Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту жөнінде айтты
241
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету аса маңызды екенін айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент атап өткендей, қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі.

- Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Осындай мәселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни, элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Мен жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырдым.

Сондай-ақ жуырда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Ол жақта да өте маңызды келіссөздер болды. Моңғолия басшысымен бірге көптеген мәселені талқыладық. Екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы да айттық. Моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді әрі ұзаққа шабады екен.

Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім, - деп нақтылады Президент.