«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр
664
оқылды

Мәселен, аталған акция аясында еліміздің бірқатар өңірінде партия белсенділері аумақтарды тазалау жұмысына қатысты.

Яғни, партияның Қызылорда қалалық филиалы «Тұңғыш Президент саябағында» тазалық жұмысын ұйымдастырды. Оған фракция депутаттары, бастауыш партия ұйымының өкілдері және «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері атсалысты. Іс-шара барысында қураған жапырақтар мен талдар жиналып, саябақтың ішкі жолдары тазартылды.

Партияның қалалық филиалындағы «Тұран» бастауыш партия ұйымының төрайымы Бейбіткүл Кәрімованың айтуынша, тазалық жұмысын партияластар жыл басынан бері абыроймен атқарып келеді.

«Тазалық, ең алдымен, жергілікті азаматтарға, осы қаланың тұрғындарына қажет. Қызылорда қаласы – еліміздегі ең таза шаһарлардың бірі. Сондықтан, аталған акция азаматтардың экологиялық іс-шараларға деген белсенділігін арттырып, айналаны таза ұстауға үндейтіні анық», – деді ол.

 

Өз кезегінде, партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева тазалық жұмысына атсалысқан барша азаматқа алғысын білдірді.

Ал «AMANAT» партиясының Түркістан облысы Отырар ауданындағы «Қоғам» бастауыш партия ұйымы «Таза бейсенбі» акциясын еліміздегі көне ескерткіштердің бір саналатын «Отырар қалажұрты» маңында өткізді.

«Акцияға қатысу арқылы ел ертеңі саналатын жастар қауымына үлгі көрсетуді, оларды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуді, еңбекке баулу ісіне үлес қосуды мақсат тұтып отырмыз. Бұл – бір реттік немесе бір айлық акция емес, жыл бойы жалғасын табатын ізгі іс-шара. Айналамызды таза ұстауды, абаттандыруды күнделікті әдетке айналдырғымыз келеді. Сондай-ақ, біздің мақсатымыз – тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын ояту», – деді «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров. 

Тарихи орында тазалық жұмысын жүргізуге партиялықтармен қатар, ауыл тұрғындары, жастар қауымы қатысты. Мұндағы мақсат – көне тарихи орында тазалық жұмысын жүргізу арқылы саяхатшылардың ауданға көптеп келуіне жағдай жасау.

Жалпы, аталған акция аудандағы 13 ауылдық округте орналасқан 38 елді мекенде 25 апта бойы жалғасып келеді. Партиялықтар аудан тұрғындарын әр бейсенбі сайын акцияға қатысып, айналаны таза ұстауға шақыруда.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Таза бейсенбі» акциясы басталғалы бері оған 14 мыңнан астам адам қатысып, 263,3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.