Ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Президент: Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру
Фото: istockphoto.com/ru
225
оқылды

Бүгінгі Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттырып, ауылды көркейтуді Үкімет  тарапынан қолға алынғанын жеткізді.

– Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін. Бұған сайлау алдындағы тұғырнамада ерекше назар аудардым. Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды, – деді Президент.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, оның тапсырмасымен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылданған. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр.
 
"Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет. Бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр менің тапсырмаммен қайта құрылды. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.