Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Драматургия» номинациясы: Өмірзая
425
оқылды

Бүркеншік аты: Жарыс

 

“Пенде өмірін болашағы үшін сүреді,

өмірдің ыстық - суығына төзеді маңдайға

Құдай жазған соң”

Автор.

 

Өмірзая

(драма)

І бөлім

 

(Үйдің алды. Аула іші. Кешқұрым шақ. Сәкі үстінде дастархан жаюлы тұр. Аулаға 26  жастағы жас келіншек қолында құндақтаулы сәбиі бар кіреді. Есімі - Сұлу. Үн - түнсіз келіп сәкінің шетіне орналасады. Әуен ойнатылады.)

Сұлу(сыбырлай сөйлеп): - Бұлай сүрген өмірі құрсын! Қыздың тағдыры қандай қиын еді. Неге? Не үшін? Неге асықтым? (құндақтағы сәбиін құшақтап екі иығы селкілдеп жылайды.) - Ең болмаса сені аямай ма? Сені ойламай ма? Екеуміздің кінәміз қайсы?(сәл үнсіз отырып көзінің жасын сүртіп): - Болды енді аттап баспаймын. Көтере алмаймын. Бала керек болса өзі іздеп келсін!

(Сұлудың анасы Раушан кіреді сахнаға. Қолында шәй құрал. Алпысты алқымдап қалған әдемі бәйбіше)

Раушан(Сұлуды көріп): - Сұлу, қызым, қашан келіп қалдыңдар? Келетініңді ескертпедің бе? (қолындағы құралдарын үстелге қойып, құшақтап): - Амансыңдар ма? Құдалар қалай аман ба? Ой, жаман жиен де келіп қалыпты ғой нағашыларына. (қолына алып): - Тфя, жаман бала. Иісіңнен айналдым. Иісіңнен сенің. Жұмақтың иісі ғой бұлар. Жаман жиеннен айналады әжесі. Атасы қуанатын болды ау! (қызына қарап): - Екі кештің ортасында не істеп жүрсің жарығым ау? Тыныштық па еді. Нұртай қайда? Неге бірге келмедіңдер?

Сұлу: - Ол келмейді. Бәрі бітті. Болды.

Раушан: - Біткені несі?

Сұлу: - Сол! Енді бармаймын ол үйге. Аяғымды аттап баспаспын. Ол...

Раушан(сөзін бөліп): - Жақсы, жарайды. Барып кереғазды алып кел. Отырып шәй ішейік.(Сұлу шығып кетеді. Қолындағы құндаққа еміреніп): - Құлыным - ау сол! Жатысыңнан айналайын пысылдап. Қоңыр қозым! Сееенііің әке - шешең не біледі дейсің! Қазіргі жастарды түсінбейсің. Қит етсе айырылысамын деп шығады. (иіскеп): - Аааа, құлыным сол! Осыларды зорлап қосқан екеуміз сияқтымыз. Мені мен сенің қандай кінәміз бар ааааа? Әлде, менің тәрбиемнен бір олқы тұс кетті ме?(күрсініп): - Ай, Алла - ай!(құндақты қолына алып тербетіп):

- Ботақаным қайда екен?

Қыздарменен тойда екен

Ойнап жүрсе ойнасын

Қызығына тоймасын

 

1

Түріңне сол сенің, ааа жаман бала Тфә, тфә! Айналып кетеді нағашы әжесі.

Сұлу(керағазды алып кіріп сәкінің бұрышына қойып): - Мама, әкеліңіз! Үйге апарып жатқызайын.

Раушан: - Үйге жатқызып не қыласың? Анау атасының орнына жатқыз. Үйдің іші ыстық. Таза ауада ұйықтасын.

Сұлу: - Шыбын - шіркей шағып тастай ма дегенім ғой.

Раушан(күліп): - Ой де! Мені немене жиеніме жамандық ойлап отыр деймісің. Қарашы мұны! Жатқыз. Шыбын қонса қағып отырасың. Балаға таза ауада болғаны жақсы. Миы демалады. Отыр шәйіңді іш.

Сұлу: - Көкем қайда?

Раушан: - Жүрген шығар. Жаз шықса отыра ма үйде. Бағана Бимағанбет келіп еді тобығы тойтиып. Сол келсе болды ауылдың ана шетінен бір шығады емес пе?

Сұлу: - Жолдастың папасы ма?

Раушан: - Иә. Қанды көйлек досы. Қараңғы қалғыр. Жастары алпыстан кетсе де жылпылдайды да жүреді. Дүкендегі ана сідіктің талонын алып тастап еді. Жақсы болды ғой. Қисайып келмес дейсің бе қазір. Бір көзін сығырайтып.

Сұлу: - Ммм.

Раушан(сәл үнсіздіктен кейін): - Құда - құдағайлар аман ба? Денсаулықтары шүкір ме? Бір ауылдың ішінде отырып күйбің тірліктен шыға алмаймыз.

Сұлу(зілденіп): - Иә, аман ғой!

Раушан: - Неге зілденіп жауап бересің? Әлде осылай келуіңе құда -құдағай кінәлі ме?

Сұлу: - Жоқ.

Раушан: - Есіңде болсын, кінә ешқашан да бір жақтан болмайды. Демек, қате менен де бар.

Сұлу: - Неге сізден?

Раушан: - Неге менен емес? Кінә менен де бар. Себебі қызыма дұрыс тәрбие бере алмадым емес пе? Қай кезде де әйел адам кінәлі.(үнсіз отырып): - Бұл үйден кетіп, еріңнің етегінен ұстағаныңа бір жарым жылдан асты. Ешкім зорлап қосқан жоқ. Ақ босағамнан ақ батамды, ақ тілегімді алып аттандың әкең екеуміздің. “Көргенсіздің баласы дегіз бе!” деп осы босағадан кетіп бара жатқанда жеткізіп тұрып айттым. Әкеңнің тайшы атағы болмаса да, қойшы атағы бар емес пе? Неге ойламайсың әкеңнің абыройын? (Сұлудың бетіне қарап): - Ұрды дейін десем бет - жүзің сау. Еш жеріңді майып қылмапты. Көрген жердің баласы ғой күйеуің. Қате сенен шығар, қызым. Сөз көтере алмайтын еркелігің бар еді. Босағаға бойыңды үйретіп алған соң еркелігіңді көрсеткенсің де!

Сұлу(ашуланып): - Еркелесем не болыпты, мама? Қызықсыз!  Мені тыңдағысы келмейді. Керек десең мына ұлына да қарамайды. Қарай тұршы десең, атасы мен әжесіне берсейші шалдың баласы ғой деп шығады. Он бес күн жұмыста, он

 

2

бес күн үйде демалады. Сол он бес күнінде баласына қарап маған көмектеспейді ме? Менің айтқанымды жасағысы келмейді. Құрысыншы бәрі!

Раушан(мырс етіп):  - Әбден іщіңе жиналып қорланып қалыпты.(басын шайқап): - Ай, қызым - ай! Сонда саған көмектеспегені үшін, сенің айтқаныңа көніп, айдағағаныңа жүру керек қой сенің ойыңша. Солай ма?

Сұлу: - Енді бір отбасы емеспіз бе, мама?

Раушан: - Еркек түздің адамы. Оның нәпақасы мен несібесі сыртта. Сенің осылай киініп, асқа тойып жүргенің алдымен Құдай, содан кейін күйеуіңнің арқасы. Еркектің аты - еркек. Жаратылысынан Құдай еркекті әйелден бір саты биік, бақ пен ырысты, несібелі етіп жаратқан..

Сұлу(кекесін күліп): - Мама, сіз де...

Раушан(дауысын қатайтып): - Тыңда мені. Сен кімсің сонша? Сен егерде сол қыз дәуреніңді аңсайтын болсаң отырмадың ба үйде? Бара сала ата - енеңнен, күйеуіңнен билік алатын сен кімсің? Керек десең сенің әкең Әбуден осы уақытқа дейін билік алып көрген, билікке таласып көрген адам емеспін. Мына қолыңдағы балаң жиырмаға келмей саған билік жоқ. Оның өзінде жиырма жылдан кейін оған жете аласың, күйеуіңмен теңесе аласың егерде ақылың болса. Ол өзіңе байланысты. Сондықтанда сен ақылды болуың керек. Сен кімсің ол шаңыраққа барып мен сені билеймін деген. Оның дұрыс емес. Мен сені бұлай тәрбиелеген жоқпын. Сен әкең мен мені қара жерге қаратпа. Көргенсіздің қызы деген аттан аулақ жүр, қарағым. Міне, өз босағаңнан кеткеніңе бір жарым жыл болған жоқ. Менен ілген, менен алған тәрбиеңді көрсете алмай жүрсің деген сөз. Анау енең сені тәрбиелемейді. Ол тек саған бағыт - бағдар ғана береді. Сен соның бағыт - бағдарын түсіне білуің керек. Ақылға салып шеше білуің керек, айналайын.

Сұлу(жылап): - Жиырма жыл қайда?

Раушан: - Жиырма жыл дегенің сіріңкенің жанғанындай өтеді де, кетеді. (Сұлуды құшақтап, басынан иіскеп): - Ақылыңды шашпа. Отбасы болып, оның іргесін, шаңырағын шайқалтпай ұстау қиын. Тұр қазір әкең келіп қалар. Бұлай отырғаныңды көрсе не ойлайтынын кім білсін. Онсыз да мына Жәнібекті оқуға қалай апарамын деп қиналып бітті.

(Сұлу тұрып кетеді. Раушан үнсіз шәй ішіп отырады. Бір қолымен нәрестенің үстіне қонған шібін - шіркейді қағып. Сахнаға Нұртай шығады.)

Нұртай: - Сәлембердік, апа!

Раушан: - Аааа, Нұртайжан, сен бе? Бақытты бол, айналайын! Кел,  төрлет!

Нұртай: - Иә. Қалайсыздар? Амансыздар ма?

Раушан: - Еее, шүкір! Бір күй. Кел, шәй іш!

Нұртай: - Рахмет. Көкем қайда?

Раушан: - Мына көрші шалдарға кеткен шығар. Кеш батса осы төбенің шалдары жиналып, әңгіме - дүкен құратын әдеті.

Нұртай: - Бәйге төбеге жиналатын еді.

 

3

Раушан: - Күлтөбенің басында күнде жиын. Іштері пысқан шалдар ғой. Мына күннің ыстығында үйге сыймай кеш батса кебісін сүйреп кетеді. Құдалар аман ба?

Нұртай: - Аман, аман.

Раушан: - Иәәә. Бір ауылда отырып қонақ болып баруды қойдық қой. Қайда барсаң да ит тірлік әйтеуір. Кел шайыңды іш.

Нұртай: - Апа, Сұлу....

Раушан: - Асыңды іш, қарағым! Сұлудың шаруасы астан үлкен емес. Шешілер. Еркелігі ұстап жүрген де.

(Сұлу кіреді. Дастархан басында барлығы үнсіз тамақ ішіп отыр. Үнсіздікті Раушан бұзады)

Раушан: - Қарақтарым! Ойланып отырсам біздер не көрмедік. Әкең Әбу, Қайырлаш құда, керек десең, осы ауылдағы біз қатарлы, бізден үлкендерді қоса алайын. Аштықты да, соғысты да әке - шешеден,  көз алдымызда үзіліп кеткен бауырдан айырылу барлық қиындықты мына ақ басқан басымыздан өткіздік. Бірақ Алланың ісі деп бас идік, көндік. Жартылай сынған қазаннан ас ішіп, түбі тесік шелекпен су тасып, аттың жалында, түйенің қомында әлсіз әйел болсақ та еш өкінбей өмір сүріп, үй болып, сендерді өмірге алып келіп, бағып қақтық. Біз сонда да бақытты едік. “Халық жауы, байдың қызы” деп күн бермегенде де өмір сүрдім. Қанша өмірім қалды дейсің. Сендердің қит етсе ұрысқа шыдамай “кетем” деп қиғылық салып, отбасыларыңның ойран болып, ортасына түскенін көру қалды ма қойдың жасындай жасым қалғанда.

Нұртай: - Апа, айып етпеңіз! Осы жағдайға жетеді деп ойламадым.

Раушан: - Еңсеңді түсірме, айналайын! Сен осы үйге күйеу болсаң да ер адамсың. Мына отырған қызым сенің отбасың, сенің жарың, мына жатқан ұлыңның анасы. Қызымның көзінше айтамын, әйеліңе мықты бол! “Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды” дегеннің кері болмасын, айналайын. Сен анау сұңғыла Қайырлаш құдамның ұлысың, текті жердің азаматысың. Қара жерге қарайтын азамат емессің. Сондықтан әйеліңді қазық қылып, босағаңа дұрыстап тұрып қадағайсың. Себебі, ертең сенің ұрпағыңның қайтып айналар мықты босағасы болуы тиіс. “Қайрекеңнің баласына жібі байланыпты” деген сөзді естігенде әкесі Әбу қатты қуанған еді: “Қызым қор болмайтын жерге барған екен” деп. Сенімді ақтай білу керек, айналайын! (Сұлуға қарап): - Қызым, сені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бар тәрбиемізді беріп өсірдік. Әкең Әбу елге қатаң болып совхоздың басшысы болғанда, саған мамық төсектей жұмсақ болды. Еркелігіңді көтерді, сұрағаныңды берді. Кем қылмады. Басқа балаларындай емес, саған ерекше қарады. Сенің тәрбиең үшін мен тер төктім. “Балапан ұяда не көрсе, соны іледі” деген сөз бар. Сен менің берген тәрбиемді барған жеріңде үш жылда көрсете алмасаң, өзіңе сын. Одан кейін маған сын, айналайын. Демек, мен саған жеткізе алмағанмын. Ақылыңмен ойлан. Мына еріңнің әр жетістігінің артында сен тұратыныңды ұмытпа. Сен

 

4

саяз болсаң, ерің батпаққа батады. Бізге екеуіңнің тату - тәтті болғандарың қажет.

Сұлу(еңіреп жылап, Раушанды құшақтайды): - Мама, кешіріңізші. Сізді бұлай уайымға саламын деп ойламаппын.

Раушан: - Көз жасыңды сүрт, қызым! Еріңнің алдында абыройыңды төгу үшін емес, екеуіңе сабақ болсын деп айтып отырмын. Сендердің жақсы болғандарың бізге қуаныш. Ұғынды деп ойлаймын.

Нұржан: - Жақсы апа! Түсіндік. Екінші рет былай Сұлу алдыңызға келмейді деп уәде беремін.

Раушан: - “Төркіні жақынның төсегі жиналмас” деген қайта - қайта үйге шауып келуіңді қой. Ешқашан да еріңді бізге жамандама.

Сұлу: - Мама - ау!

Раушан: - Болды енді. Ақылыңды шашпа! Қазір әкең келеді. Жиналып үйлеріңе қайтыңдар. Құда мен құдағайдан ұят болмасын. Екі кештің ортасында жүрмеңдер. Жаман әдет.

(Екеуі жиналып, құндақты қолына алады. Сахнаның сыртына беттейді)

Раушан(құндақты иіскеп): - Жәмән жиен. Ертеңгі болашақтарыңнан үміт етсеңдер, алдымен өздеріңді тәрбиелең. Осыны есте ұстаңдар, қарақтарым! Жолдарың болсын! Құда мен құдағиға сәлем айтыңдар!

(Екеуі шығып кетеді. Раушан ауланың басында ілулі тұрған шелекті алып, мал саууға шығып кетеді. Әуен ойнап тұрады.)

 

ІІ бөлім.

(Төбенің басы. Кешкі мезгіл. Шегіртке шырылы. Ақ сүп көйлек-дамбал киген, басына шалып таққан ақ орамал, ірі денелі қария отыр. Тоқсанға таяса да тіп - тік.  Қолын көлегейлеп қарап қояды. Бұл  Қалдығұл.)

Қалдығұл(күбірлеп): - Қап, мына делқұлы кім болды екен? Өлтіретін болды - ау жылқыны! (Айқайлап): - Ай, атаңның аузы өлтірдің ғой! Қап! (Жан - жағына қарап): - Кім бар ау! Осындай кезде қасыңда адам да жоқ жүгіртіп жіберетін. Қой қазіргінің жастары оңбайды - ау, оңбайды.

(Осы кезде арт жағынан сахнаға Әбу мен Бимағанбет шығады. Әбу зор денелі, Бимағанбет арық, шымыр денелі. Екеуі құрдас.)

Әбу: - Ассалаумағалейкум ақсақал!

Бимағанбет: - Ассалаумағалейкум нағашеке!

Қалдығұл(жалт бұрылып): - Уағалейкумассалам! Ааа Әбужан сен бе? Амансыңдар ма? Мал - жандарың аман ба?

Әбу: - Иәәә мен ғой! Шүкір жақсы!

Бимағанбет: - Оу, нағашеке! Күн батып келе жатқанда таласып қиқу салып айқайлап отырғаныңа жол болсын. Осы уақытта жындардың көшетін уақыты дейтін еді жарықтық бұрынғының шалдары. Жын иектеп кеткеннен саумысың?

 

5

Қалдығұл: - Жағыңа жылан жұмыртқаласын. Тоқсанға келгенде не қылған жын мені иектейтін.  Ай сенен дұрыс сөз қашан шығады екен а? Апам болмағанда әлдеқашан көк есектің артына теріс міңгізіп жіберетін едім.

Бимағанбет(қарқылдап күліп): - Ойбай нағашеке қойдық. Әлі сенен таяқ жеп қалармын ау.

Әбу: - Ақсақал даусыңыз қатты шығып жатыр. Аманшылық па?

Қалдығұл: - Ой мына жерден жирен мінген бала шауып келіп анау жарқабақтан суға қарай секіріп кеткені. Соған айқайлап отыр едім.

Бимағанбет: - Төлеудің жындысы да. Жирен болса Төлеудің мініс аты ғой.

Қалдығұл: - Қайсысы?

Бимағанбет: - Кішісі.

Қалдығұл: - Ертең Төлеуге айтайын. Мына жүріспен малды өлтіреді.

Бимағанбет: - Күндегі әдеті. Оған жирені үйренген.

Қалдығұл: - Не дейді тағы?

Бимағанбет: - Таста оны нағашеке? Шақшаңыз бар ма? Өліп келе жатырмын. Басым ауырып. Өзімдікі бітіп қалыпты.

Қалдығұл: - Әй, қалтаңа салып ат. Саған беретін шақшам жоқ.

Бимағанбет: - Апаңның әруағын сыйламайсың ба? Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады деуші еді. Жиен назары жаман болады.

Қалдығұл: - Қап, мынаны ай!(қонышынан шақшасын алып): - Жиен ел болмайды деп еді. Ат та аузыңды жауып отыр.

Бимағанбет: - Әміріңізге құлдық нағашеке! (насыбайды ерінге тастап жіберіп): - Жарықтық ойййй көзім ашылды ғой. Бал татиды. 

Қалдығұл(Әбуге бұрылып): - Әбужан көптен бері сұрайын деп едім.

Әбу: - Сұраңыз, ақсақал.

Қалдығұл: - Құдайдың күні ыстық болып тұр. Шөп болса мынау қурап, сарғайып, тек қана сабағы қалды. Биылғы егіннің шығымы қалай?

Әбу: - Жылдағыдай емес. Шығымы аз. Ауылға жетер. Бірақ мына көрші ауылдарға жетпейді ау деп ойлап отырмын.

Қалдығұл: - Өзімде ойлап едім. “Қыс қамыңды жаз ойла” деген. Бір әрекетін жасамасақ елдің жантығы қырылып қалмаса не қылсын.

Әбу: - Дұрыс айтасыз, ақсақал. Жалпы биылғы жаздың лебі ұнамай тұр.

Қалдығұл: - Көктемнің басында жерден кілем секілді әдемі көтеріліп, көзді қуантып еді. Маусымның басында бір жауғаннан кейін жаңбыр да тамбады. Шөлге шыдайды деген көк жусанда мық болып өспей қалыпты. Естуімше, Үкілінің шөбі жақсы деп отыр. Тырмаға ілінеді. Көктей шауып алғаның дұрыс еді.

Әбу: - Оны шауып престедік, ақсақал!

Қалдығұл: - Бәрекелді, бәрекелді!

Бимағанбет: - Ол шөпті не істейсің? Үйіңде жалғыз түйеңнен басқа ештеңе жоқ. Шөпті қыс бойы өзің жейсің бе нағашеке?

 

6

Қалдығұл: - Қалжың қалжыңымен жиенжан. Ел бар ғой. Ел тоқ болса, біз де тоқпыз. Бұл елді еркектер болып қоғамдамасақ, арты үлкен таяқ болып өзімізге тиері анық. Оның үстіне совхоздың малы бар. Анау қарасудың жиегіндегі көлдің шөбін аяқ асты етпей шауып алуға болатын шығар?

Әбу: - Шабуға болады. Бірақ асты қара шірік қамыс араласып кеткен екен. Ол малға азық болар ма?

Қалдығұл: - Талғажау болады ғой. Жандығың жей қоймас. Ірі қара болмаса.

Әбу: - Жақсы ескерермін.

Қалдығұл: - Ескерермін дегенде кешегі бір шалдар бас қосқанда осы мәселені көтерген едім. Шалдар жағы үме жасап, бірігейік деп отыр. Олардың қай қайраты қалды дейсің! Сендердің өздерің жетпістен асып ізімізден еріп келесіңдер. (терең дем алып): - Жастардың басын қосып ұйымдастырсақ, әрі кетсе бір аптаның ішінде ат-көпірін шығарып тастамай ма?

Әбу: - Жақсы ақсақал. “Қалауын тапсың қар жанады” демекші реті табылар.

Қалдығұл(мырс етіп күліп): - Мына жиеннен ештеңе шықпас. Сенің көлеңкең болып жүре берсін.

Бимағанбет: - Сізге тартқанмын да. Отырып жұмсағанды жақсы көремін. Алпысты алқымдап ізіңнен еріп келемін.

Қалдығұл: - Ай сені сөзден жеңе алмаспын. Тілің мен жағыңа сүйенген марқұм жездемізге тартып кеткенсің.

Бимағанбет: - Қой ей нағашеке!

Қалдығұл(көкжиекке қарап): - Адамның жасы үлкейген сайын елдің қамын, ағайынның жыртысын ойлайды екенсің. Бұрынғы ақсақалдардың ісіне қарап күлетінбіз. “Ай осылардың біреудің ісіне араласып не қажеті бар еді. Қартайғанда жөндеріне отырмайды ма” деп сыртынан жақтырмайтынбыз. Енді міне өзіміз солардың кейпіне келдік. Ауылда дау - жанжал болса табыстыруға, біреуде жоқ болса жоғын толтыруға, жалпы қандай кем - кетік болсын, әйтеуір, ай дүние - ай зымыраған.

Бимағанбет(қарқылдап күліп): - Оу, сіз қоштасайын деп жатырмысыз. Ааа Әбу бізді шақыруында бір мән бар ма қалай? Өліп қалып бәлесін бізге артып кетпесін.

Әбу: - Сөз төркініңіздің қайда апарып соғарын біліп отырмын, ақсақал. Айтпағыңыз...

Қалдығұл: - Мүмкін топшылап отырған шығарсың.

Әбу: - Мүмкін. Бірақ айтқаныңыз дұрыс шығар.

Қалдығұл: - Ебестің баласы сенің замандасың құдайы қосқан қырық жылдық көршім ғой. Он күндей болды көңіл - күйі жоқ. Менің де бір тілімнің қотыры бар еді. Кесірім тимеді ме десем, “жоқ” дейді. Көмек керек пе десем, “бәрі жақсы” дейді. Содан үлкендігіме басып “Бір күні болмасын бәреуден естимін не болғанын! Кіммен шығысып ренжісіп жүрсің оны да айт! Ара ағайының болайын. Тек дұрысынан арыл” деп қыспаққа алып едім.

 

7

Бимағанбет: - Молдағали ма?

Қалдығұл: - Иә!

Бимағанбет: - Ол антұрғанға не болып жүр! Ондайы жоқ еді.

Қалдығұл: - Ағынан жарылып, “Әбумен арамызда қыртыс түсіп, жолдасым еді қатты айтып, шамына тидім. Бір - бірімізді көрместей болып кеттік. Енді сол жағдай жүрегі құрғырды жай таптырмай отырғаны” деген.

Әбу: - Ақсақал! Ол енді...

Қалдығұл: - Сөзімді бөлме, Әбужан! Айтайын дегенім екеуіңнің араларыңда қандай әңгіме жүрді, неге келіспей қалды о да менің шаруам жоқ. Менің бар ойым екеуіңнің араларыңдағы кикілжіңді басып, табыстыру.

Әбу: - Айтуыңыз орынды.

Қалдығұл: - Екеуің де ел азаматтарысыңдар. Адам бұл өмірде тұрмайды, көшеді. Алдыңғыларымыз қайда кетсе, менде, мына отырған сендерде кетесіңдер дәм - тұзымыз таусылғанда. Ел табаламасын десеңдер татуласыңдар. Араларыңда қыл өтпес жолдас едіңдер. Құдандалығыңда бар.(жан - жағына қарап): - Әне, өзі де келеді. Ақымақ болса бұл жерге келмес те еді.

Молдағали: - Ассалаумағалейкум ақсақал! Амансыңдар ма? Мал - жан аман ба?

Барлығы: - Уағалейкумассалам!

Қалдығұл: - Кел, жайғас! Шақыртуымды қабыл алып, сөзімді жерге тастамағаныңа рахмет!

Молдағали: - О, не дегеніңіз ақсақал! Үлкеннің сөзін аттау қазақшылығымызға жата ма?(Әбуге бұрылып): - Әбу мен...

Бимағанбет: - Бәтшағар, жасың жетпістен асқанда немене екеуіңді түлен түртіп жүр?

Молдағали: - Сол шайтан түртіп болмашы нәрсеге сөзге келіп қалдық емес пе?

Бимағанбет: - Не сөз ол мен білмейтін? Өлтірсеңдер де айтып өлтіріңдер!

Әбу(Бимағанбетке қолын көтеріп): - Тоқтатқанымыз дұрыс болар.

Молдағали(жүресінен Әбудің алдына отыра кетеді): - Әбу, ағаттық менен кетіпті.

Әбу(шошып орнынан атып тұрады): - Молдағали мұның не?

Молдағали: - Көзімнің ағы мен қарасы болған жалғыз ұлдың кесірінен сенімен сөзге келіп, жаға жыртыстым. Одан жаманы дүниеден өткен туған әкем мен шешемдей болған адамдардың әруағына тіл тигіздім. (еңкілдеп жылап): - Сол күні мен білгенімде тірілей терісін сыпырсаң да қыңқ демес ем. Кешір.

Әбу(Молдағалидың иығынан көтеріп): - Ит - ай! Сен менің алдымда былай отыруға тиісті емессің! Қанды көйлек досымсың. Қырғыннан аман келгенде сені тізерлетіп кешірім сұратқаным дұрыс деп ойлайсың ба? Еңсеңді көтер досым. Екінші менің алдымда тізерлеп кешірім сұрама. Маған да ауыр.

Молдағали: - Жоқ! Сен мені алдымен кешір.

Әбу: - Сені сол күні кешіргенмін. Сөзің сүйектен өтсе де, достығың мен

 

8

азаматтығыңды қалай ұмытайын. Көтер басты.

Молдағали: - Рахмет. Рахмет!

(Екеуі төс қағыстырып құшақтасады.)

Бимағанбет: - Ойбуууй мыналар! Ал енді қыз берісіп, қыз алысыңдар!

Қалдығұл: - Несі бар. Бір - біріне достардың құда болуы қандай бақыт!

Бимағанбет: - Ой алжыған немелер алпыстан асқанда....  ай, ай, ай!

Молдағали(қарқылдап күліп): - Ішің күйсе тұз жала, ит құрдас!

Қалдығұл(кеңк - кеңк күліп): - Өзіңе сол керек, жаман жиен. Ай, обалың жоқ.(үшеуіне сүйсіне қарап): - Ұзағынан болғай, ұзағынан болғай!

Молдағали: - Ақсақал, үйге жүріңіз! Келініңе ет салдыртамын. Жүр Әбу! Бүгін мен үшін той.

Бимағанбет: - Мен ше? Мен тоқалдан тудым ба?

Молдағали: - Ет асса нан қалмайды дегеннің кері. Біз қайда жүрсек, сен сонда емессің бе? Сенсіз қызық емес қой.

Бимағанбет: - Көкмойын бар ма?

Қалдығұл: - Әй, сен осы соны қозғамасаң болмай ма?

Бимағанбет: - О, да тұрған не бар? Молдағали айтқандай бүгін той.

Молдағали: - Ал жүріңдер! Тарттық үйге. Кел, ақсақал.

(Қалдығұлды екі жағынан қолтықтап тұрағызады.)

Қалдығұл: - Ойбай, ойбай! Мына аяғы құрғыр соңғы кезде бастырмай жүр. Үйелеген түйе құсап бір орнымда тыпырлаймын да қаламын.

Бимағанбет: - Ауырса үйіңде отырмайсың ба?

(Сахнадан шығып кетеді. Әуен ойнап тұрады.)

 

ІІІ бөлім

 

(Аула іші. Ошақта лаулап от жанып тұр. Сахнаға Раушан шығады. Қолында ыдыс. Ыңылдап өлең айтып жүреді.)

Раушан:

Айналайын, қарағыыым, айдан аппақ,

Сендей жарды ер жігіт, қайдан таппақ дедім ай, ай!

Көрген адам қасыңнан, кете алмайды ау

Мұз үстінде жүргендей, тайғанақтап дедім ай, ай!

Қайырмасы:

Алма ағаштың гүліндей ау

Текеметтің түріндей ау

Өтіп дәурен бара жатыр

Сіз бен бізге білінбей ау!

- Иәә, өмір деген осы екен ау! Зыр айналып көз алдыңнан өте береді.

(Әннің орта тұсында сахнаға Қымбат кіреді)

Қымбат: - Мәәә, абысын - ау әнші екенсіз ғой.

 

9

Раушан(шошып кетеді): - Көтек. Тұқымың көбейгір! Қашан келіп қалдың?(сәкінің бұрышына отыра кетеді): - Жүрегім соғып кетті.

Қымбат: - Ойбай абысын қайдан білейін? Сізді қорқытамын деп ойламадым.

Раушан: - Көк желкеңнен келіп аяқ асты дыбыстаса неге қорықпайсың? Кел отыр.

Қымбат: - Жо - жоқ! Сізден ағаш ет салатын астауды ала тұрайын деп сұрап келгем. Үйге ана қайныңыз қонақ ертіп келіп, ет сал дегесін.

Раушан: - Аааа. “Қонақ келсе, құт келді” дейді. Сарайға кіріп ал. Кіре беріс жерде оң жағыңда тұр.

Қымбат: - А жақсы. Қазір.(кіріп алып шығады): - Абысын?

Раушан: - Ау!

Қымбат: - Осы сіздің сарайға кірсем, сондай керемет иіс шығады. Әтірдің иісі десем оған келмейді.

Раушан(күліп): - Ит жуаның иісі ғой.

Қымбат: - Ит жуасы несі?

Раушан: - Кәдімгі ит жуа ше көктемде құмда өсетін. Соның сабағын кептіріп, шамалы тұз сеуіп, жүгерінің басындағы шашақты қосып, дәкеден кішкене қалтаға салып іліп қойып едім. Жазда сасық иісті басады, қыста тамаққа дәм береді.

Қымбат: - Ойбай, абысын маған да беріңізші. Мен де іліп қояйын. Иісі керемет.

Раушан: - Тұқымың өскір - ау өзің неге жасап алмайсың?

Қымбат: - Уақыт жоқ.

Раушан: - Уақыт жоғы несі ей мынаның! (кіріп алып береді): - Осы сенің жалқаулығың бар ғой. Аяғыңа оратылып жатқан бала жоқ. Сексеннен асқан енең бар. Ол да басыңа масыл болмай өз аяғымен жүр. Қатын емеспісің. Ана Қырықбайыңды жүгіртіп жіберсең ғой шауып барып жинап әкеле қояды.

Қымбат: - Қайтейін. Қу тірліктің қамымен үй мен жұмыстың ортасында екі етек болып сүрініп өлейін деп жүрмін.

Раушан: - Өлейін деп дейді. Хатшы емеспісің. Таза киініп, барып - қайтып жүрсің.

Қымбат: - Оның үстіне Қырықбайым түнімен ауырып.

Раушан: - Қай жері?

Қымбат: - Тамағы. Сыртта ойнап жүріп, ентігіп келіп қара мұздай су ішеді. Бір жөтел тап болды. Бір аптадай болды. Түн баласы қақылдайды да жатады. Енді кеше ыстығы көтеріліп.

Раушан: - Доғдырға көрсетпедің бе?

Қымбат: - Солардың дәрісінің өзінен ем қонбай отыр.

Раушан: - Жылма жасап, жалат та, жылы орап таста.

Қымбат: - Жылма деген не бәле тағы?

Раушан: - Жылма - көк жөтелдің емі. Енең біледі емес пе?

Қымбат: - Ол кісіде ми қалды ма? Кейде қойған затын ұмытып бізден сұрап жүреді.

 

10

Раушан: - Былай жаса. Түйенің бір үлкен кесе сүтіне, тортасынан айырылған майды араластыр. Ол да бір үлкен кесенің көлемі болуы тиіс. Араластырып қайнат. Қайнап жатқан кезде қара бұрыш пен екі бас қалампырды салып жібер. Қайнап - қайнап, өзі қоймалжың болады. Ағаш қасықпен жалат. Жақсы болады.

Қымбат: - Қасықпен асатып жіберсе ше?

Раушан: - Мен не деймін, домбырам не деді? Тек қана жалат. Асатып берме. Баланы өлтіріп аласың.

Қымбат: - Ауыр ма?

Раушан: - Асатып жегенді бала түгілі үлкен де көтере алмайды. Бәнкіге салып сақтап қой. Салқын жерге. Бұзылып кетпесін.

Қымбат: - Аааа жақсы, жақсы.

Раушан: - Нан ауыз тиіп кет. Жаман қайным тастап кетіп жүрер.

Қымбат(күліп): - Пффф. О да не қалды дейсің қараң қалғыр.

Раушан: - Еркек дегенде ес бола ма?

Қымбат: - Ой, абысын, қойыңызшы!(селк ете қалады): - Үйбүүүйй, қараң қалғыр - ай!

Раушан: - Тағы не болды?

Қымбат(сахнаның сыртына жүгіре жөнеледі): - Қазанға сүт қайнатып жатыр едім. Ұмытып кетіппін.

Раушан(басын шайқап): - Ай, алаңғасарым - ай!

(Сахнаға Әбу кіреді. Соңында Бимағамбет пен Молдағали)

Әбу: - Кемпір! Ау, кемпір!

Раушан: - Бармын! Жүрмін ғой.

Әбу: - Шай қой. Қазан көтер. Қонақ алып келе жатырмын.

Бимағамбет: - Армысың, ақ кемпір!

Раушан: - Сен - ақ осы. Мана таңертең көрген жоқсың ба?

Молдағали: - Амансың ба, бәйбіше?

Раушан: - Оййй, Молдаш екен ғой. Кел, кел, төрлет!

Бимағамбет: - Маған айтпайсың ба?

Раушан: - Сен осы үйдің баласы болдың ғой.

Бимағамбет: - Ой, біздің ақ кемпір сұлу ғой. Ай деймін да баяғыда мына дәуден ертерек кездескенде өзім қағып алатын едім. Ақ кемпір мәләдес қой аааа!

Раушан: - Саған тимес едім. Жалмауыз өтірік мақтама.

Әбу: - Менің кемпіріме әңгіме айтпаңдар. Ала алмай іштерің күйсе тұз жалаң.(Раушанға бұрылып): - Қазаныңды көтер.

Раушан: - Ет пісіп қалған шығар. Мана салып қойғанмын.

Әбу: - Әне, менің кемпірімдей болсын барлығы.

Раушан: - Молдаш амансың ба? Өкпе - назың мен ренішіңді ауланың сыртына қалдырды деп ойлаймын.

11

Молдағали: - Әбекеңнің бәйбішесі - ау! Бізде не өкпе бар дейсің. Пенде болғасын қателік болады да.

Раушан: - Шалыммен араларыңдағы кірбіңді естіп ыңғайсызданып едім. Жақсылықтың кеші жоқ. Күні бойы оң қабағым тартып еді осыған көрінгені ғой. Кел, төрлет.

Молдағали: - Осылай айтпасаң Раушан болармысың. Ниетің мен пейіліңе ризамын.

Әбу(Бимағамбетке ымдап): - Бағанағы қайда?

Бимағамбет(қойнын сипалап): - Мында тұр ғой.

Әбу: - Шығар. Бүгінгі күнді атап өтпесек болмайды.

Бимағамбет: - Ақ кемпірден рұқсат сұрайық та алдымен.

Әбу: - Ой не оттап отырсың! Бұл үйдің отағасы мен. Керек десең Тимөшөнканың қолынан орден алғанымды ұмытып кеттің бе?

Раушан: - Мына бәлені қашан қоясыңдар осы? Ата сақалдарың ауыздарыңа түсті ғой.

Әбу: - Мына Бимағамбет қой қоймаған. Атап өтейік деген соң.

Раушан: - Иии алжығандар. Молдашты білмеймін, екеуіңді ғой бүлдіріп жүрген. Біреуіңнің көзің сықсиып тышқанның көзіне ұқсап, біреуің қазанның түп күйесі болып алып, құлқыңдарың кеуіп бара ма?

Әбу: - Ақ кемпір. Соңғы рет.

Бимағамбет: - Енді не істейміз?

Раушан(мырс етіп күліп): - Түрің құрысын! Аяқ асты мүсәпір бола қалуын қараш.

Әбу: - Қанды көйлек достарым! Бір окопта жатқан. Қалай бұлардың көңілін қалдырайын.

Бимағамбет: - Сол ғой, сол. Біз не көрмедік.

Раушан(күліп, басын шайқап): - Шабуыл болса артынан жүріп, қашса алдымен қашқан шығарсыңдар. Қазір алып келейін. Ағарған керек пе?

Әбу: - Міне, мынауың жөн болды кемпірім. Әкел ағарғаныңды. Мыналардың алдында абыройымды төге ме деп едім. Әбудің кемпірі ақылды ғой. Солай ма Бимағамбет?

(Раушан шығып кетеді.)

Бимағамбет: - Солай, солай.

Әбу: - Шақшаңды бер.

Молдағали: - Әбеке кемпірді соққан ғой.

Бимағамбет: - Ойбай бұл ашуланса құрыдық. Былай ақылды негізі.

(Сырттан машинаның тоқтаған дауысы естіледі.)

Әбу: - Біреу келді ме?

Молдағали: - Көршінің үйіне келген көлік шығар. Мамайдың үйіне қонақтар келеді деп естігем.

Дауыс: - Досжанның Әбуінің үйіме? Үйде кім бар?

 

12

Әбу: - Иә, Әбудің үйі. Кімсің?

Дауыс: - Құдайы қонақпын.

Әбу: - Құдайы қонақ болсаңыз. Төрлет!

(Сахнаға үстінде мауыты шапан, басында тақия, аяғынды мәсі киген, иығында дорбасы бар ақ сақалды қария кіреді. Бұл - Атажан.)

Атажан: - Ассалаумағалейкум шаңырақ!

Әбу(орнына тұрып): - Уағалейкумассалам ақсақал!

(Барлығы орнынан тұрып амандасады)

Атажан: - Көп жасаңдар, айналайындар!

Әбу: - Жол болсын ақсақал!

Атажан: - Әлей болсын, қарағым! Жоғалғанымды іздеп жүрген жан едім.

Әбу: - Төрлетіңіз! Жоғалған болса табылар. Табылмаса орнына толықтырамыз ақсақал.

Атажан: - Рахмет, айналайын! Ниетіңе рахмет. Жоғалғаным осы сенің шаңырағыңа қонақтапты.

Раушан(сахнаға шығады. Қолында ыдыс салынған подносы бар): - Сәлембердік аға!

Атажан: - Амансың ба, айналайын! Көп жаса!

Әбу: - Жоғалған нәрсеңіз не ол? Әлде үйдегі жүгірмек бірдеңе бүлдірді ме?

Атажан: - Ол сенің босағаңда. Әйтпесе мың шақырым жүріп іздеп келмес едім.

Әбу: - Менің шаңырағымнан табылса, ат - тон айыбымды қоса берейін ақсақал.

Атажан: - Айналайын сөзіңе разы болдым. Ата тәрбиесін көрген азамат екенсің. (Раушанға қарап): - Маған таңдай жібітер сусының бар ма қарағым?

Раушан: - Бар, бар аға. Қазір алып келейін. Деміңізді баса тұрыңыз.

Әбу: - Шалап қылып әкеп бер. (Атажанға бұрылып): - Ал, ақсақал жөніңізді айта отырыңыз. Қайдан келесіз?

Атажан(күрсініп): - Атажұрттан келемін. Доңызтаудан.

Молдағали: - Мына Доңызтаудан ба?

Атажан: - Иәә. Орнында ештеңе қалмапты. Көңіліп құлағзып, көкірегім қарс айырылды. Тек қана санамды шиырлаған балалық пен жастықтың іздері ғана қалыпты. Ой, дүние - ай! Алпыс жылдан кейін көрген көрінісім осы. Тұрып жүре бердім. Оймауыттың қалың құмында ел отыр екен. Бір күн тұрақтап жоғымды сұрастырып, елдің айтуымен сенің шаңырағыңа келіп отырған жағдайым осы.

Әбу: - Демек, Доңызтауға атажұртқа барсаңыз біздің елдің адамы болдыңыз ғой.

Атажан: - Кіндік қаным тамған жерім Доңызтауым. Ел басына зұлмат туғанға дейін, мамыражай уақытта әкемнің жайлаған жері еді. Ел басына күн туып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткенде үйірімнен адасып, ағайынды жоғалтып алған бейбақпын. (күрсініп): - Бір әкеден тараған екеу едік. Өзімнен бір мүшел кіші жан дегенде жалғыз қарындасымнан айырылып, қудаланып,

 

13

арты сотталып кете бардым. Кеудемде жаным болса іздеп табамын деп уәде бергем. Енді, міне жоғым табылды. Ол сенің босағаңда.

Әбу: - Ақсақал сіз сонда....?(орнына атып тұрды): - Раушан, Раушан сүйінші!

Раушан(қолында кесесі жүгіріп): - Ау, отағасы!

Әбу: - Раушан мына ақсақал...

Атажан(орынынан тұрып Раушанға беттеді): - Рәштай жарығым, ботам, бауырым!

Раушан: - Сіз кім дедіңіз. Рәштай дедіңіз бе? Былай тек менің ағаекем...

Атажан(кемсеңдеп): - Иәә сол ағекең...

Раушан(қолынан ыдыс түсіп кетеді): - Аға, ағаекем! Бұл қалай? Шынымен бе? Өңім бе, түсім бе? Шынымен...

(Раушан бір - екі аттап есінен айырылып құлай береді. Атажан шалт қимылмен құшақтап отыра береді.)

Раушан(есі кіресілі - шығасылы): - Аға, ағаекем! Жарығым! Бауырым! Жалғызым!    

Атажан: - Жарығым. Рәштайым!

(Екеуі құшақтасып еңкілдеп жылайды. Әуен ойнатылады.)

Әбу(Атажанды қолтықтап тұрғызып): - Ақсақал, аға мында отырыңыз. Раушан қоя ғой. (Екеуін сәкіге отырғызады): - Сабыр етіңіздер. Қуаныш қой. (Бимағамбет пен Молдағалиге қарап): - Екеуің не істеп тұрсыңдар?

Бимағамбет: - Есімді жинай алмай тұрмын.

Молдағали: - Не болып кетті?

Әбу: - Бимағамбет сен қораға барып көк ісекті жайрата бер. Раушанымның дұғасына бір Құдай жауап беріпті. Бұл қуаныш қой. Ал сен, үйге кіріп құдаға телефон соқ. Сұлуды да ала келсін. Қалдығұл ақсақалға соға сал болмаса айналадағы балаларды жүгіртіп жібер. Қонақпен бірге болсын. Мен орталықтағы дүкенге барып келейін. Раушан қамдан. Отыра бермейік. Ағаны үйге кіргізіп, төрге төсек салып бер. Мызғып алсын.

(Үшеуі шығып кетеді. Әуен ойнатылып, жарық сөнеді.)

 

IV бөлім.

(Түн. Шегіртке шырылы. Сахна сыртынан қолына құман ұстаған Атажан кіреді. Сәкінің бұрышына отырып бетін сумен шылайды. Түнгі аспанға қарап көкірегін кере демалып, күбірлейді.)

Атажан: - Ой, Аллай, шүкір, шүкір. Тек арты тыныш болсын. (Ыңылдап):

Көшкенде жылқы айдаймын ааа хоооуууу даламенен,

Аулыңа барушы едім оууу қаламенен.

Әридаш ау, әридаш!

Раушан(сахнаға шығып): - Аға!

Атажан: - Ау! Рәштай! Кел, кел мында отыр.

Раушан(қасына отырады): - Демалмадыңыз ба? Төсек салып қойдым. Ертең балалар келеді. Тағы қонақасы болады. Шаршайсыз ғой.

 

14

Атажан: - Көзімнің қарашығы сені тапқанда мен неге шаршаймын ааа! Айтшы Әкемнің аманатын тапқанда мен неге шаршайын?(құшақтап маңдайынан иіскеп): - Сол бала, сәби кезіңдегі иіс қой. Жүрегім жарылардай болып отыр.

Раушан(кемсеңдеп): - Аға, сізді қатты сағындым.

Атажан: - Мен сағынбады дейсің бе, қарашығым! Қаншама түндер бір Құдайдан сұрадым. Іздедім. Аласұрдым. Көз алдымда жоғалтып алдым емес пе? (құшақтап): - Жылама, Рәштай! Ағекең қасыңда болады енді.

Раушан: - Аға, қуаныштың көз жасы ғой. Әкем тіріліп келгендей күй кешіп отырмын. Қайтейін. (қолынан ұстап): - Аға!

Атажан: - Ау, қалқам!

Раушан: - Әкем мен анамның сүйегі қай жерде жатыр? Бастарына сүйеніш бола алмай, көкірегімді ауыр мұң басады да тұрады. Соңғы рет әкемді қудалаған да бір көрдім. Сеңдей сапырылысқан сол бір қара түнді қарғыс атсын! Сіздің тас қараңғыда “Рәштай қаш, қаш! Тоқтама! Өзім тауып аламын” - деген жанталасқан айқайың әлі құлағымнан кетер емес.

Атажан(күрсініп): - Сол түні... Ай дүние - ай десейші! Кім ойлаған. Жағамыз жайлауда жатқан ойымызда ештеңе жоқ еді ау. Анамыздың сары қымызын сапырып ішіп, былқыған бағланның етін жеп, ән - күймен отыр едік - ау! Бәрі аяқ - астынан болды ғой.

Раушан: - Иәә, иәә! Мен ол кезде мүшелден асқан жасөспірім қыз едім. Үлкен үйде қатты ұйықтап кетіппін. Айқай - шудан ояндым. Есім кіресілі - шығасылы. Анамның айқайы, әкемнің жанталасқаны, жылаған балалар. Жалаң аяқ қаша беріппін.

Атажан: - Сол түні анамызға қаңғыған оқ тиді. Әкеміз басын құшақтап отыр екен. Әкем анамды жұлқылап жатыр екен. Қасына жүгіріп барып отыра кеттім. Жиырма бесте болсам да тілім күрметілді де қалды. Әкемнің ақырған даусынан есімді жидым. “Раушанды тап, ізде” деп дауыстап айтып жатыр екен. Үлкен үйге жүгіре басып кірсем сен орныңда жоқсың. Айқайладым. Әкеме не бетімді айтамын. Шыр айналып іздедім. Сені естір деп қаш деп айқайлағаным сол еді. Естіген екенсің ғой. Қайтып айналып барсам әкемді қоршап алыпты иттер. Анамыз көкірегінен тиген оқтан көз жұмыпты. Әкемді қолынан қайырып дедектетіп сүйрей жөнелді. Ештеңе істей алмадым. Құтқарып алайын десем мына жағымда анамның сүйегі, мына жағымда сен. Не істерімді білмей қараңғыға сіңіп кете бардым.

Раушан: - Анамды ше солай тастадың ба аға?

Атажан: - Жоқ, қалқам. Бізді дүниеге алып келген анамыздың бетін жасырмасам сүйегіме таң ба емес пе? Таң ата қайтып бардым. Сүйегін алып, жылап отырып қара жерге тапсырдым. Сондағы анамның жүзі сондай кіршіксіз, сондай аппақ болып, ұйықтап жатырған адам секілді. Жарықтық мәңгілік сағынышым болды ғой.

Раушан(ентелей): - Әкем ше? Одан кейін әкемді көрдіңіз бе?

 

15

Атажан: - Анамды жер қойнына тапсырып, сені таба алмай сайда отырғанымда, жылқышы Ораз келе қалмасы бар ма! Соның айтуымен әкемнің қайда екенін білдім.

Раушан:   - Әйәй жеңгем ше?

Атажан: - Жанталас болып жатқан кезде жеңгең екі баланы алып қашып отырып жолда жылқышы Оразға кездесіпті. Ораз Доңызтаудағы жылқышылардың лашығына жеткізіп тастап, ауылға қарай барып тірі қалғандарды, қашқандарды жинастырып Доңызтауға жол көрсетіп жіберіпті. Жарықтық Оразды әкем қатты құрметтейтін еді. Адамгерішілігі мен иманы қатар жүретін  азамат деп. Батыр да еді ғой.

Раушан(көзін сүртіп): - Сол Ораз тәтем ғой мені осы елге алып келген. “Бекеңнің аманатына қиянат жасатпаймын” деп қорған болды. Сіздерді сұрағанымда, “көп кешікпей келеді” деп еді - ау.

Атажан: - Солай ма? Қашқан ел Үстірттен асқан кезде кездестірген  ғой сені.

Раушан: - Әкем...

Атажан: - Әкемді сол жылқышы Ораздан білдім. Қоян тақырдың иініндегі Тасқара байдың қорасына қамапты. Қораның сыртына күзет қойған екен. Аңдып жүріп түнде қораның үрмесінен кірдім. Мойындарында ағаш қамыт. Әкем, Тасқара, Тасқараның баласы Жолдыбай тағы да бірнеше адам жатыр. Әкемнің әдемі жүзінен ештеңе қалмапты. Иттер әбден ұрып - соққан. Уақыт тар. Қолымнан қысып отырып “сені іздеп тап” деді. Анамды жерлегенімді айттым. “Алып кетемін” деп едім болмады. “Көп болсақ ұсталып қаламыз. Менен енді қайран жоқ. Мына зұлымдар ертең үкімін шығарады. Сен одан да мынаны ал да қарындасыңды тауып соған бер. Анаңның аманаты еді. Мойнымда қарыз болып кетпесін. Енді кет. Аман бол, қарағым! Болашаққа жеткізерсің” деді.  Қол басындай шүберекке оралған затты берді. Содан шығып алып ертеңін күттім. Мүмкін босатар деп. Болмады. Күн шыға әкемнен бастап жеті адамды үкімсіз ақ атып тастады.

Раушан: - Жаным  - ай! Әулием - ай!

Атажан: - Жылама жарығым! Тағдырдан қашып құтыла алмайсың.(күрсініп): -Тасқараның ауылын торып жүрдім. Бір апта бойы жатып алды қанішерлер! Әкемнің денесін алып кетіп жер қойнына тапсырамын деп торуылдап жүргенде Оразды кездестіріп қалдым.  Сөйтсем әкемді көрсетіп, ұстатып, аттырған Торсық екен.

Раушан: - Әлі шалдың баласы ма?

Атажан: - Иә. Оқысын - тоқысын, білімін жинағасын ауылдан мектеп аштырып беремін деп отырған, оқуының ақысына дейін мал сатып төлеген, жақсылық жасаған әкемді сатып кетіпті. Сол арасын түсінбедім. Адамға жақсылық жасасаң алдыңнан шығады деуші еді.

Раушан: - Обалы жібермегір! Әкеміздің не кінәсі бар еді? Тіпті керек десең ауылдың адамдарының не жазығы бар?

 

16

Атажан: - Содан әкемнің мүрдесін ала алмадым. Тасқара ауылының адамдары арулап жетеуін де көмді. Ораздың айтуы бойынша мені Торсық қолына шам алып іздеп жүр екен. Елден кетуімді қалады. Сол жерден қош айтысып, бетімді ауылға бұрдым. Бар ойым кек алу болды. Іздеп барып кірдім үйіне. Төрде ас ішіп отыр екен. Бірақ бәрі кеш. Менің келетінімді білді ме, сезді ме үш әскери адаммен отыр екен. Бақсам бақай екен астындағы аттарын тығып тастапты. “Әттең” деп тілімді тістеген күйі қолдарына түсіп қалдым. Ішімде кетті. Сол ыржалаңдаған бейнесі көз алдымнан кетпейді.

Раушан: - Неге бардыңыз? Ең болмаса мені ойламадыңыз ба ағаеке.

Атажан: - Қайтейін. Намыс жібермеді. Сол кеткеннен Сібір асырып жіберді. “Құлақ”, “Байдың баласы” деген лақап атпен кете бардым, қарағым. Қашан ақталып шығып, босағанша сол сібірде ит қорлықты көріп шықтым. Адамның жаны сірі болады екен. Мені үміт өлтірмеді. Бірақ сенен хабар болмағасын елден өтіп Нөкістен бір шықтым. Елге қайтып айналып келуге дәтім мен жүрегім дауаламады. Әйәй жеңгең мен балаларды тауып табыстым. Қазір шүкір.

Раушан: - Әйәй жеңгем бар ма, тірі ме? Балалар аман ба?

Атажан: - Бәрі аман жарығым. Құдайдың құдіреті шексіз деген көрер жарығым бар екен. Сен де көрдім. Енді жанымды алса да болады.

Раушан: - Аға не айтып отырсыз? Сізді көріп көңілім бірленгенде қайтадан айырылсам көтере аламын ба?

Атажан: - Айтпақшы(шапанының ішкі қалтасынан зат алып): - Мынаны Торсықтан кек алуға бара жатып анамның қабірінің басына көміп кеткенмін. Кеше барғанда зорға таптым. Басына қашап тас қойылыпты. Жылқышы Ораздың жасаған ісі деп ойладым. Құдай разы болсын оған, жарықтық.

Раушан: - Бұл не аға?

Атажан: - Әкем мен анамның аманаты. Есіңде болса анамыз ұзатылғандағы сәукеледе осы гаухар тас болатын. Сол тас. Анамыз айтып отыратын Рәштайым ұзатылса осыны тағамын деп. Бұқара шеберінің қолынан шыққан. Аманатын тапсырдым саған.

Раушан(ашып қарап өксіп жылап кеудесіне басты): - Жандарым - ай қайтейін! Қайтейін! Кетіп бара жатып та менің жағдайымды ойлаған жандарым - ай.

Атажан(құшақтап): - Жылама жарығым. Осыдан бір ай бұрын түсіме жарықтық әкем кірді. “Менің аманатымды жеткіз!” деп бұйырды. Оянып кетсем таңға жуық екен. Түсіндім содан сенің мына жарық дүниеде жер басып жүргеніңді. Шығарда бір мал садақамды беріп жолға шығып, туған жерге барып әкем мен анамның басына соғып аят оқыдым. Сұрастырсам сені осында деген соң қатты қуандым. Міне, енді қасымда отырсың. Шүкір.

Раушан: - Аға, мені басына апаршы.

Атажан: - Міндетті түрде апарамын қарағым.

 

17

Раушан: - Ой, дүние ай десейші. Жастайымыздан бір - бірімізден айырылып, қартайғанда кім ойлаған табысатынымызды. Аға?

Атажан: - Ау, Рәштай!

Раушан: - Елге көшіп келмейсіздер ме?

Атажан: - Бұйыртса ойымызда бар. Келер жылы кеудемде жаным болса келемін. Балалар да туған елге қоныс аударайық дейді. Жеңгең науқастанып қалып болмай жүр. Ол шіркін де не қиындық көрмеді.

Раушан: - Иәә. Тек балаларымыздың басына бермесін.

Атажан: - Менің де тілегім сол, қарағым. Тек амандық болсын. Заман тыныш қой қазір.

(Үнсіздік. Атажан аспанға қарап отыр. Әуен ойнатылады)

Атажан(үнсіздікті бұзып): - Осы бір жұлдызды елге келгеннен бері байқап жүрмін. Көкжиектен түспейді.

Раушан: - Иәә аға. Мен де байқадым. Әбуден сұрасам “қой білмеймін” дейді.

Атажан: - Жарықтық әкем айтып отырушы еді. Бұл жұздыздың атауы ұмытпасам - Өмірзая. Сол жылы да, анау зұлматта да көрініп еді көкжиектен. Әкем сонда бір мал садақа берген еді. Елдің басына қауіп төндіретін белгі деп. Жарықтықтар не деген данышпандар еді.

Раушан: - Құдай сақтасын аға. Мына сөзіңіз денемді түршіктіріп, біреу мұздай су құйып жібергендей болды.

Атажан: - Білгенімді, естігенімді айтып отырмын. Үлкендер біліп айтады.

Раушан: - Бәрі бір құдайдың қолында. Жақсы ойлайықшы.

Атажан: - Дұрыс айтасың қарағым. Таңда атып келеді екен. Дәретімді алайын. Намазымның уақыты болыпты.

Раушан: - Су жылытайын аға. Жатып демалыңыз.

Атажан: - Жақсы қарағым.

(Раушан шығып кетеді. Атажан аспанға жұлдызға көз алмайқарап отырады)

Атажан(күрсініп): - Қандай жамандықты шақырып тұр екенсің. Қаракөздерім аман болсын тек.

(Жарық сөніп, әуен ойнатылады)

 

V бөлім

(Әбу бөлмеде отыр. Қолында шақшасы. Алақанымен үгіп ерінге атып жібереді. Қолына жәшіктің үстіндегі телефонның тұтқасын алып, тере бастайды. Көзінде көзілдірік.)

Әбу: - Әллө, әллө Сақтағанның үйі ме? Ііі Балзипасың ба?

Дауыс: - Иәә Балзипамын. Кім екен?

Әбу: - Ақтөбеден соғып тұрмын. Амансыңдар ма?

Дауыс: - Әбу сен бе? Амансыңдар ма? Ел - жұрт аман ба?

 

18

Әбу: - Сондай шүкір. Бала - шағаларың аман ба? Сақтаған қалай?

Дауыс: - Шүкір жақсы! Дені сау досыңның.

Әбу: - Ай, ол антұрған мені ұмытып кетті - ау! Қайда өзі? Біздің баланың жағдайы қалай? Түсті ме оқуына?

Дауыс: - Соның шаруасына кетіп еді. Енді келіп қалар. Жақсы, жақсы балаңның жағдайы. Оны қарамасақ сен қақпастан таяқ жейміз ғой.

Әбу(кеңк - кеңк шалқалай күліп): - Әй, сен кемпір телефонның ар жағында тұрып күш жинап алыпсың ай, а? Немістен қорықпаған Сақтағанды қорқытып тастағанбысың?

Дауыс: - Сенің досың менен қорқа қоймас. Мінездерің иттің мінезі емес пе? Дегенін орындатады. Күшім келмей жатыр. Раушанның денсаулығы қалай?

Әбу: - Ақ кемпірім жақсы шауып жүр. Менің досым соғыста кәмәндір болған. Жаудан қорықпаған жүрек жаман кемпірден қорқады деймісің.

Дауыс: - Оййй осы екеуің мақтансаңдар жерге сыймай кетесіңдер.

Әбу: - Балзипа!

Дауыс: - Ау!

Әбу: - Бүгін пәсілкіні жібердім. Алдында досым киіктің қуырдағын сағынып жүрмін деп еді. Кептіріп салып жібердім. Өзің барып алып жүрме. Салмақтылау. Досымды жіберіп алдырарсың.

Дауыс: - Ааа. Тағы есімді тандыратын болды ғой досың. Күнде қуырдақ қуыртып.

Әбу: - Әй, сен кемпір досымның жағдайын жаса давай.

Дауыс: - Әәәә міне өзі де келді.

Әбу: - Кім?

Дауыс: - Сақтаған.

Әбу: - Әллө, әллө!

Дауыс: - Амансың ба Әбеке?

Әбу: - Оооо қанды көйлегім, амансың ба?

Дауыс: - Аман, аман.

Әбу: - Ал, не істеді біздің бала?

Дауыс: - Бала жарап тұр Әбеке. Құтты болсын. Емтиханнан өтіп, Нархозға түсті.

Әбу: - Әп - бәрекелді! Сенің еңбегің. Сендей азаматпен дос болғаныма шүкір. Қуанышты хабар екен.

Дауыс: - Иәә. Сол қуанып жатырмыз. Әбеке?

Әбу: - Ау!

Дауыс: - Бала қала берсін осында. Қалаға үйренсін. Қанша дегенмен Алматы үлкен қала. Қасымда болады. Оқуы басталған соң жатақханасына жатқызамын. Қаражат салып әуре болма.

Әбу: - Қаражатты сенің қалтаңа түсіріп мені жынды деймісің? Онсызда көмегіңді аяп жатқан жоқсың

 

19

Дауыс: - О не дегенің! Сенің азаматтығыңа күмін келтірмеймін. Сенің балаң менің де балам ғой. Ренжітпе мені.

Әбу: - Сенің осылай дейтініңді білгем. Жарайды. Қалсын. Бір ауыз орысша білмейді қалай болар екен.

Дауыс: - Әй сен екеуміз соғысқа барғанда орысша біліп пе едік. Үйренеді.

Әбу: - Түсінікті. Сақтаған?

Дауыс: - Айта бер Әбеке.

Әбу: - Алдындағы тапсырмаңды пәсілкімен жібердім бүгін.

Дауыс: - Нені?

Әбу: - Ой енеңді ұрайын. Киіктің еті.

Дауыс: - А болды, болды.

Әбу: - Сақтаған, мынау ыңылдап жатыр уақыт болды деп. Амандықта жолығайық. Тағы да салып жіберемін.

Дауыс: - Жақсы, жақсы. Балаңды уайымдама.

Әбу: - Еті сенікі, сүйегі менікі. Адам етіп шығар.

Дауыс: - Так точно, жолдас лейтенант.

Әбу(күліп): - Свободен! Аман бол!

(Телефонның тұтқасын қойып, отырып қалады. Мырс етіп күліп, басын шайқайды.)

Әбу(бар даусымен): - Раушан! Ааа кемпір! Ей мынаның құлағы керек болып қалған ба? Раушан деймін! Раушан!

Раушан(кіріп келеді): - Не болды өлгенше айқайлап?. Осы сені жау шабады да отырады.

Әбу(Раушанды құшақтап): - Ал, кемпір жумайсың ба?

Раушан(иығын сілкіп): - Осы сенікі не әдет. Біреу тышсада жуу. Ата сақалың аузыңа келгенде.

Әбу: - Не дейді мынау!

Раушан: - Түрің құрсын! Көзің іннің аузында отырған тышқанның көзі секілді жылт - жылт еткен.

Әбу: - Менің түріме не болыпты? Осы түрге қарап тидің ғой маған.

Раушан: - Соны айтам да.

Әбу: - Бала оқуға түсіпті. Жаңа Сақтағанмен хабарластым.

Раушан: - Аааа. Шын ба?

Әбу: - Иәә. Рас.

Раушан: - Оуу жарығым! Ақылдым сол!

Әбу: - Жуамыз ба? Бірдеңең бар ма тықпа-сықпа?

Раушан(күліп): - Жаман шалдан несін аяйын! Бар. Жуамыз қазір.

Әбу: - Міне осылай құртасыңдар адамды. Ішпейін десең осы.

Раушан: - Ойбайййй! Мынаны сен бе айтып отырған? Тфәә,тфәә!

Әбу(қарқылдап күліп): - Менің кемпірімнің ақылы бар ей!

Раушан: - Бұрын жоқ па еді?

 

20

Әбу: - Бұрында да болған негізі. Қой, Бимағанбетке збандайын.

Раушан: - Түүуууу сол қара қақпаста!

Әбу: - Нең бар о да. Ішсе өзінің асқазаны да.

Раушан(тысқа қарап): - Есекті айтсаң құлағы көрінеді. Келді ана қара досың.

Әбу(қарап): - Қайда?

Раушан: - Әне! Басына мыжырайтып не киіп алған. Қайдан сезеді осы?

Әбу: - Енді қанды көйлек жолдасын жау қолына тастамайды ғой.

Раушан: - Жау мен бе?

Әбу: - Қой жоқ. Шығайық. Осы бар ғой сендер адам ойламайтын нәрсені ойлайсыңдар.

Раушан: - Көршілерді шақырайық па?

Әбу: - Шақыр. Ойбааай оу баламыздың оқуға түскенін тойлатпасақ жұрт не ойлайды. Қазір көк ісекті сойдырамын мынаған. Сол жаққа алып кел.

Раушан: - Иә, құрсын! Шық енді.

(Екеуі шығып кетеді. Әуен ойнатылады.)

VI бөлім.

 

(Желтоқсан. Ысқырған аяз. Алаң. Жастардың айқайы. Бір топ жастар саханаға шығады. Қолдарында плакат. Плакатта “Қазаққа қазақ керек”, “Қазақты тек қазақ басқарсын”, жазу бар.)

Топ: - Біз бұған көнбейміз. Қонаевты орнына қайтарсын болмаса қазақты қойсын! Біздің тілейтініміз еркіндік. Бізге өз тіліміз қазақ тіліміз қайтарылсын. Болашаққа не бетімізді айтамыз?

(Сахнаға милиция және әскери адамдар кіреді. Арпалыс. Жастар қашады. Біреуі ұсталады.)

Дауыс: - Жәнібекті ұстады. Жәнібек! Жәнібек!

Жәнібек: - Маған бола алаңдамаңдар! Қашыңдар бауырлар! Тоқтамаңдар!

(Екі қолын қайырып, сахнадан алып шығып кетеді)

 

VII бөлім.

(Үлкен бөлме. Дастархан жаюлы. Үй - іші көңілді. Бимағанбеттің қолында домбыра. Төрде Молдағали, Бимағанбет, Әбу отыр. Әбудің қасында Раушан. Сұлу дастархан жасап жүр. Төмен жақта Нұртай құманға су құйып, дайындап жатыр )

Бимағанбет(Жаяу Мұсаның әнін айтып отыр.):

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса - сиса,

Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.

Шорманның Мұстафасы атымды алып,

Атандым сол себептен жаяу Мұса

 

21

Әбу: - Шаааап! Ай менің қарам мықты ғой. Керемет емес пе а кемпір?

Раушан: - Қараң қалсын! Не қарық қылып айтады дейсің?

Әбу: - Қой нағыз әнші. Андай - мындай әншілерің жолда қалады. Талай қыздың арманы болды ғой бұл. Аттың үстінде айтқанда  түүүүуууу!

Раушан: - Аттан құлап қалды ма?

Әбу: - Бимағанбет, “Он алты қызды” айт! Ақ кемпірдің көңілі толмай отыр.

Бимағанбет: - Ақ кемпірдің өзі сұрап отыр ма?

Әбу: - Өзі сұрап отыр.

Бимағанбет: - Жіберейін қазір. Ақ кемпір сұраса не деп жоқ деп айтамын.

Раушан: - Қайыршы.(Молдағалиге қарап): - Молдаш, мыналардың қасында қалай миың ашып кетпей жүр?

Молдағали: - Тағдырыма бас иемін бәйбіше. Одан басқа амал жоқ.

Раушан: - Жетісіп қалыпсың. Сені де үйіріне қосыпты ғой.

Молдағали(қарқылдап күліп): - Қайтейін енді.

Раушан: - Сендерге дауа жоқ.(Әбуге бұрылып): - Қалдығұл ата ма ескертіп пе едің?

Әбу: - Айттым ғой.

Бимағанбет: - Менің нағашым созылып келем дегенше таң атады.

Әбу: - Үлкен кісі болғасын жәй жүреді.(Сұлуға қарап): - Қызым, атаңның асын дайындадың ба?

Сұлу: - Қандай ас көке?

Әбу: - Шешеңнен сұра. “Май сөгі” дайын ба деп.

Сұлу: - Май сөк?

Бимағанбет: - Қызым түсінбей отыр. Майға бөктірілген тары ғой. Жаңағы менің нағашым соны жейді. Жылдағы дәстүрі. Соғым сойғанда жейтін.

Сұлу: - Ааа қазір мамаға айтайын.(шығып кетеді)

Бимағанбет: - Әбеке деймін да осы сол шалдың іші мықты. Жүрегі де. Құдай ақы бар ғой ана зерен кесемен көмейіне төңкере салады. Іші өтпейді соның.

Әбу: - Әдет қой. Асқазанын үйретіп тастаған. Денсаулығы мықты. Біз болсақ жарты кеседен кейін әжетхананы босатпаймыз ғой.

Бимағанбет: - Содан шығар әлі өлетін түрі жоқ.

Молдағали: - Сен осы жындысың. Не жұмысың бар өлтіріп.

Бимағанбет: - Енді жазда қойдың құйрығы, қыста май сөк ішетіні. Қалай а? (құйрығымен жылжып): - Байқайсың ба қақаған аязда тоңбайды. Мана көйлекшең үйінің алдындағы қарды аршып жүр. Біз болсақ боғымызбен қатып, дірдектеп кетеміз ғой.

Әбу: - Денсаулығы мықты. Көз ашқалы қара жұмыс.

Молдағали: - Кеше Төлеу соғым сойыпты ғой. Неге бізді шақырмады?

Бимағанбет: - Көзіне шел біткенде.

Молдағали: - Далада жүрген ту бие екен. Қазысының майы аз шығыпты деп ренжір отыр дейді.

 

22

Әбу(басын шайқап): - Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Қайдан семіз шықсын биыл далалықта шөп болмады.

Бимағанбет: - Мына Әбекең сияқты түйесін сойса болмас па еді. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің демекші. Бала - шағасы бар дегендей.

Әбу: - Бала - шағасын санап қайтесің. Биылғы жейтін несібесі де.

Қалдығұл(үйге кіреді): - Ассалаумағалейкум шаңырақ!

Әбу(орнынан тұрып): - Уағалейкумассалам ақсақал! Кел, төрлетіңіз!

Қалдығұл(төрге отырып): - Ал, соғымдарың сүйкімді болсын! Орталарың толсын!

Әбу: - Айтқаныңыз келсін.

Қалдығұл: - Ойпырмай ааа. Желтоқсанда мынадай аяз болады деп кім ойлаған. Өмірі тоңбайтын мені дірдектетті жарықтық.

Бимағанбет: - Қартаяйын деген екенсің нағашы.

Қалдығұл: - Тоқсаннан асқанда сезімдім мына аязда. Мына күннің аязы бөлек. Тек аманшылық болсын!(Бимағанбетке бұрылып): - Қолыңда домбыра. Сенің де өнерің бар ма еді. Апаң әнші еді.

Бимағанбет: - Қандай ән айтайын? Ғашықтық туралы айтсам апамды ойлап көз жасыңа ерік берер ме екенсің а?

Қалдығұл: - Апаңнан басқасы болса қайтер едің?

Бимағанбет: - Мына алжыған қақбас не дейді?

(Барлығы қарқылдап күледі. Телефон шырылдайды. Сұлу жүгіріп барып телефонның тұтқасын көтереді)

 Сұлу: - Алло! Сәлембердік. Сақтаған аға амансыздар ма? Ааа яяя үйде. Бүгін соғым сойып едік. Үйде қонақтар бар. Қазір. Қазір.(төрге басын бұрып): - Көке, көке!

Әбу: - Ау, қызым!

Сұлу: - Алматыдан. Сақтаған ағам шақырып жатыр телефонға.

Әбу: - Аманшылық па екен. Беймезгіл уақытта телефон соққаны қалай!(трубканы қолына алып): - Әллө, Сақтаған амансыңдар ма? Иәә. Шүкір аман. Айта бер. Қандай қаурырт шаруа? (үнсіз тыңдайды): - Қашан болған жағдай? Жастардың қандай кінәсі бар?(жанындағы орындыққа отырады): - Жәнібек қайда? Қашан? Не дейді? Менің баруым шарт па? Бәлніске түсті! Аяғын кеседі.  Жақсы, жақсы. Аман бол! Мен барғанша өзің қадағала.(қасына Раушан келеді.)

Раушан: - Ет дайын болды. Кім? Түрің бұзылып кетті ғой.

Әбу: - Кемпір, бері жүр.

Раушан: - Не болды? Кім?

Әбу: - Сақтаған ғой. Алматыда кеше түнде жастар көтеріліп, көтеріліс болыпты. Жастарды әскери адамдар езгілеп, ұрып - соққан. Далаға тастап, аязда далаға тастапты, иттер!

Раушан: - Жәнібек аман ба?

 

23

Әбу: - Аман. Тек сабыр ет. Бала бәлніске түсіпті. Аяғының басы үсіген дейді.

Раушан: - Шал сен не айтып тұрсың?

Әбу: - Сабыр ет.

Раушан: - Қалай сабыр етем.

Әбу(сыбырлай сөйлеп): - Келген қонақтардан ұят. Білдірмей қонақтарымызды жайғайық. Сосын өзіміздің шаруамызды өзіміз шешеміз. Сұлуға білдірме.

Раушан: - Жақсы шал. Құдай - ай! Он екі мүшесін сау қылып бағып едім.

Әбу: - Жә, жарайды.(төрге қарай беттеп): - Ақ кемпір, етің дайын болса алып келіңдер! Қонақтар күтіп қалды.

Раушан: - Қазір. Нұртайжан қолға су құй.

(Жарық сөне береді. Әуен ойнатылады. Қонақтардың дауыстары шығып жатады. Жарық қайтадан береді. Дастархан басында Әбу мен Раушан отырады)

Раушан: - Құлыным - ау! Аяғын кеседі деді ме?

Әбу: - Иәә далада бір күн жатқан дейді. Тобықтан төмен алып тастайды. Жарамайды депті.

Раушан: - Сау болып туылып, кемтар болды - ау! Уффф! Ол жерге барып нең бар еді.

Әбу: - Тағдыры да.

Раушан: - Тағдыр деп мойынұсынудан басқа не бар пендеге. Тек жанымды жеп барады.

Әбу: - Жалғыз сенің жаның ба? Менің көкірегім қарс айрылып отыр. Қайта баламыздың көрер жарығы бар екен. Қалған балалар ше? Не қызық көрді? Олардың әке - шешелері қандай күйде? Қиын. Қиын. Одан да сол соғыста өліп кеткенім жақсы еді. Қазақтың жастары мен орыстың иттерін төбелестіріп, Бұрымды қыздарымның шашын жұлғызып, айдарлы ұлдарымды кемтар қылып не өлтіріп тастаған олардың ұрпағы үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Сонда мына мені мен сенің, елдің ұрпағы үшін жасағандарымыздың бәрі зая кеткені ме? Өміріміздің зая кеткені ме, Раушан - ау! Қинап отырғаны сол! Тек арты жақсылық болсыншы! Уфффф! Мен демаламын. Ертең жол жүремін. Киімдерімді дайындарсың.

Раушан: - Жақсы.(ойланып отырады, күрсініп): - Уфф. Аға - ау сенің айтқаның осы ма еді. Зұлмат па, қасірет пе, жақсылық па?

(Жарық сөнеді. “Самалтау ” әні ойнатылады. Сахна жабылады.)

 

Соңы

 

Қатысушылар:

1. Раушан - от анасы, 69 жаста

2. Әбу - отағасы, 73 жаста

3. Атажан - Раушанның туған ағасы, 80 жаста

4. Бимағанбет: - Әбудің құрдасы

5. Молдағали - Әбудің құрдасы

6. Қалдығұл - ауыл ақсақалы

7. Нұртай - Әбудің күйеу баласы

8. Сұлу - Әбудің қызы

9. Дауыс(Сақтаған, Балзипа) - Әбудің достары

10. Жәнібек - Әбудің кенжесі

11. Қымбат - көрші әйел