Мәселен, композитор Тұрдықылыш Ізтаевтің кеудесін жарып шыққан, ел арасында кеңінен таралған әйгілі әсем ән – «Нурикамал». Жақында ғажап әннің тууы туралы фильм кинотеатр экранына жетіп, көрерменге ұсынылды. Режиссері – Ернат Байұзақ. «Нурикамалды» көрген көрерменнің пікірі алғашынан-ақ қақ жарылды. Шығармашылықтағы Муза мен өмірдегі махаббатты шатастырмауды, өнердің биігін, парасат пен адалдықты идея мазмұнына кіргізген кино режиссерімен сұхбаттасқан едік.
– Ернат мырза, режиссер фильмді қалай таңдайды? «Нурикамал» әнінің туғанын білеміз, ал кинотуынды қалай туды?
– Фильмнің тақырыбын таңдау – әр кезде әртүрлі. Кейде режиссер өзі таңдап, инвесторға ұсынады. Кейде керісінше кетеді, инвестор өзі таңдап ұсынуы мүмкін. Біздің жағдайда сценарист Қанат Рамазан екеуміз «Нурикамалдың» идеясын инвесторға ұсынғанымызда бірден қолдады. Негізі, бұл тақырыпты айтып жүргеніме екі-үш жылдың шамасы болды. Орайы енді келген екен. Егер демеушілер бізге қолдау көрсетпегенде мүмкін басқа тақырыпты таңдар ма едік? «Нурикамал» киносының сценарийі екі айдай жазылды, дайындық жұмыстарына да екі ай кірісіп, түсірілім 20 күнге созылды.
– Биыл Ханбибі Есенқарақызының 75 жас мерейтойы ғой. Кино мерейтойға орайластырылды ма, сәйкестік пе? Түсірілімге кіріспес бұрын Ханбибі апамен әңгімелескен шығарсыздар?
– Бұл – таза сәйкестік. Шыны керек, ол кісінің мерейтойы болатынынан хабарымыз болмады. Бірақ кино түсіретіннің алдына Ханбибі апаның алдына барып рұқсаты мен батасын алып қайтқанбыз. Одан кейін бірден сценарий жұмыстары мен түсірілімге кірісіп кеттік. Оқиға желісі ақынның өзі айтқанымен түсірілді. Барынша шындығын айтты. Киноға кірмей қалған, киноның, экранның эстетикасына сай келмейтін оқиғалар бар ғой. Өмірден алынғандықтан, кейбір ащы шындық пен келеңсіз оқиғаны кинода көрсетуге болмайды. Ханбибі апамен жолыққанымызда бізге сенетінін айтып, одан кейінгі жұмысты бізге сеніп тапсырды. Сөйтіп, кино дайын болғанда бір-ақ көріп, көңілінен шыққанын айтты. Сценарийді оқытуымызға болатын еді, бірақ бұл фильм жеке тапсырыс емес. Ханбибі апаның жеке өмірі болғанымен, кейіпкерлер ішінде Тұрдықылыш ағамыз бар, Нурикамал басқа да біз қосқан кейіпкерлер бар. Ханбибі апа фильмге жақсы бағасын берді. Өзінің образын сомдаған актрисаға өзінің мінезінің қосқанын айтып, фильмді ұнатқанын жасырмады.
– Кинода кей кейіпкерлердің образы толық ашылмаған сияқты. «Нурикамал» жалғасын таба ма?
– Сұхбаттарымда айтып жүрмін, қазір билет сатылымы кинотеатрларда жүріп жатыр. Ол тоқтағаннан кейін мемлекеттік, мемлекеттік емес телеарналар не сайттар алып көрсетеді. Соларға кинотеатрда көрсетілген 1,5 сағаттан көп материал бар екенін айтамыз. Өйткені фильмге кірмей қалған көп қысқа сахналар бар. Нарықтың кинотеатрдың талаптарына байланысты қолда бар деректерді қысқартуға тура келеді. Негізі, 120 минуттық мелодраманы көрерменге көрсету, түсіндіру қиын. Сондықтан жаңағы айтқанымдай, телеарна немесе сайттар көрсететін болса, киноға кірмей қалған артық материалдардан 4 сериалы фильм түсіріп береміз деп едік. «Нурикамал» әнінің шығу тарихында кейіпкерлердің жеке өміріне қатысты көптеген шытырман оқиға бар. Бұл киноны сол замандағы қазақ мәдениетіне байланысты Нурикамал Сейітжанова апамыздың тарапынан да көрсетуге болады, Тұрдықылыштың да жеке композиторлық жұмысындағы мәселесі мен дирижер ретінде ашылмай қалған бейне көп, Ханбибі апаның да ақындығы, «Қазақ тілі» қоғамына қатысты көрерменге жетпегені көп. Қысқасы, екінші маусымын түсіруге материал әбден дайын. Оны жазып басқаша қырынан көрсетуге болады. Қалай десек те, бәрі көрерменнің сұранысына байланысты болмақ.
– Қазір көрермен пікірі екіге бөлінген. Киноға сын айтқандар неге көбейді?
– Ойымша, қазір сатылым жағы керемет емес. Өйткені шынында көрермен пікірі қақ жарылды. Көзге шөп салушылықты романтизация жасап, соны насихаттайды дегендер де болды. Мұндай пікір қазіргі өзекті мәселенің біріне айналған отбасындағы әлеуметтік жағдайлардан айтылған шығар деп ойлаймын. «Нурикамалға» кей әйелдің жұбымен бірге келуге қорқатыны да сондықтан болар. Шынтуайтына келгенде, мелодрама, драма жанрын әлі де дұрыс қабылдай алмай жатырмыз. Былай қарасаңыз, эфирде 3-4 сағаттап жүретін бағдарламалар бар. Сондай бағдарламаларды көрген қоғам жеңіл-желпі фильмдер көріп үйренген шығар. «Нурикамал» сияқты фильмдерді көруге дайын емес шығар деп ойлаймын. Сондықтан сатылым керемет деп айта алмаймын. Бірақ «Әнді сүйсең, менше сүй» деген сияқты әнді сүйген көрермен, сөзге сенген, ән тыңдап өскен, театр мен спектакльдің құнын білетін, жалпы өнерді бағалайтын көрермен көріп жатыр. Ал жалпақ көрермен, соның ішінде жастар жағы дұрыс түсініп көре алмайтынын мойындауымыз керек.
Көрермен өзіне керегін алады, керек емесін сол жерде қалдырады. Эмоциясымен бөлісіп жатқандар да бар. Яғни, кино емес, психологиялық тренинг деп қабылдап қалған болуы керек. Өмірдегі нағыз шындық осы деп қабылдағаны да бар. Кино – өнер, бір жағынан көркем шығарма болған соң, кейбір жері музыкамен, кей жері диалогпен әсіреленіп, драмалық сахналармен күшейтіледі. Сондықтан көрермен қандай ой айтса да, шынайы реакциясын көрсетіп жатыр. Бұрын «Қыз Жібекті» түсіргеннен кейін біраз көрермен Бекежанды ойнаған Асанәлі Әшімов ағамызға көзқарасы өзгерді ғой. Сол сияқты актерге, фильмге қатысты айтылатын пікірдің бәрі қалыпты жағдай деп ойлаймын.
– Мелодраманы дұрыс түсінбегенін көрерменнің өзіне артып қойғанымыз дұрыс па? Әлде, актерлерге шынайылық жетіспеді ме?
– Актерлер өзіне қойылған тапсырманы толық алып шықты. Мысалы, Тұрдықылыштың рөлін сомдаған Олжас Дәлелханұлы өмірде де композитор, музыкант, актер. Ханбибінің рөліндегі Гүлбахрам Байбосынова, Нурикамал образындағы Фариза Ескермес менің ғана емес, көрерменнің де көңілінен шыққан актерлер. Меніңше, кей көрермен мұндай фильмге баруды жөн санамады. Бұл – өздерінің талғамы. Актерлер таңдаған кезде өздері сомдайтын рөлге ене алатындай таңдаймыз. Бірақ Гүлбахрам Ханбибі апамыз сияқты ақын болмаса да, дайындық кезінде ақынның қаншама өлеңін, эсселерін оқыды. Бірақ дәл Тұрдықылыштың образын алып шыға алатындай музыкант таңдадық. Режиссер болған соң, талантты кейіпкерді табуға тырысамыз ғой. Өмірлік ұстанымдары да ұқсас болғаны ұтымды шешім. Ал біздегі ең ұтымды шешім – Тұрдықылыштың образын алып шыққан Олжас Дәлелхан.
– Рақмет!
Әңгімелескен
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ