Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады.
Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
515
оқылды

Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуге екі ел делегациялары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгені, сондай-ақ Қазақстан тарапына қонақжайлық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылық білдірді.

Сербия президенті Александр Вучич арнайы келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар аймақтағы және халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болатын өзара тиімді байланысты дамытудың маңызына назар аударды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді.

Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалады. Осы орайда қазіргі әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай ынтымақтастықты жандандыра түсуді қажет ететінін атап өтті.

Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады.

Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.

Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.

Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.