Оған 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі ең төменгі жаза тағайындалды.
Маңғыстау облысында алаяқтық жасады деп айыпталған зейнеткерге сот үкімі шықты
3,013
оқылды

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы алаяқтық жасады деп айыпталған зейнеткерге қатысты іс бойынша айыптау үкімін шығарды, - деп жазады Aikyn.kz.

Тергеу барысында С.Қоқанов Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін алдау арқылы иемденді деген күдікке ілінген.

Соттың анықтауы бойынша, 2023 жылдың қаңтар айында С.Қоқанов жәбірленуші С.-мен танысып, оның тас карьерін сатып алуға ниеті бар екенін білген. Ол бұл мүмкіндікті пайдаланып, өзіне тиесілі «Қарамандыбас-2» кен орнын 73 миллион теңгеге сатамын деп уәде берген. 1 ақпан күні ол жәбірленушіден алдын ала төлем ретінде 30 миллион теңге алған, кейін 4 сәуір күні қалған 43 миллион теңгені алып, нотариустың көзінше құжаттарды кейінірек әкелемін деп сендіріп, келісімді аяқтамай кеткен.

«Сотқа прокурор С.Қоқановты кінәлі деп танып, оны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Жәбірленуші шығынды өндіруді талап етті. Өз кезегінде сотталушы С.Қоқанов кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Алайда сот, жәбірленуші мен куәлердің жауаптары, аудио-бейне жазбалар, ақша аударымдары мен басқа құжаттар арқылы оның кінәсі дәлелденгенін анықтады. С.Қоқановқа зейнеткерлік жасы оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін жағдай ретінде есептеліп, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі ең төменгі жаза тағайындалды. Жәбірленушінің талап арызы толық қанағаттандырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.