«AMANAT» партиясының Орталық аппаратына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының студенттері келді.
«AMANAT»: Студенттерге жоғары оқу орнынан тек қана диплом алып шығу аздық етеді
Фото: Әли Ғалым
631
оқылды

Жастар қауымы саяси ұйымның тыныс-тіршілігімен, сондай-ақ атқарылып жатқан ауқымды жұмыспен танысты. 

Сөз басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек білікті, кәсіби маман болып қалыптасудың алғышартына тоқталып, ұдайы ізденудің, барынша зейін қойып білім алудың мәні мен маңызын атап өтті.

«Жоғары оқу орны қабырғасынан тек диплом алып шығу аздық етеді. Қазіргі таңда саясаттанушы ғана емес, саяси технолог, маркетолог бола білу қажет. Бұған қоса, жасанды интеллект сынды заманауи технологияларды пайдалана білген де артық етпейді. Яғни, бір емес, үш-төрт мамандықты игеріп алу мүмкіндігі болуға тиіс. Осы бағытта жұмыс істеген жөн дер едім. Бұрын жастардың интеллекті – IQ бойынша бағаланса, кейін эмоционалды аспекті – EQ дами бастады, ал қазір трендке бейімделу интеллектісі – AQ кірді. Яғни, үнемі біліктілікті арттырып отыру қажет», – деді ол.

Сондай-ақ, Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да егжей-тегжейлі тоқталып, саяси ұйым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық тірегі саналатынын жеткізді.

«Бүгінде партиямыздың қатарында 817 мыңнан астам мүше бар. Әрбір облыс орталығында, әрбір қалада және әрбір ауданда партиямыздың филиалдары жұмыс істеп тұр. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде халықтың өтініш-тілегіне құлақ түріп, партия жанындағы Қоғамдық саясат институтында түрлі әлеуметтік зерттеу жүргіземіз. Ал «Жастар рухы» Жастар қанаты бүгінде өскелең ұрпақтың ауқымды шығармалық ортасына айналды. Жасыратыны жоқ, өзім де осы ортада кәсіби шеберлігімді шыңдап, мол тәжірибе жинадым», – деді ол.

Жүздесу барысында жастар қауымы партияның Атқарушы хатшысына өздерін толғандырған сұрақ-сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Басқосу соңында партияның Орталық аппараты ғимаратында меймандарға арналған шағын экскурсия ұйымдастырылды.