Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай

Ілияс Жансүгіров. Сырбаз, парасатты қалам иесінің өлеңі де өзгеше, өмірі де бөлек болғаны белгілі. Сөзден сұлу сарай тұрғызған ақын этнограф болған ба?

Оны біз этнограф деп толық айта аламыз. Оның да өзіндік себебі бар. ХХ ғасыр басында өмір сүрген, сталиндік зұлматтың құрбаны болған қалам иесінің шығармашылығы аз зерттелген жоқ. Десек те, Әуезовше айтқанда, «Дала, «Күйші», «Құлагер»... Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік ірі сапа табатыны» даусыз. 

«Тау суындай сылдырлап»

Бұл туралы ғалым Рымғали Нұрғали былай деп жазады: «қазақ жаңа әдебиетінің бастау қайнарында тұрған құдіретті талант иелерінің бәріне тән ортақ асыл қасиет – көпқырлылық. Бұл ерекшелікті ақын, драматург, прозаик Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан да көруге болады. Халық өмірін реалистікпен бейнелеген дарынды қалам иесінің әр жанрдағы туындыларының ішінде ерекше жарқырап тұрған оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады», – дейді. 

Қайраткердің өлеңдеріндегі сұлу сөз, көркемдікті зерттеген ғалым болмаған ба? Соңғы жылдары Ілияс неге көп айтылмай кетті? Айтылса да қайраткердің этно­гра­фиясына тоқталған ғалым бар ма? Біз бұл сауалымызды профессор, алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақоваға қойғанымызда, ілиястанушылар азайып кеткенін, Ілияс Жансүгіров шығармашылығы соңғы жылдары көп зерттелмей қалғанын айтты. Ғалымның айтуынша, бұл тақырыпқа барған зерттеушілердің бірі – Рымғали Нұрғали. «Ол өзінің Ілияс туралы жазған бір мақаласында айтады. «Ілиястың этно­графиясы «Күйші» поэмасында, «Құла­герде» көрініс табады. Совет үкіметі ұлт­тық құндылықтардың бәрін жоюға кі­­ріс­кенде Ілияс осының бәрін жазып кетті», – дейді. Ілияс өлеңдерін оқып қарасаңыз, қазақтың ұмытылып бара жатқан атауларын, мәселен, Жетісу өңірінде өсетін гүлдердің атауын санап шығады. Ілияс этнографиясы туралы Рымғали Нұрғалидан кейін ешкім жаза қойған жоқ. Ілиястанушылар да бұл тақырыпқа бара қоймаған секілді», – дейді Айгүл Ісмақова. 

Рымғали Нұрғали «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай» деген мақаласында: «Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жыр­дың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған», – деп жазады. Ғалымның бұл сөзінің растығына Ілияс мұрасын парақ­тағанда көз жеткізетініңіз анық. Тілі орам­ды, құйма құлақ, зерек Ілияс ұлттың ұлттық дүниесін, яғни «көпі киген қазақты ңқара өлеңін шекпен жауып өзіне қай­тарғанын» байқайсыз. 

Рымғали Нұрғали жазбасынан байқа­ған­дай, Жансүгіров өлеңдерінде табиғат­тың көркемдігі ерекше көрініс табады. Ғалым жазбасында: «Ақын Ыстықкөл, Балқашкөлді, Шу, Іле, Шелек, Көксу өзен­дерін, таутасты, қиын жынысты өзен-көлді мекен ететін сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр, шиебөрі, қарсақ, сусар, бұлған, жанат, тау теке, арқар, құлжа, қарақұйрық, марал секілді аңдарды, тас­қара, балта жұтар, ақбас құмай, бүркіт, лашын, тұйғын, қырғи, құрмықи, ителгі, тұнжыр, тынар, тұрымтай, бидайық, ты­­ғанақ, үкі, құладын, бұлбұл секілді құс­тарды, шымшық, шөже, тоқылдақ секілді торғайларды өлеңге қосады. Ал мұнда айтылатын ағаш, шөп атаулыдан тұтас ботаникалық бауды толтыруға бола­тын­дай, олар: қарағай, тал, долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша, қызыл қайың, ақса­сық, бар­ша, шынар, шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен, үйеңкі, шырғай, тораң­ғы, сарыағаш, қойқарақат, жиде, тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрт, қараған, шеңгел, шілік; сары­күйік, тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлы­нембес, сүттіген, еңлік, мейіз, киізкиік, ақ­шалғын, көкемарал, бетеге, раң, жапы­рақ теңге, балдырған, у қорға­сын, шүлке­уір, шырыш, шытыр, мықта­мыр, жуа, рауғаш, жаушыпырақ, балауса, сорғыш, селдір ермен, бақ-бақ, сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ, шоқайна, меңдуана, сора, шақпақ, қурай, шырма­уық, кендір, қылша, жыланқияқ, қоға, жуа, сарымсақ, қымыздық, қызсаумалдық, қалақай, құстаңдай т.б.» туралы мысал келтіреді. 

Қалай таңдай қақпайсың? Мына атау­лардың көбі қазір ұмыт қалғаны рас. Ға­­лым Рымғали Нұрғали айтқанындай, Ілияс Жансүгіровтің жазушылық кемел­денуінің сапалы бір белгісі қазақ халқының өмірін, өткен оқиғаларды бейнелегенде даму, өзгеріс процестеріне тарихи тұрғыдан қарап, әлеуметтік-қоғамдық пробле­ма­ларды жеке адамдардың тағдыры, нақты, реалистік көркем тұлғалар арқылы бейне­леуінен көрінеді. Осындай туындының бірі «Күйші» поэмасының оқиғасына автор араласпай, сюжеттің табиғи ағысына жол берсе, «Құлагер» (1936) поэмасының көр­кемдік құрылысында құнарлы өзге­шелік­тер, тынбай ізденген өрен жүйрік су­реткер тапқан тамаша жаңалықтар, эсте­тикалық игіліктер бар. Мойындауымыз керек. 

 «Тасқында, тау суындай, көңіл жыры»

«Ілияс Жансүгірұлы – тұңғиық терең тұлға. Ол – 44 жылдық қысқа ғұмырында ұлт әдебиетінің бар жанрына қалам тар­тып, жаңа түр, жаңа жанр тудырып, көр­кем ойдың арнасын кеңейткен әмбебап қаламгер. Өкініштісі, ақын шығармалары 1958 жылдан бастап қайтадан әдеби-ғылыми айналымға түссе де қызыл қуғын жылдарында біртуарымыздың көптеген дүниесінен көз жазып қалыппыз», – дейді ғалым, ілиястанушы Елдос Тоқтарбай.

Оның айтуынша, Ілиястың ашыл­маған, зерттелмеген қыры өте көп. Ақынның шығармашылығындағы зерт­телмей жатқан саланың бірі – этногра­фиялық еңбектері. «Ілекең қазақ этногра­фиясын, мәдениетін өлеңдерінде кемеліне жеткізіп жырлап, сыр-сипатын, сынын, табиғатын толық ашып көрсеткен. 1927 жылы шыққан «Беташар» кітабында ақын қазақтың салт-дәстүрлерін суреттесе, 1928 жылы «Сағанақ» кітабында «Ұршық» (жеңгемнің жыры), «Сабын», «Саптыаяқ», «Тас шешей» өлеңдерінде ұмыт қалған дәстүрлерді жаңғыртып, оқырманына насихат қылады. Бұл оның алғашқы өлең кітаптарында көрініс тапқан дәстүр мен тұрмыс-салт жырлары еді. Кейін ақын қазақ балалар әдебиетінің түрлері мен жанрларын тудырып, өтірік өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, ырым-тыйым сөз, мазақтама, сурет­теме, төрт-түлік пен табиғат атаула­рына арналған тақпақтарында қазақ этнографиясының озық үлгілерін жасай­ды», – дейді ғалым. 

Ақынның әйгілі «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары да тұнып тұрған этнография. «Оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алған әйгілі поэ­маларында қазақтың өзіне ғана тән салт-санасы мен дәстүрі, мәдениеті, көшпелі өркениеті асқан шеберлікпен ерекше суреттеледі. Қазақтың құсбегілік, атбегілік һәм аңшылық қырлары өнер тілінде теңдесіз бейнеленген. Қазақтың жанының жылқымен біте қайнасқанын Жансүгірұлы ұлттық психологизм көзімен қарап, бәйге ойыны мен ас беру дәстүрін жеріне жеткізіп жазады. 2024 жылдың маусымында менің жетекшілігіммен «Ілияс Жансүгірұлы шығармашылы­ғын­дағы этнографиялық мәселелер» тақы­рыбында магистрлік диссертация жазы­лып, жоғары деңгейде қорғалды. Осы жыл­дың соңына дейін Ілияс Жансүгірұлы­ның «Этно­графиялық этюд» кітабын шығарамын. Бұл кітапқа ақынның 1921-1937 жылдардағы күнделіктері мен жұмыс дәптеріне жазыл­ған, әртүрлі экс­педиция кезінде жазып алған этно­графиялық-фоль­клорлық мұрасы, ойлары мен пікір­лері енді. Бір сөзбен айтқанда, Ілиястай дара дарынның қалың қазаққа жетпеген талай саф алтын­дай мұрасы бар. Соның бәрінің шашауын шығармай, қыздың жиған жүгіндей қылып оқырманға ұсыну – міндет. Міндет қана емес, аза­мат­тық парыз, зерттеушілік мұрат», – дей­ді Елдос Тоқтарбай. 

Профессор, ғалым Айгүл Ісмақова Ілияс­тың шығармашылығы соңғы жыл­дары зерттелмей қалғанын айтқан еді. Елдос Тоқтарбай да қайраткердің этногра­фиясы ескерусіз қалғанын жоққа шығар­майды. Бүгінде Жансүгіров мұрасын інде­тіп, зерттеп жүргендер де көп көзге ша­лын­байды. Әйтпесе, Ілияс деген терең мұ­хит ғой, қазған сайын мол мұраға кене­летініміз анық. Оның табиғат лирикала­рының өзі бір бөлек әлем, ол әлемді толық аша қоймағанымыз белгілі. Бірен-саран ғалымдар болмаса, толық шығармашы­лығы зерттеліп, зерделенген жоқ. Ілияс Жансүгіров мұрасына биылғы 130 жылды­ғында ерекше мән беруіміз керек еді. Әттеген-ай, тағы да ұмыт қалдырған секіл­діміз. Елдос Тоқтарбай айтқандай, бұл ғалымдарға азаматтық парыз, зерттеушілік мұрат екенін айтқымыз келеді. 

Бір сөзбен айтқанда, біздің жас ұрпақ қазақтың этнографиялық мәдениетінен толық сусындауы үшін Ілияс Жансүгіров мұрасы – рухани зор қазына. Ілиясты терең зерделеген жас буын қаншама ұғым, қанша сөзге қанығады. Ұлт мәдениетін терең түсінетін болады. Қазақы қалыпқа қайта оралады. Сондықтан Қазақстан мектептерінде Жансүгіров жырларына терең ден қоюдың жолын іздеген абзал.

Гүлзина БЕКТАС