Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бастаған делегация Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды.
Қазандағы мәдени күндер
174
оқылды

Делегация құрамында мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев, аудан әкімдері, басқарма басшылары, Kazakh Invest компаниясының өңірдегі директоры Қайрат Асаинов, Семей халықаралық әуежайының директоры Ғазизбек Саматов, Abai IT-Valley жобасының амбассадоры Асхат Бейсембаев, «Автотранслайн ВК» ЖШС бас директоры Рамиль Нығматулин, сондай-ақ бизнес және мәдениет өкілдері бар. Сапардың мақсаты – өңіраралық байланысты нығайту, технология, кәсіпкерлік, мәдениет саласында тәжірибе және іскерлік байланыстарды орнатуға, перспективалы идея­лар алмасуға бағытталған.

Еділ өзенінің негізгі порттарының бірі саналатын Қазан қаласы бүгінде Ресейдің ірі көлік және өнеркәсіп орталығы, теміржол, авто және әуежолдарының маңызды торабы айналған. Сондай-ақ қала машина құрастыруда, металл өңдеуде, ұшақ жасауда, химия, мұнай-химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде жетекші орын алады. Әрі Ре­сейдегі ең ірі ғылыми-техникалық орталықтардың бірі. Қалада жоғары технологиялар саласындағы жетекші ресейлік технопарк IT-саябағы, сондай-ақ Еуропадағы ең ірі технопарктердің бірі «Идея» орналасқан. Шаһарда 136 ғибадат орны, оның ішінде 70 мешіт, 45 православие шіркеуі және басқа да діни ғимараттар бар.

Татарстан Республикасындағы Абай облысының мәдени күндері аясында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Татарстан арасындағы екіжақты әріптестік ынтымақтастық кең ауқымды мәселелерді және экономикалық, мәдени саланы қамтитыны туралы айтылды. 

«Біз ресейлік-қазақстандық қарым-қатынастар аясында Татарстанмен ынтымақтастықты дамытуға берілген мүмкіндікті жоғары бағалаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан үшін Татарстан экономиканың түрлі саласында сенімді дос, сенімді серіктес болды және солай болып қала береді. Татарстан Республикасы – дәстүр, бабалар даналығы мен заманауи мәдениет, инновация тоғысқан бірегей мекен. Біздің қоғамымыз әртүрлі мәдениет пен дәстүрлерді біріктіреді. Сіздің басшылығыңызбен қазіргі Татарстан көптеген елге, сондай-ақ Ресейдің басқа аймақтарына үлгі болды. Абай облысы түрлі салада екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Осы сапар аясында Татарстан Республикасының заманауи жетістіктерімен танысуға және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға тамаша мүмкіндік туып отыр. Өйткені өткеніміз ортақ, тарихымыз, салт-дәстүрлеріміз ортақ», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Ресми кездесуден соң Нұрлан Ұранхаев Рустем Миннихановты «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрінің концертін тамашалауға шақырды. Абай облысының мәдени күндері аясында Ғалиасқар Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлан Төкейдің жетекшілігімен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрінің мерекелік концерті өтті. Концерттік бағдарлама аясында Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және Нұрғиса Тілендиев сынды танымал композиторлардың шығармалары орындалды. Оркестр «Абай» операсынан арияларды, сондай-ақ қазақ және татар халқының мәдениетін бейнелейтін халық билері мен композицияларды жұртшылық назарына ұсынды. Көрермендер оркестр­ден бөлек екі халықтың мәдени бірлігін айшықтайтын «Тұмар» халық би ансамблі бишілерінің өнеріне куә болды.

Мәдени іс-шаралар Татарстандағы Қазан Кремлінің көрме залында «Жидебай-Бөрілі» мәдени-әдеби-мемориалдық музей-қорығы ұйымдастырған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты көрмемен жалғасты. Көрмеге Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезовтің жеке заттары қойылған.

Ресми делегация Қазақстан Республикасы күніне орай Татарстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ұйымдастырған салтанатты қабылдауға қатысты. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов және басқа да делегация мүшелері Қазан қаласында қазақтың көрнекті ақыны, хакім Абай ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.

Қазан қаласындағы жұмыс сапары аясында Абай облысының делегациясы Ресейдегі жетекші технопарктердің бірі Башир Рамеев атындағы IT-саябақта болды және Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасында іскер топтардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, Татарстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы одағының төрағасы Шамиль Агеев сөз сөйледі. Дөңгелек үстелде Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов пен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев Абай облысының инвестициялық, аграрлық әлеуеті туралы баяндады.

«Абай облысы – тау-кен өнеркәсібі және туристік нысандарымен, соның ішінде Алакөл көлімен әйгілі Қазақстанның ең жас өңірлерінің бірі. Аймақтың транзиттік әлеуеті де күшті. «Аягөз – Тачен» теміржол жобасының болашағы зор. Толық инфрақұрылымы бар «Өндіріс» индустриялық аймағы өнеркәсіптік инвесторларға қолжетімді. Әкімдіктің қолдауымен бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Біздің ынтымақтастығымыз екі тарапқа да тиімді болатынына сенімдіміз», – деді Рүстем Ворошилов.

Ал Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Марат Ахметов пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды. Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынба­сары өз сөзінде Абай облысымен байланысты нығайтуға, алыс-берісті арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Сіздердің өңірдің транзиттік, логис­тикалық әлеуеті зор. Осы бағыттарда ынтымақтастық орнатқымыз келеді», –деді Марат Ахметов.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құрметті қонақтардың кітабына қол қойды. 

Тілек ҚАБЫЛ