Баланың қазіргі жағдайы тұрақты.
Шымкентте жаңа туған сәбиге күрделі ота жасалды
1,016
оқылды

Шымкент қалалық перинаталды орталықта жаңа туған сәбиге күрделі ота жасалды. Қалалық перзентханадан орталықтың реанимация және интенсивті терапия бөліміне, 3600 гр салмақпен туылған ер бала жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Кеңірдек ақауымен туылған нәрестеге «өңештің туа біткен атрезиясы яғни кеңірдек-өңештік жыланкөз» диагнозы қойылған. Жедел әрекет еткен орталықтың тәжірибелі дәрігерлер тобы сәбиге «Кеуде ішілік эзофаго-эзофагостомия» операциясын жасап шықты.

Баланың қазіргі жағдайы тұрақты. Ол дәрігерлердің жіті бақылауында.

Айта кетейік, қалалық перинаталдық орталықта биылдан бастап неонаталдық хирургиялық операциялар жасала бастады. Бүгінге дейін ішкі ағзаларының ақауымен туылған 40-там астам сәбиге күрделі ота жасалды.

Қазіргі таңда нәрестелерге реанимациялық және интенсивті терапия қызметін көрсететін бөлімшедегі неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлер, денсаулығында кінәраты бар сәбилерді ажалдан арашалау жолында табанды еңбек етуде.