Бүгін Премьер-лигасының қорытынды ХХVІ турындағы ойындардың барлығы бір уақытта басталды.
«Қайрат» футболдан 2024 жылғы Қазақстан чемпионы атанды
1,232
оқылды

Сондықтан соңғы минуттарға дейін бас жүлде тағдыры шешілген жоқ. Чемпиондық атаққа талас «Қайрат» пен «Астана» арасында өтті. Аталған турда «Қайрат» сырт алаңда «Атыраумен» кездессе, «Астана» Алматыда «Жетісуды» қабылдайды, деп жазады Aykin.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Алматылық клуб бірінші кезеңде қарсылас қақпасына гол соға алған жоқ. Екінші кезеңде атыраулық ұжымнан Никита Степанов дөрекі әрекетіне байланысты қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал 59-минутта «Қайрат» сапынан Гиорги Зария пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Алматылық ұжым қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, биылғы жылдың чемпионы атанды. Олар бұдан бұрын 1992, 2004, 2020 жылдары жеңіс тұғырына көтерілген еді.

Елордалық команда бірінші кезеңнің өзінде қарсылас қақпасына бес гол соғып үлгерді. Оны Джеффри Чинеду 7, Назми Грипши 18, Марин Томсаов 25, Карло Бартлоец 41-минутта гол соқса, талдықорғандық клубтан Егор Ткаченко 31-минутта автоголдың авторы атанды.

Осылайша, «Астана» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, екінші орынды місе тұтты. 

Сондай-ақ «Ақтөбе» өз алаңында «Тұранды» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, үздік үштікті түйіндеді.

Ал «Ордабасы» «Елімайды» 2:1 есебімен жеңсе, «Тобыл» сырт алаңда «Қайсарға» 0:2 есебімен есе жіберді.

Аталған турдағы «Қызылжар» мен «Жеңіс» кездесуі кеш басталғандықтан әлі өтіп жатыр.