Жаңадан ашылған спорт кешенінде алдағы уақытта ауыл балалары бокс, еркін күрес, волейбол, жеңіл атлетика, гір көтеру, қазақ күресі, қол күрес, ауыр атлетика секцияларына қатысатын болады.
Тұғыл ауылында жаңа спорт кешені халық игілігіне берілді
859
оқылды

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл  ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.

Жаңадан ашылған спорт кешенінде алдағы уақытта ауыл балалары бокс, еркін күрес, волейбол, жеңіл атлетика, гір көтеру, қазақ күресі, қол күрес, ауыр атлетика секцияларына қатысатын болады.

«Біз аудандық мәслихат депутаттарымен бірге осы нысан басталған күннен қолданысқа берілгенге дейін басы- қасында болып, үнемі құрылыстың сапасына бақылау жасап отырдық. Партияның сайлауалды бағдарламасымен салынып жатқандықтан құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы маңызды. Спортпен айналысатын ауыл балалары үшін бүгін қуанышқа толы күн деуге болады», - дейді ШҚО мәслихатының депутаты Болат Нұрпейсов.

Құрылыс нысаны жоспарланған уақыттан бір ай ерте қолданысқа берілді. Мемлекет басшысы өзінің жолдауларында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін баса айтқан болатын. 

«AMANAT» партиясы да ауылдық жерлерде спортпен айналысатын жастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлауалды бағдарламаларында спорт кешендерін салу мәселесін енгізген болатын. Алдағы уақытта осындай спорт кешендері өңіріміздің бірнеше ауданында қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

«Біздің балалар үшін осы спорт кешеннің маңызы зор болмақ. Ауылымыз шағын болғанмен талай спорт саңлақтары шыққан. Жастар бос уақытын тиімді өткізу үшін, дұрыс жолда болуы үшін осындай нысандардың ашылуы оң шешім деп санаймын. Біз, ауыл ақсақалдары бүгінгідей игі істің куәсі болып жатқанымызға қуаныштымыз», - дейді спорт ардагері  Әмір Егінбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.