«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының арқасында 49 мыңға жуық азамат тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.
Тұрғын үймен қамтылды
159
оқылды

«Елдің барлық өңірінде, оның ішінде шалғайдағы өңірлерде халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мемлекет бірқатар тиісті шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдарда, оның ішінде шалғай аудандарда жұмыс істейтін мамандар (дәрігерлер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, инженерлер және тағы басқа) жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті кредит ала алады. Бүгінде аталған бағдарлама аясында 49 мыңға жуық азамат өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты», – деді Роман Скляр жауабында. 

Оның дерегінше, «Отбасы банк» АҚ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2017 жылдан бастап жеңілдетілген ипотекалық кредиттеудің өңірлік бағдарламаларын іске асырып жатыр. Олар бойынша бүгінде 9,8 мыңға жуық азамат жеке тұрғын үй сатып алды.

Сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ ауылдық жерлердің және аудан орталығы тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың мау­сым айынан бастап, «Асыл мекен» бағдарламасын іске қосты. Оның аясында салымшылар бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека ала алады. Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап банк салымшыларына 1,3 млрд теңгеге несие берілді.

– «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары аясында ауылдарда және аудан орталықтарында тұрғын үй сатып алатын азаматтарға салынып жатқан тұрғын үй болмаған жағдайда екінші нарықта тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі берілетінін атап өту қажет. Сонымен қатар банк жүйе құраушы кәсіпорындармен бірлесіп өңірлерде олардың қызметкерлерін тұрғын үй бойынша қолдау көрсетуге бағытталған өңірлік корпоративтік бағдарламаларды іске асыруда, – деді бірінші вице-премьер.