Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Президент Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесті
Фото: Ақорда
313
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ласло Kёвермен әңгімелесу барысында өзінің Мажарстанға сапары екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Бұл орайда Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. 

– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы жоғары білім саласындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді. 

– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының Төрағасы парламентаралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, заң шығарушы органдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Сонымен қатар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету қажет екеніне назар аударды. 

Кездесуде халықаралық аренадағы жағдай да талқыланды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.