Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын»: Б.Соқпақбаевтың бала бейнесін сомдаудағы шеберлігі
168
оқылды

Бүркеншік аты: Ұстаз

 

Б.Соқпақбаевтың бала бейнесін сомдаудағы шеберлігі

 

Адамның рухани әлемі адамзат баласын, барша руханиятты жасаушыларды толассыз толғандыратыны хақ. Қазір әлем бойынша жаһандану үдерісі бел алып келеді. Материалдық игіліктерді алдыңғы қатарға шығарып, руханиятты кейінге ысырған бұл үдеріске барша адамның қазіргі таңда тек қана парасат, адамгершілік, биік рух пен зияткерлікті, ұлттық  болмысты  қарсы қойғаны абзал. Бұл мақсатқа жету жолында адам баласы өмірінде айрықша орны бар әдебиет туындыларын, оның даму тарихында ерекше атауға лайық шығармаларын  оқу   аса  маңызды.  Осы  орайда  жазушы  Бердібек  Соқпақбаев  еңбектерінің   мән-маңызы ерекше. Өзінің  алдындағы дәуірлердегі  жазушылармен  салыстырғанда бұл  қаламгер санасына сілкініс пен серпіліс әкелді. Адам жанына айрықша үңілу, оны зерттеу, барша болмысы адамгершілік сипаттарға негізделген кейіпкерді сомдау басты нысанға айналды.

Ақиқат өмірдің көркем суреті болып табылатын әдебиеттің қоғамдық және эстетикалық маңызы адамсыз, оның танымы мен тағдырынсыз ашылмайды. Көркем әдебиеттегі шығармашылық ізденістерді саралай тануды мақсат ететін әдебиеттану ғылымында да ең басты нысан − адамның көркем шығармадағы бейнесі. Сол себепті де көркем әдебиеттегі адам болмысының алуан қырлары және адам жаратылысымен ұштасып жататын руханилық мәселелері қай уақытта да әдебиеттанудың күн тәртібінен түспейтін негізгі сауалдары болып табылады.

Б.Соқпақбаев-қазақ  әдебиетін тілдік, мазмұндық  жағынан  байытқан  биік  тұлғаның  бірі. Ол  әсіресе  балалар  әдебиетінде  көп  қалам  тербеді. Жазушы  қаламынан  туған  шығармалар  бала  жанына  жақын. Сондықтан  оның  шығармасын  үлкен  де, кіші  де  сүйсіне  оқиды.

Бердібек Соқпақбаев  рухани  кемелділікке  ұмтылуға, балаларға  саналы  адам  болу жолдарын  нұсқап  көрсетуімен  ерекшеленеді. Оның хикаяттарының  өзі-ақ оқушыларының дүниетанымына  жаңа  бір  рухани  серпіліс  берді. Шығармаларының  тәрбиелік  мәні  зор. Ол  оқырман  қауымды  жақсыдан  ғибрат  алып, жаманнан  аулақ  болуға  шақырады.  Қазақтың  таным-түсінігіне  лайықталған  шығармалары  арқылы  оқырманға  ой  салады. Ұлттық  ерекшеліктерімізді  танытатын  ұғым-түсініктерді  қолданады.

Бердібек Соқпақбаевтың  бала бейнесін  танытатын  шығармаларын  негізінен  бірнеше  топқа   бөліп қарастыруға болады. Сонымен  қатар  кіршіксіз бала  жаны  әсіресе  «Менің атым Қожа» шығармасында  кеңінен  көрініс  тапқан. 

Қоғамдық маңызы айқын тақырып арқылы, автордың ой-толғанысы, әрекет-тіршілігі арқылы жалпы адамзатты толғандырған мәселелерге көз жүгіртіп, көркемдік тұжырым жасауға талпынған, қазақ  халқының  өзіне  тән  ұлттық  болмысын  суреттейтін шығармалары  маңызға ие.

Жазушы  өз  шығармаларында  адам баласының  рухани әлемін, бала бейнесін  сомдауға, көркемдік шешім жөніндегі идеялық-эстетикалық көзқарастарға үлкен талғаммен  қарайды. Сондықтан  жазушы өз  шығармаларында бала бейнесін  сомдауды бірінші кезекке шығарды. Оның ұлтымыздың рухани дүниесін бейнелеудегі жаңашыл ізденістері әлемдік әдебиеттің озық тәжірибелерін негізге алудың және ұлттық көркем ой дәстүріне  сүйену арқылы жүзеге асты. Жазушы халқымыздың бала   дәуір ерекшеліктерімен, тарихи құбылыстардың әлеуметтік-психологиялық сипатымен тығыз байланыстырып отырды. Б.Соқпақбаев шығармаларында жиі көтерілген мәселелердің бірі-адам болғандықтан, оның жан әлемі және мәселенің көркемдік шешім табуында негізгі қаһармандар мен кейіпкерлер маңызды рөл атқарады. Ол даралай танытатын белгілердің бірі-кейіпкердің  жан әлемінің кеңінен қамтылуы, кейіпкер болмысын қазіргі адамның рухани ауытқуларына сабақ болатындай өзектестіре суреттеді.

Б.Соқпақбаев ұлттық  ерекшеліктерімізді  танытатын  ұғым-түсініктерді  молынан  қолданған.  Соның  нәтижесінде  жазушының  бала бейнесін  сомдау  шеберлігі  дәлелденген.

Талай  баланың  көз  қуанышына  айналған, талай  баланы  арманға  жетелеген  Бердібек  Соқпақбаевтың   «Менің  атым  Қожа» хикаяты-менің  ең  сүйікті  шығармам. Аңғал  да, қайсар,  тік  мінезді  Қожа  бойынан  кей  достарымның  мінезін  көремін. Хикаят  дәл  осылай, Қожаның  өз  атына  көңілі  толмаудан  басталады: «Менің атым... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл, өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең, қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызыл шақа болып жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. Өскембайдың баласына Тыңжыртар деп ат қойған секілді, өзге қызу жұрт сол арада ду қостап: «Осы болсын баланың аты, осы болсын, мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз» дескен. Міне, сол күннен, сол мезеттен бастап, әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің...» Біз  бұл  үзіндіден  не  көреміз? Яғни,  қазақ  халқының  күні  кеше  баласына  ат  таңдауда  аса  мән  беріп  жатпайтындығын, олардың  бейқамдығын  байқасақ, бүгінгі  күні  халқымыз  ат  қоюда  аса өзгере  қоймайтындығын  аңғарамыз. Олардың  есімнің  мәніне қараудың  орнына  басқа  ұлттардың  аттарын  қойып  жататындығы  қынжылтады. Соның  салдарынан  қазіргі  заманда  түсініксіз  аттар  көбейді. Тіпті  ЭКСПО, Саммит  сияқты  аттардың  бар  екендігіне  әлеуметтік  желі  арқылы  оқып-біліп  жатамыз. Бұл үзіндідегі  бала бейнесі  айналамызда  толып жүрген өз атына көңілі толмайтын  балалар бейнесін  танытады.

Қожа  қытайлардың  ат  қою  дәстүріне  де  тоқталады: «Өмірде осы тәрізді әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «Кенжем», «Сүйіктім», «Жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?». Біз  бұл  үзіндіден  қазақ  және  қытай  халықтарының  өзіне  тән  мінез-құлқын  байқаймыз. Қазақ  халқы  үшін  балаға  ат  қою  аса  маңызды  емес  екендігін, ал  қытайлықтар  үшін  балаға  ат  қою  ерекше  рөл  атқаратындығын  аңғарамыз.

Қожа  бойындағы  қарапайымдылық, үлкенге-ізет, кішіге-құрмет  көрсетудің  үлгісі  бұрынғы  кездегі балалардың  бойынан  жиі  байқалған. Ал  қазіргі  балалардың  бойында  осындай  мінез-құлықтар кездеседі ме? Иә, аздап  болса да  кездеседі. Алайда  қазіргі балалардың  көпшілігі  өркөкірек, өз айтқанын  жасауға  тырысады. Үлкенге  ізет  танытпайтын  балалар  да  жетерлік. Оған  дәлел  ретінде  қоғамдық  көлікте  үлкендерге  орын  бермейтін  балаларды  алуға  болады. Сондықтан  қазіргі  таңда  барлық  адамның  бойында  бұл  қасиет  бар  деп  айта  алмаймыз.      

Қожа  бойында  кездесетін  сотқарлық, қырсықтық  қазіргі  балалардың  да  бойынан  кездеседі. Бірақ  Қожаның  бойындағы  қырсықтық  оның  көрген  қиыншылығымен тікелей  байланысты  берілген. Себебі  ол кез  келген  жерде  қырсықтық  таныта бермейді. Мәселен, анасына  келген  Қаратайды  жақтырмағандықтан  дөрекілік  танытады. Ал  Жантастың  зымияндығына  ызасы келгендіктен  сотқарлық  жасаса, Майқанованың  өзін  жақтырмайтындығына  орай  қырсықтық  мінез  көрсетеді.

Жазушы  Қожаның  әкесін  аңсауын, оның  анасын  қызғануын  эпизодтар   арқылы беріп, қай  кезде  де  әкесіз  өмір сүрудің  қиын екенін жеткізеді. Әке  тәрбиесін  сезінбеген  баланың  әкесін  сағынуы  заңдылық деп ойлаймын. Қазіргі кезде  де  көп бала әкесі  мен анасының  ажырасуы  салдарынан  тірі жетім болып жүр. Олар да әкесін сағынады. Әкесімен  бірге  бақытты ғұмыр кешуді  армандайды. Қожа  бейнесі-әкесін  сағынған қаншама баланың  бейнесі, қазіргі қоғамның  шынайы  көрінісі. 

Отбасындағы  әже  тәрбиесі  бұрынғы  кездері  өте  жоғары  болған. Ал  қазіргі  таңдағы  әжелер  жайлы  олай  айта  алмаймыз. Шығармадағы  әже  тәрбиесі  туралы  былай  деп  берілген: «Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсысы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. «Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе» деп тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі. Ал енді өздеріне қараңдаршы. Не қилы жаман мінез, жөнсіздік осы үлкендердің арасынан шықпай ма? Ұрлық істеп, сотталып жататындар кімдер? Үлкендер. Мас болып, қатын-баласының үрейін алып, үйінде шұрқан шығаратын кімдер? Үлкендер. Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар-бәрі үлкендерден шығады. Ендеше, олар бізге, балаларға, ақыл айтып, жөн сілтемес бұрын, әуелі өздерін өздері түзеп алса, қандай жақсы болар еді.

Әжем менің қызық адам. Тұрмыстың қарапайым қағидасына бұдан жүйрік кісі осы ауылда сірә де табыла қояр ма екен. Сөйте тұрып, ол көп мәселе жөнінде сәбидей аңқау. Қараңғы болған соң, аңқау болмай қайтсін. Мен қанша әуреленсем де, оған осы күнге дейін жердің домалақ екенін ұғындыра алмай-ақ қойдым. Айтысып-айтысып, қолын  бір  сілтейді...» Осы  үзіндідегі  Қожа  айтқан  үлкендер  мінезі  әлі  күнге  дейін  кездеседі. Арақ  ішіп, мас  болып  отбасының  берекесін  кетіріп  жүрген  ер-азаматтар  жетерлік. Біреуге  жала  жабу, жемқор  болып  мемлекет  мүлкін  жеп  қою  туралы  күнделікті  естіп  жүрміз. Жоғарыда  айтылған  үзіндіден  кішкентай  болса  да, үлкендерше  ой  түйетін  бала бейнесін  танимыз. Мұндай  балалар  қазір  өте  көп. Тіпті  тілі енді  шыққан  балалардың  өзі  ересек  адамдарша  ойланады.

Досқа  адалдық, қиянат  жасамау  секілді  мінез-құлық-қазіргі  таңда   көп   қазақтың  бойында  жоқ  қасиет. Қазір  алдау-арбаудың  көптігі  сонша  досың  түгіл, жақыныңа  сенуден  қалған  заман.  Бұған  біз  күнделікті  өмірден  мысал  келтіре  аламыз. Осы  шығармадағы  Сұлтан, Жантас  секілді  кейбір  балалардың  бейнесі  арқылы  қазіргі  заманның  қулық-сұмдыққа,  алдап-арбауға  бейім  балаларының  шынайы  келбетін  танимыз. Ендеше, шығармадағы  Сұлтан  бейнесіне  талдау  жасап  көрейік.

Қожаға  Сұлтанның  жасаған  қиянаты  туралы  хикаятта  былай  берілген  екен:  «Мен қазір Сұлтанды, көзіме көріне қалса, жеп қойғалы келе жатырмын. Оның опасыздық қылығына қалай ыза болмайын. Қолмен істеген нәрсесін мойнымен көтеруге жарамау ер адам үшін неткен пасықтық. Мен Сұлтанның мұншалық жаны тәтті жарғанат екенін біле қойған жоқ едім.

«Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа» деп қазақ атам осындайдан айтқан екен ғой. Жүгірген бойда жылқылы ауылға келдім. Сұлтанның өзі тұрғай, ізі де жоқ, Одан өзіміздің фермаға келдім. Мұнда да тырс еткен пенде көрінбейді. Жұрттың бәрі тойда жүр. Атымды мама ағашқа байладым да, жаппаға кіріп, сұлай кеттім. Ex, шіркін өмір. Неткен қызық нәрсе едің... Біресе шаттандырып күлдіресің, біресе бүлдіресің. Соның бәріне адам өзі кінәлі».

Әрине, қазіргі  адамдардың  барлығы  досқа  адал  емес  деуден  аулақпыз, алайда  көпшілігінің  бойында  осы  мінез кездесетіндігі  жасырын  емес.

«Қоңырау соғылып кетіпті. Бірінші сабақ орыс тілі болатын. Анфиса Михайловна класқа жаңа кіріп барады екен, тасырлатып жүгіріп келе жатқан мені көріп, тоқтай қалды. Мұғалімдердің ішінде бұл өзі алтын адам. Былтыр біздің мектепке педучилищені бітіріп келген. Жазда барып, институтқа сырттан оқуға түсіпті.

-  Қадыров, немене, ұйықтап қалғансың ба? Тоқта, галстугіңді түзе.

Омырауымды сипалап таппаған галстугім, сөйтсем, иығыма шығып кеткен екен. Бұрып әкеп, орнына қойдым да, зып беріп класқа кірдім. Балалар дүр етіп түрегелді. Маған емес, әрине, артымда келе жатқан оқытушыға құрмет көрсеткендері ғой. Бірақ мен оны басқаша қабылдадым. Бір секундқа кідіріп, мұрнымды көкке шүйіріп, маңғаздана қалдым да, қолымды кеудеме қойып, тәжім еттім. Бұным балалардың құрметіне сыпайыгершілікпен қайтарылған жауап болды да шықты. Балалар ду күліп жіберді. Анфиса Михайловнаның қас-қабағын аңдамаққа, артыма жалт бұрылып қарап едім, оның да күлімсіреген жүзін көрдім. «Әй, Қадыров, шығармайтының жоқ-ау» дегендей, Анфиса Михайловна жымиып, басын шайқап қойды.

Адам  жанын  ол  керемет  түсінеді».  Міне, мұндай  ұстаздар  қазіргі  таңда  да  аз  емес. Бала  жанын  түсініп, оған  керек  кезінде  қамқорлық  көрсететін  аяулы  ұстаздарды  көп  кездестіреміз. Менің  ұстаздарымның  ішінде  де  Майқановалар  мен  Анфиса  Михайловналарды  кездестіруге  болады.  Бұл  жерде  кез  келген баланың  ұстазынан  қолдау  күтетін  пәк  мінезін  аңғарамыз. Шынында  да, біз  ұстаздарымыздан  мейірімділік, адам  жанын  түсінушілікті  ғана  қалаймыз. Әлемдегі  барлық  баланың  тілегі  осы  деп ойлаймын. Кез  келген  оқушы  ұстазынан  қамқорлық  пен мейірімділікті, шынайы  сүйіспеншілікті  күтеді.

Жазушының   «Менің  атым  Қожа» хикаятындағы  бала бейнесі  арқылы  қазақ  бойында  кеше  де, бүгін  де  кездесетін  көптеген  мінез-құлықтарды  байқап  жүрміз. Бұл  мінездерді  бұл  хикаяттың  жазылғанына  қанша  уақыт  өтсе  де  әлі  күнге  дейін  кездестіріп  жататынымыз  мені  таңғалдырады. Сол  Қожа  дәуіріндегі  сотқарлық, досқа  адалдық, Жантас  секілді  қулық-сұмдыққа  бейімділік, Жанар  секілді  жаны  ашығыштық, анасы  секілді  жұмысбастылық   қасиеттер дәл  бүгінгі  кезде  де  өзгеріссіз  қалып  отыр. Жазушы  шығармасы  сонысымен  құнды. Оқырман  көркем  шығарманы  оқи отырып, кейіпкер  бойынан  өзін  немесе  айналасындағыларды  таниды. Осы  арқылы  жазушы  шеберлігі  айқындалады. Қожаның, Жантастың, Жанардың, Сұлтанның  бейнесі  арқылы  сыныбымыздағы  көптеген  баланың  бейнесін  көреміз.  Бала-қай  кезде  өмір  сүрсе  де  бала  бейнесінде  қалады. Ол өзінің  балалық  бал мінезін  көрсетеді. Сондықтан  Қожа  бейнесі-балалардың  сүйікті  бейнесі. Ол  өзінің  құндылығын, маңыздылығын  жоғалтпаған  бейне. Өйткені  қазіргі  таңда  да  Қожа  секілді  балалар  айналамызда  толып  жүр. Осы  шығарма  желісімен  түсірілген  «Менің  атым  Қожа»-бүкіл  қазақ  балаларының  сүйікті  киносы. Осы  киноға  ұқсастырып  қазіргі  заман  балаларының  бейнесін  танытатын  «Менің  де  атым  Қожа» киносы  бар. Екі  киноны  салыстыра отырып, ондағы  балалар  бейнесінің  ұқсастығын  айқын  білуге болады.

Шағын жанрдың шамын жағып, шаңын қағып, балалар әдебиеті сынды балғын әлемнің тереңіне бойлай білген, жас оқырмандар жанын жақсылыққа қайрай білген жалынды жазушы-Б.Соқпақбаев болса, балалық шақтың балауса күндерін бүгінгідей көз алдыңа әкелер тұғыры биік туынды-«Балалық шаққа саяхат»- деген болар едім.

«...Солардың ызасынан енді, міне, өлеңді қойып, соқталдай повесть жазғалы отырмын. Бәрі кітаптағыдай болу үшін оқиғаларды тарау-тарауға бөлемін де, әр тарауға ат қоямын. Өтірік ештеңе қоспаймын». Автор бұл сөзі арқылы туындының өз өмірінің айқын көрінісі екенін дәлелдегендей. Өйткені кітаптың бірінші бетінен бастап-ақ, «Үзік-үзік суреттер»-деп аталатын тарауы автордың есіндегі еміс-еміс естеліктерден сыр шертеді. Бұл шығарманың басты кейіпкері – Бердібек. Қызығы мен қуанышы, қайғысы қатар өрілген балалық шағын еш өзгеріссіз қағаз бетіне түсірген. Апасының мойнына асылып жүрген кездері. Жалаң аяқ ауылдың ыстық топырағын басып, қара кешке дейін еш нәрсе сезбей ойнаған күндері. Балалық махаббаты... Текестің суы... Бердібектің барлық сыры мен жырына куә болған осы Текестің суы еді. Оған  ақынның  мына сөзі  дәлел  бола  алады:

«Текестің суы арық емес пе?

Бердібек балық емес пе!»

Балалықпен айтылған осы сөздерді оқып жаның жайланып жатса, кейіннен үстіңнен суық су құйып жібергендей болады. Неге? Шығарма  арнасы  бір сәтте  өзге  бағытқа  ауысады. Себебі, кенеттен Бердібектің басын тағдырдың қара қара бұлты  төнеді. Себебі оның анасы жастайынан көп қиындық көрген соң, аурушаң болады да ерте  көз жұмады. Артында Тұрдыбек есімді сәби қалады. «Шешем жайлы» тарауында жазушы:

«Әкемді алсаң, ал құдай, шешемді қой

Шекпен тоқып берсе де, өлмеймін ғой»-

деп әзіл аралас шындықты жайып салады. Сол арқылы ана қасиетін, ана қадірін, ана құрметін бағалайтын  бала бейнесін көрсетеді. Бала үшін  анадан айрылу  нағыз  қасірет екендігін танытады. Бұл шығармада  да анасынан айырылып қалғаны Бердібекке өте ауыр соққы болады. Себебі әр күні сабақтан келгенде анасы бір уыс қара талқанды дайындап қоятын. Үйде жейтін түк болмаған күндері де ол анасының асқазанын «алдайтын» бір үзім нан болса да тауып әкелетінін ол білетін  еді. Анасы қолындағы соңғы затын берсе де, баласы үшін өзек  жалғайтын бір нәрсе  тауып келетін еді. Бірақ бұл бақыты ұзаққа бармады. Әрине, ана  кез  келген  балаға  тамақ  тауып  беру  үшін  ғана  керек деген ой тумауы  керек. Автор өз  бейнесі  арқылы  ананың  орнын  ешкім  баса  алмайтындығын  жоғарыдағы  эпизод  арқылы  танытқысы  келді. Анасы  дүниеден  өтіп, бала Бердібек  те анасы  жоқ  шын  жетімнің  ауыр тағдырын  басынан  кешіреді.  Бірақ, кейіпкердің көңіліне жұбаныш болған ағасы Сатылған еді. Осы шаңырақтағы көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, ақ қағазды жанына серік қылған да ағасы еді. Ағасы әр кез інісінің білім алу үшін жағдай жасауға тырысатын. Өмірінде алғаш рет үстіне жаңалап киген киімдерін де алып берген ағасы болатын. Жақсы, адал әйел алып, үйдің берекесін енгізген ағасы болатын. Бердібек жеңгесін өзіне ана орнына ана көріп, пана тұтатын. Дегенмен, жайдарлы да жайсаң жеңгесін жұрт күндеп, бұл үйге сыйғызбады. Бала  Бердібек  екінші мәрте арқа сүйер қамқоршысынан  айрылады. Осы жеңгесінен  айрылғандағы  бала күйзелісін автор шынайы  көрсете  білген. Сондай-ақ  автордың  бала бейнесін  жасаудағы  шеберлігіне «Тұрдыбек» атты бөлімдегі бейнелі сөздері дәлел бола алады. Ол бөлімде автор оқырман ойын орамдап, жан дүниесін жалынышты сөздермен жайғастырған. Бердібектің әкесі өте жуас, қой аузынан шөп алмастың бірі болады. Үй шаруасына да селқос қарап, тал түске дейін қара суды сіміріп отыра бергенді намыс көрмейді. Анасы қайтыс болған соң әкесі Күміс есімді екінші әйел алады. Алайда, бұл әйел  анасының  орнын толтыра алмайды. Керісінше, тұралап тұрған үйді  одан бетер тұралатты.  Ақын Күмістің  озбырлығы туралы былай  деп жырға қосады:

«Қара бұлттай қалбиған мынау Күміс

Соғады  Тұрдыбекті гүрс-гүрс...

Жазушының  айтуынша бұл анасы  қаншалықты  мейірімсіз  болса, соншалықты заржақ  болып  шығады. Одан  ең  көп  зардап шеккен  Тұрдыбек  екендігін  баланың  отқа күйіп  қалып, өмірлік  мүгедек  болып қалғанынан  аңғаруымызға болады. Кішкентайынан  қиындықты көп  көрген інісін  аяғанымен, қолынан келер еш  қайран жоқ  мейірімді  Бердібек  бейнесін танимыз.  

Жазушы  осы  шығармасы арқылы  адамдардың  мейірімсіздігін  сөз  етеді. Мұндай  мейірімсіз  жандар  қазір  де  қазақ  арасында  жиі  кездеседі. Автор  Тұрдыбек  бейнесі  арқылы  қазіргі  қоғамдағы  өгей  шешенің  таяғын  жеп, тағдыры  тауқыметке  айналған  балалар  бейнесін  суреттегендей. Себебі  жетім балалардың  тағдыры қай  кезде  де  ауыр. Бүгінгі  күні  де  жетім балалар  тұрмыстың  бар  ауыртпашылығын  сезінуде. Балалар  үйінде  өсіп, мемлекет  қамқорлығынан  тыс қалмады  десек  те, олардың  балалар  үйінен  көрген  қорлықтарын  жаңалықтардан, әлеуметтік  желілерден  жиі  көреміз. Бұл да  қазіргі  қоғамның  ащы  шындығы  екендігі анық.  Қазіргі  кезде  де  Тұрдыбек  секілді  өгей  шешенің  таяғынан  мүгедек  болып  қалған, тіпті, өмірден  өтіп кеткен  балалар да бар.

Шығармадағы  балалар  бейнесіне  тоқталсақ, шығармадағы  басыт кейіпкер-автордың  өзі. Оны  анасы еркелетіп  Беркен  деп  атайды. Ал  Беркеннің  жақсы  көретін  қызының  аты-Майра. Майра  сыныпта үздік, ұқыпты, тазалықты сүйетін  оқушы, әнді жақсы айтады.. Сабақты өте жақсы оқиды, ол осы қалпымен ұнайды. Бар қылығымен сүйкімді. Мұндай  әрі  үздік  оқитын, әрі  мінезі  жұртқа  жағымды, әрі  әдемі  қыздар  қазіргі  кезде  де  әр  сыныпта  кездеседі. «Менің  атым  Қожадағы»  Жанар  да  дәл  Майра  секілді  сабақта  үздік  әрі  жан-дүниесі  келіскен  кейіпкер. Жазушы  шығармаларындағы  Жанар  мен Майра  секілді  тамаша қыздар  біздің  сыныбымызда  да  бар.

Бұл  шығармадағы  әке  бейнесін  алатын болсақ, бала Беркен  мен  Тұрдыбектің  бақытсыздығына  бірден-бір себепкер  жан  ретінде  бейнеленген. Себебі, ол-жалқау, бейғам. Ал  мұндай  жалқау, балаларының  ертеңгі  таңдырына  бас ауыртпайтын  бейғам әкелер  қазіргі кезде  де  ұшырасады. Олар  қиындықты  еңсере  алмай  тез мүжіліп  кетеді. Керісінше, бүгінгі  күні  аналардың  отбасын  асырап, қиындыққа  қарсы  тұра  білулері-ащы  да  болса шындық. Егер, Беркеннің  әкесі  жалқау  болмай  еңбек  етіп, балаларын  асырауға  талпынса, оның  анасы  тірі қалар ма еді?! Себебі  анасы  науқастанғанда  емделетін  қаражаты болмады. Сондай-ақ  ішуге  тамақ  таппай  қиналды. Баласын  аш  қоймау  үшін  беттің  арын  белбеуге  түйіп, ауқатты отбасылардан  тамақ  сұрауға  мәжбүр  болды. Мұның  барлығы  ана жанына қатты батып, оны  күйзеліске  ұшыратты деп  ойлаймын.

Автор жетімдіктің ащы дәмін татқаннан соң келер ұрпаққа мынадай ақыл-кеңес айтады: «Балалар, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларында бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар. Ұр. Соқ. Төбелес. Тіпті, етінен ет кесіп ал.  Ал бірақ әлгіндей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аямаған аяусыз жазалаған бейшараның адамшылдық менмендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!» Мен  де жазушының  осы  сөзін  толық  қолдаймын. Өйткені  ол балалар  құдайдан  мұндай  ауыр  тағдырды  сұрап алған жоқ. Сондықтан  керісінше, біз  оларға  қамқор  болуымыз  керек. Ондай  балалардың  жанын  жараламай, қайта  әрдайым  мейірімділік таныту-біздің  адамдық  борышымыз.

Бұл кітаптың әр тарауында автор заманының қаталдыққа толы қиын күндерін қисынымен қиыстырып суреттеген. Кейіпкер образдарын аса үлкен шеберлікпен кестелегені соншалық-одан  айналамызда  кездесетін жандарды  байқаймыз. Сондықтан оқып отырып кейіпкердің көңілді кейпіне еніп күлесің, жалынышты жүзіне еніп жылайсың. Сондай-ақ қазақ  халқының  кейбір  мінез-құлқының  21  ғасырда  да  өзгермегенін  байқаймыз.

Кітаптың әр парағын парақтап танысқан сайын автордың балалық әлеміне сапар шеккендей боласың. Бала  бейнесін  сомдаудағы  жазушы  шеберлігіне  тәнті  боласың. Жазушы  кейіпкерлерімен  бірге  өмір  сүріп  жатқандай  боласың. Олардың  бақытты өмір  сүргенін  қалайсың. Меніңше, мұның  барлығы  жазушының  кейіпкер бейнесін  берудегі  шеберлігін  танытып тұр.       

Жазушының  бала бейнесі шынайы   берілген  тағы  бір  шығармасы-«Жекпе-жек». Мен  бастапқыда  бұл шығарма  туралы  оқымақ  түгілі  атын мүлде  естімеген екенмін. Жетекшімнен  бұл  шығарма  туралы  естіп, оқуға қызықтым. Сондай-ақ  ол шығармадағы  әлжуаз, аурушаң  баланың  қалай  күшті  балаға  айналғанын  білгім  келді.

Хикаяттың бас кейіпкері Мұрат, ауылдық мектептің 5-сынып  оқушысы. Өз қатарындағы балалар арасындағы өте нәзік, жиі ауырып қалатын. Сондықтан оны анасы көп балалармен ойнауға жібермейтін, дене шынықтыру, спортпен айналысуға рұқсат бермейтін. Оның үстіне бокс үйретуге құштарлық білдірген мұғалімі қабылдамай тастайды. Мұрат намыстанып өз бетімен бокска дайындала бастайды. Мұрат алға қойған мақсатына бірден жетпейді. Оның алдынан талай қиындықтар, кедергілер кездеседі. Бірақ  жігерлі талабының, еңбексүйгіштігінің арқасында ол он алты жасында бокстан әлем чемпионы атанады. Повесте Мұраттың образы өте нанымды, шебер суреттелген.

Мұндағы бала бейнесі-жігерлі талабының, еңбексүйгіштігінің арқасында он алты жасында бокстан әлем чемпионы болған Мұрат Батырбаевтың ұнамды бейнесі. Суреткер Мұрат және оның ұстазы Николай Трофимовичтің, мектеп директоры Тоқмолданың тұлғасын көркемдік шындық деңгейіне көтере алған. Жасында нәзік болып өскенімен, ұдайы шынығу, жаттығу арқасында спорт биігіне шыққан Мұрат Батырбаевтың іс-әрекеті ғибратты. Автор «мінсіз» қаһарман жасауды көздемеген. Мұрат алға қойған мақсатына бірден жетпейді. Спорт дәстүрі сіңбеген алыстағы қазақ ауылында секция ашып, жаттығу жүргізу оңай іс болмады. Себебі, Мұраттың спортпен айналысуына  ата-анасы да, мектеп директоры да  қарсы шығады.  Алайда  Мұрат  алған бетінен  қайтпай  алға ұмтылады. Соның  арқасында  әлжуаз  баладан  әлем чемпионына  айналады. Мұраттың мақсаттылығын, алған бағытына дәйектілігін сипаттайтын бірталай сын кезең бар. Демек, хикаят  кейіпкерлері «дайын күйінде» алынбай, түрлі байланыстар, қайшылықтар, күрестер үстінде толысып сомдалған. «Жекпе-жек» повесінде физкультура пәнінің мұғалімі, спортшы Николай Трофимовичтің қазақ ауылында алуан түрлі спорт ойындарын үйретуді бастауы, көпшілік мүддесі үшін жан сала қызмет істейтіндігі оқушыны нандырады.

Бұл шығармадағы  бала бейнесі  жігерлі, алған бетінен қайтпайтын, өршіл  бейне  түрінде  берілген. Жазушы  Мұрат бейнесі  арқылы талаптанған бала  кез  келген  биікті  бағындыратынын  шынайы  жеткізеді. Мұрат секілді  балалар  қазіргі кезде де бар.  Әсіресе  ауыл  балаларына  қарағанда  қала балалары  тым нәзік  болып келеді. Олар  күндіз-түні  әлеуметтік  желіде отырып,  пайдалы  істермен шұғылданбайды. Сондықтан  бүгінгі  балалар  үшін  Мұрат бейнесі  үлгі  болары  анық.

Жазушы  шығармаларындағы  бала бейнесіне  талдау  жасай  отырып, Б.Соқпақбаевтың  бала бейнесін  сомдаудағы  шеберлігін  айқын  аңғарамыз.