Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман 1954 жылы 23 қарашада Түркиядағы Мұсаходжалы ауылында туған.
Бүгін – Мұстафа Өзтүріктің туған күні
884
оқылды

ҚР таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы, таэквондодан қара белбеу 6-дан иегері, ұлтжанды, біртуар азамат Мұстафа Өзтүрік көзі тірі болғанда бүгін 70 жасқа толар еді,  деп жазады Aikyn.kz 

Деректерге қарағанда, Мұстафа Өзтүріктің үлкен нағашысы әйгілі балуан Қайысбай Иісұлы деген кісі болған екен.

Мұстафа Өзтүрік Ыстамбұлдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірді. Осы елде жүріп, Корейдің көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Ол жерде таэквондо спортынан үздік мәртебе алды, 6-шы дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар халықаралық жаттықтырушы мамандығын алды.

Кейін Түркияға қайтқаннан соң Ыстамбұлда алғашқы таэквондо мектебін ашты. Осы мектептен шыққан оның біраз шәкірттері Түркияның таэквондо федерациясында жоғары қызметтерде болған. Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударған Мұстафа Өзтүрік осы қалада да өзінің таэквондо мектебін ашқан.

Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады.

Мұстафа Өзтүрік 1995 жылдың 15 наурыз күні Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасында қайтыс болды. Қарындасы Феруханның және туыстарының шешімімен Мұстафа Өзтүрік Ыстамбұлдағы қазақтар көптеп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа өзінің әкесінің жанына жерленді.