Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Шин-Лайн» компаниясы және Оңтүстік Кореяның Hyundae ауруханасы өкілдерімен кездесті.
Көпсалалы аурухана салынады
165
оқылды

Бұл жолғы іскерлік жүздесу облыстағы денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты болды. Нақтырақ айтқанда, келелі кездесуде өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ауқымды әрі аса маңызды жоба – жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы жайлы жан-жақты сөз болып, жүзеге асыру жолдары қарастырылды.

Қазақстан бизнесіндегі есімі балмұз­дақ өндірісі саласындағы өзіндік табысы­мен, алдыңғы қатардан алатын орнымен дараланатын елге белгілі кәсіпкер Андрей Шин Оңтүстік Кореядағы Hyundae Hospital ауруханасының басшысы, доктор Ким Бу Соппен өзара ынтымақтасты әріптестік орнатып, осы іскерлік қарым-қатынастың нәтижесінде «Шин-Лайн Хёндэ» жобасы дүниеге келіпті. Жаңа жо­баны жүзеге асыру мақсатындағы өз ойлары мен жоспарларын Алматы облы­сының әкіміне жеткізген. Олар Марат Сұл­танғазиевтің командасы тарапынан қолдау тауып, соның арқасында өзара түсі­ністік жөніндегі келісім жасалыпты. Заманауи медициналық орталық Іле аудан­ындағы Байсерке ауылында 15 мың шаршы метр аумақта орналастырылмақ және 200 төсек-орыннан тұрмақ. Жалпы құны 72 миллион доллар болатын жоба 2027 жылы аяқталып, кардиология мен нейрохирургияны қоса алғандағы ауыр науқас түрлерін емдеудегі жетекші орынға ие болады деген үміт үлкен. 

Доктор Ким атап өткендей, оның Қа­зақстанмен байланысы 2018 жылы қал­ып­таса бастапты. Сол жылы ол тегін мед­и­циналық көмек көрсету үшін алғаш рет Талдықорғанға барған. Содан бергі кезеңде біздің елдегі денсаулық сақтау саласында көптеген кеңес беріліп, ота­лар жасалған және 150-ден астам медицина маманы Оңтүстік Кореяда тәжір­ибеден өтіп келіпті. Соған сай ол өзінің осынау Қазақстандағы медициналық қызмет сапасын арттыруға бағыттал­ған ынтымақтастықты қарым-қатынасын одан ары дамытуға мүдделі екенін біл­дірді. 

«Шин-Лайн» компаниясының қо­жайы­ны Андрей Шиннің айтуына қара­ғанда, жоба тек коммерциялық та­быс табуды қарастырмайды, сонымен бірге әлеуметтік міндеттерді шешуге де барын-ша бейімдестірілген. Оның бол­жам­ынша, егер ойға алғандар орындалса, онда Байсеркедегі көпсалалы аурухана медицина саласы бойынша Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы білім және тәжірибе алмасатын тиімділігі жо­ғары орталыққа айналады. Жобаның аса маңызды мақсаты – жергілікті мамандар­дың білімін заман талабына сай жетілдіру болып саналмақ. 

Жобаны жүзеге асыру барысында 400 жаңа жұмыс орны ашылып, 700 миллион доллар мөлшеріндегі экономикалық тиім­ділік қамтамасыз етіледі. Алматы облыс­ының әкімі «Шин-Лайн Хёндэ» жобасы табысты халықаралық ынтымақ­тастықтың үлгісіне айналып, өңірге инвестиция тартуға жол ашатындығын айрықша атап өтті. Кездесу соңында «Шин-Лайн» және Hyundae Hospital арасында өзара түсіністік туралы келісім-ге қол қойылды. 

Осылайша, алдағы кезде Байсерке ауылында Hyundae Shin-Line Hospital жаңа жоба бойынша заманауи емхана салынады. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы