Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі кезекті баспасөз турын ұйымдастырды. Бұл жолы баспасөз-тур әр өңір үшін маңызды саланың бірі – денсаулық сақтау саласына арналды.
Абай облысында денсаулық сақтау саласына басымдық берілуде
169
оқылды

Баспасөз-тур бағдарламасы аясында алғашқы нысан ретінде Жедел медициналық жәрдем ауруханасы таңдалды. Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтің айтуынша, қазіргі уақытта аурухананың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылған.

– Реанимациялық шараларға арналған аппараттар – жоғары деңгейдегі дефибрилляторлар мен операция кезінде пациенттің жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін жабдықтар сатып алынды. Бұл күрделі операцияларды жасауға да мүмкіндік береді, – деді Талғат Молдабеков.

Аурухана директоры Ерсін Сабитов ауруханада орнатылған МРТ аппаратының жүктемесі жоғары екенін атап өтті: ол күніне шамамен 70 емделуші қабылдайды. Бұл – облыстағы 127 кескінге де­йін сурет жасай алатын жалғыз аппарат.

– Біздің ауруханада 1 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 150-ден астамы – жоғары білікті дәрігерлер. Олардың барлығы тұрақты түрде білімдерін жетілдіріп, шетелде оқудан өтеді. 2023 жылдан бері біз ашық жүрекке ота жасаймыз. Жалпы, биылғы 9 айда біз 15 мыңнан астам емделушіге көмек көрсеттік, – деді Ерсін Сабитов.

Талғат Молдабековтің айтуынша, облыс аудандарында бүйрек аурулары бар емделушілерге арналған жаңа диализ орталықтары ашылды.

– Үржар және Көкпекті аудандарында диализ орталықтары ашылды. Үш апта бұрын дәл осындай орталық Ақсуат ауылында іске қосылды. Енді емделушілерге қажетті процедураларды алу үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Сонымен қатар биыл Мақаншы мен Жарма ауылдарында екі жаңа компьютерлік томограф орнатылады. Үржарға ангио­граф, ал Аягөзге МРТ аппараты орнату жоспарлануда, – деп атап өтті спикер. 

Сонымен қатар облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін облыс бойынша 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 64 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ­объектісін іске қосу жоспарлануда, ­8 нысан пайдалануға берілді.

Облысты дамытудың Кешенді жоспа­рына Семей қаласында 5 медициналық нысан салу енгізілді. Қазір инвестордың қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Неонатология саласы да қарқынды дамуда: облыстық перинаталдық орталықта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Орталық директоры Архат Даирбековтің айтуынша, жаңа ғимараттың барлық инженерлік желілері қосылып, жақын арада пайдалануға беріледі.

– Бізде кадр тапшылығы жоқ, жаңа жабдықтар сатып алынды. Орталықта жаңа лифттер орнатылды, бұрын болмаған желдету жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар емделушілерді оттегімен қамтамасыз ету үшін оттегі стансасы орнатылуда, – деді Архат Даирбеков.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ