AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, фракция мүшесі Мұратәлі Қалмұратов азаматтарды жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындардың көпшілігі әлеуметтік тұрғыда көмек сұрады.
Депутат бір топ азаматқа көмек берді
632
оқылды

Қабылдауға келген бірнеше азамат Самал және Құрсай елді мекендерінен келген. Олар өздерінің табыстарының төмендігінен күн көрістің қиындап кеткенін айтты. Қыс мезгілінің жақындауы коммуналдық қызметтердің бағасын арттырып, азаматтардың шығындарын одан әрі көбейтіп жатқанын атап өтті. Мұратәлі Қалмұратов осы мәселемен тереңірек танысып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға өз қаражаты есебінен бір реттік қаржылай көмек ұсынды.

Сонымен қатар құқықтық көмек сұраған азаматтар да болды. Күншығыс мөлтекауданының тұрғыны жекеменшік жеріне мемлекеттік акт ала алмай жүргенін айтып, осы мәселеге кедергі келтіріп жатқан адам­дар барын мәлімдеді. Депутат бұл жағдайды тың­дап, азаматқа азаматтық сотқа жүгіну бойынша кеңес берді.

Қабылдауға келген азаматтардың ішінде ІІ топ мүгедектігі бар жан да болды. Ол коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдіктер алуға мүмкіндік сұрады. Осы мәселені шешу үшін депутат Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысына телефон арқылы хабарласып, заң аясында тиісті жауап алуға ықпал етті.

Мұратәлі Қалмұратов қабылдауға қатысқан азаматтардың мәселелеріне байланысты жеке сұрақтар бойынша кеңестер беріп, телефон арқылы да құқықтық көмек көрсетіп, олардың мәселелерінің оң шешілуіне барынша қолдау көрсетті.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы партиямыз азаматтармен тығыз байланыста жұ­мыс істеп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олар­дың мәселелерін шешуге үлес қосуда. Біз әрқашан халықтың қасында боламыз! – деп атап өтті депутат.

Әсет ҚАЛИ