Темірбек десе, Темірбек көрінеді. Нағыз темір Нарком!
Темірбек Жүргеновтің екі ерлігі
Коллаж автордыкі
2,490
оқылды

Қазақ тарихында тағдыршешті шешімдер қабылдап, ұлтқа пайдасы тиген тұлғалар аз емес. Соның бірі Темірбек Жүргенов еді. Жастайынан білімге ұмтылып, кейін билікке араласып, қазақтың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты.

Ол 1898 жылы сол кездегі Торғай облысы Ырғыз уезі Кенжеқара болысында дүниеге келген. Сыр бойындағы белгілі шайыр Тұрмағамбеттен сауат ашып, кейін Перовск уезіне (бүгінгі Қызылорда) қарасты Аламесекте мектепке барған. Кейін Уфада білімін жетілдірген. Әліби Жангелдин, Нәзір Төреқұловтардың жанында жүріп, қызмет істейді.

1922 Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Соңғы оқу жылында қазақ педагогикалық институтын ашуға атсалысып, сол жерде басшылық қызметті қоса атқарады.

Темірбектің іскерлігін көрген Орталық партия комитеті жаңа құрылған Тәжік мемлекетіне Қаржы Халық Комиссары (министрі) етіп тағайындайды. Бір жылдан кейін ауысып Өзбекстанның Халық Оқу-ағарту комиссары атанады. 1933 жылы Қазақстанға шақырылып, Оқу-ағарту Халық Комиссары қызметіне кіріседі, оған қоса үкімет жанындағы мәдениет, өнер ісін басқаратын комитетке төрағалық та еткен екен. 1937 жылы абақтыға қамалып, 1938 жылы атылып кетеді. 1957 жылы толық ақталады.

Қазақстанның Оқу-ағарту Халық комиссары ретінде қызмет атқарған небәрі төрт жыл ішінде (1933–1937) өте көп іс тыңдырады. Бүгінгі жазарымыз соған арналған. Оқырманға әдейі Темірбектің екі ерлігі деп жіктеп көрсетпекпіз.

Бірінші ерлігі – оқу, білім саласы

Өзбекстанда жүрген кезінде сол кездегі Қазақстан басшысы Л. Мирзоян Темірбекті елге шақырады. Сол кезде Темкең: «Мені байдың баласы деп қудалау болмасын. Жергілікті басшыларға сөзім өтімді болу үшін өлкелік партия комитетінің бюросына мүше етіп сайлаңдар. Біздің салаға қаржы мол бөлінсін және оны қалай игеруді өзім шешемін» деп өз талабын айтса керек. Жүргеновтің еңбекқорлығын білетін Л. Мирзоян бұл талаптарға екі айтқызбай келіскен екен.

Академик Серік Қирабаев Темірбек Қараұлының сол кездегі жұмысын былай жазады: «Жүргенов жұмысқа кіріскен кезде, Қазақстандағы білім жүйесіндегі өзгерістер тым мардымсыз еді. Бұрын республика басшысы Ф. Голощекин қазақ халқын жабайы, надан халық санап, оның мүддесіне енжар қарады. Қазақтар үшін сауат ашу мектебін ұйымдастырса жеткілікті деп есептеді. Одақ бойынша жаппай білім берудің бастауыш мектеп көлеміндегі жүргізуге нұсқау болғанына қарамастан, Голощекин мектептердегі оқуды 1-2 сыныппен ғана шектеуді тапсырды. Мектептерге арналған арнайы үйлер салынбады. Осындай жағдайда жұмысын бастаған Жүргеновке бәрін тыңнан бастауға тура келді. Сауатсыздықты жою, жаппай бастауыш мектептер ашу жұмысы қызу жүре бастады. Мұғалімдер жетіспейтін болғандықтан, облыс орталықтарында алты айлық курстар аштырды. Кітаптар, оқулықтар басу ісі қолға алынды және жедел жүрді».

Жүргеновтанушылардың зерттеуін оқып отырсақ, небәрі екі жылдың ішінде, яғни 1935 жылы республика бойынша мектеп саны 6587 (оның ішінде қазақша мектебі 3751) жеткен екен. Оқушылар саны – 640 000. Ал оның репрессияға ұшыраған 1937 жылы оқушылар саны бір миллионға жетіпті. Алматы қаласының өзінде 18 жаңа мектеп іске қосылған екен.

Ғалым Серік Қирабаевтың жазғанына тағы үңілейік: «Жүргенов Қазақстанда жоғары мектеп жүйесін кеңейтуге де көп көңіл бөлді. Бұрын ашылған Абай атындағы педагогика, Ауыл шаруашылығы, Медицина институттары кеңейіп, материалдық базасын нығайтты. 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы университет) мен Қазақ кен-металлургия институты ашылды. Сегіз облыс орталығында (Алматы, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл, Семей, Шымкент, Қызылорда) екі жылдық мұғалімдер институттары ұйымдастырылды. Мәдениет мен өндіріске, ауыл шаруашылығына қажет жас кадрлар тәрбиелейтін 50 техникум іске қосылды».

Сәкен Сейфуллин айтты деген мынадай сөз бар: «Таңертең қыдыруға шыққанымда ылғи құрылыс басынан Темірбекті көремін. Жұмыс қызу қарқында екен. Темірбек «Жұмыскер нарком ғой» дейтін көрінеді. Және Сәкен Темкең тәрізді басқа сала наркомдарын осылай жұмыс істемейтіндерін де сынап отырады екен. Сәбит Мұқанов та өз естелігінде «Жүргенов жүйрік қазақтың бірі, оқу комиссарларының ішіндегі ең күштісі еді» деп жазады.

Екінші ерлігі – мәдениет саласы

Т. Жүргенов болмаса Алматыдағы бүгінгі театр мен филармониясы, Құрманғазы атындағы оркестр болар ма еді, болмас па еді. Осы және басқа да мәдениет мекемелері Темкеңнің төрт жылдық қызметі ішінде ашылған немесе жобасы жасалып, алғашқы қадамдары басылған. Ал 1936 жылы Мәскеуде абыройлы өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы декадасы жайлы әңгіменің өзі бір төбе. Қызыққан адам ғаламтордан іздеп тауып алар, біз тек осы шараны ұйымдастыру мен өткізу түгендеу Темкеңнің мойнына артылғанын жаза кетейік. Айта берсе көп-ақ, естеліктерге зер салайық.

Құрманғазы атындағы оркестрдің құрылуы жайлы Ахмет Жұбановтың Әбдіжәміл Нұрпейісовке айтқан естелігі бар:

«Бір көпестің жерге жартылай кіріп кеткен ескі үйі. Жер сыз, ішінде қаңылтырмен қапталған контрамарка пеш. Адамдарымыз жерде сабан төсектің үстінде тізерлеп отырады. Көбі әріп те танымайды. Сауатсыздықты жою сабағын әрі нота үйретудемін. Аяғы қисайған жалғыз орындық. Контрамарка пешті тақта етіп, бормен жазып жатыр едім, Жүргенов кіріп келді де жан-жағына қарады. Сонан соң маған:

– Бала, ертең маған кел, – деді.

Ертеңіне кабинетіне бардым. Темкең маған бастырмалатып:

– Парта қайда? Тақта қайда? Нота дәптері қайда? Неге менен сұрамайсың?

– Сіздің жұмысыңыз көп қой…

– Әй, Ахмет! Мен бүгін наркоммын, ертең нарком емеспін. Ал сен қазақ дейтін жойылып кете жаздаған халықтың жаңа замандағы оркестрін құрып, тарихқа кіресің. Мен сенің оркестріңнен үлкенмін бе? Еш жасқанба, кез келген мәселемен маған тура кел, – деді.

Кешкілік машина гүр ете қалды. Жүргеновтің полуторкасы. Жүгіріп шықсам, көлігіне керектің бәрін тиетіп, жүргізушісін жіберіпті.

… Жүргенов осылай жұмыс істейтін. Айтқандарын тез орындайтын».

Бұл Ахмет Жұбановтың айтқаны екен. Енді Темкеңнің жұбайы Дәмеш Ермекова-Жүргенова естелігін оқиық.

«...Міне, міне, таптым, болашақ театрымызға лайық жер екен, – деп адымдап өзінше жер өлшеп кетті Темірбек.

Сол жылы ол Қырымға демалысқа жүріп кеткен. Қайтар жолында Одесса қаласына соғып, жаңадан ашылған опера театрының қырық шақты суреттері мен жобасын алып келіпті. Осы жоба бойынша Темірбек көрсеткен орынға жаңа театрдың іргетасы қалана бастады. Бірақ театр шаңырақ көтергенін көре алмай кетті, арманда кетті ғой Темірбегім…».

Құрметті оқырман, біздің бұл жазғанымыз Темірбек Жүргеновтың еңбегі жайлы толық ақпарат бере алмас. Ниетіміз де ондай емес еді. Біздің мақсатымыз оқырманға ой салып, бүгінде Алматыдағы өнер академиясы атын иемденген Темірбек Жүргенов туралы аз-кем ақпарат беру. Міндетіміз орындалды деп есептейміз.

Ал бұл жазғанымызды ақын Әбділда Тәжібаевтың естелігімен түйіндесек: «1936 жыл. Барлық оқу, мәдениет, көркемөнер жұмысы түгел осы Наркомпрос басқаратын. Осындай аса күрделі міндеттер атқаратын республикалық үлкен мекеменің басшылығына ерекше іскер және қайратты Наркомның келгеніне екі жылдай болып қалған.

– Темірбек десе, Темірбек көрінеді. Нағыз темір Нарком!».

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі