Конституциялық бақылау – конституциялық заңдылықты және Ата заң үcтемдігін қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Сенатта конституциялық бақылауды жетілдіру тетіктері талқыланды
535
оқылды

Бүгін Парламент Сенатында осы тақырыпқа арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада тиісті заңнамалық новеллалар және осы бағыттағы бірлескен жұмыстың негізгі міндеттері талқыланды.

Дөңгелек үстелді ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев конституциялық бақылау конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды институты екенін атап өтті. Осы бағытта Конституциялық соттың құрылуы әділетті және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғаны анық. Мемлекет басшысы да азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаудың басым міндет екенін үнемі айтып келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев халыққа Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ 2022 жылғы конституциялық реформа елдің құқық қорғау жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтерді. Соның нәтижесінде құқық қорғаудың маңызды тетігі ретінде Конституциялық сот құрылды. Екі жылдың ішінде Конституциялық сотқа 8 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Одан бөлек, заңнаманы дамытуда маңызды рөл атқаратын 50-ден астам нормативтік қаулы шығарылды. Азаматтарға осындай құқықтың берілуі олардың конституциялық кепілдіктерін іске асыруға қатысты қоғамды толғандыратын проблемаларды анықтауға және заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев азаматтардың құқықтарын қорғауды толыққанды іске асыру үшін конституциялық бақылаудың тиімді тетігін қалыптастыру және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру қажет екенін айтты. Сенат Төрағасы конституциялық бақылау тетіктерін жетілдіруге қатысты Парламенттің, мемлекеттік органдардың және ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың алдында тұрған негізгі міндеттерге де тоқталды.

«Конституцияның тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету және оның ережелері мен нормаларының орындалу сапасын арттыру – аса маңызды. Осы орайда біз Конституциялық соттың Парламентке жыл сайынғы Жолдауында көрсетілген ұстанымдарды толық қолдаймыз. Атап айтқанда, Конституциялық сот шешімдерінің орындалуына құқықтық мониторингті күшейту, заңнамада Конституциялық соттың барлық шешімдері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлеудің оңайлатылған тәртібін белгілеу туралы бастамалар айрықша мәнге ие. Осы ретте елімізде конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету әр мемлекеттік органның алдында тұрған маңызды міндет екенін атап өткен жөн», – деп Палата Төрағасы дөңгелек үстел кезінде айтылған ұсыныстар мен пікірлер мұқият зерделеніп, Сенаттың алдағы заң шығару қызметінде ескерілетінін айтты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде сенаторлар Конституциялық сотпен бірлесіп, Конституциялық сот шешімдерінің орындалуын құқықтық тұрғыдан реттеуді жетілдіретін заң жобасын әзірлеп жатқанын да тілге тиек етті.

Сонымен қатар ол отырысқа қатысушыларды Мемлекет басшысының конституциялық бақылау рәсіміне қатысты тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт   Тоқаев өз Жолдауларында адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріне әрдайым назар аударып келеді. Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бағытында әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Осы жолда біз конструктивті ынтымақтастыққа, сарапшылармен, ғалымдармен, судьялармен, заңгерлермен және халықаралық ұйым өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова тікелей конституциялық шағым институты қазақстандықтарға өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қосымша мүмкіндік бергенін, оны бүгінде азаматтар белсенді пайдаланып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ елімізде заңнаманы жетілдіру аясында қабылданған заңдар мен нормативтік құқықтық актілер Конституцияға сай болуы керектігіне баса мән берілді.

Эльвира Әзімованың айтуынша, қазіргі таңда Конституциялық соттың қорытынды шешімдерін орындау тетігі реттелмеген. Бұл жағдай құқықтық белгісіздік проблемасының артуына түрткі болып отыр. Осыған байланысты тежемелік және тепе-теңдік жүйені сақтап, халықаралық тәжірибені ескеріп, Конституциялық соттың қорытынды шешімдеріне қатысты теңгерімді және келісілген шара қабылдауды қамтамасыз ету қажет.

«Заң шығарушы ретінде Парламент заңнамалық бастамаларды талқылау кезінде уақытша алгоритмдер және Конституциялық соттың қорытынды шешімдерін орындау жөніндегі ұсыныстар бойынша нақты түсінік алу керек. Сондықтан Конституциялық соттың қорытынды шешімдерін орындауға арналған заңнамалық бастамаларды енгізу үшін жеделдетілген тәртіп туралы мәселені қарауды ұсынамыз. Сот және құқық қорғау органдарының тәжірибесіне қатысты мәселеде құқық нормасын Конституцияға сәйкес келмейді немесе Конституцияға берілген түсіндірмеде сәйкес келеді деп тану туралы Конституциялық сот шешімдерін іс жүргізу барысында жаңа мән-жайларға жатқызу мүмкіндігін талқылау маңызды. Бұл мәселені шешу бойынша шетелдердің оң тәжірибесі бар. Келесі бағыт – қолданыстағы немесе енгізілген шектеулердің мөлшерлілігімен және олардың пропорционалдылығымен байланысты. Бұл қағида қоғамда «заң және тәртіп» тұжырымдамасын қалыптастыру тұрғысынан маңызды. Сондай-ақ ол заңнаманың тұрақтылығына ғана емес, мәжбүрлеу тетіктерінің болжамдылығына да тікелей әсер етеді», – деді Конституциялық соттың төрағасы.

Айта кетейік, дөңгелек үстелге Парламент депутаттарымен қатар Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың судьялары, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері қатысты.