ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті сол дәуірдің саясатын, алып империя ықпалының құлдырауын, феодалдық үрдістің құлауын, ішкі ықпалдың дүмпуінен күш алған жаңа үкіметтің төңкерісін, жылға жетпеген уақыт ішінде билік басына келген үш үкіметтің алма-кезек ауысуын өз қалпында жазумен ерекшеленеді.
Бейімбет Майлин шығармаларына Қостанай атырабы, арнасы толған Торғай-Тобылдың тасасы мен ағысы баяу «Аят» өзені жағалауына қонған жұрттың тіршілігі арқау болды. Осы бір үш өзеннің сағасына жиналған ауыл адамдарының аңғалдығы, сенгіштігі, күнәмшілдігі бүтін қоғамның бейнесі іспетті.
Әр қоғамның тұрақты қалыптасқан саяси-әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени-рухани өмірінің дағдыларына, табиғи құбылыстардан тұратын тағдырына түрлі өзгерістің енуін, жаңа қоғамның ауытқуы мен толқуларына, заңды қағидаларына, кешегі өткен мен нақ бүгінгі талаптың айырмашылығына, артықшылығына назар салып, айна-қатесіз баяндайтын суреткері болары заңдылық. Суреткер, яғни қаламгер – сол дәуірдің қалыпты келбетін, тұрақты не тұрақсыз тұрмысына баға беруші, әдеби өлшеуші, әдеби сарапшы, әдеби зерттеуші, әдеби безендіруші қызметін атқарады. Суреткер-жазушы, ол – Бейімбет Майлин. Суреткер-драматург, ол –Бейімбет Майлин.
Бейімбет Майлин ХХ ғасырдың басындағы терең толқулар мен тартысқа толы төңкерістердің шындығын, тұрмыстың ауырлығын, тағдырдың тауқыметін әдемі тілмен, көркем оймен жаза білді. Қуанышынан қайғысы басым дәуірде жазушылықтың аса маңызды тарауы драматургия болды. Қазақ драматургиясының да бастауы осы ғасырдан тамырланған. Жазушының шынайы кейіпкерлері шын сөз, шын оқиға, тың идеялармен туды.
Проза – қазақ әдебиетіндегі көркем тілдің көкжиегі. Бейімбет Майлин прозалық туындыларындағы бейнелердің өміршеңдігі – қоғам мен адамның арасындағы байланыстың бір жүйеде қабысуы. Б.Майлин прозадағы көтерілген тақырыптарға талан-таражға түскен қияңкес қоғам, гуманистік идеяға құрылған оқиғалар, ескіліктің сарқыншағы – құлдық, теңдік, бостандық көріністері арқау болды. Би-аға шығармаларындағы кеңестік натурализм – дәстүрлі және ұжымдық ауыл өмірі арқылы баяндалды.
Әдебиеттің қайнар бұлағы – сөз өнері. Сөз – әдебиеттің темірқазығы. Би-аға сөз шындығын қиялдан емес, өмір шынайылығынан тудырды. Сол шындығы үлкен суреткерлікке жетеледі. Бейімбет Майлин осы суреткерлік тұжырымға сай қазақ әдебиеті айдынында аянбай еңбек етіп, бағасы құнды, жарасы әр қоғамда талқыға түсетін шығармалар қалдырды. Жазушы-драматург шығармаларындағы кейіпкерлер психологиясы – жаңа үрдістің қалыптасуын мойындай алмайтын, іштей тұншыққан жарым жандар мен жаңа кезеңнің тәртібін орнатушылардың арпалысы. Әдебиеттің сан тараулы түрінің бірі – жанрлар: проза, әңгіме, драма, фельетон, сатира, әзіл-сықаққа тән туындылардың табиғатын аша білді. Жазушы өзінің драмалық шығармаларында оқиғаларды байланыстырушы, болған жайтты әдеби құрастырушы әрі оқиғаларды ғаламат шиеленістіруші. Ол – адам табиғатын терең білуші. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңілуші. Әдеби кейіпкерінің жан сарайына сырлас бола білді. Жалғыз мұңдасы да сол жазушы. Би-аға кейіпкер жыласа жұбатушысы, күлсе қолдаушысы болды. Қатал тағдырдың тауқыметіне таланған, тар жолда кеңдік таппаған кейіпкерінің қорғаушы қызметін қатар алып жүргені әрбір шығармасында сайрап тұр.
Суреткер – поэзияда сұлу сазды сөз құраушы. Прозада көркем тілді өрнектеуші. Фельетонда фантазияға бай. Сатирада сапырылысқан сөз сайысқа емес, ашық қоғамның ащы шындығын мысқылмен мақұлдап, түйдек оймен түйреп, санаға салып отырды. Би-аға салмақты сатирасында саяси-әлеуметтік кейіпкерлердің ұстанымын, ұтқыр ойларын, екеуара диалогтерін, оқиға құрылысын, қалпы бұзылған қоғамның тынысын келістіре жазды.
Би-ағаның тағы бір қасиеті – музыкалық қабілет дарыған дара тұлға. Сөз саптауында, сөз құрау иірімдерінде әдебиетке тән сазды әуен бар. Оның табиғатпен үндесуі, табиғаттың тілін білуі, табиғаттағы құбылмалы кезеңдерді мүлтіксіз тануы әрбір туындыларында анық білінеді. Суреткердің қаламынан шыққан әрбір шығарма ойы терең, тілі таза, бояуы қанық, дерегі анық – образдар арқылы сол кезеңнің тынысын танытты. Сөз сұлулығын талап ететін, тартымды образдар мен шынайы оқиғаларды көркем тілмен жеткізу мақсатын ұстанған Бейімбет Майлин өз дәуірін сипаттауда ерекше еңбек етті. Бейімбет Майлин еңбегінің айғағы ақпаратта да айқын білінеді. Ол өз заманының ақпаратын лезде жариялаушы, таратушы. Қазақтың маңдайалды газеті «Ауылдың» таралымы мен тиражының басым болуына бір Мырқымбайдың образы теңдесіз үлес қосты. Ал жазушының Ыбырайы – басына қонған не бағы, не соры бүгінмен үндес кейіпкер. Публицист-жазушы Бейімбеттің Мырқымбай, Ыбырай, Қырымбай әрекеті сол дәуірдің тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімін мүлтіксіз баяндады.
Бейімбет десек, әдебиеттен есімізге Қырымбай қырсықтығы, Мұқыш, Ыбырай, Мырқымбай маңғаздығы оралады. Бейімбет десек, экраннан батыр Амангелдінің мергендігі, театр сахнасынан хас батыр Жалбырдың ерлігі оралады. Бейімбет Майлин – қазақтың театр өнері мен кино саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан драматург. Би-аға театрға арналған көптеген пьеса-либретто жазды. Жалпы, бізге жеткені – 23 пьеса, оның ішінде ізденіс пен зерттеулер арқылы табылғаны – 16 пьеса.
Бейімбет шығармашылығына қызыл қырғыннан соң қайта табыстырған, мақалаларына, әңгімелеріне талдау жасап, еңбектерін ғылыми зерттеп, жоғын түгендеген жазушы, профессор, ғалым, гуманитарлық ғылымдарының академигі Тоқтар Бейісқұлов екенін еске түсірген артық емес.
Сахнаның өлшеміне дөп түсер Досан, Есімбек, Сарымсақ, Жалбыр, Елемес, Жамақ, Таңсық, Жамантік, Талтаңбай, Сейпен, Тұтқыш, Жамал, Пүліш, Шермек образдары – бүгінгі біз іздеп жүрген тақырыптың шешуін түбінен қозғар кейіпкерлер. Тынысы кең, тіршілігі тар тағдыры шерге толы кейіпкерлері осы күні арамыздан да табылады. Бұл драмаға тиесілі тәсіл ғасырлар үндестігі әрі жазушының үлестіре білгенінде. Пьесалардағы көтерілген мәселелер – адамның өмірі, адамның күресі. Бейімбет Майлин драмаларындағы басты шиеленіс, ол – адамның тебіренісін оятқан теңдік пен құлдық, еркіндік пен бостандық, бақ пен тақ, бағыну мен бағыныштылық, сатқындық пен адалдық көріністері. Би-аға өзінің драмаларында зарлы әйелдің запыран сөзін, долы келіннің ащы зарын, адуынды ененің кесел мінезін, сұлу қыздың сымбатын сөз әрекетіне сай суреттеген. Еркектің мінезін – барына қанағат, жоғына сабыр ететін жұмсақ мінез иесі етсе, кейде байдың батырмасына көндіккен кедейге араша болған, батырақтың балағына жармасқанды арқасынан сабаған өркөкірек образдар мен саналы ойда болатын, ескі мен жаңаны саралайтын парасатты кейіпкерлері арқылы жеткізді.
Осы күні саны көп, сапасы айтарлық, көркемдік деңгейі санасуға тұрарлық сахналық шығармаларының көпшілігі қазақ театрлары сағасында сығалаған күйі қалып барады. Десек те, қазақ драматургиясының алтын қорынан орын алған Бейімбет Майлиннің шығармаларын бұл күнде қазақ театрлары сахналамауының себеп сыры неде екен? Тәуелсіздік жылдарынан бері Майлиннің санаулы пьесалары сахналанды. Осы біздер Би-ағаның пьесаларын сахнаға сыйдыра алмай жүрміз бе, әлде сыйдыртпай жүрміз бе? Қазақ театр өнеріне кеңдік жасаған, алып бәйтерек Би-аға драматургиясына кемдік жасап жатқан жоқпыз ба?
«...Театр кітабына бірінші жазғаным «Неке қияр», «Жат сабақ» дегендер еді. «Жат сабақты» артынан өзгертіп, «Шаншар молда» деп атадым...» деген Би-ағаның адам психологиясына тән қыңыр мінез, ашкөз пенде қылығын талғам тәсілімен жазған салмақты сатирасы, халықтық театрлар мен халықтың сағымына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауларында жылт еткені болмаса, кең көлемді театр сахналарынан жарқ етпеді.
Жазушы-драматург Бейімбет Майлин өзі жазған «Жалбыр» пьесасы туралы былай деп жазады: ...«Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыстарға қарсы шын ашынып, майданға түскенiн суреттемек болдым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атсалыспақшы болды...». Өз дәуірінде теңдесіз бұл туындыны осы күндері іздеп жатқан сахнагерді көре алмадық. Асылында, жай күндері жазушының шығармашылығын насихаттау баяу жүреді де, мерейлі тойы қарсаңында аста-төк тойдың жоспарлары құрылып, артынан жоспарлардың аяқсыз қалғанын түсінбей жатамыз. Мерейлі той аясында Би-аға туралы 45 сериалды деректі фильм түсіру, кітапханаға атын беру, музей құру, шығармаларын сахналау мәселелері айтылады. Орындалғандары – әңгімелерінен екі кино түсірілді («Қыр әңгімелері» режиссері Д.Манабаев, 1974 ж, Д.Саламаттың «Талақ» фильмі 2024 ж.), әңгімелер желісінен «Кім кінәлі» (әзірлеген – С.Тұрсынбекұлы, 2016 ж.) сахналық нұсқасы әзірленді, Би-ағаның өмірі мен қызметіне арналған «Қаламгер» (режиссері – Ә.Баймахан 2019 ж.) спектаклі сахналанды. Қостанай облысының бұрынғы Таран ауданы қазір Б.Майлин ауданы деп өзгертілді. Бұл атқарылған жұмыстар көп пе, әлде аз ба?!
Ұлт үшін қайраңдаған қайықтай күн кешкен қазақтың үш бәйтерегі – Бейімбет Майлиннің «Жалбыр», «Майдан», «Шұға», Ілияс Жансүгіровтің «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет», Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолында» пьесалары 130 жылдық мерей тойында сахналанбаса, қай мерейтойында сахналаймыз?!
Самат АЛТАЕВ,
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетінің магистрі