2023 жылы оның жаһандық нарығының ауқымы 590 млрд доллардан асып түсті. Ал 2030 жылға қарай осы көрсеткіш бір триллион долларға жуықтайды деп болжанады. Бұл саланы өркендетуге қажетті инфрақұрылым елімізде бар, бірақ шикізат тапшы. Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясын дамытуға келесі жылы серпін бермек.
Шикізат мол, бірақ жеткіліксіз
Еуразиялық даму банкінің статистикасына жүгінсек, әлемдегі мұнай-газ өндіруші ірі елдердің бола отырып, Қазақстан мысалы, одан алынатын полимерлер өндірісінің жаһандық көлемінің бар-жоғы 0,1% үлесін иеленді. Бұл, әрине оның ресурстық әлеуетіне мүлдем сай келмейді.
2022 жылғы қарашада Атырау облысында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) ЖШС пайдалануға берілді. Республикадағы тұңғыш интеграцияланған газды-химиялық кешен жоспар бойынша бірте-бірте полипропиленнің әртүрлі 64 маркасына дейін өндіретін болады. Сөйтіп, елде мұнай-газ химиясы кластерін құрудың бірінші кезеңі бастау алды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар арқасында компания әлемдік супергигант кен орын Теңізді басыбайлы игеріп жатқан «Теңізшевройлдан» шарттық арзандау баға бойынша шикізаттың – пропанның белгілі бір көлемін тікелей сатып алады. Міне, осы кәсіпорын іске қосылғалы МГХ өнімдерінің бірі полипропиленді шығару бойынша Қазақстанның өндірістік қуаты ұлғайды. Еуразиялық өңірде полипропилен шығарудың жалпы көлеміндегі ел еншісі 18%-ға жетті.
Демек, Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнеркәсібінің өсуі байқалады. Алайда бұл да жеткіліксіз. Оны дамыту үшін Энергетика министрлігі ел тарихында алғаш рет «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» жеке салалық заң жобасын және оған ілеспе «Кейбір заңнамалық актілерге мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындады.
«Заңды әзірлеудегі мақсат – саланы шикізатпен қамтуға қатысты қордаланған проблемаларды шешу, сондай-ақ инвестициялар тартуды ынталандыру және мұнай-газ химиясы (МГХ) саласына мемлекеттік қолдау көрсету. Заңның қабылдануы мұнай-газ химиясы өнеркәсібін өркендету, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Бұл заң қабылданғанымен, басты мәселе шешімін таппаса мемлекет көздеген мақсатына жете алмауы мүмкін. Себебі қолданыстағы мұнай-газ химиясы кәсіпорындары да шикізаттың қажетті көлеміне жарымай тұр. Қазақстанда көмірсутек өндіру бойынша 317 келісімшарт бар. Онда неге МГХ-ға қажетті шикізаттың тапшылығы туындады?
– Қолданыстағы жер қойнауын пайдалану келісімдерінің көпшілігінде жер қойнауын пайдалану шарттарының тұрақтылығы туралы ереже қарастырылған. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді ең ірі кен орындары, бірқатар басқасы бойынша келісімдер заңнаманың тұрақтылығын кепілдендіреді. Тиісінше, кейін заңнамаға өзгерістер енгізілгенімен, егер олар жер қойнауын пайдаланушының жағдайын нашарлатса, онда қолданыстағы келісімдерге жаңа ережелер қолданылмайды. Бұл проблеманың көрнекті бір көрінісі – «Өнім бөлісу келісімдерімен» (ӨБК) реттелетін жер қойнауын пайдалану жобалары, – деді Энергетика министрлігінің сарапшылары.
Елімізде кейінгі төрт жыл бойы газдың 75%-дан астамын Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орны өндірді. Алайда ведомствоның түсіндіруінше, бұлардағы шикізатқа қол жеткізу ӨБК-де бекітілген талаптар кесірінен қатты шектелген.
Халық газды аз тұтынуға көшіріле ме?
Сонымен Қазақстан мұнай-газ химиясын дамытуға қажетті шикізатты өзі мол өндіреді, әйткенмен, оның басым бөлігінің шетелге экспортталуы кесірінен өзіне шикізат жетіспейді.
Елде тағы бір парадоксты жағдай қалыптасты: Қазақстан газды терең өңдеп, одан бағасы қымбат жүздеген түрлі дайын өнім алып, орасан зор табысқа кенеле алады. Ол соның орнына газды көршісіне арзанға тасып жатыр. Bloomberg хабарлауынша, Қазақстан Қытайға екінші газ құбырын салуды жоспарлады. Шың еліне жеткізілетін көгілдір отын көлемін күрт арттыру үшін екі ел арасында келіссөздері басталған көрінеді.
– ҚХР-да экономикалық өсімінің баяулағаны туралы хабарларға қарамастан, онда газға деген сұраныс еселеп өсіп барады. Сондықтан біз Қытайға шикі газ экспорттау көлемдерін арттыру бойынша ымыра-консенсусқа қол жеткіземіз деген үміттеміз, – деді QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Оның дерегінше, шың еліне екінші газ құбыры 2-3 жыл ішінде салынып бітуі мүмкін. Бұл құбыр құрылысын бастау туралы шешім жыл соңына дейін қабылданады. Жоба құны 3-6 миллиард долларға бағаланды. Мұнша қаржы тақұл-тұқыл қалған бюджетте жоқ. Сондықтан Қытайға көгілдір отынды жеткізетін құбыр құрылысын қаржыландыру үшін Қазақстан үйіп-төгіп қарыз алады. Осы мақсатта QazaqGaz келесі жылы алдымен 1 миллиард долларға еурооблигация шығарады.
«Оған дейін осы қысқы маусымда Қытай алдындағы міндеттемелерімізді толық орындауға күш-жігерімізді шоғырландырамыз», – деген QazaqGaz ұлттық компаниясының басшысы бүгінде Қазақстан ҚХР-ға жыл сайын шамамен 4 миллиард текше метр газ экспорттайтынын айтты.
Қазақстанның өзі шамамен 21 миллиард текше метр газ тұтынады және мұқтаждығы жыл сайын өсіп келеді. Ішкі сұранысты күштеп төмендету үшін Үкімет мысалы, газ бағасын көтерді, халық пен бизнестің көліктерін автогазға көшіруіне түрлі тосқауыл қойды. Үкімет жүргізушілерге автогазбен жүретін көліктерін не бензинге қайта жабдықтауды немесе автобустар сияқты компримирленген газға көшуді ұсынды.
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов сұйытылған мұнай газына деген сұранысты азайту үшін газ бен бензин бағасын теңестіруге күш салатынын мәлімдеді.
– Бұлардың бағасын теңестіруге тырысамыз. Өйткені бізде бензин мен ди-зель ғана дәстүрлі отын болып есептеледі. Сұйытылған мұнай газы (автогаз) мотор отыны ретінде емес, мұнай-газ химиясының шикізаты ретінде пайдаланылуға тиіс. Адамдар енді сұйытылған мұнай газынан бас тартып, тауарлы газға ауысып жатыр. Газдан толық бас тартуы үшін оның бағасын қазірден қымбаттатып жатырмыз, – деді вице-министр.
ҚХР-ды емес, МГХ-ны жарылқасақ?
Өкінішке қарай, шенеуніктер «Көгілдір отынды көп шығындайды» деп қазақстандықтарды айыптауға бейім тұр. Энергетика министрлігі реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында: «Қазір елдегі мұнай мен газды қайта өңдеу тізбегі негізінен халықтың мұнай өнімдері мен газға деген әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған» деп екпін түсірді.
Қытайға шикі газ жеткізуді азайту орнына жаңа құбыр төсеп, экспорт ауқымын арттыруға кіріскен, сондай-ақ ірі кен орындарын ен жайлаған шетелдік инвесторларға тісі батпаған Үкіметке мұнай-газ химиясын ілгерілету үшін халық тұтынатын газды азайту ғана қалып тұрғандай.
коллаж: Елдар ҚАБА
«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес, «QazaqGaz» ҰК» АҚ жер қойнауын пайдаланушылар шығаратын шикі газды, сондай-ақ олардың өңдеу процесінде өндірген тауарлық газын сатып алуда артықшылық құқыққа ие. Оны арзанға сатып алады: жер қойнауын пайдаланушылардан алынатын газдың бағасына тек шикізатты өндіруге, тасымалдауға, қайта өңдеуге кеткен шығыстары, сондай-ақ 10%-дан аспайтын рентабельділік үстемеақысы ғана қосылады. Енді қараңыз: QazaqGaz газды Қытайға да сатып отыр.
– QazaqGaz ұлттық компаниясы сатып алатын тауарлық газ бен шикі газды пайдаланудың артықшылық құқығына тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ие. Халықты газбен жабдықтау үшін мемлекет ішкі нарықта тауарлық газды өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекітті. Салдарынан, мұнай-газ өндірушілер өткізетін газ әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға шығындалады. Соның кесерінен мемлекетке қосымша қомақты пайда әкеле алатын, күрделі және қымбат өнімдер шығаратын МГХ өнеркәсібін дамыту шектелді, – деп нықтады министрлік.
«Шикі газды Қытайға арзанға сатқанша, оны өзімізде өңдеп, дайын өнім экспортынан ұшан-теңіз табыс табайық!» деп нықтамады. Шынында, шенділердің халықты айыптай беруі жөнсіз. Энергетика министрлігінің 2024 жылғы шілдедегі төл дерегінше, республикада өндірілген 29,8 миллиард текше метр тауарлық газдың тек жартысынан көбін, 65%-ын халық тұтынған. Соған қарамастан, ведомство көгілдір отынды көршіге емес, өз халқымызға арзанға сатып отырғандарына өкініш білдірді.
«Қазақстанда халыққа арналған газ құны әлемдегі ең төмен бағалардың бірі. Газды сатудың орташа құны 1 мың текше метрі үшін 23 646 теңгені құрайды. Ал газдың орташа өзіндік құны – 1 мың текше метрі үшін 33 169 теңге. Халықты газбен қамту үшін QazaqGaz ұлттық оператор ретінде халыққа газды төмен бағамен сатады. Ұлттық компания өз қызметінің табыстылық-рентабельділігін газ экспорты есебінен сақтайды», – делінген оның консультативтік құжатында.
Салаға серпін бермек
Энергетика министрлігіндегілердің тағы бір өкініші бар. Этан, пропан, бутан сияқты бағалы газ фракцияларын шикі газдан бөліп алуды ынталандыру ісі реттелмеген екен. Ведомство қазір халық тұтынатын тауарлық газдың құрамында МГХ үшін шикізат бола алатын бағалы газ фракциялары барын қаперге салды.
«Алайда заңнамада тауарлық газдан бағалы фракцияларды міндетті түрде бөліп алу туралы талаптың болмауы салдарынан іс жүзінде бағалы газ фракцияларын тұтынушылар тауарлық газбен бірге жағып жібереді. Басқа бір ірі проблема сол, қолданыстағы газ өңдеу кәсіпорындарының өзі газдан оның фракцияларын бөліп алуға бағдарланбаған! Олар тек газды қоспалар мен күкірттен қарапайым ғана тазартуды жүзеге асырады. Қазақстанда қазір фракцияларды «С1»-ге (метанға) және «С2+» фракцияларына (этан, пропан және басқаларына) тиімді бөлуге арналған ешқандай инфрақұрылым жоқ! Бұл елде газды терең өңдеу мүмкіндігін шектейді», – деп түсіндірді Энергетика министрлігінің сарапшылары.
Газ фракцияларын толыққанды бөлу жолға қойылса, бұл елімізде кең ауқымды әрі әртараптандырылған мұнай-газ химиясын құруға кең өріс ашар еді. Себебі МГХ саласы одан әрі дамуы үшін ол газға (шикізатқа), газ фракцияларына қол жеткізуі қажет.
Осы мақсатта Премьер Олжас Бектенов мұнай-газ химиясының мәселелері жөнінде жеке кеңес өткізген болатын. Оның қорытындысында Үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдарға «саладағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру және МГХ өндірісі инфрақұрылымын салу шығындарын бюджеттен субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді» тапсырды.
Ал жоғарыда көтерілген және басқа да қордаланған мәселелерді шешу үшін ел Парламентінен жаңа заң жобалары топтамасын қабылдау талап етіледі. Энергетика министрлігі елде сауатты заңнамалық тұғыр түзілсе, мемлекеттік қолдау үдесе, онда мұнай-газ химиясы өнімдерінің жыл сайынғы өндіріс көлемі 2024 жылғы 628,3 мың тоннадан 2029 жылы 1 миллион 800 мың тоннаға дейін үш еседей өседі деп жоспарлап отыр.
Бір жақсысы, Үкімет жауырды жаба тоқымай, саладағы проблемаларды ашық айтты. Тек соның нәтижесінде халықты көгілдір отыннан қыспаса болғаны. Бұған қоса, биыл алғаш рет «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілді. Онда МГХ жобаларын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Зауыттар 1,6 миллион тонна этанмен, 272 мың тонна пропанмен, 400 мың тонна параксилолмен, 100 мың тонна бензолмен қамтылуға тиіс.
Осының арқасында Қазақстан жаңа бағытты – көмірсутекті барынша терең өңдеу саласын игеріп, табысы мол, экономикалық тиімділігі зор мұнай-газ химиясына серпін бермек. МГХ-ға салынған әрбір доллар инвестиция 2-3 доллар табыс әкеледі, жапсарлас салаларда жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. Сала сарапшысы, бұрын KPI кәсіпорнында басшылық қызмет атқарған Денис Козыревтің айтуынша, халық күн сайын өмірде қолданатын бес заттың төртеуі көмірсутекті терең өңдеу жолымен алынады. Автомобиль құрастыру, машина жасау, медицина, электрлі техника, компьютерлік техника, құрылыс, телекоммуникация, жиһаз жасау және басқа да қаптаған сала осы базалық материалға иек артады. Бірінсіз бірінің күні жоқ.
Ендеше, бұл перспективалы өндірістен Қазақстанның тыс қалмай, оны дамытуға белсенді түрде қатысуы – өмірлік маңызды іс әрі тарихи әділдік. Бізде қажетті ресурс молынан екен, оны іске жарату, келер ұрпаққа шикізаты таусылып, шаңы бұрқыраған бос кен орындарын емес, оның қазынасын ұқыпты, ұтымды қолданып, терең өңдейтін озық дамыған индустрияны қалдыру – бізге парыз.
Айхан ШӘРІП