«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла». Расында халық арасындағы осы бір сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек.
Қысқы маусымға дайынсың ба?
550
оқылды

Қоңыр күздің маусымы аяқталып, бірер күннен кейін қылышын сүйреп қыс мезгілі кіруге де таяу қалды. «Қамдансаң қапы қалмайсың» демекші, күз айлары – билік өкілдері мен қалың бұқара үшін қысқа дайындықтың қамына кірісетін кезең. 

Биыл мегаполисте жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталды. Басты себеп – орташа тәуліктік температураның төмендеуі. Қазан айының 7-11 күндері ара­лығында шаһардағы нысандарға кезең-кезеңімен жылу берілген еді. Қала әкімдігінің мәліметінше, орталықтан­дырылған жылу жүйесіне, ең біріншіден, әлеуметтік нысандар, соның ішінде ба­ла­бақшалар, медициналық мекемелер және мектептер, одан кейін тұрғын үйлер, әкімшілік нысандар, білім беру мекемелері, жатақханалар мен қонақүйлер қосылған. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық аясында қаланың алты ауданында 20 шақырым жылу желілері қайта жаңартылып отыр. Осының нәтижесінде, ескі құбырлар үлесі 1,8 пайызға азайған көрінеді. Қала әкімдігі желілерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сорғы жабдықтары жаңартыл­ғанын айтады. Қысқы маусымға қарсы жалпы саны 69 сорғы стансасы мен 24 резервуар-аккумлятор әзірленген. Сонымен қатар биыл ақауларды жедел жою мақ­сатында 2024-2025 жылдарға арналған жылыту маусымы үшін қажетті жабдықтар мен апатты материалдар қоры жасақталған. Бұл дегеніміз – апатты жағдай бола қалған жағдайда қауіптің салдарын алдын алумен 16 апатты және жөндеу бригадалары жұмыс істейді. Олардың құрамында 220 адам мен 56 техника бар. «Алматы жылу жүйелері» ЖШС өкілі биыл мамандар желілерге гидравикалық сынақтар жүргізілгенін, сонымен қоса сорғы жаб­дық­тары жаңартылғанын атап өтті. Қысқа дайындық барысында атқарылған жұ­мыстар нәтижесінде жылу желілеріндегі тозу деңгейі біршама төмендеген көрінеді.

Ал Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері қысқы маусымға дайындық қарсаңында жаңа техникалар сатып алу, автопаркті жаңарту жұмыстары жүргізіліп отырғанын мәлімдеді. Барлық маусымдық техниканы қысқы жабдықтармен қайта жабдықтау жұмыстарын қолға ала отырып, «Алматы Тазалық» ШЖҚ үшін 22 арнайы техника сатып алынған. Мамандар жыл соңына дейін тағы 10 бірлік сатып алу жоспарда бар екенін айтады. Онымен қоса, қыста қардың қалың жаууына байланысты қосымша көмек қарастыр­ылған. Қардың қалыңдығы өскен жағдайда құрылыс компаниялары тез арада қар тазалау үшін 150 самосвал мен тиегіш, 1 000-ға жуық жұмысшы бөлмек. 

– Алматы көшелеріне күн сайын 600-ге жуық техника мен 800 жұмысшы шығады. Түнде 220 техника мен 250 жұмысшы жұмыс істейді. Ұзындығы 2,7 мың шақырым болатын 2 318 көшеде сани­тарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, қыста Алматы көшелерін күтіп ұстау үшін 918 бірлік техника бар. Жол мен тротуарды тазалау үшін 1 400 жұмысшы жұмылдырылады. Көктайғаққа қарсы қажетті материалдар әзірленген, – деді Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы берген мәліметінде.

Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, қысқы маусымға дайындық барысында қалада 10 мердігер ұйым өндірістік база­ларды, жүргізушілер мен жұмысшыларға арналған демалыс бөлмелерін әзірлеу жұмысын аяқтады. Қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай материалдары сатып алынса, одан өзге қар жинайтын арнайы орындар келісілген. 

Еске салайық, осыған дейін Алматыда Ақсай пен Қарғалы өзендерінің арналарына тазалау жұмыстары жүргізілген еді. Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында атқар­ылған жұмыс жауын-шашын қарқыны артып, климат өзгеруіне байланысты туын­дайтын су тасқыны мен арналардың бітелуі сынды қауіпті алдын алуға бағыт­талған. Өзен арналарының тазалануы өз кезегінде су қоймаларының экологиялық жағдайын жақсартуға әсер етеді. 6 000 м2 аумақты қамтыған тазалық жұмыс­тарына экскаваторлар мен жүк көліктерін қоса алғанда, 6 бірлік арнайы техника мен 15 қызметкер жұмылдырылған. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы