«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен руханиятының даму дәуірін суреттейтін «Ерте көктем» атты теле­хикаяны өмірге әкелді.
«Ерте көктем» – Санжардың сара жолы
648
оқылды

Телевизиялық тарихи сериалда мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Санжар Асфендияровтың, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрі­герлердің бірі Гүлсім Асфендиярованың, дәрігер-ғалым Халел Досмұхамедовтің, академик Орымбек Жәутіковтің өмір жолы арқылы сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы маңызды оқиғалар өріледі. 

Сюжеттік желіге негіз ретінде 1930 жылдары тұңғыш жоғары оқу орны Қазақ педагогикалық институтында білім алған студенттердің естеліктері арқау болған. Сценарий авторы Сержан Зәкерұлы телехикая ұлт зиялыларының ағарту саласындағы еңбегін сипаттайтын туынды екенін айтады.

«Көрнекті қоғам қайраткері Санжар Асфен­дияровтың ұлт өркениетіне қосқан ұшан-теңіз еңбегі өз алдына бір әлем болса, тұлғаның биік па­ра­саты, болмысы, аурасы адам таңғаларлық. Туындының негізгі салмағы өз заманынан оза туған, парасатты, ақсүйек, бекзада болмысты тұлғаның осы қасиеттеріне ауып тұр десек те болады. Кейіпкер телехикаяда ағылшындардың 400 жылдық тарихы бар оқу орнын тілге тиек етіп, біздің елде де сондай оқу орны болса деп арман­дайды. Берекесі кеткен заманда өзінің аз ғана ғұмыр кешетінін біледі және қатерге қорықпай бас тігеді. Аз ғана уақытын пайдаланып, қазақтың қара­көз ұл-қыздарын сөзбен емес, ісімен тәрбие­лейді. Туындыда Орымбек Жәутіков, Қажым Жұма­лиев сияқты білім іздеп келген қарапайым қазақ балаларының Санжар Асфендияровтың шарапатын көргендігі көрініс табады. Уақыт өте келе бұл екі азамат қазақ жұртына мәлім тұлға ретін­де танылды. Сондықтан да «Ерте көктем» телехикаясын ұлт зиялыларының ағартушылық бағыттағы еңбегінен сыр шертетін туынды деп айтуға толық негіз бар», – дейді автор.

Туындының режиссері Мұрат Бидосов теле­хикаяға танымал актерлерден бөлек, жастар да тартылғанын атап өтті.

«Ерте көктем» телесериалының түсірілім жұ­мыс­тары ерекше атмосферада өтті. Кино ұжымы Санжар Асфендияровтың Қазақстандағы меди­цина мен білімнің дамуында шешуші рөл атқарған кезеңін көрсетуге тырысты. Локация ретінде сол дәуірге сай орындар таңдалды. Бұл көрерменге өт­кен ғасырға саяхаттауға мүмкіндік береді. Асфен­дияровтың образын Халық әртісі Дулыға Ақмолда сомдады. Актердің бейнесі де, жалпы келбеті де кейіпкерге ұқсайды. Түсірілімге тәжірибелі актерлермен қатар, жас таланттар да қатысты. Түсірілім тобы сонымен қатар тарихи деректер мен оқиғалардың дәйекті болуы үшін тарихшы-ғалым Алмас Жүнісбаевпен бірге жұмыс істеді. Локация таңдау біраз қиыншылық туғызғаны рас. Бізде тарихи орындар сақталмаған. XX ғасыр­дың басын­дағы атмосфераны көрсету үшін еліміз­дің аймақ­тарын аралауға тура келді», – дейді ол. 

Санжар Асфендияров тұлғасын талай жылдан бері зерттеп келе жатқан тарихшы, телехикаяның кеңесшісі Алмас Жүнісбай «Санжар Асфендияров­тың өмір жолын енді зерттеп бастағанымда, айналамдағылардың ол туралы білетіні аз болды. Мұндай парасат-пайымы жоғары адамның ғұмыр тарихы қанша жылдан бері көлеңкеде қалып келгені тіпті таңғаларлық жағдай. Архивтерді аралап, талай құжатты ақтарып жүріп Асфендияров­тың биографиясын, яғни жүрген жолын сараладық. Күн өткен сайын әрбір зерттеу, әр жазба арқылы ол туралы біліміміз толыса берді. Бұл фильмнің әр минуты, әр кейіпкері, әрбір эпизоды – ұзаққа созылған ғылыми-зерттеу, тынбай іздену жұмысы­ның нәтижесі. Әрбір идея, сюжеттік байланыс, диалог – бір дубльден шыға салған дүние емес, бұл жерде терең ізденіс жатыр», – дейді. 

«Қазақстан» республикалық телерадио­кор­пора­ция­­сының Басқарма төрайымы Ләззат Таныс­бай «Ерте көктем» телехикаясын түсіру бастамасы еліміздің жоғары білім саласының қалыптасуын, сол жолда еңбек еткен қайрат­керлердің тағылымды өмір жолын көрсету үшін қолға алынғанын айтады. 

«Бірнеше жылдан бері ұлт болашағы жолында теңдессіз еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың өне­гелі өмірін бүгінгі буын жас ұрпаққа таныстыру жұмысы мемлекеттік деңгейде жаңа қарқын алды. Бұл істің басында «Қазақстан» телерадио­корпора­ция­сының тұруы заңдылық және оны үлкен мақтанышпен айтуға болады. Ұлттық идея, халық ағарту ісі, теңдік бағытында түсірілген фильмдер саны да жыл санап артып келеді. Осы ретте ұлт қайраткері Санжар Асфендияров пен оның заман­дастарының, үзеңгілестерінің тарихи бейнесін қазақ жастарына деп ашқан жолын көрерменге төрт сериялы телехикая етіп ұсынып отырмыз. Сериалда қазақ даласындағы алғашқы жоғары оқу орнының салынуы, Санжар Асфен­дияров пен Халел Досмұхамедовтың осы оқу орнын­да қызмет ете жүріп оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі көрініс табады. Санжар Асфен­дияров – өз елінде білім алуға келген қазақ студент­теріне сабақ беріп қана қоймай, сол кездегі оқулық проблемасын да шешуге зор еңбек еткен тұлға. Мұның бәрі жайма­шуақ уақыт емес, аласапыран заманда болған. Бұл ұлы іс келешек жас буынның тарихын тану, таным шеңберін кеңейту үшін телевизиялық сериал арқылы таспа­ланып қалуы қажет деп ұйғардық. «Ерте көктем» көркем туынды ғана емес, ол ұлттық тарихты, қазақы болмысты, ілім-білімге шөлір­кеген қазақ жастарының бітім-болмысын көрсете­тін картина», – деді Л.Танысбай.

Телехикаяда көрермен басты кейіпкер Санжар Асфендияровтың жары Рабиға рөлінде Салтанат Бақаеваны, Халел Досмұхамедов рөлінде Азамат Шүкеевті көре алады. Туындыда Әлихан Бөкейхан, Құдайберген Жұбанов, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай мен ақын-драматург Қажым Жұмалиев бей­нелері бар. 

Корпорацияның Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай ағартушылық жолында еңбек еткен ел тұлғаларының еңбегін дәріптеуге бағытталған осы жұмыстың жалғасы ретінде ғылымның әр саласын­дағы тұңғыш қазақ әйелдері туралы «Қазақ қызы» атты сериал түсірілетінін жеткізді. 2025 жылға жос­парланған тарихи туындыда қазақ қыздары ара­сынан шыққан алғашқы журналист-ағартушы­лар Нәзипа Құлжанова, Ғайнижамал Дулатова, алғаш­қы дәрігер әйелдер Гүлсім Асфендиярова, Ақ­қағаз Досжанова, Зейнеп Бөкейханова, Мүбинә Ния­зова­ның бейнелері көрініс таппақ.

Мерей ІЛТИПАТҚЫЗЫ