Бәлеқор блогер біресе дүкенде өтірік жанжал шығарса, біресе жасөспірім даяшыларды көрсетіп, тойды болдырмаған.
Мейрамханада жанжал шығарған атыраулық блогер 850 мың теңге өтемақы төледі
Ашық дереккөз
884
оқылды

Атырауда блогер, алдымен дүкенде жанжал шығарған. Кейін мейрамханада кәмелетке толмаған жасөспірімдер жұмыс істейтінін көрсеткен соң той болмай қалған. Той өткізуші мейрамхана иесіне жалдау құнын төлеуден бас тартқан, – деп жазады Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Атырау қалалық сотында дүкен мен мейрамхананың иелерінің шағымына байланысты азаматтық іс қаралды. Екі талап қоюшы блогерге ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау, моральдық зиян өтемақысын өндіру, жауапкерді әлеуметтік желілерде рұқсатсыз жарияланған фото мен бейнежазбаларды өшіруді міндеттеу туралы талап қою арызын берген. 

«Блогер талап қоюшыға тиесілі дүкенде тауарларға қатысты жанжал шығарып, барлығын бейнежазбаға түсірген. Бірнеше рет талап қоюшыны ұрған. Талап қоюшы блогердің қолынан ұрған. Болған жағдайдың барлығын талап қоюшының қызы бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Нәтижесінде екі әйел адам бұзақылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Кейін блогер той салтанаты өтіп жатқан мейрамханаға келіп, тікелей эфирге шыққан. 

«Мейрамханада кәмелетке толмағандар жұмыс істейді деп көрсеткен. Осының салдарынан той болмай, қонақтар тарап кеткен. Ал, тапсырыс беруші талап қоюшыға төлем жасаудан бас тартқан. Сот блогерден талап қоюшының пайдасына 850 мың теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп, мейрамханада кәмелетке толмағандар жұмыс істейді деген жалған ақпаратты әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы теріске шығаруды міндеттеді", – делінген мәлімдемеде. 

Ал, блогер талап қоюшының қызы дүкенде болған жанжалдың бейнежазбасын өзінің рұқсатынсыз жүктегенін көрсетіп, талап қоюшыларға моральдық зиянды өндіру, жалған мәліметтерді теріске шығару туралы қарсы талап қою жолдаған. 

«️Блогердің қарсы талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. Оның келісімінсіз әлеуметтік желіде жарияланған суретті заңсыз пайдаланғаны үшін талап қоюшылардан 250 мың теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді», – деп мәлім етті аталған соттан. 

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.