Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
«Акваөсіру туралы» заң жобасы қаралады
171
оқылды

Депутаттардың талқылауына «Акваөсі­ру туралы» Үкімет әзірлеген заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқы­лымда қарау ұсынылады. 

Заң жобасы акваөсіруді дамыту сала­сындағы қатынастарды реттейтін құқық­тық тетіктерді, инвестиция тартуға және экономиканың осы секторына шағын және орта бизнесті тартуға ықпал ету мақ­са­тымен әзірленген. Атап айтқанда, су қой­маларын конкурстық негізде және кон­курстық рәсімдерсіз беру тәртібі белгі­ленеді. Сонымен қатар жеңілдетілген не­сие­лендіруге, еңбек өнімділігін арттыруды ғылыми қолдауға және ынталандыруға қосымша мемлекеттік қолдау шаралары мен басқа да бірқатар өзгеріс енгізіледі. 

Ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат ісі салаларындағы норма­лардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін жою мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымда қаралады.

Күн тәртібінде бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобалары да бар. Олар: Сахараның оң­түстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп та­ратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісім, әдеттегі опе­ра­цияларға жарғылық капиталдық шек­теуді жою мақсатымен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісім, сондай-ақ мемлекеттік (муни­ци­палдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісім.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы ратификациялық шартты және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың қызметіне қатысты жаңа заң жобасын жұ­мысқа қабылдайды.