Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт» туралы заңды қарап, мақұлдады.
Сенат депутаттары өңірлерді дамытуға арналған қаражатты арттыруды ұсынды
120
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралды. Отырысқа Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Әлихан Смайылов және мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт» туралы заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормаларына сәйкес мемлекеттік міндеттемелерді орындау бойынша шығыстарды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025, 2026 және 2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2 трлн теңге. Сенаторлар атап өткендей, тиісті заңның қабылдануы бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды қарады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бюджеттің басым міндеті мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру болып қала береді. Осыған байланысты алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджеттік қағидалардың сақталуын және бюджет шығыстарының әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырлануын ескере отырып айқындалған.

Бюджет шығыстарының бірінші кезектегі бағыты мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау және ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту болып қалады. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2025 жылы – 25 750 млрд теңге, 2026 жылы – 23 168 млрд теңге және 2027 жылы 24 566 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр. Қаражат ағымдағы жағдайларға бейімделе отырып, экономикалық үлгі қалыптастыруға, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халықтың табысын арттыру үшін тиісті жағдай жасау арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында әлеуметтік шығыстардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайтынын нақты айтты. Келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары шамамен 40 пайызды құрап, 9,7 триллион теңгеден асады. Бұл биылмен салыстырғанда 867 млрд теңгеге артық. Аталған қаражат әлеуметтік төлемдерді ұлғайтуға, денсаулық сақтау жүйесін, сондай-ақ, ғылым мен жоғары білім беру салаларын дамытуға бағытталады», – деді Сенат Төрағасы.

Республикалық бюджетті талқылау барысында сенаторлар Үкімет мүшелерінің алдында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, экономиканы әртараптандыру, салықтық түсімдер мен инфляцияның өсуі, гидротехникалық құрылыстардың, жылу желілерінің жай-күйі, ауыл шаруашылығын қолдау және ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруға қатысты мәселелерді көтерді.

Осы ретте Мәулен Әшімбаев өңірлерді дамытуға ықпал ету сенаторлардың қызметіндегі басым бағыттардың бірі екеніне назар аударды.

«Сенаторлардың ұсынысымен ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында электр желілерін кеңейту, газ тасымалдау жүйелерін дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу сияқты ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін жобаларды қосымша қаржыландыру қарастырылып отыр. Осыған байланысты Үкімет сенаторлар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізеді деп сенеміз. Парламент Сенаты осы бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Палата Спикері.

Осылайша, сенаторлар республикалық бюджетті концептуалды түрде қолдады. Дегенмен, оны қарау барысында бірқатар өзгерістер енгізді. Нақты айтқанда, депутаттар келесі жылға қосымша 60 млрд теңге бөлуді ұсынды. Бұл қаражат өңірлік дамуға, сумен жабдықтау және су бұру проблемаларын шешуге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға, сондай-ақ, басқа да бағыттарға арналған. Сол арқылы сенаторлар өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесулер барысында көтерілетін өзекті проблемаларды қамтығанын атап өткен жөн.

Осыған байланысты заңды Сенат депутаттары ұсынған түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар Палата отырысында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Қазіргі таңда Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан аталған құжатты ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімді жүргізгенін айта кеткен жөн.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.