Астанада ауа райы қолайсыз болса да, қала тұрғындары Ботаникалық саябақта жүгіріп, 4 шақырым қашықтықты бағындырды.
Астанада марафоншылар қатары артып келеді
фото: Астана қаласы әкімдігі
183
оқылды

Далада қарлы жел соғып тұрғанына қарамастан, бұл жолы 1000-нан аса әуесқой жүгіруші жиналды.

– Бұқаралық жүгіру іс-шарасы – қала тұрғындарын ең көп жинайтын спорттың бірі. Сәуірден бері тұрақты түрде өткізіліп келе жат­қан жүгірістерге уақыт өткен сайын қатысушы­лар қатары арта түсуде. Осы спорттық іс-шара – соның айқын дәлелі. Қандай мезгіл болмасын, спорттық жүгірістерді тоқтатпаймыз. 16 қараша күні «Отбасылық марафон» ұйымдастырылса, 21 қарашада түнгі жүгіріс жоспарланған. Желтоқ­сан айында да тұрғындарды бірнеше ірі жарыстар күтіп тұр. Нақтырақ айтатын болсақ, 8 желтоқсан күні Триатлон саябағында Astana Run, желтоқсан айының ортасында жыл сайынғы Qysqy jugiru жарысы және 31 желтоқсан күні Ботаникалық саябақта жаңа жылдық кешкі мерекелік бұқаралық жүгіру өтеді. Жүгіруге деген қызығушылықтың арқасында іс-шара­лардың саны да артып жатыр, – деді жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин.

Жүгіріске жиналған қатысушылардың жасы ең кішісі 11-де болса, ең үлкені – 65 жаста. Әуес­қой жүгірушілер тек 4 шақырымды еңсеріп қана қоймай, арнайы естелік медаль алды. Іс-шара соңында IPhone 15 Pro смартфоны мен 5 велосипед лотерея арқылы ойнатылды.