«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесі отырыс өткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің маңызы талқыланды.
Қазақ тіліндегі контентті көбейту қажет
642
оқылды

Отырыстың ашылуында сөз алған Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, бұл құндылықтардың қазіргі жаһандық процестер мен жаңа қоғамдастыққа ық­палын сөз етті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып келеді. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз жас­тардың рухани дамуын жо­ғары құндылық ретінде көретінін атап өтті. Өскелең ұрпақтың руха­ни сауатты, саналы әрі са­лауатты болуы – қоғамның бас­ты мәселесі және бұл на­зардан тыс қалмауға тиіс. Қа­зіргідей жаһандану зама­нында жат құндылықтар мен кереғар идеологиялардың жас­тарға әсері айтарлықтай күшейіп келеді. Жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беру жолында ұлттық тәрбие, ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу – аса ма­­ңыз­­ды міндет болып отыр», – деді Аманжол Әлтай. 

Жиын барысында Мәде­ниет және ақпарат вице-ми­нистрі Айзада Құрманова ұлт­тық құндылықтарды наси­хаттау мақсатында елдің бар­лық өңір­лерінде арнайы медиа жоспар­лар әзірленгенін және түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті Бұл жұмыстарды жүзеге асы­руға ел зиялылары мен қо­ғам белсенділері де атса­­лысуда. Министрлік бүгінгі ақпа­раттық күн тәртібін ұлттық құнды­лық­тар негізінде құрып, оны әлеу­меттік және дәстүрлі ме­диада кеңінен насихаттауға баса на­зар аударуда.

«Өздеріңіз білетіндей, қазір медиа саланың адамдардың көз­қарастарына әсері мол. Осы­ған орай, министрлік елі­міздің ақпараттық күн тәртібін ұлттық тәрбие мен салт-дәс­түрді, ұлттық құнды­лықтарды ұрпақ санасына сіңірудің ма­ңыздылығын ескере отырып жүр­­гізуде. Бұл бағытта өңір­лерде арнайы медиа жоспарлар әзірленіп, ақ­параттық түсіндіру жұмыс­тарын жүргізетін са­рап­шы спи­керлер пулы құ­рылды. Түрлі форматтағы материалдар дәс­түрлі және әлеуметтік медиа же­лілерінде кеңінен таралуда. Республика театрларында да қазақ хал­қының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын наси­хаттайтын қойылымдар басым­дыққа ие болып келеді», – деп мәлімдеді Айзада Құрманова. 

Ал Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Еділ Оспан отырыста биыл «Біртұтас тәрбие» бағдар­ламасы жаңартылып, оған 10 мемлекеттік органның күші біріктірілгенін айтты. Бұл бағ­дарлама арқылы балалар мен жасөспірімдерге ұлттық құнды­лықтарды жеткізу және тәрбие­леудің біртұтас идео­логиялық жүйесін қалыптастыру көз­делген.

– «Біртұтас тәрбие» бағдар­ла­масы аясында «Балалар кі­тап­ханасы» жобасы іске асы­рылып, қазақ әдебиетінің әр­түрлі кезеңдерін қамтитын 1770 кітаптың тізімі жасалды. Бұл жоба арқылы оқушылардың кітап оқу дағдыларын артты­рып, қазақ әдебиеті мен мәде­ниетін жақын таныстыру көз­делген. Тізімді дайындау ба­­­ры­­сында М.Әуезов атындағы Әдебиет институты, Ұлттық академиялық кітапхана және басқа да беделді ұйымдар жұ­мыл­дырылды, – деп атап өтті Еділ Оспан. 

Жиын барысында айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы қазақ тілінде мультфильмдердің жетіспеушілігіне назар ауда­рып, қазақ фольклорын­дағы кейіпкерлерді балаларға наси­хаттаудың маңызды­лығына тоқталды.

«Қазақша мультфильм­дер­дің тапшылығы өзекті мә­селе. Біздің халық ертегілер мен ба­тырлар жырына бай, онда ұр­паққа үлгі боларлық ерекше кейіпкерлер жетерлік. Соған қарамастан, бүгінде қазақ ертегілеріндегі кейіп­керлерді насихаттайтын мульт­фильм­дердің саны өте аз. Әсі­ре­се, ба­­­­лалар қазақ тіліндегі кон­тент­ке қарағанда басқа тіл­дегі мульт­фильмдерді көп көреді. Бұл жағдайды өзгерту үшін Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі мен Оқу-ағарту ми­нистрлігі бірігіп, мульт­фильм­дер мен балаларға арнал­ған кон­тентке қолдау көрсетуді қолға алуға тиіс. Осы мәселені Үкі­­­метке жеткізу керек деп са­най­мын», – деді Серікзат Дүй­сенғазы. 

Театр режиссері Асхат Мае­миров болса, балаларға ар­налған шығармалар мен мульт­фильмдерді қолдау үшін ар­­­на­йы гранттар бөлудің маңыз­ды екенін атап өтті.

«Балаларға арналған шы­ғармашылық жобалар мен мульт­фильмдерге, көркем фильм­­­дерге арнайы гранттар бөлінсе, олардың ұлттық құн­дылықтарды насихат­таудағы рөлі арта түсер еді. Бұл жұмыс­тар тек Ақпарат және мәдениет министрлігінің құзыретіне ғана кірмей, Оқу-ағарту министр­лігінің де тікелей жауапкер­шілігіне жүктелуі керек деп ой­­­лаймын», – деді Асхат Мае­миров.

Бұдан бөлек, жиын бары­сында жазушы, қоғам қай­раткері Алдан Смайыл, ақын Оңайгүл Тұржан және жазушы-драматург Роза Мұқанова ұлт­тық тәрбие, оның ұрпақ сана­сына тигізер терең әсері жа­­йын­­­да пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар қоғамда тамыры тереңге жайылған дәс­түрлі құндылықтарды ұлық­таудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, ұрпақтар сабақтас­тығын сақтау жолында аянбай еңбек ету қажеттігіне тоқталды.

«Әр ұлттың рухани тірегі – өз тілі, өз мәдениеті. Құнды­лықтарымызды сақтап қалу бо­лашаққа деген жауапкер­шіліктің белгісі. Ұлттық тәрбие тамыры тереңде жатқан мәде­ние­тіміз бен әдебиеті­мізден су­­сындайды, ал оны сақтап, наси­­хаттау – әрбіріміздің пары­зымыз», – деді Алдан Смайыл.

Жалпы, отырыс барысында ұлттық тәрбие мен құнды­лық­тарды жас ұрпақтың бойына сіңіру, мәдениетті қолдау ша­раларын күшейту бағытында бірқатар ұсыныстар мен бас­тамалар талқыланды. Кеңес­те көтерілген мәселелер ұлттық мәдениет пен тәрбиені нығай­тудың маңыздылығын тағы бір айқындады.

Әсет САМАТҰЛЫ