Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясына сапары аясында Мәскеуде Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллмен кездесті.
Патриарх Кириллді дін лидерлерінің VIII съезіне шақырды
651
оқылды

Іс-шара барысында палата Спикері оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне шақыруды табыс етті. Кездесуде тараптар рухани дипломатияның қазіргі сын-қатерлерді еңсерудегі рөлін талқылады.

Сенат Спикері Орыс Православие шіркеуіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін жан-жақты қолдап, жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға және рухани дипломатияны халық­аралық деңгейде дамытуға жәрдемдескені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Православие қауымы елдің бірлігін арттыруға үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.

Сұхбат барысында палата Төрағасы VIII съезге дайындық күрделі жаһандық сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқа­нына назар аударып, мұндай ахуал рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруды талап ететінін айтты. Аталған түйткілдер климаттың өзгеруі, биологиялық қауіп, экономикалық тоқырау, кедейліктің артуы сияқты өзекті мәселелердің салдарынан одан әрі шиеленісе түсетіні анық.

Өз кезегінде Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне шақыр­ғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Орыс Православие Шіркеуі Қазақ­стандағы түрлі дін өкілдері арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастық идея­ларын дәріптеуге арналған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.