Алматы облысы экономикасының басты тірегінің бірі – туризм. Табиғаттың барлық белдеуі орналасқан, айдын көлдері асқар таулармен астасқан, құмды өлкелері орман-тоғайлармен тоқайласқан аймақта алыс-жақыннан ат басын бұрған саяхатшыларды құпия сырларымен, тарихи құндылықтарымен өзіне тартатын орындар да баршылық.
Туризм түлеген жыл болды
коллаж: Елдар ҚАБА
342
оқылды

Соған сай әлемдегі бірқатар елдің өркендеуіне өзек болып отырған туризмді дамытуға Алматы облысында да айрықша көңіл бөлініп, қолдау жасалуда. Соның арқасы болар, биыл облысымыз  туризмнің  даму қарқыны  бойынша бұрын болып көрмеген  рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіпті. Осы салаға жауапты орындардың ақпаратына сай, биылғы қаңтар мен қазан айлары  аралығында аймаққа 1,6 миллион турист келген, бұл былтырғы  осы кезеңмен салыстырғанда 31%-ға артық. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның, оның ішінде Алматы облысының саяхатшылар үшін танымал бағытқа айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.  

Аймаққа арнайы ат басын бұрған туристер арасында шетелден келген саяхатшылардың барынша артуы ерекше назар аудартады. eQonaq жүйесінің мәліметінше, 2024 жылдың 10 айында Қазақстанға сырт елдерден 111 352 шетелдік турист келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 73%-ға жо­ғары. Мұндай өсім алыс-жақын шетелдердегілердің біздің елдің табиғи байлығы мен мәдени мұрасына деген қызығушылығының арта түскенін байқатады. 

Өңірдегі басты туристік нысандар ретінде облыс аумағында орналасқан  ұлттық саябақтарды бөле-жара айтып кеткен жөн. Тұмса табиғат аясындағы асқар таулардың қойнауына орналасқан  «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, «Іле Алатауы» ұлттық паркі бас­қа елдерден келгендердің көзайымына айналған. Жұм­бағы мен сыры мол  Шарын шатқалының ор­ны тіптен бөлек. Бұлардан басқа да туристерді тән­ті ете­тін тамаша орындар жетіп артылады. Алма­ты об­лы­сындағы табиғи және тарихи орындар  қазақ­стандық туристерді ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларды тәнті етіп, өзіне тартуда. 

Туризм саласындағы биылғы жетістіктер Алма­ты облысының Қазақстандағы басты туристік орта­лықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түс­кені сөзсіз.  Өңірдің қайталанбас табиғи ерек­ше­ліктері мен артықшылықтары, бай тарихы, ту­ризм саласындағы сапалы  қызмет көрсету және ел мен жерді насихаттау саяхатшылардың жүрегін жаулауда. 

Болат АБАҒАН, 

Алматы облысы