Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын»: Сезім симфониясы немесе Алматыда қалған арман
227
оқылды

Бүркеншік аты: Мақта қыз

 

СЕЗІМ СИМФОНИЯСЫ

немесе

Алматыда қалған арман

 

Әдебиет туралы айтылар анықтама көп: өнер, көркем ой, талант, шеберлік, суреткер, сезім, шабыт. Ең бастысы, әдебиет әрқашан өмірді жырлайды. Адам жанының тереңіне үңіледі. Әр сәтін, әр күйін, әр құбылысын, әр сезімін сурет­тейді. Кейде уақыттан зымыран, бір жанның ғұмы­рынан қысқа дүние жоқтай кө­рінеді. Ал әдебиетте сол жұлдыздай ағып өте шыққан қасқағым ғұмыр тым ұзақ, күрделі, қатпар-қатпар сан қилы болып сезіледі. Сонда көркем шығарма оқып отырып, мына дүниені енді танығандай, адам­да түрлі болмыс болатынын, жақ­сы мен жаман, әділет пен жалған, сезім мен селкеу сынды мәңгілік ережелерден де биік бір мінездер бар екенін енді ұққандай күй кешесің.

Оқырманның қолынан түспей, жаппай оқылған суреткер жазушылардың да тасада қалған, яки уақыт өте келе ұмытылған көпке беймәлім тәуір бір шығармасы болады. Мәселен, бәрімізге сүйікті Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын», «Балалық шаққа саяхаты» мен «Өлгендер қайтып келмейдісін» оқымаған жан жоқ шығар. Ал сонау 1966 жылы жазылған «Қайдасың, Гауһар?» деген мөп-мөлдір повесін қазіргі жұрт көп біле бермейді.

Әдебиетке келген әр жазарманның жүрек түпкіріндегі бір аңсар тақырыбы – махаббат. Бұл ынтық сезімді талай қалам жырлады. Бұл ыстық күйді талай маржандай тізілген сұлу сөз кестеледі. Анықтамасы көп, ережесі мен шет-шегарасы жоқ бұл махаббатты әркім қадари-халінше жазып бақты (иә, қалам қуаты мен жазушылық шеберлік осы тақырыпта сыналатындай). Бірақ көп автордың кейіпкері есте қалмайды, оқиғасы да ұмытылған. Елітпеген. Еліктірмеген. Естен өшкен. Жоғалған. Жалпы, жан дүниеңде жанартаудай атқылап жатқан сезімді өзіңнен басқа біреудің ұға алмауы – қарапайым заңдылық. Ол күйді қағазға шебер түсіру, көркем ойға салу жазушыларға да оңай шаруа болмаса керек-ті. Білетініміз, бұл тақырыпта қанша талантты болса да қаламға бір нәзіктік керек. Оқиғаларды шебер өріп отыратын иірім керек. Шілдеде жауған ақ жауынның деміндей жылылық керек. Суреткердің ойымен бірге ағып отыратын сызылған әуен керек. Сол әлдебір дүниелік музыка (мұңды әуен) шығарманың соңына дейін бір үзілмесе дейсің.

Мұндай сезім сыршылдығы, қаламдағы лирика Бердібек Соқпақбаевқа аса қиынға соққан жоқ. Жазушы қаламының лирикалық тынысы, әсіресе, осы «Қайдасың, Гауһар?» повесінде ерекше байқалады. Бір қарағанда, автор бұл шығармаға жазушылық қуатын барынша сарқымағандай көрінеді. Естен кетпес ескі жылдарды бір деммен жеңіл ғана баяндайды. Жалпы, бұл Бердібектің бұрнағы стилі ғой – оқырманның санасына көп салмақ салмайды.

Сұм соғыс «мезгіл жетпей үзілген көк жемістей» балаларды ерте есейтті. Соның бірі – Жәнібек. Тоғызыншыны бітіре сала дырдай мұғалім атанды. Замандастары да оған ұқсап «соғыстың арқасында мұғалім бола қалған». Ұстаз болуға қайбір дайын дейсіз, ауылда іске татыр естияр еркек кіндік жоқ – бәрі әскерде. Сөйтіп, бозбала Жәнібек бір сәтте үлкен адамға айналып, ана тілінен сабақ беріп жүргенде Алматыға оқуға баратын болады. Сол Алматы... Бәрі аңыз қылып айтатын, бәрі барып-келіп жүрген Алматы... Ауыл баласы үшін бұдан асқан бақыт бар ма. Өмірі көрмеген үлкен қала – сабылысқан адамдар, ию-қию тіршілік. Өзі құралпы Жақан (ол да қаражаяу емес, математикадан сабақ береді) екеуі бензовозға мінгесе кетіп, астанаға қарай тартты. Ол сонда алып Алматыда Гауһарды кездестірерін, оған алып-ұшып ғашық боларын, кейін жоғалтқан, сарсаңға түсіп іздеген сол бейнесі ақырында мәңгілік сағынышқа айналарын, әрине, білген жоқ.

Бұл оқиға Пастер көшесінде болыпты. Ол Гауһарды осы көшеде келе жатып көріпті. Содан кейін Жәнібек бұл үйдің маңынан ізімен де, ойымен де алыстай алмапты. Өмірінде алғаш рет түсінбесе де операға барды. «Чио-Чио-Сан».

«Мақтаулы театрдың қасына кеп қалдық. Ауданның жабайы қараша үйлерінен өзге мен бұған дейін бұл тәрізді ештеңе көрген емеспін. Шынында да таңырқап, сүйсіне ғажаптанып қараймын. Қасымдағы өзім иемденіп, қырындап келе жатқан Гауһардан қысылмасам: «Ой, сұмдық-ай, қалай жасаған-ей!» деп, үлкен үйді айнала жүгіріп қараудан да тайынатын түрім жоқ».

Күндер өте берді. Жәнібек пен Гауһар да бұрынғыдай емес: бой үйреткен, бауыр басқан. Жаздың май тоңғысыз қоңыр салқын кештерінде ұзақтан-ұзақ сейілдейді. Айтылатын әңгіме де таусылмайды. «Ынтыққан екі ыстық жүрек емін-еркін ұғыссын дегендей барқыт түн тыныштық күйін бұзбай, маужырайды да тұрады. Жұлдыздар өзара жымыңдасып, бірі мен бірі көз қысысқандай болады. Жалын атқан еріндер бір-бірінен бал алып, бал берісіп жатқанда, тесірейе қараудан қаймыққан жартыкеш ай бір үзім қоңыр бұлттың тасасына кіріп жасырына қалады...»

Автор шығармада екі жастың іңкәр сезімімен бірге сол уақыттың тыныс-тіршілігін, сол қоғамның болмысын, тіпті кейде заманның шындығын да қоса өріп отырады. Иә, ол Жәнібектердің ең үлкен арманы – жібі түзу етік саналатын кезең еді. Ауыл арасында жаңа киім сатып кию деген атымен жоқ. Сондықтан да Жәнібек пен Жақан үшін қаланың азан-қазан базары мүлдем басқа әлем болып көрінді. Ауыл мен Алматының айырмашылығы екі материктей әсер қалдырды.

«Мұншама көп халықтың бір араға жиналып, сеңдей соғылысқанын бұл менің тұңғыш рет көруім. Әрі қызықтап, әрі таңырқай қараймын. Ойпырмай, қолдары бос, еріккен неғылған жұрт мұншама. Бұлардың істейтін қызмет, жұмыстары қайда? Жоқ әлде жұмыссыздар жинала ма? Ех, шіркін, осылардың бәрін қуып алып барып, балшықтан адам жасап, ала алмай отырған біздің колхоздың жұмысына салар ма еді».

Сөйтіп, мұғалім жігіттердің Алматыдағы курсы да аяқталды. Осы аралықта қаншама сезім-күй кешеміз деп ойлады ма... Енді Пастер көшесімен қашан жүреді екен?.. Гауһармен де қоштасу керек. Ал қоштасу қашан да ауыр.

Ол ауылға келгеннен кейін де Гауһарды ойлай беретін болды. Әрине, ойлайды – ақ сезім самал жел емес қой. Сонша уақыт бірге жүріп, бір суретке түспепті. Ғашық адамда ес қайдан болсын?! Енді Гауһарынан еш естелік жоқ: ойындағы естеліктерді мың қайталап отырады да қояды. Тынымсыз ой тыныштық бере ме – Жәнібектің Алматыға аңсары ауды да тұрды. Пастер көшесіне барғысы-ақ келіп жүр. Десе де арман-тілектің бәрі орындалса, өмір шындығынан айырылмай ма?! Ол шындықтан бөлек соғыстың өзі талай жанның жоспарын күл-талқан қылғаны тағы бар. Жәнібек қалаға барамын деп қанша оқталғанымен жолы түспеді. Аурушаң шеше, шиттей бала-шаға, жалғыз сиырдың жемшөбі, үйдің отын-суы... Тіпті Гауһардың сұмдық хатынан кейін де бара алмады. Майданнан келген қаралы хабар бәрін астан-кестең қылды. Кейін өзі де әскерге аттанды. Гауһар да, Алматы да, Пастер көшесі де арман болып ту алыста қалды.

Жалпы, соғыс уақытындағы балалардың бә­рі­нің тағдыры бірдей болды: көкелері соғыстан қайтпады, жалғыз шешенің бей­нетімен ержетті. Бердібек кейіпкерлерінің өмірі де өзгелерден өзгеше емес. Алайда сол дәуірден шыққан жазушылардың шы­ғармаларында, байқап қарасаңыз, қай­ғының ізі кездеседі, өмірге деген өкпенің, әділетке деген жауапсыз сұрақ­тардың табы болады. Ол қа­лып­ты сияқты. Ал Соқпақбаев қала­мына бұл нәзіктік қайдан келді? Шығар­­маларындағы жылулық қандай соғыс көрмеген, бүтін жү­ректен төгіліп жатыр?.. Әлқисса.

Гауһарға талай хат жазылды – жауап болмады. Ақыры Алматыға да жетті – таныс көше, таныс маң. Бірақ сол бір бейне жоқ. Ол Гауһарды осылайша мәңгілікке жоғалтты. «О, Гауһар, барсың ба жер бетінде, жоқсың ба?»

Сол уақыттағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен трагедиясы – қасіретті кезеңнің хикметтері сынды әсер қалдырады. Десек те аталған повесте сұм соғыстың сипаты мен сәтке айналған тәтті сезімдер қатар өріліп отырады. Заманның бар запыранын көңіл сезбестей қылатын бір құдірет бар. Иә, бұл сезім-сиқыр тек Бердібек қаламына тән сияқты. Сол уақыттың бар жарасын, трагедиясын, өткелек тұсын тек адамға тән нәзік бір сезім-күйлердің айналасында өргізу, соның аясында өрбіту, ширықтыру, жастық жалынды қиын шақтарға жеңгізу – Соқпақбаевтың классикалық стилі. Сол заманның шындығын адами сезімдермен шебер әрі еркін жасырады. Сөйте тұра қоғамның тынысы да сезілмей қоймайды.

Бұдан бөлек әр оқырманның жан-тәнін, жан дүниесін скрипканың сазындай сызылта бойлап өтетін бір ғажап нәзіктік бар. Адамның ғұмыры жып-жылы сәттерден тұратын болса, Бердібекті оқып отырып, қияда қалған көне естеліктер мезет ойға оралып, ішің жылып, еліткен, еліктірген кешегі күндер елесі жаныңды баурайды. Сезім симфониясына қалай еріп кеткеніңізді білмей, ессіз естеліктерге бой алдырасыз.

Жалпы, Бердібекті көп оқитын жұрт кейіпкерлерін жақсы таниды. Сыршыл, сезімшіл, аңғал, ақкөңіл, өмірге құштар... Дәл осы «Қайдасың, Гауһар?» повесінде де автордың да, кейіпкердің де мына жарық дүниеге деген шексіз махаббаты бірден байқалады. Бұл – Бердібек қаламының ең орамды тұсы. Автордың өзі де, кейіпкерлері де тағдырдың талай сынын көрсе де жандары нәзік, жарық сәулесі өшпеген адамдар. Өмірге, сұлулыққа, сезімге құштарлықтары жүдеу тірлікке өң беретіндей. Қаламгер шығармада мөлдір шықтай көңілдің кейбір кездерін бояп отырады. Сыршыл бояу оқырманды да елең еткізбей қоймайды. Бұның бәрі автордың көркемдік-эстетикалық межені шебер игергенін сөзсіз дәлелдейді.

P.S.: Жазушы алғашқы зайыбы Бәшен Баймұратқызымен алғаш сонау 1947 жылы Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесінде оқып жүргенде танысыпты. Аталған училище «Гауһар» алтын дүкенінің дәл қасында орналасқан екен. Мұны айтатын себебіміз – осы атау арада қырық жылдай өткенде жазушының «Қайдасың, Гауһар?» хикаятына өзек болады. Ол кезде Бердібек ҚазПИ-дің үшінші курс студенті. Повесть кейін бірнеше шет тіліне аударылды.