Заманауи технологиялар адамдарға барған сайын жақын болып барады. Олардың пайдасы да, зияны да көп екенін біз жиі айтамыз. Мына оқиға чат-боттың пайдалы кеңесі туралы.
ChatGPT адам өмірін сақтап қалды: ғажайып оқиға
ChatGPT диагноз қоймайды, бірақ аурудың бастапқы симптомдарын анықтап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Фото sify.com сайтынан алынды. Авторлығы: Meta AI
1,359
оқылды

ChatGPT пайдаланушысы чат-боттан денсаулығы туралы кеңес сұрап, өзінің жасырын ауруын білгенін bgr.com сайтымен бөліскен. Aikyn.kz таңғажайып оқиғаның қалай болғанын түсіндіреді.

ChatGPT пайдаланушысы чат-боттың өмірін сақтап қалған кеңесі туралы айтып берді. Иллюстрация au.linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Marc Dimmick аккаунты

Apple Watch сияқты киетін құрылғылардың адам өмірін сақтап қалғаны туралы оқиғалар жиі айтылады. iPhone-ның соқтығысуды болжау және спутниктік байланыс мүмкіндіктері де төтенше жағдайларда көмектеседі.

Ал мақтаулы жасанды интеллект жүйелері ше? Жақында ChatGPT пайдаланушысы чат-боттың өмірін сақтауға ықпал еткен оқиғасымен бөліскен. Оқиға бірнеше апта бұрын біздің кейіпкер жұмыста түнде қалған кезде болған.

«Түнгі сағат 2-лер шамасында мен кеудемнің аздап қысылғанын байқадым және өзімді жайсыз сезіндім. Мен мұны қалыпты жұмыс стресі мен ұйқының болмауына байланысты деп ойладым. Кофені тым көп ішкен шығармын. Мен қайта жұмыс орныма оралдым, бірақ жайсыздық кеткен жоқ. 

Неге екені белгісіз мен ChatGPT-тан өз белгілерім туралы сұрадым. Мен бұл тіпті маңызды деп ойламадым, тек қызық үшін сұрай салдым. Мен: «Кеуденің қысылуына, бас айналуына және жүрек айнуына не себеп болуы мүмкін?» деген сияқты бірнеше сұрақтарды теріп, чат-боттан «көбірек ұйықтау керек немесе кофе қабылдауды азайту керек» деген жауаптар алармын деп ойладым», – дейді кейіпкер.

Жасанды интеллект көп адамның өмірін сақтап қалады. Фото datameer.com сайтынан алынды

ChatGPT болса өзіне қойылған сұрақтарды «өте байыпты» қабылдап, «ентігу, терлеу және т.б.» сияқты басқа белгілер туралы қосымша сұрақтар қояды. Біздің кейіпкер болса өзінде осы белгілердің бар екенін түсінеді. Соңынан ChatGPT өз диагнозын қояды: «Бұл белгілер қауіпті болуы мүмкін және инфаркт немесе басқа медициналық төтенше жағдайларды көрсетуі мүмкін. Дереу медициналық көмекке жүгінуіңізді сұраймыз».

Кейіпкеріміз бұл кеңестерді бірден қабылдай қоймаса да, бәрібір жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер шынында да жүрек талмасының бастапқы кезеңінің белгілерін анықтайды: «Егер мен тағы бір сағат күтсем, бәрі басқаша болуы мүмкін еді», – дейді кейіпкер.

«Мен әлі де таңғалдым. ChatGPT, әрине, диагноз қоймайды, бірақ чат-бот маған аурудың бастапқы симптомдарын есіме түсіріп, дұрыс шешім қабылдауға мәжбүр етті... Айтайын дегенім, бұл шынымен де менің өмірімді сақтап қалды. Жасанды интеллектің арқасында мен бұл оқиғаны өзім айтып беремін. Басқаша болғанда оқиғаны менің орныма отбасым айтып беретін еді. Бұл қайғылы болар еді», – дейді бас кейіпкеріміз.

ЖИ сіздің денсаулығыңызға қатысты қауіптердің барлық түрлерін әлдеқайда ертерек анықтауға көмектеседі. Иллюстрация in.linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Dhruvil Mehta

Бұл, әрине, таңғаларлық оқиға. Чат-бот үшін сөзсіз тамаша нәтиже. Сіз де genAI жетілдірілген технологиясын өзіңіз тағып жүретін смарт сағаттағы денсаулық деректерімен және смартфондағы контекстік ақпаратпен біріктіріңіз. Сонда ЖИ сіздің денсаулығыңызға қатысты қауіптердің барлық түрлерін әлдеқайда ертерек анықтауға көмектеседі.

Дегенмен ауруларды диагностикалау үшін ChatGPT-ге толық сенуге болмайды. Ол сіздің дәрігеріңіз емес. Иә, чат-бот ауру белгілерін интернет желісіндегі ресурстардан іздеп, сізге Google сияқты жауаптар тауып береді. Бірақ ЖИ нақты диагноз қоя алмайды. Оны тек кәсіби дәрігер ғана істейді.

Біздің кейіпкеріміздің бойындағы ауру белгілерін ChatGPT дұрыс анықтап, оның болжамды диагнозын кейін дәрігерлер растаған. ChatGPT болжамды инфаркты адамның симптомдары арқылы ерте анықтаған (сәтін салғанда чат-бот өзінің жауабын интернеттегі дұрыс ресурстарға сүйеніп берген). Чат-боттар кейде галлюцинацияға (елес қуып) беріліп кететін кездер де болады, яғни, жалған деректер мен өтірік жауапты шынайы етіп көрсетіп, адамдарды адастырады. Машинаның жауабын басқа дереккөздер арқылы міндетті түрде тексеріп отыру қажет. 

Ал біздің кейіпкер: «ChatGPT менің өмірімді сақтап қалды және мен әлі күнге дейін бұл оқиғаға таңғаламын», – дейді.

Қауіпті видеоны Meta AI тез анықтап, полиция қызметкерлеріне хабарлайды. Олар әйелдің өмірін сақтап қалады. Фото machias.edu сайтынан алынды 

Жасанды интеллект суицидті ескертеді

Instagram және Facebook-тің бас компаниясы Meta 2023 жылдың қаңтарынан бастап өзінің ЖИ жүйесін пайдаланып, суицидтің алдын алу үшін Үндістанның Уттар-Прадеш полициясымен бірлесіп жұмыс істей бастады. Мета AI полициямен бірлесе отырып, Лакхнаудағы 21 жастағы әйелдің өз-өзіне қол жұмсауының алдын алған. 

Әйелдің өмірі қалай сақталды? Шағын ауылда тұратын әйел Instagram-дағы аккаунтында видео жариялайды. Видеода әйел өмірімен қоштасқысы келетінін айтады. Видео әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін бірнеше минут ішінде Meta AI оны «қиындық» деп белгілеп, полицияға хабарлайды. Дабыл түскен бойда полиция дереу Нигохи полиция бөлімшесіне хабарласып, олар 4 минут ішінде әйелдің тұрған жеріне полиция қызметкерлерін жөнелтіп, әйелді құтқарып қалады.

Бұл құтқару алгоритмі былай жұмыс істейді. Қауіпті видео Instagram немесе Facebook-та жарияланған кезде, Meta AI полицияға хабарлама жібереді. Полиция орталығы ескертуді дереу өңдеп, адамның тұрған жерін және басқа да маңызды мәліметтерді табу үшін интернетті пайдаланады. Содан кейін бұл ақпарат жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жіберіледі, ондағы сақшылар тез әрекет етіп, адам өміріне араша түседі.

Біздің елдің ішкі істер мен төтенше жағдайлар органдары осындай Meta AI сияқты жасанды интеллект жүйелерімен әріптестік орнатып, қауіптердің алдын алуға бірігіп жұмыс істеуге болады деп ойлаймыз.

Өзіңіз бен жақындарыңыздың өміріне, денсаулығына мұқият болыңыз. Мемлекеттің қамқорлығын, тегін медицина мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.