстап қайталай бастады:

«Сүрген өмір есіл-дүр,

Алда бөлек көшің-дүр.

Өзіңді өзің кешір-дүр.

Өзіңді өзің кешір-дүр».

Келме мыңқ етпеді. Қайта үдегендей бала жатқан төсекке қарай бара жатыр. Алма тағы қайталады.

«Сүрген өмір есіл-дүр,

Алда бөлек көшің-дүр.

Өзіңді өзің кешір-дүр.

Өзіңді өзің кешір-дүр».

Келмені қайтармақ түгіл ине шаншығандай да әсері болмады. Осы кезде Далапыраз да көтеріліп келіп үлгерді. Алмаға терезенің алдынан: «Көзіне қарап айт!» деп айғайлады. Алма төсек жанындағы кішігірім үстелдің үстіне шығып, келменің сап-сары бұлдыраған көзіне қарады.

«Сүрген өмір есіл-дүр...»

Қарағаны сол еді, түсініксіз көлік апаты, іңгәлап жылаған шақалақтың дауысы, ию-қию көліктердің дабысы естілді.

 БЕСІНШІ ТАРАУ

Ана

Алма осы әлемнен шығып кеткендей сезімде болды. Көшенің үлкен қиылысында шалқасынан жатыр. Денесі тұрмақ басын көтеруге шамасы келмейді. Екі көлік бір-біріне соғылып жапырылған, адамдардың шулаған дауысы ауырып тұрған басымен қатар ызыңдап жетеді. Сол маңайлаған қалың шу мен ызыңның арасында шырылдаған шақалақтың да дауысы бар. Оң жағына қараса кішкентай баланың төңкерілген арбасы жатыр. Өзінің қолы қан, көзіне де қан құйылып кеткендей бір кезде ештеңе көрмей қалды.

-   Алма, бері қарай, Алма! – деген Далапыраздың дауысынан селк ете қалды. Есін жиғанда денесі түршігіп сұр бұлттың ортасында тұр екен. Келме бұны айналмай, бойынан төте өте шыққан сияқты.

-   Далапыраз!

-   Шықсаңшы енді.

Жалмауыз атып шықса анау баланың жанында тұр. Домалақ бұлтынан қол жарылып шығып, төсекте шырылдап жатқан нәрестеге қарай созады. Алма баланы қолына алып үлгерді де, сынған терезеден сыртқа қарай зымырады. Келменің жылдамдығы баяу еді, баланы алдым деп ойлап көрпесін кеудесіне қысты. Бір кезде оның құр көрпе екенін көрді де, одан сайын ашуланып күркіреді. Ол күркіреген сайын көлемі де үлкейе берді. Кері айналып жалмауыздың артынан ол да шықты. Далапыраз жағдайдың қиындағанына әбден көзі жетті. Бұларға көмек керек екені анық еді. Дереу бикештерімен байланысқа шықты:

«Естіп-біліп отырғанның бәрін көмекке шақырамын. Бізге көмек керек. Келме көлем алып кетті. Жағдай қиындады. Шамамыз жетпей жатыр. Амалын тапқанша ұстай тұру керек. Естіп-біліп отырғанның бәрін осында шақырамын! Міндетке шақырамын!»

Осы кезде арада бес секунд та өтпей жан-жақтан әртүрлі әйел адамдар пайда бола бастады.

-   Ханзият бірінші! – деп сары шашты ақ қыз мақтана сөйледі. Далапыраз көзін төңкерді.

-   Назлым да бар! – деп қара торы, орта бойлы қыз келді.

-   Ноғайша да қалыспайды! – деді қызыл шашып көп қылып өргізген әйел.

-   Қаным қалмайды! – деді толықтау келген қара шашты қыз.

-   Жәукөз болмаса шаруаларың бітпес! – деді ұзын бойлы көк көзді әйел.

Сөйтіп-сөйтіп аз уақытта елу-алпысқа жуық әйелдер пайда болып, жалғыз бөлмелі пәтерге симай кетті.

-   Осы жалмауыздардан-ақ көрдік.

-   Бізді сөгіп-боқтағанда сондай, өзі қайда?

-   Мынандай келмені кім көрген?!.

-   Не қыл дейсің бізге? – деген сұрақтар бірінің үстінен бірі жауды. Далапыраз шыдамай кетті:

-   Сөйлесіп тұратын уақыт жоқ, бикештер. Ана адасқанды алып кетіңдер, айдалаға апарып ұстай тұрыңдар. Біз бір амалын табамыз, – деді.

-   Ал, сұлу қыздар, қамшыларыңды алыңдар! Келмесінің көзіне көк шыбын үймелетейік, – деп Ханзият жанықты.

Аяқ астынан бәрінің қолында бір-бір қамшы пайда болып, кетіп бара жатқан келмені жан-жағынан қамшылай бастады. Олардың қолынан бар келетіні келмеге қол тигізбей алыстап ұстап тұру ғана. Елу бикеш келмені қоршап айдалаға әкетті. Бәрі қаптап көк түсті күмбез секілді қалқан құрып, үстінен басып ұстап тұрды. Далапыраз олар қаладан шығып кеткенше куә болғандардың көргенін көзінен суырып отырып шығарып салды да, қайта Алманы іздеді. Осы кезде жанынан Сүйір пайда бола кетіп, жалмауыз иесіне ертіп апарды. Далапыраз өз жылдамдығымен жеткенше таң да алақарақтанып қалған еді. Алма сәбиді құшағына басып, әлгі жетпіс екі қабатты ғимараттың басында отыр екен.

-   Алма! – Алма үн қатпады. Баладан көз алмай қарап отыр.

-   Қарқ!

-   Алма деймін! – сонда ғана басын бұрды.

-   Қарқ!

-   Көзіне қараған соң неге қатып қалдың?

-   Қатып қалдым ба?

-   Иә, айтып үлгеретін едің, өзіңнен өзің қаттың да қалдың. Саған бірдеңе болды екен деп алаңдадым.

-   Келмені қайтара алмайтын сияқтымын, – жалмауыз мүлде сабырлы қалыпқа түсіпті. Ештеңені алаңдайтын емес.

-   Неге?

-   Шамам жетпейді екен.

-   Қайдағыны айтпашы! – Далапыраздың сабыры қашты.

-   Қарашы! – деп қолындағы балаға қарай шақырды. Кіп-кішкентай нәресте ештеңе де білмей үнсіз ұйықтап жатыр. Иығына түйреуішпен қадаған көзмоншағы бар, – Келме қайда?

-   Қыздар қамшылап алып кетті. Әзірше иен далада. Бірақ ұзақ ұстап тұра алмайды-ау.

-   Не істейміз?

-   Білмеймін, – деп Далапыраз қиналды, тізерлеп келіп Алманың жанына отырды, – әншейінде бізге сырын ашпай өздерің кеп қайтара салатын едіңдер. Мен қайдан білейін.

-   Маған айтқан сөзді қайдан білесің?

-   Баяғыда бір жалмауыз солай қайтарған.

-   Қалай сонда?

-   Иә, әр жалмауыздың өз тәсілі бар. Мыстанда да айла жеткілікті, бірақ күш жетпейді, – деп күрсінді Далапыраз.

-   Ал мен күшім жетсе де амалын білмеймін...

-   Сөз қайтаратыны анық қой. Бірақ қандай сөз?

-   Сөйлессе райынан қайтар деймісің? – Алма әлі баладан көзін алмай отыр. Далапыраздың сабыры таусылып барады. Бір жағы Алманы, бір жағы баланы, бір жағы иен далада қиналып жатқан құрбыларын ойлап уайымдады.

-   «Дапыш, болсаңшы енді, күмбез шытынап барады, ұзақ ұстап тұра алмаймыз», – деген хабар келді. Алма да басын көтерді, естіген секілді.

-   Дапыш деген сен бе?

-   Иә, қыздар солай атайды.

-   Хм, Дапыш! – деп мырс етті. Өзі ештеңені алаңдайтын емес. Әдеттегідей емес, жер жылжыса да жылжымайтын сабырлы қалыпқа түсе қалыпты.

-   Былай істейік, – деді Дапыш, бір шешімге келген секілді, бірақ сол шешімін айтар-айтпасына күмәнданып тұрғандай, – Алма, тағы бір амалы бар! – Алма қандай амал дегендей мыстанға қарады. Дапыш бірақ айтуға батпай тұр.

-   Айтсаңшы енді!

-   Оңай нәрсе емес. Басқа жалмауыздар құрып кетсе де келіспес еді. Бірақ сенің жағдайың басқа болып тұр ғой...

-   Айтасың ба, жоқ па?!

-   Мыстаннамадан оқығаным бар, жалмауыздар мыстанға өз күшін бере алады. Бірақ онда өзі әлсіреп, қарапайым адам деңгейіне түседі. Ал оның күшін алған мыстан жалмауыз деңгейіне көтеріледі.

-   Сонда...

-   Мені кешірші, бірақ басқа амалын көріп тұрғаным жоқ. Өзіңнің де есіңе ештеңе түскен жоқ. Енді... – Далапыраз қипалақтап тұрса да Алма міз бақпады. Өткір көзі тесіп жіберердей тесірейіп қана отыр. Көзқарасының суықтығы сондай, ештеңеден қорықпайтын мыстанның да арқасынан суық тері кетті. Бір кезде Алма да қайта балаға қарап, үнсіз басын изеді.

Далапыраз жалмауыздың жанынан тұрып, екеуін айналдыра жерге шеңбер, шеңбердің ішін екіге бөліп, екі бөлікке екі түрлі белгілер сызды. Алма баланы шеңбердің сыртына шығарып жатқызғаны сол еді, жанына Сүйір ұшып келді. Өзін бұрын-соңды мұнша сабырлы сезініп көрмепті. Мыстан оған қолын созды. Қолынан ұстаған соң ақырындап: «Маған бер, маған бер, бер маған!» деп сыбырлады. Кенет екеуінің ұстасқан қолынан, сызған шеңберден жасыл бу шығып, жалмауыз өз күшінің азайып бара жатқанын сезді.

Бикештер келмені тікесінен тік тұрып күзетті. Бірақ уақыт өткен сайын шамасы құрып барады. Олардың бәрінде бірдей сиқыр жоқ. Сиқыр жасай алатын он шақты мыстан ғана көк күмбез құрып, жан-жағынан басып ұстап отырды, қалғандары бұларға күш қосып, қолдарынан келгенін жасап бақты. Бірақ оған да көнбей келме бұлқына берді. Ашуына тиген сайын күркіреп, ұлғайып келеді. Ұлғайып, үлкейген сайын мыстандардың күмбезіне сыймай, үстін шытынатып, астын жоғары көтеріп барады. Күркіреп барып тағы бір бұлқынғанда көк күмбездің быт-шыты шығып, сиқыршы мыстандар жан-жаққа шашырады.

Алма болса тағы да осы әлемнен басқа әлемге аттап кеткендей сезімге түсті. Денесін қозғалта алмайды, қолынан біреу тас қылып ұстап алыпты. Көзге түртсе көргісіз қараңғы жерде екен. Қою қараңғыдан өзіне қарап тұрған өшпенділікке толы жап-жасы көзді ғана көрді. Ол да: «Маған бер, маған бер, бер маған!» деп қырылдаған дауыспен сыбырлайды. Алманың көзі жасыл отқа оранып, тұрған жерінен аяқ тимес тереңге қарай шексіз құлай жөнелді.

Құлаған бетте селк етіп есін жинады да Далапыраздан қолын тартып алды. Бойында аяқасты ашу-ыза ойнап, көзі қып-қызыл боп мыстанға тап берді:

-   Өтірікші!

-   Қарқ!

-   Алдап соқпақсың ғой, мыстан неме!

-   Алма!

-   Қарқ! Қарқ!

-   Тапқан екенсің ақымақты! – деп жұдырығын ала жүгірді. Далапыраз жалтарып үлгерді де, Алманың жұдырығы жерге барып тиді. Тиген жерін ошақ орнындай ойып кетті. Сонда көз алдына ен дала жүйіткіп келе жатқаны келді. Мыстан тағы қашты:

-   Қайдағыны айтпашы!

-   Жалғыз сен кінәлісің!

-   Қарқ!

-   Не болды саған?

-   Қарқ!

-   Жалмауыз-жалмауыз деп жамандағанда-ақ білуім керек еді.

-   Нені?

-   Қарқ!

-   Бері кел! – деп Далапыразға қарай алып ұшты. Мыстан ештеңені түсінбей тек қаша берді. Жалмауыздан қашып құтылу оңай емес. Бір ұрғанда бес-алты метрге бір-ақ ұшырады.

-   Айтып өлтірсеңші, Алма!

-   Бәрібір қайта туасың. Мыстан!

Жалмауыз мыстанның соңына түсіп алды. Қатты ашулы екені түрінен көрініп тұр. Далапыраз не істерін білмей тек қашып келеді. Әр ұрған сайын алысқа ұшады.  

Осы кезде кезекке желаяқ мыстандар шықты. Келмені қоршап алды да тоқтамай айналды. Құйғытып айнала жүріп аямай қамшылады. Аз да болса етегін жинап, кішірейген сияқтанды. Қамшылаған сайын кішірейіп барып бір кезде қайта жарылды. Екпінімен желаяқ мыстандар да жан-жаққа жайрады.

Алма тағы бір жетіп ұрғанда терезені сындырып, мыстанды сыртқа қарай ұшырып жіберді. Әр соққы сайын есіне еміс-еміс бірдеңелер оралды. Алманың тіп-тік шашы үрпиіп, көлемденіп кеткен екен. Түрі сұлу болса да қорқынышты. Көзі жанып, мыстанды өлтірмей тынбай тұрғандай көрінді.

Желаяқтардан кейін бораншы мыстандар қатарға тұрды. Алай-дүлей бораннан шаң көтеріліп, қурай мен қаңбақ қаптаған дауыл тұрды. Дауыл иіріліп келіп келменің бұлтты денесін үйіріп әкетті. Алты бораншы мыстан дауылды айнала қоршап, жан-жақтан қыса бастады. Қысымнан қиналған келменің жан дауысы шығып, одан сайын өршеленді. Тағы күш алып, дауылдың да дал-дұрын шығарып, бөлшектеп тастады. Әлі құрыған бораншылар шалқадан түсті.

Көшеге ұшып шығып, көк түсті көліктің үстінде жатқан мыстан әбден шаршады. Шаршаса да маңайындағы адамдардың көргенін суырып алып әлек. Алма да жақындап келе жатыр:

-   Өтірікті судай ағыз, мыстан.

-   Не деп алдадым мен сені? – Далапыраздың дауысы да қарлығып қалыпты.

-   Алдап күшімді тартып алмақ болдың. Білмей қалады деп пе едің?

-   Қайдағыны айтпа...

-   Келмені қайтармай сен кіргізіп жібергенсің.

-   Оның не тағы?!

-   Әдейі босатып сен жібергенсің. Осы қайтарады деп өтірік сөзді айта салдың. Күшімді алып ап өзің жалмауыз болғың келген.

-   Қойшы... – Далапыраздың шамасы бітті. Өзіне қарай төніп келе жатқан келесі соққыдан қаша алмайтынын біліп, үнсіз ғана көзін қысып жұмды...

Соңғы кезекті ысқырықшы мыстандар алды. Олар бірге ысқырғанда қандай жаратылыстың болсын құлағын жара жаздайтын. Ысқырықтың ауыр дауысынан бәрінің құлағынан қан кетіп, ештеңе естімей қалды. Келменің ащы дауысы шығып, ол да қиналды. Ұршықтай иіріліп жіп-жіңішке болды да, бар пәрменімен бұларды да ысырып салды.

Далапыраздың көзін қатты жұмғаны сонша, денесі де тырысып қалғандай сезінді. Бірақ ұрған жоқ. Ақырын бір көзін ашса үстінде бір жұдырығын түйген Алма үнсіз қатып қалыпты. Бұл жалмауыздарды түсініп болмайсың деп ойлады. Бірақ Алманың ашуы тарқаған сияқты, үрпиген шашы басылып, қызарған көзі қалпына келіпті. Беті де босаңсып, әлденені түсінгендей аңтарылып тұр. Алманың көз алды аппақ боп, ештеңе көрмей тұрған еді. Құлағына жылаған сәби мен күркіреген келменің дауысы ғана келді.

-   Ім-м-м, Алма! Алма-а-а!

-   А?

-   Ұрасың ба?

-   Кімді?

-   Мені, әрине!

-   Жоқ!

-   Неге?

-   Мен түсіндім, Дапыш! – деп көліктің үстінен секіріп түсті.

-   Дапыш? Жаңа ғана мыстан да мыстандап қуалап ең ғой.

-   Баланың көзмоншағы бар.

-   Енді?

-   Оң иығына таққан көзмоншақ.

-   Саған берем дей ме?

-   Қайдағыны айтпашы, Дапыш, жүр кеттік! – деді де Далапыразды көтеріп, балаға қарай зуылдай жөнелді.

-   «Дапыш, болсаңдаршы енді. Қазір келме жарып шығады», – деген хабар келді.

-   «Екі бикешті жұтып қойды».

-   «Мен шыдай алмаймын бұдан артық».

-   «Тездетпесеңдер бәрімізді жұтайын деп тұр», – деген Ханзияттың да дауысы естілді.

-   «Міне, бара жатырмыз», – деді Алма. Далапыраз таң қалды:

-   Қалай?

-   Білмеймін. Өзінен-өзі.

-   Тұра тұр, бәлем, саған төбелескен жағады екен! – деп күлді мыстан. Екеуі биік ғимараттың басында қалған балаға келді. Жанында Сүйір ғана қарап отыр екен. Шаршап шамасы біткен мыстанды жерге жатқызды да, баланы қолына алды.

-   Қарқ!

-   Білем, Сүйір, қазір апарамыз.

-   Қайда апарамыз? Баланы неғылмақсың?

-   Қайда болушы еді, іздегеніне апарамыз.

-   Қарқ!

-   Үлгермейміз, өзім барам, – деді Алма.

-   Тоқтай тұр, – деп Далапыраз сөзін бөлді, – Қайда, кімді, неге апара жатырсың?

-   Қалай түсінбейсің, Дапыш. Келме осы баланы іздеп жүр.

-   Іздеді екен деп аузына апарып сап бересің бе енді?

-   Қайдағыны айтпашы!

-   Бір рет аман ап қалдың онсызда.

-   Қарашы, – деді жалмауыз баланың иығындағы көзмоншағын көрсетіп, – көзмоншағынан таныдым. Келменің көзіне қарағанда естелігін көрдім. Онда да жолдың ортасында аударылып жатқан осы баланың арбасы болатын.

-   Сонда келме осы баланың анасы ма?

-   Өзің айттың ғой, осы әлемде қимасы бар жандар қайта айналып келеді деп. Көлік апатына түскен, баласын қимай жатып өліп кеткен. Енді іздеп тауып, құшағына баспақшы. Оп-оңай!

-   Оп-оңай дейді ғой, соның өзіне сабылып екі күн жүрдік.

-   «Жаумай жасыл түскір, болсаңдаршы!»

Ысқырықтан барлық мыстандар әлсіреп, келмеге қарсы тұрар шамасы қалмаған еді. Ешкімнің құлағы естімейді. Бәрі жан-жақта тұра алмай жайрап жатыр. Араларынан жалғыз мыстан ғана бас көтерді. Мүмкін сөзбен ұстармын деп үміттенсе керек.

«Ей, бейкүнә жан, бейкүнә жан. Жаныңды жеңілдет».
«Жаныңды жеңілдет».
 «Ей, бейкүнә жан, бейкүнә жан». 
 «Жолыңды ауырлатпа, ей бейкүнә жан!»

Мыстандар жығылып жатса да жан-жақтан жамырай дауыс қосты. 
«Жаныңды жеңілдетші».
«Өзіңді аясаңшы!»
«Өзіңді аясаңшы!»
«Сені жетелеген жын оңбасын!»
«Сені жетелеген жын оңбасын!»
«Сені жетелеген жын оңбасын!»
«Сені жетелеген жын оңбасын!»

Келме маңайлаған дауысты естіп, жан-жағына жалтақтай қарады.  Аздап тынышталғандай болды. Бірақ қаптаған дауыстан мезі болып бәріне ақыра көтерілді.

Кенет сыртынан «Міне, сенің балаң!» деген дауысты естіді.

Артына қараса қолына баланы қолтығынан көтеріп ұстаған Алма келе жатыр екен.

«Өзіңе берем... өзіңе ғана берем!»

Келме күркіреп Алманың алдына барды. Үнсіз тынып, қолын сәбиге қарай созады. 

«Жұтпайын десең жеңілдеші!» 
«Өзіңнің балаң!»
«Өз қолыңмен өлтіресің бе?!»
«Жеңілдеші!»
«Сүрген өмірің есіл».
«Алда бөлек көшің».
«Өзіңді өзің кешір!»
«Өзіңді өзің кешір!»

Келме мүлде тыныш қалыпқа түсті. Баласына қол созым жерде тұрса да қол тигізбей, мелшиген беті үнсіз тыңдап тұр. 
«Сен жеңбегенде кім жеңбек?!»

«Сен өппегенде кім өппек?!»      

«Сен білмегенде кім білмек?!

Алма не боларын білмей дал. Не істеп тұрғанын да толықтай түсінбейді. Қазір бұған да бой бермей серпіп жіберсе, тіпті ие бола алмай қалатын сияқты. Үнсіз ғана келменің көзіне қарап тұр. Ол да өзгергендей балаға иіле қарайды. Кенет күркіреген дауысы қайта шықты да көлемі мүлде ұлғайды. Жел соғып, боран тұрып, аспан күңгірттеніп кетті. Үлкейгені соншалық, бұлар тұрған иен даланың аспанын түгелдей жапты. Күннің көзі көрінбей қалды. Аспанға бұл болып тарап, қалың найзағай ойнады. Сіркіреп өткінші жауын да жауды. 

«Жеткен жеріміз осы». 

«Бір келмеге әліміз келмеді».

«Ал, бикештер, келесі өмірде жолыққанша!» деп бикештер үмітін үзіп, бір-бірімен қоштаса бастады. 

«Дапыш өзі алып кетер».

«Бәрімізді бағу қиын болады енді» 

«Е, міндеті ғой!»

«Баланы аман алып қал, Алма!»

«Иә, енді кет, Алма!»

«Бізге қарайлама!»

Бірақ жауған жаңбырмен бұлт тарқап, аспан ашылды. Күннің көзі көрініп, бұл арасынан тесіп жерге шуақ шашырады. Күннің шуағынан аппақ бір сәуле түсіп, адам кейпіне еніп, бұларға қарай жақындады. Алма сонда ғана көңілі тынышталып, өзіне қарай келе жатқан мөлдір бейнеге қарай қадам басты. Денесі мөлдіреген, ұзын шашынан шуақ тараған әйелдің жаны күлімдеген көзін баласынан алмай ұзақ тұрды. Бір кезде қолын созып, саусағының ұшын баланың иығындағы көзмоншаққа тигізді. Сонда бүкіл шашының шуағы көзмоншаққа ауысып, жарық шашып, баланы қымтап тұрған көрпедей орай жөнелді. Анасының жаны жылы жымиған күйі еңкейіп баласының маңдайынан сүйді, құшырлана иіскеді.

«Өзіңе тапсырдым!» деді Алмаға қарап.

Алма үнсіз басын изеді. Сонда Ноғайша деген мыстан жанына келіп, қолын ауаға төте сұққандай болды. Енді сәл ысырғанда ауа қақ жарылып, ар жағынан қою көк түсті, жұлдызды перде көрінді. Жан солай қарай кіріп, ақырын жылжып барып жылтырақ пердені сиырды. Сонда ар жағынан сондай үлкен жарық көрінді. Бәрінің көзі қарауытып, амалсыздан көзін сығырайтты. Жан әп-сәтте пердені қайта жауып, арғы Байсынға кетті. Ноғайша бергі пердені жауып үлгерді. Анасы кеткеннен кейін баланың да көзмоншағы өз қалпына түсті.

 

ЭПИЛОГ

Бойтұмар

Жалмауыз бен мыстандар баланы өз үйіне алып барды. Баланың жанында шырылдап жүрген әйел – анасының сіңлісі екен. Сиқыршы мыстандар сынған әйнек пен Алма қиратқан ғимараттарды қалпына келтірді. Далапыраз соңғы әлін жинап, бәрінің көргенін көзінен суырды. Бүкіл мыстандар жұмылған жұдырықтай бүкіл қаланы тазартып шықты. Бірақ ешқайсының құлағы естімейді. Тек ойша сөйлесіп жүр.

«Жүре берсең көре бересің деген».

«Келме жұтқан бикештер қайта туа ма екен? Естіп-білгендерің бар ма?!»

«Қайдам?! Келмелер бұрын-соңды бұлай күш алмайтын еді ғой...»

«Бір кісі жоқ боп кетпегенде бұлай қиналмайтын едік, ие?!»

Алма жалт қарағанда ол мыстан да тыйыла қалды. Ақталайын десе есінде ештеңе жоғын айта алмайды. Айтса тағы әңгіме көбейеді. Үн қатпаған беті өз үйіне қарай бет алды.

Емші мыстандар Далапыразды қалықтата көтеріп алып кетті. Қалғандары шаруа біткенде жан-жаққа тарап, ғайып болды. Алма ғана автобусқа отырып, өзінің пәтеріне келді. Иығына қарға қондырған қызды көрген адамдар таңданған да жоқ. Бәрі түк болмағандай, түк көрмегендей өз жұмысымен әуре. Баяғы беймарал өмір қайта орын алғанына Алма іштей қуанды да.

Үйге жеткен соң Алма тыныш жатып ұйықтай алмады. Себебі түсінде еститін дыбыстар енді өңінде де маза бермейтін болды. Мыстандар құлағы естімей қалғандықтан ойша сөйлесетінді шығарды. Өздерінің әңгімесі таусылмайды екен, не болса соны айтып, Алманың берекесін қашырды. Жалмауыз осы ойларды қалай естуді білгенімен, қалай естімеу керегін білмей, басын жастығының астына тығып, көпке дейін дөңбекшіп жатты. Мыстандар өз орнына барып, ұйықтап демалам дегенше Алмаға тыныштық бермеді. Жалмауыздардың оларды неге ұнатпайтынын енді түсінді.

Әрі-бері аунақшып, бәрібір ұйықтай алмады. Орнынан атып тұрып айнаның алдына барды. Айнаның алдында сол баяғы бейнесі бұрынғысынан бетер мәз болып, езуін кере ыржиып қарап тұр. Үстіндегі жалмауыз шапанын шешпеген еді. Айдалаға барып алқына шапқысы келді. Табаны қышып, өз-өзіне сыймады. Үйінің бұрыш-бұрышын тінтіп, жалмауыз тұмарын іздеді.

-   Құрып кеткір!

-   Қарқ!

-   Қайда қалдырып едім?

-   Қарқ!

-   Тапсаң берші!

-   Қарқ! – деп қарға тұмсығымен қысып бір бұрыштан жалмауыз тұмарды алып шықты.

-   Ой, рақмет!

-   Қарқ!

-   Көрейік бұның не пәлесі бар екенін. Сен отыра бер, мен біраз жорытып қайтам, – деп тұмарды мойнына ілді де, есікті ашты.

-   Мен де барам!

-   Сен жете алмайсың ғой маған!

-   Торыма салып ал!

Алма есіктен шыға алмай қатты да қалды. Кері шегініп Сүйірге көзі алая қарады.

-   Немене дейсің?

-   Торға салып ала сал деймін.

-   Сен қазақша сөйлемейтін едің ғой?!

-   Қашан сөйлемедім мен саған? – қарға бұған адам тілінде сөйлеп тұр. Алма таңданып қалды. Бар мәселе бойтұмарда секілді, қарғадан көзін алмай ақырын мойнынан тұмарды алды:

-   Тағы бірдеңе деші!

-   Қарқ!

-   Е-е, бәсе!

-   Қарқ-қарқ!

-   Мен тұмарды таққанда сен қазақша сөйледің бе, жоқ мен қарғаша сөйлеп кеттім бе?

-   Қарқ-қарқ, қарқ!

-   Тұра тұршы, – деп тұмарды қайта мойнына ілді.

-   Айырмашылығы жоқ. Аң-құстың тілін білу жалмауыздарға әдеттегі нәрсе, – деді қарға.

-   Тұмардың әсері екен ғой.

-   Жоқ, өз қасиетің.

-   Тақпағанда қарқылдап тұрсың.

-   Тақсаң да қарқылдап тұрмын. Бірақ сен түсінесің. Көп қасиетіңнің бір бөлігі тұмарға сіңіп қалған сияқты. Бәрі содан.

Алма қарғаны құстарға арналған торға салып алды да үйінен шықты. «Дапыш, бізді тауып ал!» деді де, ұшқан оқтай зымырай жөнелді. Құйындай құйғытып қаланың сыртына шықты. Бір кезде ұшы-қиыры көрінбейтін жазық дала басталды. Артынан үлкен шаң көтеріп, асқан жылдамдықпен басып келеді. Қолындағы қарға тордың артына қарай жабысып қалыпты. Үлкен жылдамдықты көтере алмай көзін жұмып алған. Аяғы тордың көзінен сыртқа шығып кеткен. Барған сайын жүрегі атқақтап барады. Ал Алма ақыры кеңістікке шығып, құйындай құтырды. Айызы қанғанша кең далада жорытты. Жұлдыздай ағып бір жартастың түбіне келіп тоқтады. Тордың есігін ашып, Сүйірді сыртқа шығарды. Байғұс қарға көзі төңкеріліп, аяғына тік тұра алмай бетімен сұлады. Алма мырс етіп күліп, жанына жайғасты.

-   Неменеге күлесің? – деді Сүйір етбетімен жатып.

-   Жәй, әншейін, қинап жібердім бе?

-   Басқа амалым бар ма?! Иең жалмауыз болса бұдан да зорғысына тап боласың.

-   Мен иең емеспін.

-   Неге?

-   Еркіндікке жібердім ғой талай рет. Сен өзің кетпей қалып қойдың. Сондықтан...

-   Мәселе онда емес, – деп Сүйір басын көтеріп тұрды, – Қарғаның ғұмыры ең аз дегенде қырық жыл. Бірақ олай қыршыннан қиылудан сақтасын. Жас болмасақ та қызметімізден танған емеспіз.

-   Қызметің не сонда?

-   Жалмауыздың өз жануары бар. Көмекші есебінде жүреді. Тіл-хат, дәрі-дәрмек, дүние тасиды. Иесі қиын жағдайда қалса жанынан табылады.

-   Қойшы әрі, мен сені тауып алғанда қанатың сынып, табалдырық алдында жатқансың. Жаным ашыған соң ғана үйге кіргізгем.

-   Басқа амалым болды ма? Қанша рет терезеңнің алдынан қуып жібердің. Содан лашын құсқа тептіріп, бір қанатымды сындыртуға тура келді. Жаным көзіме көрініп табалдырығыңа әрең жетіп жығылдым.

-   Сүйі-і-ір!

-   Есіңде ештеңе жоқ екенін бірден білдім. Әупілдектің қауырсынын тауып әкел деп жіберген едің. Келгенде таба алмай дал болдым. Кейіннен көшеде адам киімімен кетіп бара жатқаныңды көріп жаныңа келдім, тілдеспек болдым, қақпайлап жолатпадың.

-   А-а, ол есімде. Оқуда жүргенде бір қарға қарқылдап кетпей қойған. Сол сен екенсің ғой.

-   Иә, қолымнан түк келмеген соң тек сырттай бақылап жүрдім. Үйіңе кіріп, жаныңда отырар амалды да әрең таптып.

-   Бері келші! – деп Алма қарғасын құшағына басты.

-   Мына екеуі тіл табыса қалыпты ғой! – деп арттарынан Далапыраз келді. Бір қолында қысып ұстаған бір бума бар.

-   Гүл тергенсің бе? – деп сұрады Алма.

-   Жоқ-а, Сүйірдің қауырсыны ғой! – деп қарғаның жанына бір уыс қауырсынды төге салды, – Жол бойы теріп келдім, осы болмаса таба алмайтын едім сендерді.

-   Қайран құйрығым-ай! – деп қарға жылады.

-   Ой, зарламашы! – деп Далапыраз кекетті, – өседі ғой.

-   Сен білмейсің, бұны өсіруге кемінде бір жыл кетеді. Тарап, күтіп-баптаған еңбегім-ай! – деп мұңайды.

-   Дапыш, тауып ал депсің де қойыпсың. Ең болмағанда қайда баратыныңды айтпайсың ба? Әрі-бері айдалада сенделтіп.

-   Қайда барарымды білгем жоқ, – деді Алма, – Әйтеуір, бас ауған жаққа кеттік.

-   Оны байқадық. «Желбір Жекен желіп жүрген жайлауда» деп жорытқан екенсің ғой.

-   Жағдайың қалай?

-   Тәуір болдым.

-   Бикештер мені сұрамады ма?

-   Жоқ, бір өзгерісті байқауын байқады бәрі. Бірақ ашып сұрауға батпады. Емші қыздар аяғымнан тік тұрғызды. Бұрынғыдан да күшейіп кеткен сияқтымын, не де болса бір өліп тірілдім.

-   Жақсы болған екен. Ешкімге...

-   Ешкімге айтқан жоқпын, алаңдама!

-   Рақмет!

-   Алғыс айтатын ештеңесі жоқ, Алма. Не жағдай болса да, қандай қиындыққа түссе де жалмауыз – жалмауыз дәрежесінде қалады. Есіңде ештеңе жоқ екен деп қалай құрметтемей кетемін?! Сенің есіңде жоқ болғанымен менің есімде.

-   Енді бәрін еске түсіру керек.

-   Бойтұмар бар дедің ғой. Соны тағып көрсеңші.

-   Соны ертерек айтсаң болмай ма? – деді қарға.

-   Соны айтам, – деп Алма жағасының астындағы жалмауыз тұмарды шығарды.

-   Бәсе, Сүйірді қалай түсіне қалды десем, тұмардан екен ғой.

-   Аң-құстың тілін білгізетін тұмар сияқты.

-   Жоқ, ондай тұмардың сиқы басқаша болады. Мынау бұрын-соңды мен көрмеген тұмар.

-   Онда не сиқыры бар бұның?

-   Сиқыр емес... тоқтай тұр! – Далапыраздың көзі жанып кетті, – бәрі есіңнен шығып, бойыңнан тарап кеткеннен кейін осы тұмарға бүкіл қасиетің жиналған болып тұр ғой.

-   Демек, осы арқылы бәрін еске түсіреміз.

-   Бәрекелді! – деп атып тұрды Далапыраз.

-   Сүйі-і-ір! – деп Алма да қарғасын құшағына қысып, орнынан тұрды.

-   Енді бәрі жақсы болады!

Алма енді бәрін есіне түсіретініне сенімді болды. Кеудесіне нықтап орналасқан үміт өшпестей алаулады. Осыдан бәрін есіне түсіріп, тездетіп өмірін бір қалыпқа келтіру керек. Әйтпесе қолынан не келетінін де білмеген соң, келмені қайтарудың өзі үлкен қиындық әкелді. Абырой болғанда мыстандар көмекке келді. Олар болмағанда не істей алар еді?!

Алайда жалмауыз өзін көптен бері іздеп, ізіне түскен әлдекім бар екенін, оның елу метр жерден сығалап аңдып отырғанын сезген де жоқ еді.

 

ЖАЛҒАСЫ БАР...