18 қазан күні Атырауда сұмдық оқиға болды. 23 жастағы қыз кісі қолынан қаза тапты. Сұмдығы сол, қанішерлер қызды қорлап өлтіріп, денесін Жайық өзеніне лақтырып жіберген.
Жайыққа батқан Жауқазын
366
оқылды

Арада үш аптаға жуық уақыт өт­се де, өкінішке қарай әлі күнге дейін қыздың денесі табылмай жа­тыр. Атыраулық құтқарушылар, сүң­гуірлер үш аптадан бері іздестіру жұ­мыстарын үзбей отыр. Бірақ нә­ти­же жоқ.

«Маған енді ешкім де, ештеңе де көмектесе алмайды. Қазіргі бар ар­­­маным – баламды жерлеу және қа­нішерлердің қатаң жазалануына қол жеткізу», – дейді марқұм Яна Лег­кодимованың анасы Галина.

Небәрі 23 жасында кісі қолынан көз жұмған арудың өлімінің ар­тын­да кімдер тұр? Марқұмның дене­сінің әлі күнге дейін табылмауына не себеп? Жұмбақ өлімге қатысты сұрақ көп. Атырау облысы Полиция департаменті, Атырау облысы Тө­тенше жағдайлар департаментінің мәліметтеріне сүйене отырып, біз жұмбақ өлімнің картинасын жасап шығаруға тырыстық.

Ресми деректер былай дейді. Мар­құм Яна Легкодимова 18 қазан күні Атырау қаласының Авангард-2 ша­ғынауданындағы үйінен ша­ма­мен сағат түнгі он ша­масында шы­ғып кетіп, қайта орал­маған. Атырау об­лысы Полиция де­партаментінің бас­пасөз қызметі хабарлағандай, атал­ған факті бойынша «адам ұрлау ту­ралы» және «кісі өлтіру туралы» Қа­зақстан Рес­публикасы Қыл­мыс­тық кодексінің екі бірдей бабы бойын­ша қыл­мыс­тық іс тіркеліп, тер­геу жұмыстары жүріп жатыр.

Жақында Полиция департа­мен­ті Янаның өліміне қатысы бар деген күдікпен 24 және 25 жастағы екі адамның ұсталғанын хабарлады. Жедел-іздестіру жұмыстары бары­сында күдіктілердің қылмыс кезін­де қыздың денесін Махамбет ауда­нындағы Талдыкөл ауылы маңына апарып, Жайық өзеніне лақтырып жібергені анықталды. Өзге ақпарат­тар тергеу құпиялығына байланыс­ты жарияланбай отыр. 

Алайда қара жамылып отырған мар­құмның анасы Галина атырау­лық­тардан, қоғам белсенділерінен және Атырау облысының әкімінен көмек сұрап, біраз мәліметтің бетін ашты. 

Марқұмның анасы Галинаның айтуынша, Яна Батыс Қазақстан об­­лысының Чапаев ауылында дү­ние­ге келген. Бір үйдің жалғыз қы­­зы, үкілеген үміті болған Яна мек­тепті үздік бітіріп, Атырауға жо­ғары оқу орнына грантқа түскен екен. Жалғыз қызының студенттік өмір­ге қадам басқанына әрі қуа­нып, әрі қобалжыған анасы осы­лайша, Атырауға Янамен бірге кө­шіп келеді. Яна жоғары оқу орнын абыроймен бітіріп, магистр дәре­же­сін алады. Кейін Атыраудағы Қа­зақ геологиялық барлау мұнай инс­титутында жұмыс істейді. Жас та болса ғылымға үлкен қызығу­шы­лық танытқан Яна алға қарай оқуын жалғастыруды жоспарлап жүр­ген. Тіпті, көзі тірісінде бірнеше ғы­лыми жобаларды да қорғаған екен. Өкінішке қарай, қайғылы оқи­ға болатын күні марқұмның ана­сы қалада болмаған. Жұмыс ба­бымен іссапарда жүрген Галина қы­зының жоғалғаны туралы тек 19 қазан күні ғана білген. 

«19 қазан күні қызыма хабарла­са алмадым. Үйге келгенімде жа­рық­тың өшпей тұрғаны таңдантты. Әрі Яна марқұм боларының алдын­да далаға сырт киімсіз шығып кет­кен. Демек, ол көп ұзамай үйге қай­­­­та келу­ді ойлаған. Әшейінде қы­зым далаға шығарында міндетті түрде ұялы телефонының қуаттағышы мен құлаққабын ала шығады. Бұл жолы Яна барлық заттарын үйге тас­тап кеткен. Үйден қызымның күн­делігін таптым. Онда Яна кім­мен сөйлескенін жазып жүрген. Қа­зіргі уақытта күнделік те поли­ция­ның қолында. Істің анық-қа­ны­ғы ашылып, қызымды өлтір­ген­дердің ең ауыр жазаға тартылғанын ті­л­еймін. Ал дәл қазір маған қы­зым­ның денесінің табылғаны ке­рек, қызымды арулап жерлегім ке­­­леді», – дейді қайғыдан қан жұт­қан ана.

Атырау облысы Төтенше жағ­дай­лар департаменті Азаматтық қор­ғау басқармасының бастығы Ба­қыт Аблановтың айтуынша, іздеу жұмыстары полиция қызметкерлері ұсынған координаттар негізінде жалғасып жатыр.

«Біздің қолымызда полиция бер­ген жедел деректер бар. Іздеу жұ­­­м­ыстары сол деректер негізінде жүр­гізілуде. Өзен үлкен әрі ағыс қат­ты болғандықтан, дененің нақ­ты қай жерде жатқаны бізге де бел­гі­сіз болып отыр. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Сүңгуірлер­ден бөлек, тағы 12 адам жердің бе­тін­де және жағалау бойында із­дес­тіру жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Полиция қызметкерлері, Ұлт­тық гвардия күштері де тар­тыл­ды. Әзірге нәтиже жоқ. Бірақ біз де­нені бәрібір табамыз. Бұған дейін­гі тәжірибемізде суға кеткен де­не­ні таппаған кез болған жоқ. Із­дестіру жұмыстары оңай емес, де­генмен жұмыс тәулік бойы үзіліс­сіз жалғасуда», – деді спикер Бақыт Абланов.

Қазіргі уақытта «Не молчи» қо­ғам­дық қоры марқұм Янаның ана­сына адвокат іздестіріп жатыр. Қор­­дың мәліметінше, адвокат қыл­­­­мыстық істің тергеу амал­дары­нан бастап, іс сотқа жеткенге дейін­гі барлық процестерге қаты­сып, әділдік үшін күресетін болады. 

«Қызымның арманы көп еді. Ол үшін ең басты орында оқу мен мансап тұрды. Оқуымды жалғас­ты­рып, жұмысымды реттеп алсам, от­ба­сын құру туралы сосын да ой­лануға болады дейтін. Менің қо­лым­да қазір қызымның суреттері мен ұмытылмас естеліктер ғана қал­ды», – дейді марқұмның қара жа­мылған анасы Галина. 

Ананы жалғызынан, елімізді талантты жас ғалымынан айырған күдіктілердің мұндай ауыр қыл­мыс­қа не үшін барғаны белгісіз. Адам өмірі мен денсаулығын ең қым­бат байлыққа теңейтін елімізде қанқұйлы қылмыстардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады... Кешір бізді, Яна...

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы