Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Табиғаттың төрт билеушісі
189
оқылды

Бүркеншік аты: maqtaqyz

 Табиғаттың төрт билеушісі

(ертегі)

Табиғаттың  билеушісі  Жыл мезгілінің – Күз, Қыс атты  екі ұлы, Көктем, Жаз деген қыздары бар еді.

Бір күні  қартайған Жыл мезгілі балаларын жинап: – Мен енді үлкейдім. Сендер ержеттіңдер. Мынау көк аспан мен қара жердің арасындағы Табиғат атты елдің билігін сендерге тапсырамын. Араларыңда араздық тумауы үшін кезекпе-кезек таққа отырғызамын.  Әрқайсыларың  үш айдан билік құрасыңдар. Өмір бірсарынды болмасын! Өздерің басқарған уақытта оған өзгеріс енгізіп отыруды тапсырамын. Бірақ, жақсы жақтарың жаман жақтарыңнан асып кетпесін! Осыны әрдайым есте ұстаңдар. Қане, кімнің қолынан не келетінін көрейін – деді. Балалары келісті. Қарт әке оларды сынап көрмекке бекінді.

Таққа алғашқы болып жайғасқан  үлкен ұлы  Күзге алтын түс ұнайтын. Сол себепті билік оның қолына тиісімен табиғат сары түске  оранды. Жақсы жағын көрсетіп, көңілі түсіп, адамдарға мол ырыс-береке сыйлады. Олар жылы күндерде еккен егіндерін жинап, қамбаларын толтырып, қуанышқа кенелді. Сол сияқты  жеміс-жидектер пісіп, «Менің дәмім керемет! Үзіп алшы» деп салбырап тұрды. Мал біткен семіріп, балық бал татыды. Алайда, қабағын бұлт торлап жүретін Күздің кейде қатуланып, суық жел тұрғызып, нөсерді селдететіні де бар. Күнде сирек жылу шашады. Кейде таңертең жерді қырау басады. Оның қайталана беретін  бұл мінезіне шыдай алмаған құстар қанаттарын қомдап оңтүстікке асты. Жануарлардың біраз бөлігі індеріне еніп, көктем шыққанша тынығып алғанды дұрыс санады. Адамдар да оған көп сенімділік танытпай жолға қымтанып шығады.

Екінші ұлы Қыс мүлдем қатал. Қабағын  түйіп  табиғатты дірдек қақтырып жетті. Аязын алға салып, боранымен тіршілікті ықтырып,  сықырлап келді. Ақ түсті ұнататындықтан  жерді түгелдей  онымен көмкерді. Суретшілік өнерін көрсетіп, үй біткеннің терезесіне қыраумен өрнек салып тастады. Жалаңаш тұрған  ағаш біткенге ақ көйлек кигізді. Адамдарға өтуге оңай болсын деп өзендерге көк мұздан көпір орнатты. Қыстың қаталдығы –  паналайтын жылы жер болмаса, үсіп қаласың. Бірақ, бала біткенге мейірімді. Мол қуаныш сыйлады. Олар мұзға сырғанап, қар лақтырысып, шанамен ойнады. Қаһарлы қыс микроб біткенді өлтіріп, ауаны да тазартты. Тымық күндері далада серуендесең, бойың да сергиді.

Жыл мезгілінің үлкен қызы Көктем сондай көрікті. Гүлге оранып жетті. Айнала құлпырып кетті. Таңғы ауада көктің иісі бұрқырады. Оның келгенінің өзі табиғатқа, адамдарға мол қуаныш сыйлады. Енді күн жылынады деп бәрі де арқасын кеңге салды. Көктем келісімен  өзендерде сең жүріп, тоң көбесінен сөгіліп, күн шуақ шашып, туған жеріне оралған жыл құстары әнге басып, теректер гүл атты. Табиғат жап-жасыл түске малынды.

Жаймашуақ  Жаз есімді ару таққа отырғанда, апасы Көктемнің игі ісін жалғастырып, табиғатты сұлуландырып жіберді. Жаз арудың мінезі сондай жұмсақ болатын. Адамдар мен жануарлар үшін ең бір керемет кез келді. Жан-жақтың бәрінде  жасыл желек жайқалды. Еш уайым жоқ. Түн де тамылжып тұрды. Таңда ерекше леппен салқын самал есті. Бала біткен өзенге шомылып, құстар ұядан балапанын ұшырып, бақытқа кенелді.

Балаларын таққа отырып сынаған Жыл мезгілі риза болып: – Дұрыс таңдау жасаған екенмін. Екі ұлымның қаттылығын, екі қызымның жұмсақтығы жабады. Сендер табиғатқа керексіңдер. Осы қалыптарыңнан танбаңдар, –  деп батасын берді. 

Содан бері Күз, Қыс, Көктем, Жаз өз уақытында Табиғат патшалығында билік құруда. Сыйластықтары сондай, бірінің алдына бірі шықпайды. Әрине, кейде біреуі өзінің уақытында кетпей, билігін аздап созып жіберетіні бар. Бірақ, басқалары оған кешіріммен қарайды.

 

Сұр көжек

(ертегі)

 

Томпылдай жүгірген  кіп-кішкентай сұр көжек ақ бұлттардың арасынан сығалай қарап шуақ шашқан күнге: – Қандай кереметсің! Мына әлемге жылу шашасың! Айналаны жарық қыласың. Қарашы әне, гүл біткеннің бәрі желмен ырғала билеп саған  қол бұлғап тұр. Олар сені  жақсы көретінін айтты. Өзіңді көрсе қуанады екен. Екеуіміз  дос болайықшы! Жерге түсіп, қасыма келші, – деді қиыла сөйлеп.

Мұны естіп күн күлім қақты. Содан кейін алдына келген аппақ бұлттарды ысырып тастап: – Сұр көжек сенімен дос болуға қарсы емеспін. Бірақ, жерге түсе алмаймын ғой. Олай етсем, басқа достарым  мені көрмейді. Ренжиді. Ал, мен ешбір жанның көңілін қалдырғым келмейді. Бәрі менің шыққанымды, нұрымды төккенімді қалайды. Барлығына пайдамды тигізгенді ұнатамын. Сен де, мені, досым деп сана! Осылай сәулемді  төгіп тұрайын, көк шалғында  жүгіріп, асыр салып  ойнай бер, – деп тіл қатты.

– Өзіңдей болғым келеді. Алайда,  менде  шуақ жоқ. Достарыма  еш пайдам  тимейді,– деді сұр көжек мұңайып.

– Жақсы дос қуанышта да, қиындықта да қасында болғаныңды  қалайды. Жылы сөзің, қолдауың – оларға  көмек. Ешкімге зиян  келтірмесең, соның өзі басқаларға пайдаңды тигізгенің,– деді күн жымиып, сұр көжектің басынан шапағымен сипап.

Мұны естіп сұр көжек қатты қуанды. Ол өзгелерге зиян келтірмейді. Демек, пайдасы тиеді. Сол күні ол кешке дейін асыр салып ойнады. Иісі бұрқыраған түрлі шөптердің арасында демалып, мөлдір сулы өзеннен шөлін басты. Күн болса, жас досына күлім қағып, сәулесімен аялап тұрды.

 

Қызғаныш

(Әңгіме)

 

Кішкентай інісін  көтеріп перзентханадан оралған анасын Арай қуана қарсылады. Енді ше, бірнеше күн қатарынан көрген жоқ. Анасы еңкейіп маңдайынан иіскеді. Бұрын жұмыстан келгенде  «Арайжан» деп шақырып алып, аяқ киімін шешпестен отырған күйінде мұны құшақтайтын. Сонда бұл мәз болатын. Көптен, яғни, төрт-бес жылдай көрінген бес күннен соң сөйтеді деп күткен. Бұл жолы олай еткен жоқ. Неге? Қолындағы бөпесін әкесіне бере салуына  болатын еді ғой?! Ол бұдан артық па?! Қалай десе де Арай одан бұрын осы үйге келді. Әлде, анасына оны  қатты сағынғанын тағы да айтқаны жөн бе?! Иә, сағынғаны рас! Үйде әкесі, нағашы апасы болғанымен, олар да мұның бабын табуға тырысқанымен  анасын қалай алмастырсын? Ол жоғында бір нәрсе жетіспей тұрғандай көрінетін. Оның мейірім төге қараған жүзі, әдемі дауысы, әсем күлкісі бәрінен бөлек. Жер шарында ондай адам жоғын ол ауруханаға кеткенде сезді. Қасында жүргенде байқалмайды екен-ау. Арай  мектептен келе салысымен құшақтап сүйіп:

– Киіміңді ауыстырып, тамағыңды іше ғой қызым, – дейтін сүйкімді дауысын сағынды.

– Бүгін тарихтан  «бес» деген баға алдым,– деп бас бармағын шошайтса,  анасы  жас балаша мәз болып:

– Жарайсың күнім! Өстіп қатарларың арасында жұлдыздай  жарқырай бер! Сабағыңды ылғи беске оқы! Мен сенімен мақтанатын боламын, – деп маңдайынан иіскейтін. Әкесі өйтпейді.

– Жақсы болған екен, – деп өз шаруасымен айналыса береді. Бар назары теледидардағы футбол ойынына ауса, мүлдем басқа ғаламшарға өтіп кетеді. Оған содан басқаның керегі жоқ. Бәрін ұмытады. Экранның арғы жағында доп қуып жүргендердің қамын жеп, тілеуін тілеп, біресе сазарып, біресе бозарады. Нағашы апасы шайға шақырса «Қазір барамын» дей салады. Бұл қашанғы күтеді, тамағын ішеді де, сабағын қарайды. Осындайда қасына жайғасып үйге не тапсырма бергенін сұрайтын, білмегенін түсіндіретін  анасының жоғы байқалып, өзін адам аяғы баспаған аралда  жалғыз қалғандай сезінеді. Неге екені белгісіз, перзентханада  үш күн жатады деген анасы аптаға жақындағанда шығып тұр. Әрине, анасы ауруханада жатса да мұны көзінен таса етпеді. Ұялы телефонның бейнебайланысы  арқылы шығып, сөйлесетін. Ондайда, еркелігіне басып:

– Үш күн жатамын деп кеттің! Бүгін төрт күн болды! Мен сені сағындым. Ал, сен болсаң мені мүлдем сағынбайсың, саған керегім шамалы. Сағынсаң келер едің ғой. Маған бөпе әкел  деген жоқпын, – деп бұртиятын.

Енді, міне орталарына оралды. Анасының жағдайын білуге келген, осыған дейін мұнымен: «Мамасының аппағы қалайсың?» деп амандасатын ағайындары да бұрынғыдай емес. Сәлеміне бастарын изей салып, төрге өтіп, «Атқа мінер, әулетті жалғастырушы келген екен» деп інісіне көңіл бөлгені Арайға  ұнамады. «Көрімдік» деп сәбидің қасына ақша тастап жатыр. Ол оны не істейді? Одан да бұған берсе, тойғанша балмұздақ, шоколад алып жер еді. «Ұлды болдым! Ертең шілдеханасына бәріңді шақырамын» деп әкесі төбесі көкке жеткендей қуанып жүр. Мұның бар екенін ұмытқандай. Нағашы апасының да бар ықыласы  анасы мен інісіне ауған. Ашуланып аула сыртына шығып еді, құрбылары Шынар мен Самал сөйлесіп тұр екен. Құрбылары жөн сұрасып еді, інілі болғанын айтты. Самал «Күшті болған екен» десе, Шынар сыздана қарап:

– Сен апасысың, енді оны бағасың, ойнатасың, ертең тәй-тәй басқанда серуендетесің. Бұрынғыдай еркелікті қоясың. Жыласа, сөз естисің. Қысқасы,  бала күтушісі болуыңмен,– деді.

– Сенің де сіңлің, інің бар емес пе?

– Мен оларды баққан жоқпын. Өзім де кішкентай болдым. Сенің жасың сегізге  толды. Інің жаңа ғана өмірге келіп жатыр.

Мұны естіген  Арайдың ұнжырғысы түсіп үйге қайтты. Анасы дүкенге  жұмсап еді, естімеген сыңай танытып, үндемей өзінің бөлмесіне кірді де кетті. Ұялы телефонын қосып, құлаққабын құлағына қыстырды. Қызының аулаға шығып, көңілі нілдей бұзылып келгенін анасы да байқады. Бөлмесіне кіріп сөзге тартып еді, онысынан ештеңе шықпады. Мізбақпай, тымырайып  отыра берді. Жүзі  бұлт торлаған аспандай  түнеріп алыпты. Маңдайынан да иіскетпей,  теріс бұрылды. Біраз тұрған соң анасы бөлмесінен шығып кетті. Есік жабылысымен Арай орнынан ұшып тұрды. Телефонды өшіріп, құлаққабын құлағынан алып тастады.

– Бәлем, солай ма екен?! Маған көңіл бөлмесең осылай  сөйлеспеймін,– деді ашуланғаны оған әсер еткеніне қуанып, алақанын шапалақтап. Сол сәт анасының есіктің арасынан жаймен сығалай қарап, жымиғанын, байқатпай жаба салғанын  аңғарған жоқ. «Қайда кетіп қалды екен? Неге менің қасыма отырмады? Тағы да анау баланың қасына кетті ме?» деген қызғаныш  алаңдатқан Арай орнынан қозғалып, інісі жатқан бөлмеге беттеді. Сығалап көріп еді, іште анасы жоқ. Бөлмеге еніп терезеден сыртқа көз салды. Кір жайып жатыр екен. Содан кейін, кішкентайға беттеді. Жақсылап қарап алмақ. Бұл кім келмей жатып бір  үйдің білдей еркесін орнынан тайдырған? Мұнан қандай артықшылығы бар? Жұрттың бәрін өзіне тартатын магнит байлап алған ба? Інісі кішкене көрпеге оралған қалпы тымпиып ұйықтап жатыр. Көз алмай қарап тұрды да, жақындап келіп  иіскеп көрді. Сол сәт қыздың жүрегі елжіреп кетті. Сәбиді жәймен ғана қолына алды.

 – Кіп-кішкентай екенсің ғой. Мен сенің апаңмын, Араймын! Жасым сегізде! Өзің сүп-сүйкімдісің. Үстіңнен хош иіс шығады. Сүт иісі мүңкиді. Қандай кереметсің! Бәрі сені неге жақсы көреді десем, осындай әп-әдемілігің үшін екенін  енді  түсіндім! Мен сенен анамды қызғанып жүр едім. Бұдан былай  сені  жақсы көретін боламын. Кішкене өсші, сосын бірге ойнаймыз. Балмұздақ, шоколад әперемін! Шынар айта берсін, мейлі мені кім десе де! Оның дәл өзіңдей құртақандай сүйкімді інісі жоқ. Мұндай іні тек менде бар! Сен анамның ішінде болғанда, мен оған көмектесіп жүрдім. Саған да солай етемін, – деп көзін ашқан інісінің бетінен сүйді. Інісі  де өзіне деген жан жылуын сезгендей қозғалақтап, көрпешеден қолын шығарғысы келгендей талпынды. Ол да апасын құшақтап сүйгісі келді ме екен?

Мейірлене қараған анасы мен әкесі  ішке енгенде оларға  сәби де, кішкентай  қыз да күлім қақты. Кішкентай апасы інісімен  танысып, жақсы көріп  үлгергенін сезген әйел сәбиді қолына ұстаған Арайдың бетінен сүйді. Әкесі  жүзінен нұр төгіліп, інісінен көз алмай, сүйсіне  қараған қызы мен жұбайын кең құшағына алды.

 

Телефондағы бүжай

(Мөлтек әңгіме)

 

Кішкене ғана Шынар анасы келсе болды ұялы телефонын сұрап, мазасын алады. Бес жасар бүлдіршін ол қолына тиісімен бәрін ұмытады. Телефонның қуаты бітіп, өшіп қалғанда ғана үйде өзінен басқа да адамдар, әкесі мен анасы бар екенін көреді. Соған дейін оны қолындағы жұп-жұқа қондырғыдан айырып қара! Ұялы телефонда ұзақ отыру қызының көз жанарын бүлдіреді деп қорқатын Әлия оған ұрсып та көрді. Ондайда Шынар шалқасынан түсіп, жылауға көшеді. Содан кейін жұбата алмайсың. Қашан сұрағаны қолына тигенше тоқтамайды. Анасы телефонның қуаты тез бітіп қалатын етіп те қойды. Жұмыста күні бойы пайдаланған соң қуаттандырмайды. Шынар қолына алғаннан кейін бір сағаттан кейін өшеді де қалады. Кішкентай қыз содан кейін ойыншықтарын қолына алады. Бірақ, бұл ұзаққа бармайды. Біраздан кейін анасының алдына келеді.

– Мама телефонды берші.

– Қуаттандыруға жаңа қойдым емес пе? Кішкене тұрсын.

–Туу, сосын кері қоясың ғой.

– Бар әкеңдікін ала тұр.

– Ол жұмыс жасап жатырмын деп бермейді. Сен болсаң, бос жүрсің.

– Босқа жүрген жоқпын, кешкі тамақты қойғалы жатырмын. Маған біреу қоңырау шалып қалса қайтемін?

– Әкеліп беремін.

– Туу, Шынар! Құртақандай болып неге өтірік айтасың? Қашан олай етіп едің? Біреу қоңырау шалса басып тастайсың ғой.

– Енді өйтпеймін!

Бүгінде ерке қызы әдеттегіше  сұрағанын алды. Әлия қарсы келмей сыртқы киімінің  төсқалтасынан ұялы телефонын шығарып, қызының қолына ұстатып, дайындап жатқан тамағына беттеді. Сол сәт шыңғырып жіберген Шынар жүгіріп келіп аяғынан құшақтады. Телефон жерде жатыр. Шошып кетіп, жүрегі аузына тығылған анасы отыра кетіп алдындағы қызына көз тоқтата қарады. Сәбидің дауысын естіген әкесі де келесі бөлмеден жетіп келді.

– Не болды?

– Телефонда бүжай отыр, – деді кішкентай қыз жылаған күйі – Мені жеп қояйын деп аузын ашты.

Әкесі мен анасы телефонды қолдарына алып қарап, күліп жіберді. Телефонның бірінші бетіне азу тісін ақситқан маймылдың суреті шығып тұр. Сонда ғана Әлия әлеуметтік желіден жануарлар туралы бір қызықты деректі қарап отырып, әлденеге көңілі бөлініп сайттан шығуды ұмытып кеткенін іштей еске түсірді. Қызына телефонды кері ұсынып еді, ол шоқ басқандай ыршыды. Келесі бөлмеге, өзінің ойыншықтарына беттеді. Анасы еркетотай қызын телефоннан ажыратудың жолы табылғанына қуанып кетті. Бірақ, қашанға дейін созылатынын кім білсін?

 

Жақсы мінез

(Ертегі)

 

Саябақтағы  қайың, үйеңкі, емен, қарағаш сияқты ағаштардың қатарына бір түп шырша егілді. Бастапқыда  қылтанақ-қылтанақ болып тұратын кішкентай шыршаны басқа теректер менсінбейтін. Шырша өсе келе бой түзеп, жып-жинақы болып шыға келді. Ерекше сұлуланып  тұрды. Әрлі-берлі өткен адамдардың бәрінің көзі бірден соған түседі. Басқа теректерге бұл ұнай бермейтін. Осыны байқаған  саябақтағы  діңі жарылып, біраз бұтақтары қурап, жапырақтары сиреген, ұзақ жасағандықтан  білектей  жуан тамырлары жер бетінде көріне бастаған  кәрі терек дауысы қарлыға шығып  жас  шыршадан:

– Бұған дейін бұл саябақта шырша болған емес. Саған  адамдар  сүйсіне көз тастайды. Бізге  көп  мән бермейді. Қашан көрсем де бір түстен ауыспайсың. Бұтақтарың  да  біз сияқты жан-жаққа жайылып  кетпейді. Қысы-жазы жап-жасыл болып  тұруыңа  не себеп?– деп сұрады.

– Мен жақтырмау, жек көру дегенді білмеймін. Күзді де, қысты да жақсы қарсылаймын. Долы мінезіне ашу шақырып, жапырағымды төгіп таусылмаймын. Теріс  қарап ұйқыға кетпеймін. Сондықтан  олардан да шуақ аламын. Сіздер көктемге  күле қарап, жазға жайраң  қағып, күзге қабақ түйіп, қысты көрмеу үшін қалың  ұйқыға кетесіздер. Ал, мен төрт  мезгілді алаламай  бәріне бірдей қараймын. Сол себепті жап-жасыл қалпымда қаламын.  Көңілің кең болса, дүние тарлық етпейді екен,– деді шырша.

– Енді түсіндім, сені сұлу көрсететін осы мінезің ғой, – деген  кәрі терек мейірлене қарады.

 

Қақпашы

(әңгіме)

 

Айбардың сыныбына Тортай деген бала келді. Сынып жетекшісі басқа орын таппағандай оны бірден мұның қасына жайғастырғанын айтсаңшы. Домаланған қауындай  толық денелі, дөңгелек жүзі сап-сары, екі бетінің ұшы алмадай қызарға оқушы. Жүргенде де түйеге артқан жүктей  шайқалады. Мұнысын басқа балалар келемеж қылса, қыстыгүні  жылу барған терезенің әйнегі сияқты терлеп сала береді. Маңдайында жапыраққа тұнған шықтай  тамшылар жылт-жылт етеді. Айбар сияқты допты қанша қуса да қатпа денесінен бір түйір  тер шықпайтын қара домалақ емес. Бұл ертең сынып командасыныңқұрамында футболды қалай ойнайды? Үйреніп кете  алмай жатыр ма, парталасының сұрақтарына да қысқа жауап қайырады. «Ер бала болып футбол ойнай алмаса, ең болмаса сабақты жақсы оқыса, маған пайдасы тиер еді» деп ойлайтын. Өзі толық, жуас болғанымен Тортайдың қаһарман екенін бұл қайдан білсін?! Кейін көзі жетті ғой.

 Бұрын Айбардың қасында оқу озаты Күлпаш атты қыз отырған. Екеуі кейде керісіп, кейде келісіп жүре беретін. Оның мінезін бес саусағындай білетін. «Тапсырманы өзің орында, мен үшін оқып жүрген жоқсың» деп үлкен кісілерше сөйлеп тастаса, бұл жаймен ғана сөмкесін ашып сағыз шығара қояды. Мұны көрген қыздың жүзі жылып, күлімдей қалады. «Тағы да алып келдің бе?» дейді сосын. Қыз тамсана  сағыз шайнап отырғанында, өзіне керекті нәрсені дәптеріне көшіріп алатын. Себебі, үйде сабақ дайындауға қолы тимейді. Жұмыс қауырт. Түскі асын асығыс іше салып балалармен футбол ойнауға кетеді. Кейде ұялы телефонмен отырады. Анасы да, әкесі де күндіз жұмыста. Берген тапсырманы орындауды кешке қалдырады. Содан кейін, қараңғы түсе шаршап келген баланы, ұйқы алқымынан алады. Әйтеуір, қасындағы парталасына сенетін.

Мұның сабағын қадағалауға анасының қолы тимейді. Жұмыстан келген соң ертеңге тамақ әзірлейді, үй тазалайды, ыдыс жуады. Әкесі ауырып отырғанын айтып бас тартады немесе ұялы телефонын шұқып, болмаса теледидардан футбол қарайды. «Баланың сабағын қара» деген анасына: «А» мен «Б» әрпін таныса болды, нанын тауып жейді ғой» дейді күліп. Ертеңіне сынып жетекшісі: «Күлпаш екеуіңдікі бірдей. Ешбір өзгешелігі жоқ. Саған берілген тапсырма басқа еді. Мына түріңмен ертең жоғары сыныптарда қалай оқисың? Мектеп бағдарламасы қиындай түседі ғой» деп ренжиді. Анасының  жақсы құрбысы  болғандықтан бұған кешіріммен қарап жаман баға қоймайтын. Әрине, мұның қалай оқып жүргенін анасына айтатын шығар. Бірақ, жалғыз ұлы болған соң, бетіне  қатты  келмей, жаймен ескерту жасайтын. Енді жаңа сыныпқа көшкенде сынып жетекшісі де, парталасы да өзгерді. Ойын дегенде ішкен асын жерге қоятын, сабақ десе желкесі тарта қалатын Айбарға бұл қиын соқты. Тортайдың да сабақ үлгерімі бұдан озып тұрған жоқ. Бұған ешбір көмегі тимейді.

Бір күні  ыстықта тонна  жүк көтергендей екі иығынан ентіге дем алып, мектепке ырсылдап жеткен Тортайға көрші сыныптан  бір топ бала тиісіп тұрғанын көрді. Сол кезде  қастарынан өтіп бара жатқан. Тоқтай қалды.

– Мына денесімен жүгірмей-ақ көк тер болып жүр. Бейнебір артынан қабаған ит қуғандай, – деді бір бала.

– Қабаған иттен емес, бұл байғұс қаздан да қаша алмайды ғой. «Жел соқса екен, домалай жөнелер едім» деп тілейтін шығар, – деді екіншісі. Мұны естіген өзге балалар ду күлді. Айбар да еріксіз оларға  қосылды.

– Үрген шар сияқты ғой мынау. Құлатып қарайықшы домалай ма екен? – деді тағы бір оқушы. Балалардың  біреуі  Тортайдың артына байқатпай отыра қалып, екіншісі  итеріп қалды. Ол байғұс құлай салды. Денелі болғанымен Айбарды таңғалдырып  тоңқалаң асты. Өзінде тайталаса кететін мінез де жоқ екен. Орнынан тұрып, үстін қағып жатыр. Кенет Айбар  парталасын аяп кетті. Дереу жетіп келіп орталарына түсті.

 – Ертең дене сабағында екі сынып  болып футбол ойнаймыз. Сендерге жақсы болды «керемет ойыншымен» толықтыңдар. Сонда допты тебеміз бе, әлде мынаны ма? – деді балалардың бірі қарқылдай күліп.

– Неге күлесің?,– Айбар оған тіке қарады – «Б» сыныбы бізді  қашан жеңіп еді? Қақпашымыз Сағындық екі күннен бері сырқаттанып қалып, ауруханада жатыр. Тортай жүгірмейді, соның орнына қақпаға тұрады.

         Осылай деген ол парталасын арқасынан қағып, қасына ертіп кетті. Бұл жерде Айбар аздап артықтау кетті. «Б» сыныбымен футбол ойнағанда кейде жеңіп, кейде итжығыс түсіп жүретін. Бір рет жеңілді де. Ертеңіне екі сыныпқа дене сабағы қатар келді.

– Сонымен «А» және «Б» сыныбының ойынын тамашалайтын боламыз. «Б» сыныбында бір ойыншы артықтау. Алайда бұл «А» сыныбының сағын сындырмайды деген ойдамыз,  – деді дене сабағының мұғалімі.

– Ағай бізде Тортай бар. Ол қақпаға тұрады. Сонда екі жақ та тең боламыз, – мұны айтқан «А» сыныбының команда капитаны Айбар.

– Не дейсің Айбар? Тортай әне қыздардың қасында көрермен болып тұр ғой. Қақпаны ол қалай қорғайды? Шынтасты қойсаңшы, – деді команданың бір мүшесі.

– Жоқ, Тортай қақпашы болады. Мен оның ешбір допты жібермейтініне сенімдімін.

         Осылай деген Айбар Тортайды қарсы болғанына қарамай қолынан жетектеп әкеліп қақпаға қойды. Ойын бірден тартысты басталды. Қақпаға өзге адам тұрғаны «Б» сыныбы ойыншыларына  күш қосса керек. Ала доп алаңда біреуден-біреуге өтіп, екі команданың да ойыншыларын таңдамай аяқтан-аяққа  көше берді. Көрермен болып тұрған екі сыныптың қыздары жанкүйерлік танытып, улап-шулап кетті. Біреулері ойынды ұялы телефонның бейнекамерасына да түсіріп жатыр. Міне, алдындағы екі қорғаушыны айналып өткен «Б» сыныбының шабуылшысы қақпашымен бет-бет келді. Тортай байғұс көзіне құйылған ащы терді  білегімен бір сүртіп қарап еді, ала доп қақпа торында тулап жатты. Мұны көрген «Б» сыныбының қыздары:

 – «А» сыныбы аңқау, Ойынға да жалқау», «Домаланған Тортай, Терлеп-терлеп ортай», – деп шулап қоя берді. Осы сыныпта бір ақын қыз бар еді. Сірә, соның шығарған тақпағы болса керек. Мұны естіген қақпашының құты қашты. Командадағылар оған да, Айбарға да ренішін білдіріп  жатты. Артынша Тортай қорғаған қақпаға екінші гол салынды. «А» сыныбының ойыншыларының еңсесі түсіп сала берді.

– Тап-тұйнақтай жинақталыңдар. Қақпаға қарай ешбір шабуылшыны өткізбеңдер. Тортай енді  допты қақпаға жібермейді. Оны түрінен байқап тұрмын, – деді Айбар командасындағыларды жігерлендіріп.

Жеңіске масаттанған  «Б» сыныбының ойыншылары  тағы да қақпа алдында қауіпті жағдай тудырды. Қорғаушыны алдап өткен шабуылшы  допты қақпаға сүңгітеріне сенімді еді. Тортайға күле қарап, келемеж қылып қояды. Қақпашының екі көзі онда емес, допта. Кенет  шабуылшы ала допты басқа бағытқа бұрып теуіп кеп жіберді. Ол қақпаның ашық бұрышына ұша жөнелді. Тортай  сол бағытқа жолбарыстай  атылды. Секірген қалпы ала допты құшақтай жерге тізесімен түсті. Оның бұл әрекетін көретін көрген команда мүшелері бірауыздан қуана айқайлады. Сыныптың қыздары да оларды қостады. Бала орнынан көтерілгенде бір тізесі қанап тұр екен. Қақпашыларына риза болған сыныптастары қарсыластың  қақпасына бірінен соң бірі екі допты сүңгітті. Есеп теңескеніне, жағдайдың бұлай өзгеріп, жеңіс қолдан шығып кетуі ықтимал  екеніне  намыстанған «Б» сыныбының ойыншылары шабуыл қарқынын үдетті. Тағы да қақпа алдында қарбалас сәт туды. Қақпаны қорғаудан басқаны түгел ұмытқандай. Міне, тағы да гол соғылды. Бірақ, ол Тортайдың қолына құс сияқты қона кетті. Допты ұстаған күйі бір қырына  құлады. Тағы екі рет қақпа алдында қауіпті сәт туғанда Айбар Тортайдың  терге малшынып, жүзін жас жуып, тістеніп тұрғанын байқады. Осы күйінде екі шабуылды тойтарды. Ойын Айбар бастаған команданың бір голды артық соғуымен аяқталды. Сонда ғана қақпашы жерге отыра кетті. Сыныптастары көз алдында беделі биіктеп шығар берген сары баланың маңына жиналды. Тіпті «Б» сыныбының қыздары да осында. Бәрі де мақтап жатыр. Тортай болса жылап отыр. Айбар жақындап келіп еді, ол орнынан қозғала алмады. Сөйтсе, екінші рет допты тежеп, бір қырына қатты құлағанда тобығын тайдырып алған. Жаны көзіне көрінсе де ойын алаңын тастап кетпеген. Тістеніп, қаһармандық танытып шыдаған. Команданың өзіне білдірген сенімін ақтауды бәрінен жоғары қойған.

         Бір күннен кейін Айбар сабаққа келгенде Тортай орнынан ұшып тұрып, қуана құшақтады. Басқа балалар да сөйтті.

– Көрдіңдер ғой, – деді Айбар – Сабақты екеуіміз де нашар оқығанымызбен, Тортай нағыз жігіт екен. Сенімді ақтады. Енді сабақта да жақсы оқиық. Нағыз жігітке сабақты жаман оқыған жараспайды. Солай емес пе Тортай? Ол қақпаны қорғағаннан қиынға түспейтін шығар.

Тортай күлімдеп басын изеді.

 

Қымбат қуыршақ

(Мөлтек әңгіме)

 

Кішкентай Сымбатқа атасының қасына еріп дүкенге барған ұнайды. Атасы  қалаған нәрсесін  алып береді. Үлкен кісіде ақша болатынын бес жасар қыз біледі. Бүгін де атасының мойнынан құшақтап, еркелей бастады. Немересі бұлай етсе дүкенге баруы керек екенін атасы да бірден ұғады. Оның  аппақ маңдайынан емірене иіскеп, орнынан қозғалды. Сымбат ұшып тұрып, дәлізді қарады. Анасы Әлия көрінбейді. Демек, ол келмей тұрып, үйден тезірек  шығып кетулері керек. Әйтпесе, жібермей қалуы мүмкін. Дүкенге кетіп қалған жоқ па екен? Онда алдарынан шығады. Содан кейін:

– Атаң миллионер емес! Неге  дүкенге барған сайын бір нәрсе алдыра бересің? Бір-екі рет ойыншық әперсе  сол саған жетпей ме? Арзанын місе тұтпай, қымбатын алдырасың. Бармайсың ешқайда, отыр үйде! – деп жекіп тастайды. Ондайда бұл отыра қалып жер тепкілеп жылайды. Ақыры атасымен дүкенге кетіп тынады. Бірақ, кейде анасы атасымен жібермей алып қалатыны да бар. Атасы өзі барса бұған балмұздақ, шоколад немесе басқа да тәттілер әкеледі.

Дүкенге кіргеннен кейін көзі сөреде тұрған үлкен қуыршаққа түсті. Соны алып беруін сұрады. Қалтасынан ақшасын шығарған атасы оны есептеп тұрып қалды. Жетпеген сияқты. Соны байқаған дүкенші:

– Сымбат, сен кішкентайсың ғой. Бойы өзіңмен бірдей қуыршақ саған неге керек? Әне, көрдің бе одан кішкенелері, арзандаулары бар. Неге соны алмайсың? – деді.

Кішкентай қыз көнбеді. Атасы ақшасы жетпейтінін, қалған берешегін келесі жолы келгенде төлейтінін айтып еді, дүкенші келісті. Сымбаттың  қуанышында шек жоқ. Оны көріп атасы да мәз. Үйге келгеннен кейін анасы қуыршақтағы  бағасы жазылған қағазды көріп басын шайқады. Ештеңе деместен сыртқа шығып кетті. Сәби анасының  дүкенге барып, қуыршақтың қалған ақшасын төлеп тастағанын білген жоқ.

Жиі ауыратын атасы ертеңіне тағы да сырқаттанып қалды. Мұндайда анасы үлкен кісінің мазасын аласың деп ол жатқан бөлмеге кішкентай қызды кіргізбейді. Дәрісін беріп, шайын,тамағын апарып бәйек болады. Әкесі Серік пен анасы Әлия шайдан кейін әңгімелесіп отырғанда ас үйге Сымбат енді. Оны  көрген анасы:

– Мына қыз атасының ақшасын құртып болды. Кеше үлкен қуыршақ алғызды. Енді атасының дәрісін алуға қаражаты жоқ,– деді. Бұрылып қараған әкесі жаймен жымиды.

– Атада ақша болмаса сол дәріні сен неге  әпермейсің? – қыз анасына еркелей тіл қатты.

– Менде  қаражат жоқ  болса қайтемін? Әкеңде де жоқ. Келесі айға дейін бізге ақша  түспейді. Оған дейін атаң қайтып келмейтін жаққа кетіп  қалуы мүмкін.

– Сонда саған басқа ата іздейтін боламыз, – осылай  әзілдеген  әкесі анасымен бірге күлді.

– Басқа ата керек емес, оны өздерің ала беріңдер, – аузын бұртитқан кішкене қыз бөлмесіне бет алды.

Атасының қайтып келмейтін жаққа кетіп қалуы мүмкін екенін  естіген Сымбат шошып кеткен. Осыдан бірер ай бұрын ол  жаққа кетіп қалған ақ күшігі  есіне түсті. Күнде мұнымен ойнап, томпылдап жүгіріп, қыр соңынан қалмайтын. Сол күні  оның атын атап дауыстағанда жүгіріп келмеді. Ұзыннан түсіп сұлық жатқанын көріп, қасына барып қозғаған. Ақ күшік былқ-сылқ етіп  орнынан тұрмай жата берді. Ұйқысынан оянбады. Кішкентай жүрегімен бір нәрсе болғанын сезіп, жылап қойды. Дауысын естіген  анасы істеп жатқан жұмысын тастай сала қасынан табылды. Келіп құшақтап не болғанын сұрады. Күшіктің мойнындағы жіпке оралып, қылғынып өлгенін көріп, жүзі түнеріп кетті. Сары күшіктің «Қайтып келмейтін жаққа кетіп қалғанын» айтып, өзімен бірге әкетті. Шынымен де содан кейін оны көрген жоқ. Әкесі екеуі  басқа күшік әкеліп береміз деп жұбатқан, онымен уәделерін әлі орындай қойған жоқ. Жақсы көретін атасы да сол жаққа кетіп қалса, бұл қайтпек? Кім мұны еркелетеді? Сұраған ойыншығын кім әпереді? Жоқ, жоқ, жоқ! Қайтып келмейтін жаққа атасын жібермейді.

Бөлмесіне барып кеше сатып алған үлкен қуыршаққа қарады. Келіп шашынан сипап, иіскеді. Қуыршақтың үстіндегі көйлегін жөндеп қойды. Біраз қарап отырды.

– Мен сені жақсы көремін, – деді құшақтап – Бірақ, қазір дүкенге кері апарып тастаймын. Себебі, атам ауырып жатыр. Оған дәрі алатын ақша керек екен. Өзім жақсы көретін атамды қайтып келмейтін жаққа жібергенді қаламаймын. Олай етсем, содан кейін оны мүлдем көрмеймін. Анам ол жаққа адамдарды тиеп әкететін ұшақ кері оралмайтынын айтты. Сен маған ренжіме! Ертең ержетіп, дәу қыз болған соң өзім жұмыс жасап ақша табамын. Сол кезде сені сатып аламын. Оған дейін ешқайда кетпей, дүкенде мені күт!

Қуыршағын құшақтап бөлмесінен шықты. Анасына оны дүкенге қайта апарып тастап, атасының ақшасын әкеліп беретінін жеткізді. Ол күлімдей қарады. Қыз шығып кеткен соң әлдекімге телефон шалған  Әлия ішке кірген Серікке:

– Сымбат енді атасына ойыншық алғызбайтын болды. Мен ұрысып қойғыза алмап едім ерке қызға. Сенің айтқаның дәл келді. Дүкеншіге телефон соғып не деп айтуы керектігін ескерттім. «Каспий голдпен» телефонына ақша жібердім,– деді.

– Біздің қызымыз ақылды, мейірімді болып өсіп келеді  ғой. Ол сенің тәрбиең,– деді Серік – Бірақ, жалғыз бала  деп  тым еркелете бермеуіміз қажет. Өзімшіл болып кетеді.

– Неге жалғыз бала? Бірер айдан соң інілі болады, – деді Әлия.

 – Мынау керемет жаңалық екен! Әкеме де айтайық, – деді күйеуі жүзі жадырап.

Бұл кезде Сымбат қуыршағын құшақтап дүкеншіге келген еді. Дүкеншіге  атасы ауырып жатқанын, ақша керек болып тұрғанын, дәрісін әкелмесе  қайтып келмейтін жаққа кетіп қалатынын жеткізді.

– Біз ойыншықты кері алмаймыз, – деді дүкенші  күліп – Алға қарай осыны есіңде сақта! Бірақ, атаң қатты сырқаттанып қалған екен ғой. Ай, ай, ай. Енді қайтсем екен? Былай етейік, мен саған қуыршақтың ақшасын берейін. Сен маған алға қарай атаңа қымбат ойыншықтар алдырмаймын деп уәде  етесің бе? Сонда қуыршақты өзіңе қалдыруыңа болады.     

Сымбат қуанып, қолын шапалақтап, уәде етті. Дүкенші  анасының  аударған ақшасын қолына ұстатты. Кішкентай қыз  үйіне қарай құстай ұшты. Қазір ақшаны  анасына береді. Ол дәрі алады. Енді оның атасы тәуір болады. Қайтып келмейтін жаққа кетпейді.