Кеше Астана қаласында OzgeEpic креатив хабында Huawei Technologies ұйымдастыруымен «Tech for Kazakh Language» атты қазақ тілі мен мәдени мұраны технологиялар арқылы дамытуға арналған шара өтті.
Қазақ тіліндегі курстарға сұраныс артты
1,107
оқылды

Шараға Steppe&World Publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Қадер, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, деректі фильмнің режссері Әлия Әшім, Huawei Technologies Қазақстан қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ша На және Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов қатысып, қазақ тілінің технология саласындағы мүмкіндігі талқыланды.

Яғни, технология саласын қазақ тілінде сөйлетудің бастамасы ретінде "Huawei: Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық" атты кітабы көпшіліктің назарына ұсынылды. Онда Халықаралық Huawei компаниясының даму кезеңдерін сипаттай отырып, оның ақпараттық технологиялар саласында әлемдік көшбасшыға айналуына түрткі болған маңызды шешімдер, компаниядағы ұжымдық мәдениет пен басқару стратегиялары баяндалған.

Steppe&World Publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Қадер кітапты қазақ тіліне 6 айда аударғанын сөз етті.

– Кітапты аударуда қиындық туындамады, тек біраз терминдерге тежелдік. Техника жағынан білікті мамандарымыз бар. Бәріміз бас қосып, мәтінді ортаға салып, талқыладық. Қазақшаға дұрыс аударуға келмейтін сөйлемнің фонетикасын сәйкес келтіріп, кейбір терминді күрделендірмей, оқырманға түсінікті болу үшін сол күйде қалдырдық. Аудармашыларымыз мәтінді оқырманға қалай бейімдеп беруін жақсы біледі. Десе де, техникалық аударма мәтіні құрғақ шығатыны белгілі. Бұл кітап – жәй ғана құрғақ бизнес кітап емес, кәдімгі сторителлинг. Оқулықта компанияның әр қадамы, философиясы ежіктеп түсіндіріледі, – деді Раиса Кадер.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай қазақ тілі өзінің жаңа мәнін тапты деп санайды.

Оның айтуынша, «Біз қазақ тілін мемлекеттік құндылық ретінде, жаңа технологиялар дамыту ісіне белсенді кірісіп кеттік. Қазақ тілін жасанды интелект арқылы дамыту деген үлкен шараның дәл ортасында жүрміз. Шынын айтқанда, қазір қазақ тілі өзінің қолданушыларынан озып кетті. Қазақ тілінің әлеуетін, мүмкіндіктерін осы жерде отырған сіз бен біз білмеуіміз мүмкін. Бірақ қазақ тілі өзінің әлеуетін біледі. Бүгінгі жүздесу біздің тіліміздің әлемдік технологиялар тіліне айналып, оған сіңісіп кеткенін дәлелдеді. Оған үлкен мақала жазып, спичтердің сөйлеуі керегі жоқ. Осы кітаптың шығуы – қазақ тілінің өміршеңдігін көрсетеді», – деді ол.

– Біз қазақ тілінің мүмкіндігі мен әлеуетіне сенуіміз керек. Барлық нәрсе оның қолданушыларының сеніміне байланысты. Шынын айту керек, біз көпке дейін қазақ тілінің мүмкіндігіне сенбедік. Десек те, оған сенген интузиастар елімізде баршылық. Міне, солардың арқасында біздің тіліміз жаңа кезеңге аяқ басты. Енді біз соған бейімделуіміз қажет. Қазақ тілі сәнде, уақыт ағымында, оның қолынан бәрі келеді деген ұғымды, алдымен өзіміз мойындап, балаларымызға сіңіруіміз тиіс. Қазақстан – ұлттық тіл моделін жасап жатқан аз ғана мемлекеттің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осыған ден қойып, еліміздегі барлық тіл институттары, орталықтар, ғалымдар айналысып жатыр. Сондықтан бүгіннен бастап қазақ тілінің қолынан бәрі келеді деп мойындайықшы, – деді Мақпал Жұмабай.

Компания студенттер мен оқытушылардың заманауи технологиялар мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, жергілікті университеттермен және ғылыми орталықтармен белсенді жұмыс істейтінін айтты.

«Huawei әрқашан білім мен технологияларды, әсіресе елдің одан әрі дамуының кілті саналатын салаларда локализацияны қолдауға ұмтылады. Басылымның қазақ тіліне аударылуы – қазақ тіліндегі техникалық әдебиеттер мен оқу ортасын дамытуға қосқан үлесіміз. Оның көпшілікке қолжетімді болуын мақтан етсек, екіншіден – инженерлер мен IT мамандардың жаңа буынын шабыттандырады деп сенеміз», – деді Huawei Technologies Қазақстан қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ша На.

Сонымен қатар компания соңғы жетістіктер мен технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қазақ тілінде білім беру бастамаларын назардын тыс қалдырмаған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатовтың айтуынша, 2023 жылдан бері елімізде «Coursera» білім беру платформасының курстарын қазақ тіліне аудару жұмыстары басталған. Дәлірек айтсақ, жасанды интеллект тақырыбында үш курс қазақ тіліне аударылып жатыр. «Мониторинг арқылы жастар арасында қазақ тіліндегі курстарға сұраныс ұлғайғанын білдік. Одан кейін ағылшын мен орыс тіліндегі курс сұраныста екен. Алдағы уақытта сол курстар ЖОО тегін таратылмақ» деді ол.

– Әуелі бұл оқулық біздің компанияның жұмысын ғана емес, техникалық қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосып отыр. Қазақ тілі – мәдениет пен салт-дәстүрдің тілі ғана емес, техника тілінің дамуындағы бір құрал деп білеміз. Өзім қазақ мектебінде оқып, қазақи ортада өскен жанмын. Таңдауым – техника мамандығына түсті. 11 жыл бойы техника саласында жұмыс істеген соң басымдылық орыс пен ағылшын тіліне берілетінін сөзсіз. Сондықтан осындай кітаптың аударылуы, қазақ тілінің техникалық ортада дамуына септігін тигізеді деп сенемін, – дейді Нұрсұлтан Махатов.