"Азия" тобы "Ғажайып күй" әнінің авторлары – Баянғали және Нұрлан Әлімжановтар.
"Көзі мөп-мөлдір": Нұрлан Әлімжанов танымал актрисаға ғашық болып ән жазғанын айтты
26,930
оқылды

"Азия" тобы "Ғажайып күй" әнінің авторлары – Баянғали және Нұрлан Әлімжановтар. Жарыққа шыққанына 20 жылдан асса да елді ерекше сезімге бөлейтін туындының шығу тарихы туралы сазгер Нұрлан Әлімжанов айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

Айтуым керек болса да,

Сөз табу қиын мұндайда.

Айым-ау, менi қинамай,

Айтқызбай бiлсең болмай ма?..

Осындай сезімге толы сөздерді өлеңмен өрнектеген ақын – Баянғали Әлімжанов. 2001 жылы әкесінің жазған туындысына тамсанған әнші Нұрлан Әлімжан сол сәтте-ақ шабыттанып, әуен шығарады. Ол кезде өнерпаз жігіт Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті еді.

"Кейде әкемнің бөлмесіне рұқсатсыз кіріп кетіп, кітаптарын ақтарған өзіме ұнайтын. Рухани демаламын. Күндердің күнінде әкемнің бөлмесіне кіріп қалып едім, үстелдің үстінде ақ параққа қолмен жазылған бір шумақ өлең жатыр екен. "Айтуым керек болса да, сөз табу қиын мұндайда. Айым-ау, менi қинамай, айтқызбай бiлсең болмай ма?.." деген өлең жолдары. Сол шумақтарды оқыдым да, "мынау не деген сөз, Құдай-ау" деп ойладым. Сол кезде бар болғаны 18-де едім. Әдетте әкем өлеңдерін жазады да, бірден кітапқа басып шығаратын. Бірақ бұл өлең әлі шықпапты. Бірден әлгі ақ параққа жазылған өлең жолдарын өзіммен бірге алып, әкемнің бөлмесінен шығып кеттім. Гитарамен осы өлеңге әуен шығардым, ән бірден туды. Екі-үш сағат өткеннен кейін "Әке, керемет өлең жазыпсыз, сөзі ғажап екен" деп едім, сол сәтте әкем: "Не дейсің? Ғажап? Ойбай, бұл өлеңді "Ғажайып күй" деп атағалы отырмын ғой" деді. Ән шығарғанымды көріп әкем де қатты қуанды. Сонымен, әннің атауын "Ғажайып күй" деп қойдық. Қаншама отбасы осы әннің арқасында қосылған екен. Соңғы 25 жылда толықтай бір буын осы әнмен өсті. Мен қазақ руханиятына қосқан сүбелі әндерімнің бірі осы болды-ау деп қуанамын", - дейді Нұрлан Әлімжан.

Әке мен баланың арасындағы шығармашылық тандемнен туған хиттің шығу тарихы ақын Баянғали Әлімжановтың да әлі күнге дейін есінде.

"Бір күні Нұрлан "Әке, бұл өлеңге ән шығардым" деп айтқан кезде денем дір ете қалды. Екеуміздің көңіл күйіміз көтеріліп, әжептәуір шалқып қалдық. Әуенін ұмытып қалмас үшін бірден диктофонға жазып қойдық. Негізі "Ғажайып күй" өлеңі нәзік сезімнен, таза ниеттен, биік ойдан туған дүние. Бұл өлеңде ғашық болған адамның көңіл күйі, екі ғашық адамның махаббатының сыры жатыр десек болады. Осы төрт шумақ қаншама ой, сезім сыйған сияқты. Бұл өлеңде ғашық адамдардың бір-біріне бөлісетін сыры жатыр. Бірақ дәл бұлай кең таралып, хит болады деп ойлаған жоқпын", - дейді Баянғали Әлімжанов.

"Ғажайып күй" хиті сол кезеңдегі жас қыз-жігіттердің сүйікті әніне айналды. Композитор Нұрлан Әлімжан бұл әнді өзінің курстас қызына арнағанын ашық айтты.

"Жігіт ғашық болса – не ұл, не қыз туады, ал ақын ғашық болса – не ән, не жыр туады" дейді. Сол кезде Ақбота деген курстас қыз болатын, көзі мөп-мөлдір. Қазіргі таңда ол Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Ақбота Рахат театрдағы басты рөлдердің көбін сомдайды. Өте танымал актриса. Былайша айтқанда, ең алғаш "Ақбота, осы әнді өзіңе арнадым" деп сол қызға орындап берген едім. Бірақ мен ол қызбен өмірде қосылған жоқпын. Тағдыр жазуы сол болды. Сезімді тек әнмен білдірдім. Бұл менің ол қызға деген ақ адал көңіл мен ниетім ғана. Ал негізгі шабытты әкемнің сөзінен алдым", - дейді "Ғажайып күй" әнінің авторы.

2004 жылы "Ғажайып күй" әнін кәсіби сахнада орындап, көпшілікке кеңінен танытқан "Азия" тобының жігіттері.

"Негізі "Азия" тобын о баста өзім құрғанмын. Алғашқы құрамда мен, яғни Нұрлан Әлімжан, Ринат Баситов және Азамат Тахиров деген үш жігіт болдық. "Барахолка" базарына барып, үшеуміз арзан аяқкиім мен костюм-шалбар алып, топ боп жүрген кездер ғой. Топтың бірнеше атауы болды, Жанатбек Бәйтековпен жұмыс істеген уақытта "ЖАН" тобы, кейін Нұрлан, Азамат, Ринаттың бастапқы әріптерін алып "НАР" деп атадық. Содан кейін "Азия" боп құрылған кезде мен топтан кеттім. Оған да өзіндік себептер бар. Өйткені мен жеке Нұрлан Әлімжанов боп шыққым келді. Топтың құрамында емес, жеке тұлға ретінде танылғым келді. Жеке әнші, жеке композитор, жеке актер болғым келді. Бұл – менің таңдауым еді. Бірге оқыған достарым ғой, "Жігіттер, маған ренжімеңдер" дедім де топтан кеттім. Менің орныма қазір "Азия" тобында ән салатын Ербол Шәріпов деген жігітті алды. Осылайша, "Ғажайып күй" әнін "Азия" тобына табыстап кеттім. "Маған деген өкпе-реніштерің осымен басылсын, бұл ән сендерді талай жерге жетелейді. Ризық-несібелеріңді осы ән әкеледі" дедім. Олардың маған реніші жоқ, бұл ән "Азия" тобын бірталай белеске жетеледі", - дейді Нұрлан Әлімжан.

Бір ғана туындымен талай тыңдарман жүрегін баураған "Азия" тобындағы жігіттердің де "Ғажайып күй" әніне қатысты айтар түрлі естелігі бар. Мәселен, кезінде аталмыш триода ән салған Азамат Тахиров бұл хиттің құпиясын айтты.

"Алғашқыда "Ғажайып күй" әні екі шумақ, бір қайырмадан тұратын. "Азия" тобы үш жігіт болғандықтан, үшінші шумақтың сөзін өзім жазып, әнді өңдеу үшін құрылымын жасадым. Сол уақытта көпшілікке қызық жайт "Азия" тобының жалғыз "Ғажайып күй" әні хит болып, қалған әндеріміз естілмей, танылмай жатып концерт бергеніміз қызық болды. Республика сарайында концерт бергенбіз. Бір әнмен ғана концерт беруге болатынын көргендер сол кезде күліп, кейбірі таңғалған. Содан кейін осы әнді айтып, "Азия" тобы боп танылғаннан кейін көшеде көрген халық менің есімімді еске түсіре алмай "О, ғажайып күй" дейтін. Хиттің құпиясы осында деп ойлаймын", - деп еске алды топтың экс-мүшесі Азамат Тахиров.

Бүгінде "Азия" тобының төлқұжатына айналған "Ғажайып күй" әнінің эстрадада шырқалып жүргеніне 20 жылдан асты. Аталмыш хитке түсірілген ресми клипті 3,5 млн-ға жуық тыңдарман тамашалаған. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.