Жабық вертикалды фермада жылына 1,8 млн кг жидек өндіруге болады. Ауаға асылған бақтағы жидектер жерді ғана емес, суды да бірнеше есе аз керек етеді.
Ауада өсірілген құлпынай жерде өскенмен салыстырғанда өнімді 3 есе көп береді, суды 90%-ға аз қажет етеді
Мемлекет басшысы: «Ауылдағы ағайынның тұрмысы ауыл шаруашылығына тікелей байланысты». Фото Ақорда сайтынан алынды
2,832
оқылды

Aikyn.kz ауыл шаруашылығындағы тағы бір таңғаларлық технология туралы Frontiers in Science журналында жарияланған ғылыми зерттеуге сүйеніп, жаңа әдістің тиімділігін талдайды.

Plenty Richmond фермасында 0,4 гектар аумақта 9 метрлік биік мұнараларда тігінен өсірілген 1,8 миллион кг құлпынай өсіреді. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Plenty 

Ричмондта (Вирджиния штаты) «үлкен масштабта вертикалды егіншілікті қолданатын әлемдегі бірінші жабық жидек фермасында» қоршаған ортаға зиян тигізбей, мол, тұрақты және қолжетімді азық-түлік өнімдерін өндіруге болатыны көрсетілді. Жобаның ғылыми қамтылымын ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа моделін, жаһандық азық-түлік сұранысын жеңілдету тәсілін іздеген халықаралық ғалымдар тобы қамтамасыз етуде.

Plenty Richmond фермасының бар-жоғы 0,4 гектар аумағында 9 метрлік биік мұнараларда тігінен өсірілген 1,8 миллион кг құлпынай өсіруге арналған.

Бұл дәстүрлі құлпынай өндіруге қажетті жерден бірнеше есе аз және жерде өсірілгенде жидектің өнімділігін шектейтін маусымдық және экологиялық факторлар ауаға ілінген бақта болмайды. Компанияның айтуынша, Driscoll's жаһандық компаниясының құлпынайлары 2025 жылдың басында азық-түлік дүкендерінің сөрелеріне түсе бастайды.

Plenty's Farm ауыл шаруашылығында төңкеріс жасайтын инновациялық тәсілдерді қолданады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Plenty 

Вирджиния губернаторы Глен Янгкин: «Plenty's Farm жергілікті ауыл шаруашылығы өндірісін ынталандыруда және тәуекелдерді азайтып, қоршаған ортаны қорғай отырып, экономикалық дамуға ықпал етеді. Біз олардың салада төңкеріс жасайтын инновациялық тәсілдерінің жаппай қолданысқа енгізілуін асыға күтеміз», – дейді.

Бүгінгі күні коммерциялық өсімдік негізіндегі вертикалды егіншілік негізінен салат өсірумен шектелді. Бірақ бұл соңғы технологиялық прогресс жоғары қарай өсіруге болатын жеміс-жидектің ауқымын кеңейтті. Жидек өсіретін 12 «бөлмеде» температура, жарық және ылғалдылық бақыланатын болса, өсімдіктердің тозаңдануы араларды тозаңдандыруға қарағанда тиімдірек етіп жасалған. Сайып келгенде, компания жемістердің біркелкі болуына және қалдықтардың азаюына қол жеткіземіз деп санайды.

«Бұл ферма климатқа сай ауыл шаруашылығын дамытудың оң әсерінің мысалы.  Вертикалды егіншілік жаһандық азық-түлік жүйесінің болашағын қамтамасыз ету үшін қажетті дақылдардың әртүрлілігін, ауқымын және жергілікті өндірісті қамтамасыз ете алатынының дәлелі. Plenty Richmond Farm – бұл жыл бойы жылыжайда керемет табиғи дәмі бар құлпынай өсірумен айналысады. Бұл соңғы алты жылда жүргізілген 200 ғылыми зерттеудің нақты нәтижесі. Driscoll's жидектердің сапасына өте жоғары талаптар қояды. Біз осы компанияның ультра премиум құлпынайларын жыл бойы үздіксіз жеткізу үшін күш біріктіруге қуаныштымыз», – дейді Plenty бас директоры Арама Кукутай.

Бір жыл бұрын түсірілген бұл видеода компанияның жыл бойы өнімділігі жоғары азық-түлік өндіре алатын вертикалды егіншілік үлгісін жасау бойынша алғашқы жұмыстары көрсетілген.

Алғашқы вертикалды ферманың ашылуы Квинсленд университетінің, Маккуари университетінің, Вагенинген университетінің, Флорида университетінің, Баск елі университетінің, Өсімдіктердің молекулярлық ғылымына арналған CAS орталығының және Шанхай өсімдіктер физиологиясы мен экологиясы институтының халықаралық ғалымдар командасын қамтыған, көпжылдық ғылыми зерттеулердің басты нәтижесі болды. 

«Вертикалды фермалар егінді жылыжайда қабаттап өсіреді және тұрақты өнімділік пен егін сапасын қамтамасыз етеді. Бірақ олар жарықтандыру мен ауа айналымы үшін үлкен көлемдегі қымбат энергияны пайдаланады. Егер біз фотосинтез циклдеріне сәйкес шамдар мен сенсорларды үнемі қосулы қалдырмай, қажетті кезде ғана қосатын және өшіретін динамикалық орта жасасақ, онда табиғи жарықтың артықшылықтарын барынша қолданып, вертикалды егіншілікте арзан энергияны пайдалана аламыз», – дейді Аустралияның Квинсленд университетінің профессоры Пол Готье.

Қазіргі ең үлгілі жылыжайларда 2 кг құлпынай өсіруге болады, ал вертикалды бақтарда 6 кг құлпынай өсіруге болады. Ғалымдар бұл үшін қоршаған орта жағдайын өзгертіп, оларды жидек үшін ең максималды ыңғайлы деңгейге көтеру арқылы құлпынай өнімділігін үш есеге арттырды.

Driscoll's компаниясы өзінің үздік сорттарын Plenty-дің озық технологиялы фермасында өсіріп, тұтынушыларға табиғи дәмін жоғалтпаған, сапалы құлпынай ұсынады. Фото plenty.ag сайтынан алынды

Ричмонд фермасы кәдімгі егіншілікке қарағанда жерді 97%-ға аз, ал суды 90%-ға аз пайдаланады. Бұнда пестицидтер қолданылмайды, бақыланатын орта мен қысқа жеткізу тізбегі де жидектерде кездесетін патогенді ластануды болдырмайды.

Зерттеу тобы сақтандырылған ауыл шаруашылығын немесе бақыланатын қоршаған ортаны ауыл шаруашылығын дамытудың болашақ бағыты ретінде қарастыруға шақырады. БҰҰ-дың құжаттарында бекітілген 2050 жылға қарай азық-түлік өндірісін 70%-ға арттыру жоспарын іске асыру үшін ауылшаруашылығын дамытуға жаңаша көзқарас қажет екенін вертикалды бақтар жақсы дәлелдейді.

Вертикалды егіншілік мұндай мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұрын бұндай ғылыми жолмен жасалған үлгі болмаған.

Driscoll's компаниясы өзінің 100 жылдық фермерлік тәжірибесі мен үздік сорттарын Plenty-дің озық технологиясымен біріктіре отырып, тұтынушылардың талабын қанағаттандыратын, табиғи дәмін жоғалтпаған, сапалы құлпынай ұсынуға қол жеткізді.

Қазақстан Президенті: «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек.  Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс». Фото Ақорда сайтынан алынды

Қазақстан Президенті Қ.-Ж. Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейгенін, оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керектігін» айтты. Бұндай стратегиялық міндетті орындауда америкалық компаниялармен тәжірибе алмасу жолдарын ауыл шаруашылығы министрлігі барынша ізденіп, табады деп ойлаймыз. Америкалық инновациялық ферманың моделі Қазақ елінің ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілеріне дамудың жаңа бағыты болар еді.

Вертикалды егіншілік туралы ғылыми зерттеу нәтижелері Frontiers in Science журналында жарияланды: https://www.frontiersin.org/journals/science/articles/10.3389/fsci.2024.1411259/full

Ричмондта (Вирджиния штаты) орналасқан Plenty Richmond фермасының сайты: https://www.plenty.ag/about/

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.