Қараша айында Шымкентте бір топ адам полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, “қамқорлығы” үшін ай сайын 1,5 миллион теңге алып отырған.
Шымкентте бір топ адам полиция кейпіне еніп, “қамқорлығы” үшін ай сайын 1,5 миллион теңге алған
Фото: polisia.kz
872
оқылды

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері 14 күдіктіні ұстады. Олар өздерін полиция қызметкерлері ретінде көрсетіп, азаматтардан ақша бопсалап, алаяқтықпен және қылмыстық “қамқорлық көрсетумен” айналысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қараша айында Шымкентте бір топ адам полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, “қамқорлығы” үшін ай сайын 1,5 млн теңге алып отырған.

Дәл сол сияқты Ақтөбеде екі жас жігіт қаланың екі тұрғынына зорлық-зомбылық көрсетіп, 300 мың теңге алған.

Қонаевта Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысының екі тұрғынын ұстады. Олар өздерін жедел уәкіл ретінде көрсетіп, жәбірленушіден 500 мың теңге бопсалаған.

Жалған қызметтік куәліктер, құжаттар және нысанды киім тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.

– Айта кету керек, заманауи технологиялар алаяқтарға ықтимал құрбандар туралы әртүрлі ақпаратты оңай алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың қылмыстық схемаларын сенімді етеді. Қылмыскерлер адамдарды манипуляциялау үшін психологиялық әдістерді қолданады. Жалған полиция қызметкерлерін ұстау – бұл қауіпсіздік мәселесі ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды бөлігі. Азаматтардың қырағылығы мұндай қылмыстардың санын едәуір төмендетуі мүмкін. ІІМ кез келген заңсыз әрекеттер туралы полицияға дереу хабарлауды сұрайды. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.