Осыдан екі ай бұрын Атырауда оқыс оқиға болған еді. Анығын айтқанда, Атырау облысына қарасты Индер аудан­ында кішкентай сәби шұңқырға құлап кетті. Абырой болғанда, сәби аман қалды. Өйткені бүлдіршінге дер кезінде құтқарушылар көмекке келді.
Сәбиді құтқарған сарбаз
244
оқылды

Оқыс оқиға 8 қыркүйек күні түс мез­гілінде болған. Екі жастағы бүлдіршін ойнап жүріп, белгісіз жағдайда шұңқырға құлап кеткен. Электр бағанасын орнату үшін қазылған шұңқырдың беті не себепті ашық қалғаны белгісіз. 101 нөміріне да­был қоңырауы түскен сәтте уақыт созбай  Индер аудандық №5 өрт сөндіру бөліміне сол күні жауынгерлік кезекшілікке түскен бөлімше командирі Әмірхан Дәулетқалиев, өрт сөндіруші Бисұлтан Ибраимов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Нұрлыбек Саламатов шұғыл көмекке асығады. Жы­ла­ған баланың дауысын естіген жүргізуші Нұрлыбек ойланбастан батыл әрекетке кіріседі. Әріптестері Нұрлыбектің аяғынан ұстап тұрады, ол бүлдіршінді  шұңқырдан тез шығарып алады. Абырой болғанда, бүлдіршін жарақат алмады. Періштесі қаққан сәби қатты қорқып қалған. Шара­сыздықтан әрі-сәрі  күйде тұрған анасына Нұрлыбек Саламатов осылайша сәбиді аман-есен табыстады.  Оқыс жағдайда уақыт созбай жедел әрекет еткені үшін өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Нұрлыбек Саламатовты Индер ауданы әкімі қабылдап,  алғыс айтты. 

– Дабыл түскен бойда, жедел әрекет етуге жұмылдық. Дегенмен мені ерлік жаса­ды деп айтып жатқандармен келісе алмаймын. Өйткені біз – қандай жағдайда да елге адал қызмет етеміз деп ант берген сарбаздармыз. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі айтылып келе жатса да осындай оқыс  оқиғалар азаймай тұр, – дейді Нұрлыбек Саламатов.

Индер ауданы №5 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Нұрлыбек Саламатов – Индербор кентінің тумасы. Орда бұзар отыз жасқа толған Нұрлыбек – төрт баланың әкесі. Ата-анасының батасын алып, қызмет қылып отырған жарымен бірге қара шаңырақта тұрып жатыр.

«Өрт сөндіру саласына қызметке келгеніме 3 жылдай уақыт болды.  Бұған дейін түрлі салада еңбек еттім. Бірақ құтқарушылардың ортасына – өрт сөн­дірушілердің саласына келгеніме еш өкінбеймін. Өйткені біздің қызметіміз күн сайын адам өмірін құтқаруға арна­ла­ды», – дейді Нұрлыбек.

Үлкен қызы небәрі екінші сыныпта оқиды екен. «Арманшыл болып өсіп келе жатқан қызым әзірге мамандық туралы ойланып көрмеді. Бірақ жан-жақты, білімді, ізденгіш болып өсіп келеді. Егер қызым немесе ұлдарымның бірі болашақта құтқарушы болуды таңдаса, қарсы болмас едім. Әкелік батамды беруге дайынмын. Бірақ құтқарушы болу – оңай міндет емес. Құтқарушылар антына адал болуы керек. Өйткені өз өмірін қатерге тігіп, адамдардың өмірін құтқаратын сарбаз­дардың арқалап жүрген жүгі ауыр. Бәлкім, балаларыма осы жағынан көбірек айтуым мүмкін», – дейді Нұрлыбек. 

Жалпы, құтқарушы болу үшін сар­баздың бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет? Біз осы сұрақты Нұрлыбектің өзі­­не қойдық.

«Ең бірінші, адамға сабырлылық керек. Шыдамдылық, байсалдылық, ержүректілік те құтқарушыны шыңдайтын қасиеттердің бірі. Шыны керек, қазіргі уақытта менің міндетім – өрт болып жат­қан оқиға орнына әріптестерімді шұ­ғыл көлікпен жеткізу. Сол үшін көлігімді үнемі жауынгерлік дайындықта ұстап жүремін. Жеке құрамды жеткізуден бастап, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өрт сөндіргіш заттарды беруге дейінгі күрделі қызметтерді атқарамын. Біз мұн­дай құтқару операцияларын жиі жүргіземіз. Сол үшін әр әрекетімізді секундпен өл­шей­міз. Өзімді бұл саладан басқа жерде еш елестете алмаймын. Мамандығымды мақтан етемін», – дейді Нұрлыбек. 

Өкінішке қарай, мұндай бақытты оқиғалар құтқарушылар өмірінде күнде кездесе бермейді. Мәселен, жыл басынан бері бір ғана Атырау қаласында 9 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті. Оның ішінде екі бала көз жұмды. Ал 5 ба­ла суға кетіп, жан тәсілім етті. Құт­қару­шылар, өкінішке қарай ата-аналарға балалардың мүрделерін тапсырды. Қанша жерден айтылып, жазылып, тіпті қайғылы оқиғалар тіркеліп жатса да, Атырау өңір­інде балаларға қатысты жазатайым жағ­дайлар азаймай тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы