Полиция департаменті мал иелеріне өз мүлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.
Жайылымнан 25 бас жылқы ұрлағандар ұсталды
Фото: polisia.kz
245
оқылды

Павлодарда жедел уәкілдер жылқы ұрлаған күдіктілерді құрықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Мал ұрлығы – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Павлодар облысының тәртіп сақшылары бұл бағыттағы жұмыс басымдыққа ие екенін атап өтті. Әсіресе, күзгі-қысқы маусымда мұндай қылмыстардың саны едәуір артады. 

Ақсу ауданына қарасты Жолқұдық ауылының маңында еркін жайылымнан 25 бас жылқы ұрланған. Бұл әрекет ауыл шаруашылығы жануарларының иесіне айтарлықтай материалдық шығын келтірді. Тәртіп сақшылары күдікті ретінде төрт облыс тұрғынын анықтап, ұстады. 

Тергеу барысында олардың жылқы етін Екібастұз қаласына тапсыруды жоспарлағаны белгілі болды. Алайда полиция күдіктілерді жолда тоқтатып, қылмыстың алдын алды. 

– Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығы Нұриман Валеев. 

Полиция департаменті мал иелеріне өз мүлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кез келген қылмыстың алдын алу оны ашудан әлдеқайда жеңіл. Малға ен салу, бақташылардың қызметін пайдалану, заманауи бақылау құрылғыларын орнату сияқты шаралар ең тиімді алдын алу жолдары болып саналады. 

Еске сала кетейік, 18-20 қараша аралығында Павлодар облысында “Мал ұрлаушы” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Бұл шараның мақсаты – мал ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.