Тамара Дүйсенова ШҚО әкімдігіне Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
«Ауыл аманаты»: Шығыс Қазақстанда құны 1 миллиард теңге болатын 75 жоба мақұлданды
107
оқылды

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова AMANAT партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер көрмесіне барды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі мен табысын арттыруға бағытталған бұл бастама ауыл шаруашылығы бизнесінің әртүрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік ашады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде құны 1 миллиард теңге болатын 75 жоба мақұлданды. Көрмеде азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, қолөнер бұйымдары қойылды. 2,5%-дық үстемемен қарыз алған азаматтар бағдарламаның өте тиімді екенін айтуда. Көрме «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында ұйымдастырылды. Нысан құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, көлемі 18 мың тоннаға дейін көкөніс сақтай алатын қойма жұмыс істеуде. Жақын арада мұнда сауда және жәрмеңке алаңы іске қосылады.

«Орталық, ең алдымен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін өнімдерін сату мәселесін шешуді көздейді. Ал оны тұтынатын азаматтарды таза, табиғи, сапалы тауарды артық делдалдарсыз сатып алуға мүмкіндік береді», – дейді «Алтай» КТО директоры Азамат Қалиев.

Вице-премьер орталықтың жұмысын оң бағалады, ал облыс әкімдігі жергілікті өндірушілерді кешенді қолдаудың маңызын атап өтті.

Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін өндірілетін өнімді өткізудің жаңа мүмкіндігі пайда болды: өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі «Қазцинк» жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден азық-түлік сатып алу көлемін ұлғайтатын болады. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен кәсіпорын арасында меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, «Қазцинк» бұл мақсатқа еліміздегі барлық филиалдары үшін 800 млн теңге бөледі.

Аймақта «Ауыл аманаты» аясында өзге де кәсіп түрлері қолға алынған. Мәселен, Глубокое ауданындағы Наталья Свахина экотуризм бағытын таңдаған. Шағын несие арқасында орманды аумақта демалыс үйін тұрғызыпты. Мұнда демалушылар таза ауамен тыныстап қана қоймай, экофермадан шыққан табиғи таза өнімдерді тұтына алады. Жоба аясында 3 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс тауып отыр.

«Бағдарламаның шарттары ыңғайлы. Аймағымыздың табиғаты әсем екенін білесіздер. Туризм дамытуға барынша қолайлы. Осыны пайдалана отырып кәсіп ашуды жөн көрдім. Барша азаматтарды жобаға қатысуға шақырамын», – деді Наталья Свахина.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс әкімі Ермек Көшербаевтың және аудандар мен ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы халықтың табысын арттыру мәселелеріне басты назар аударылды. Сонымен қатар, кездесуде осы бағыттағы басқа өңірлердің табысты тәжірибелері талқыланды.

Тамара Дүйсенова облыс әкімдігіне Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.