Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
«AMANAT»: «Жан Шуақ» жеңімпаздары ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп келеді
624
оқылды

Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі.

Марапаттау рәсімін аша отырып, Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

«Қоғамның жетілу деңгейі, адами, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарай өзгеруде. Осы өзгерістердің өзегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғау мен көмекті қажет етеді деген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стереотиптердің мәні жойылуда», – деді ол.

Мәжіліс Спикері «Жан Шуақ» сыйлығына қатысушылар – ерік-жігер мен ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жеңімпаздар екенін жеткізді. Оған – Ұлттық құраманың биылғы Паралимпиадада табысты өнер көрсетіп, Париж төрінде спортшыларымыздың 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілгені айқын дәлел. Президент осы толағай табысты де ерекше атап өтіп, ел мерейін асырған барлық Параолимпиада жүлдегерлері мен бапкерлерін мемлекеттік ордендермен марапаттады.   

Ерлан Қошанов партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында мүгедектігі бар адамдардың тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруіне арналған «Aleumet» қосымшасы іске қосылғанын, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Бұған қоса, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осы жылдың өзінде 4 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары мүгедектігі бар азаматтарға сай бейімделді.

Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан Мәжілісте «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы жұмыс істеуде. Оның құрамында Парламенттің 20-ға жуық депутаты бар. Олар ауқымды жұмыс атқарып, нәтижесінде тұрғын үй саясаты жөніндегі заңда мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылардың тұрғын үй алуына бірінші кезекте құқық беру көзделді, мүгедектігі бар адамдарды колледждерге қабылдау квоталарының саны ұлғайтылды.

Биыл Мемлекет басшысы мәжілісмен әрі «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының мүшесі Кенжеғұл Сейтжанды Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады.

Өз кезегінде, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және осы жылдар ішінде 90-ға жуық адам марапатталғанын атап өтті. Биыл ашық дауыс беру нәтижесінде ұйымдастыру комиссиясының шешімімен 8 лауреат анықталды.

«Біздің басты міндетіміз – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен біте қайнасып кетуіне көмектесу, әлеуетін ашу, іске асыратын жаңа мүмкіндіктер беру және олардың айналадағы адамдарға қажет әрі белсенді болуға деген ұмтылысын қолдау, дамуға және алға ұмтылуға деген шешімін жан-жақты ынталандыру», – деді ол.

Осылайша, Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы, пауэрлифтер Давид Дегтярев «Күш-жігері және жеңіске талпынысы үшін» сыйлығының иегері атанды.

 «Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясында Шымкент қаласының тұрғыны Ермек Бәкиев марапатқа ие болды. Ол бес жыл бойы «Отырар» телеарнасында «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушісі бола жүріп, мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығы мен жетістігін насихаттады.

Алматы облысы М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды. Әйгілі қолөнер шебері 20 жылдан бері көрпе, жастық және қазақ халқының ұлттық киімдерін тігумен айналысып келеді.

«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығын Астана қаласының тұрғыны, қоғам қайраткері, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған көпшілік жарыстардың қатысушысы және ұйымдастырушысы Нұрлан Сыздықов иеленді.

«Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша Семей қаласының тұрғыны Абылайхан Асылбай жеңімпаз атанды. Зергер –  «ЭКСПО – 2017» республикалық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері байқауының финалисті.

«Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Петропавлдан келген «Sensitive» есту қабілеті бұзылған бишілер театрының шығармашылық ұжымы. Солтүстік Қазақстан облысының ансамблі 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында олар тек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айналды. Биыл Франциядағы халықаралық фестивальде «Sensitive» Канн шығармашылық өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы ретінде танылды.

«Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясында пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тұрығы Гүлім Құрманбаева жүлдегер атанды.

Қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сыйлығымен Қызылордадан келген блогер Зәуре Өксімбаева марапатталады.

Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Салтанатты рәсімге қатысушылар мен қонақтар үшін бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Ондағы әр туындыны ерекше қажеттілігі бар шеберлер жасады.