Былтыр Қарағанды урбанистика орталығы Оңтүстік-Шығыстағы ту тұғырының жанында «Алаш алаңы» жобасын жүзеге асыруды бастады. Айта кету керек, «Алаш» саябағы жобасын әзірлеу кезінде ағаштарға қатысты мәселелер туындады. Демалыс үшін қоғамдық кеңістікті құру кезінде ағаштарды сақтау маңызды болды. Урбанизм орталығының идеясы алаңға негізгі кіреберістерді, платформаларды, кішігірім архитектуралық формаларды қамтыды, мұның барлығын ұлттық нақышпен бір ыңғайлы жерде біріктіру маңызды болды.
16 қазанда көпжылдық гүлдер отырғызыла бастады. Кейін саябаққа кішігірім архитектуралық пішіндер әкеліне бастады. Урбанистика орталығының сәулетшілер тобының жетекшісі Алексей Волошин: «Алаң ту тұғырының артында басталып, Сарыарқа көшесінің бойымен созылып жатқан Тәттімбет көшесімен аяқталады. Жарықтандыру қосылған, спорт және балалар ойын алаңдары жабдықталған. Шағын сәулет нысандарының барлығында қазақтың ұлттық нақыштары, кейбірінде «Алаш» партиясы мүшелерінің портреттері болады. Сондай-ақ QR коды бар тақтайшалар орнатылады, оны сканерлеу арқылы тілек білдірушілер Алаш партиясы туралы ақпарат оқи алады», – деген болатын.
Дегенмен жанталаса істеген іс тына ма? Республика күні мерекесінде салтанатты түрде ашылған «Алаш» алаңында шу шықты.
«Ол жердегі асықтар сынған, жалпы сапасыз жасалыпты. Каучук сияқты, тіпті каучук бұдан мықтырақ болар. Сол жерде олардың сынып жатқанын көрдім, өздігінен сынған сияқты. Ұзаққа созылып еді олар былтыр бастады, бірақ әлі істеп жатыр. Сонда да сапасыз, бірден байқалады. Сосын жөндеуді қайта бастайды, жөндеуге де 2 миллиард теңге құртады», – деді қарағандылық Айбике Тілемісова.
Тұрғындардың сөзінше, балаларға арналған ойын алаңдары да нашар жағдайда. Қала тұрғындарының айтуынша, олар қауіпті. Ересектер балаларды өңделмеген ағаштан аулақ ұстауға тырысады.
«Қауіпті болса жақындамай, басқа жерде жүреміз. Әрине, мұнша ақша бөлгеннің өзінде оны қолдана алмайтынымыз өкінішті», – деді Ақмарал Сағатбекова.
Атышулы жобаның құны – 1 миллиард 200 миллион теңге. Мердігер төлемнің 30%-ын алып үлгерген екен. Бірақ шенеуніктер тағы бюджет қаржысын бөлуге ниетті. Мұнда олар алашордалықтарға арналған тақырыптық шағын архитектуралық пішіндерді орнатуға уәде беріп отыр.
«Жақында қар жауып, күн суытады. Түрлі жарақаттардың немесе кез келген жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін біз бұл элементтерді қазір жай алып тастаймыз. Оларды биыл консервацияға аламыз және ол жерде ешқандай жұмыс жүргізбейміз. Ағаштан жасалған балалар бұйымдары бойынша да хабарлама жіберілді, біз техникалық қадағалау жасаймыз. Олар да ретке келтірілмек. Жоба екінші рет түзетуден өтті, біз соманы күтіп отырмыз. Сәйкесінше кеңейтіледі», – деді Қарағанды қаласының Қазыбек би аудан әкімдігінің абаттандыруды жоспарлау бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.
Қарағандылық шенеуніктердің жобалары бұған дейін де сынға қалыпты. Мәселен, жаздың басында қала тұрғындары қалаға кіре берісте пайда болған тіректерді сынға алды. 10 құрылымға бюджеттен 45 миллион теңге бөлінген.
Орталық даңғылдағы 40 мың шаршы метр тасжолдың ауыстырылғаны да көпке жақпаған. Себебі ол қазынаға 1,5 миллиард теңгеге жуық шығын әкеледі.
«Бәрін тез-тез, қар жаумай тұрып бітіргісі келіп жатыр. Сапасы өте нашар. Неліктен мұны әкімдіктің өзі істемейді немесе техникалық қадағалау жасамайды? Халықтың өздері уайымдап, «қисық, қиғаш істеліп жатыр, қыста су болады, су ағып кетеді» деп жатады. Бақылау жағы ақсаңдап тұр. Тапсырыс беруші әкімдік бақылау жағын реттесе», – деді қоғам белсендісі Бақтияр Омарханов.
Не де болса, қазір «әкімдік тапсырды, сол күні бітіруіміз керек» деген қағида санамызға мықтап орныққандай. Әйтпесе, бітпеген жұмысты халық алдына алып шыққанды қалай түсіндіреміз?!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы